Ұлттық театр өнерінің негізін қалаған үркердей топтың ішіндегі үлкен өнер иесі, Қазақстанның халық әртісі Серке Қожамқұловтың 125 жылдық мерейтойы жарты ғасырдан астам өзі еңбек еткен М.Әуезов атындағы драма театрынан бастау алды.
Қабырғасында ұлылардың ізі, табанының ізі қалған қара шаңырақ өнер ордасы біртуарларын ұлықтай білетін ұлағатты ұлттың ұрпағы екенін көрсетіп, Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластыра сахна алыбының өмірі мен шығармашылығына арналған «Қазақ сахнасының ірі тұлғасы» атты тақырыптық көрме, көрерменмен брифинг ұйымдастырып, өткен күнге ғибратты саяхат жасады.
Өнердегі жолын режиссер болып бастап, сонау Қызылорда қаласында уығын шаншыған алғашқы қазақ театрында Мырқымбай, Қоңқай, Еспембет, Көбік, Қарабайлардың рөлін ойнап, тума таланты келешек сахна саңлағы екенінен хабар берген Серке Қожамқұлов өзі ұйыстырған ордада табан аудармай 54 жыл қызмет етіп, 170-тен астам кейіпкер образында көрінді. Өзінен кейінгі талай буынның ұлттық бастау-бұлақтан қанып ішіп, халықтық өнердің жылдам әрі дұрыс өркендеуі жолында талмай қызмет етті. Оның қазақ кино және театр өнеріне сіңірген еңбегін келер ұрпаққа талмай насихаттау– бүгінгі ізбасарларының парызы. Алматыдағы көрмеге әртістің атын иеленген Жезғазған музыкалық драма театрының өкілдері арнайы келіп қатысып, театрдың бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстырды.
Асылдың сынығы, П.Чайковский атындағы Алматы музыка колледжінің аға оқытушысы Мәриям Серәліқызының естелігі үлкен-кішіні тегіс толқытты. «Жезқазған облыстық қазақ музыкалық театрына әкемнің атының берілгеніне биыл қырық жыл толып отыр. Соған байланысты театр ұжымын және әкемнің атын құрметтейтін өнерсүйер қауымды ұрпақтарының атынан құттықтаймын. 1981 жылы әкеміздің аты берілгеннен бастап жас Жезқазған театрының ұжымы өзіне көрсетілген сенімді ақтай білді. Серәлі әкемнің өмірі мен өнері өзінше бір өшпейтін мәңгілік дүние. Қазақ өнерінің іргетасын көтергендердің қатарында есімі ерекше, құрметпен аталатын, таусылмайтын тау бұлағы. Әкеміз сахнада зор шеберлік үлгісін көрсеткен актер. Өнер деген – сырсандық. Асыл қазынасы сыртында емес, ішінде сақтаулы. Мен үшін айдан анық бір ақиқат бар, ол – халыққа жасаған қызмет тұлғаның өзіне үлкен құрмет болып оралады екен. Әкемнің өмірі – соның дәлелі. М.Әуезов атындағы қазақ ұлттық театрына Тәуелсіздіктің 30 жылдығы құрметіне Серәлі Қожамқұловтың мерейтойын өткізгені үшін отбасымыздың атынан рахметімді айтамын» деді.
Серке Қожамқұлов өзінен кейінгі жастарды тәрбиелеуде ағаға тән ірілік танытып, қолынан келгенше олардың өнерінің ұлттық бағытта өрістеуін қадағалаған. Өнерін қадірлеген көрермен ілтипатына терең жауапкершілікпен қарап, сол құрметке лайық болуды бір сәтке жадынан шығармаған. Бұл туралы режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әубәкір Рахимов өз естелігінде баян етті. «Ол кезде студентпін. Кешкі спектакльге кірмек болып, билет алуға касса кезегінде тұрсам, атағы жер жарған Серағаң да елмен бірге кезек күтіп тұр екен. «Сераға, сіз кіре бермеуші ме едіңіз?» деп едім, «Болмайды!» деп шорт кесті әдепкі бірбеткей мінезінен танбай. «Мен халықтан үлкен емеспін. Кезекке тұрып, билетімді алып кіремін». Көрерменге бұдан асқан құрмет болмас. Үлкен буындағы актерлер елге деген құрметімен, сүйіспеншілігімен ерекшеленді. Ол кісі ұжымға да, халыққа да ерекше қадірлі болды, соған қарамастан ғажап кішіпейіл, ешқашан дауыс көтеріп, ренжіп сөйлеуді білмейтін еді. Бірде «Қобыланды» спектаклінен кейін көпшілік сахнасындағы жас актерлер киімдерін оңды-солды лақтырып, шашып кеткен екен, соларды жинастырып жүрсем, Серағаң есіктің босағасында маған қарап тұрыпты. «Қап, қазір жерге қазық қып қағатын болды-ау» деп ойладым ішімнен. «Ә-ә-ә, жарайды, жинап болған соң, жүр менімен», деді. «Е-е, жинатып алған соң сойып салайын деп тұр екен», деп ізінен ілесіп, екеуміз Серағаңның грим бөлмесіне келдік. «Кір» деді. Кірдім. «Мұнда бір нәрсе шашылып жатыр ма?» «Жоқ». «Онда достарыңа барып айт. Олардың киімін біреу жинауға міндетті емес, киімдерін шашпай, соңын жинап жүрсін».
Серке Қожамқұловтың сахна өнеріне сүйіспеншілігінің биік болғаны сонша, өмірінің соңында денсаулығы сыр беріп науқастанып жүріп те, өзі ойнамаса да күн құрғатпай театрға келіп, репетицияға қатысып жүрген екен. Қайтыс боларынан бір апта бұрын әдеттегідей үйінен келіп, репетициядан соң жас әріптестерін шығарып салып, сахнаға барып жалғыз өзі отырады. Ұзақ отырады. Жан-жағында ешкім жоқ. Қалың қастары қабағын жауып, күліп тұратын жүзін мұң торлап, шөкелеп отырған күйі залдың әр бұрышына жанарын тоқтатып, зеріккенінше зер сала қарап, біраз дамылдайды. Сайыпқыранның сахнаны қимай, іштей егіліп қоштасып отырғанын сырт қараған адамдар сезбейді де. «Бұл Серағаңның театрға ақырғы рет келуі екен. Бір аптадан соң ақтық сапарына аттанып кетті» дейді Ә.Рахимов.
Мерейтой қарсаңында М.Әуезов театрының музейі мен С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған драма театры бірлесіп, Нұр-сұлтан қаласының тұрғындары үшін Ұлттық музейде әртістің өмірі мен шығармашылығына байланысты ауқымды көрме ұйымдастырған болатын. Серке тұтынған бұйымдар, жеке құжаттары, сахналық костюмдері, басқа да құнды мұралар жинақталған көшпелі көрме алдағы уақытта облыс орталықтарын аралап, театр тарланының өнері мен өмірін өлке көрермендеріне таныстыруды жалғастырады.