Елордалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінде Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетов пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжановтың қатысуымен ведомствоаралық кеңес өтті. Кеңес барысында қылмыстық процестің жаңа форматындағы жұмыс барысы кеңінен таныстырылды.
Жыл басынан бері елімізде үш буынды модель бойынша қылмыстық процестер негізгі құжаттарды прокурормен онлайн форматта келісу арқылы жүзеге асырылып келеді. Қылмыстық іс жүргізу кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес қолға алынған бұл жаңашылдық екі жақ үшін де оңай әрі қолайлы. Өйткені процессуалдық шешімдерді электронды форматта келісу кезінде тергеуші мен прокурордың өзара іс-қимылы барынша оңтайландырылған.
Сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінің жаңа модулін таныстырған елордалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің басшысы Шыңғыс Қабдула заманауи цифрлы технологияларды енгізу жедел тергеу жұмысының сапасын арттырып қана қоймай, уақыттан да ұтатынын айтып өтті. Бұрындары күдіктіге қатысты қандай да бір ақпаратты алу үшін, мысалы, оның психикалық ауру немесе нашақор ретінде есепте тұрған-тұрмағанын анықтау үшін біраз уақытты өлтіруге тура келетін. Ал жаңа жүйеге енгізілген базада мұндай мәліметтердің барлығы толықтай жүктелген.
Бұл жүйенің өткен жылдың 31 желтоқсанынан бастап іске асырылып келе жатқанын мәлімдеген Нұр-Сұлтан қаласы прокурорының орынбасары Елдос Қилымжанов жаңа формат енгізілгелі бері конституциялық құқық бұзушылық деректерінің біршама төмендегенін де айтып өтті. «Салыстырмалы түрде алып қарайтын болсақ, өткен жылдың бірінші тоқсанында Нұр-Сұлтан қаласындағы құқық қорғау органдарында адам құқын бұзуға қатысты 20 дерек анықталған болса, 2021 жыл басталғалы бері небәрі 3 факті анықталған. Ал биыл елордалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінде адам құқын бұзуға қатысты бірде-бір дерек тіркелмеген, бірде-бір қылмыстық іс қайта тергеуге жолданбаған. Бұл – тергеу органдары мен прокуратураның өзара тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп жатқанын аңғартады. Ал мұндағы басты мақсат – адам құқын бұзбау», дейді Е.Қилымжанов.
БАҚ өкілдерінің сұрақтарына арнайы жауап берген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов қылмыстық процестің бұл жаңа форматы Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында құқық қорғау органдарының алдына қойған жаңа талабынан туындап отырғанын айтып өтті.
«Президент құқық қорғау органдарының жұмысы әлі де бұрынғыша ақ пен қараны анықтаудан бұрын, айыптауға жақын екенін ашық жеткізген болатын. Сол себепті де азаматтардың қылмыстық жауапкершілікке еш негізсіз тартылуын болдыртпау үшін үш буынды модель құруды тапсырды. Ал біз қолға алып отырған тергеу органдары мен прокуратураның онлайн форматтағы жұмыс тәсілі азаматтардың құқын заманауи тұрғыдан қорғауға мүмкіндік береді», дейді агенттік төрағасы. Ол үш буынды модельді толыққанды енгізу жұмыстағы біржақты айыптау бағытын жоюға, тергеушілердің іс жүргізу кезінде жиі жіберетін қателіктерін болдырмауға және жазаның бұлтартпастығы қағидатын сақтауды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін де атап өтті.
Қылмыстық процестің жаңа форматы құқық қорғау органдарының жұмысындағы айыптау бағытын жоюға мүмкіндік беретініне сенім білдірген М.Ахметжанов: «Ең алдымен қылмыс құрамының бар-жоғы айқындалады. Күдіктіге қатысты дәлелдердің заңға сәйкес және толыққанды жиналуы қатаң қадағаланады. Тергеуші осының барлығын талдап, жан-жақты қарауы қажет. Бұл – бірінші сүзгі. Үш буынды модель жүйесінде прокурор ол – екінші сүзгі. Ол қылмыстық процестің әр сатысына қандай да бір баға беруде ешкімге тәуелді емес. Агенттік қызметкерлері жинаған барлық материалдарды електен өткізеді, жан-жақты қарастырады және келіскен жағдайда растайды. Тек осыдан кейін ғана процессуалдық шешім заңды күшіне енеді. Қазірдің өзінде мұндай келіспеушілік деректері өте көп. Мысалы, бір ғана Нұр-Сұлтан қаласында прокурорлар келіспеген жеті факт бар. Бұл механизмнің нақты жұмыс істейтінін білдіреді. Ал жаңа формат агенттіктің тергеу органдарын жауапты болуға итермелейді», дейді.
Сонымен қатар М.Ахметжанов Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет саласында жұмыс істейтіндердің назарын Қылмыстық іс жүргізу кодексінің талаптарын толықтай сақтап, азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзуға жол бермеу қажеттігіне аударды.
Агенттік қызметкерлері мен прокурорлардың электронды форматта процессуалдық шешімдерді келісудегі өзара іс-қимылымен танысқан Ғизат Нұрдәулетов жұмыстың жаңа форматына толық көшу кезінде кездесетін техникалық қателіктердің алдын алуды тапсырды. Заңдылықты қамтамасыз ету үшін енгізілген өзгерістердің басты ерекшеліктеріне тоқталған еліміздің Бас прокуроры сонымен қатар тергеу сапасын арттыру мен жиналатын материалдардың толықтығын қамтамасыз ету бойынша жұмысты одан әрі жетілдірудің маңыздылығын атап өтті.