Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметінше, өткен жылы өңірде 11 мың қараусыз жүрген мал қамалған, 78 мал ұрлау оқиғасы тіркеліп, жалпы саны 322 бас мал ұрланған. Полицейлердің жедел әрекеті нәтижесінде 104 мал өз иелеріне қайтарылған.
Біздің өңірде Ақшиман деген ауыл бар тау етегінде. Осы жерде үйір-үйір қалың жылқы бағылады. Әкімдердің, депутаттардың малдары дейді ауылдықтар. Бақташылары да жеткілікті. Ал ауылдықтар малдарын қорасынан шығарып жібере салады. Қазір мал өріске шыққан уақыт. Сондықтан, жергілікті полицейлер ауыл тұрғындарына «Малдарыңа ие болыңдар!» деп ескерту жасап жүр. Қараусыз мал бүгінгі барымташыға жем болмасын деген ниет қой. Әрі ондай мал жол-көлік оқиғаларына да себепкер.
Ал жаппай мал ұрлығының алдын алу, жол-көлік оқиғаларын болдырмау мақсатында полицейлер автожолдар мен жазғы жайылымдарда рейдтер жүргізуде. Қараусыз жайылып жүрген малдарды тәртіп сақшылары қамап, иелеріне айыппұл салады.
–Ауылдықтар бақташыға ақысын төлеп, малдарын бақтырса, қараусыз мал азаяр еді. Мал ұрлығы да болмас еді. Қазір бақташы да жоқ. Бірақ ауылда жұмыссыздар бар. Егер ауыл әкімдері жұмыссыз адамдарды, жастарды бақташылыққа шақырып, тұрғындармен шарт жасатып, мал бақтырса, тиімді болар еді. Себебі мал бағушы мен мал иесінің арасында шарт жасалуы керек, – дейді Әбу Еркен ақсақал.
Айтпақшы, жол бойында қараусыз жайылып жүрген малды жуырда іссапар барысында өзіміз де Екібастұз қаласының маңындағы Шиқылдақ, Ә.Марғұлан атындағы ауылдарына барғанда көрдік. Тіпті көлікке жол бермейді.
Ауылдағы учаскелік инспекторға, ауыл әкіміне айыппұл салу жайлы айтқанымызда, жауаптары «қайда жайылатынын мал тыңдай ма, ал ауылдың аты ауыл ғой» деген көңілжықпастыққа ұқсады.
Ауыл әкімі Гүлнәр Еңсебаеваның айтуынша, 500-дей тұрғын тұратын Шиқылдақта 3042 ірі қара, 1754 сиыр, 895 жылқы, 2370 қой-ешкі бар. Бірақ байқағанымыздай, қараусыз жайылып жүретін малдары үшін айыппұл төлейтіндерінен ауылдықтар хабарсыз секілді. Олар тәртіп пен талапқа бағынса, ауыл ішін көңнен де арылтып, таза ұстар еді.
«Екібастұз қаласына қарасты ауылдарда жыл басынан бері 300 мал қамалып, олардың иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылып, әрқайсысына 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды», делінген қалалық полиция бөлімінің мәліметінде. Енді Екібастұздың учаскелік инспекторлары бұл жұмыстарын жалғастырып, қала аумағына қарайтын ауылдарда кездесулер ұйымдастырып, тұрғындарды мал жаю ережелерімен таныстыруы, тиісті сақтық шараларын орындауға шақырулары қажет-ақ.
Ақсу қаласына қарасты ауылдарда да жыл басынан бері 730 бас мал қамалған. Өйткені Ақсуда да Екібастұздағы секілді қала аумағына қарайтын 20-дан аса ауыл бар. Ақсулық полиция қызметкерлері иесіз жайылып жүрген малды айып тұрағына қамайды. Мал иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылуда. Автокөлік жолдары мен темір жолда малдың жайылып жүруіне жол бермеу үшін тұрғындардың арасында тұрақты түрде ақпараттық жұмыс жүргізіледі.
Полицейлер рейд барысында республикалық маңызы бар Павлодар – Қызылорда автожолының бойында орналасқан, Ақсу қаласына қарасты Пограничник, Бірлік, Достық, Спутник сияқты ауылдардың үйір-үйір жылқының жолға таяу келіп жайылатынын анықтаған. Пограничник ауылының тұрғыны 50 бас жылқысын жол бойына қараусыз жібере салғаны үшін айыппұл төлеген.
– Қазір қараусыз жайылып жүрген мал мәселесі өзекті. Ауылдағы мал иелері әлі де малдарын қараусыз жібере салады. Жолдан өтіп бара жатқан жылқы, сиыр болсын көлік қозғалысына кедергі келтіреді, – дейді Ақсу қаласы полиция бөлімінің бастығы Мыңбай Асылбеков.
Тағы бір мысал. Аққулы ауданында жыл басынан бері 1138 бас мал қамалған. Жуырда полиция рейд өткізу барысында аудан аумағымен өтетін Омбы-Майқапшағай халықаралық автожолы маңында қараусыз жайылып жүрген 40 бас ірі қара анықтады. Малдар айыппұл орындарына қамалып, иесіне айыппұл салынды.
Мұндай келеңсіз жағдай өңірдегі барлық ауданда әшкереленіп отыр. Аудандық, ауылдық әкімдіктердің тұрғындармен мал бағу, мал жаю ережелерін орындау, ауыл ішін фермаға айналдырмау хақында түсіндіру жұмыстарын жеткілікті жүргізбейтіндігінің дәлелі осы. Қараусыз мал, мал ұрлығы мәселесі құқық қорғау органдары мен аудандық, ауылдық әкімдіктердің бірлескен іс-қимылы болмаса, түбегейлі шешілмейтіні анық.
Бұған қоса, республикалық, халықаралық маңызы бар жолдар маңында мал жаятын тұрғындарға айыппұл мөлшерін көбейту қажет сияқты. Өйткені осы көліктер күні-түні әрілі-берілі ағылған жолдармен жүретін жолаушылар қауіпсіздігі бәрінен қымбат. Сондай-ақ малға таңба және сырға салу, чиптау жөніндегі іс-шаралар жүйелі жүргізілсе, құба-құп. Сонда онсыз да жұмыстары жеткілікті полицейлер ауылдың қараусыз малдарын қамап, немесе жоғалған малды іздеп шарқ ұрып жүрмес еді.
Облыстық полиция депар- таментінің мәліметінше, өңірде жыл басынан бері малын қараусыз жіберген 200-ден астам мал иесі айыппұл төлеген. Егер қараусыз жүрген мал жол апатына себепкер болса, көліктің шығынын малдың иесі өтейді. Былтыр қараусыз малдың кесірінен 7 жол апаты тіркеліп, 4 мал иесі сот шешімі бойынша айыппұл төлеуге міндеттеліпті. Иесіз жайылып жүрген 1 мыңға жуық мал айып тұрағына қамалса, оның 780-і – жылқы.
Былтыр «Екібастұз – Северный» темір жолы аралығында пойыз машинисі жолда жайылып жүрген жылқыларды байқап, шұғыл тежеуді қолданған. Бірақ оқыс оқиғаның алдын алу мүмкін болмады. Көлік полицейлері жолда жайылып жүріп, пойыз астына түскен жылқылардың иесін анықтады. Құқық бұзушы жылқысынан айырылып қана қоймай, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Көлік полицейлері темір жолға бөлінген жолақта мал жаюға тыйым салынатынын үнемі ескертеді. Бұл жануарлардың өліміне ғана емес, жылжымалы құрамның зақымдалуына, пойыздың жедел тежелуі салдарынан жолаушылардың жарақат алуына әкеп соғуы мүмкін. Осы жылдың бірінші тоқсанында Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, пойызды шұғыл тежеудің 484 оқиғасы тіркелсе, темір жол жолағында мал жаюдың салдарынан 345 оқиға болған.
Өңірдегі 146 айып тұрағына жеткізілген, яғни иесіз жайылып жүрген 468 бас малдың иелеріне айыппұл салынды.
– Қараусыз жүрген малды қағып кету салдарынан жүргізушілер мен жолаушылар жарақат алып, мерт болады, жануарлар да өледі. Жуырда Солтүстік полиция бөлімінің кезекші бөліміне ірі қара малдың Мойылды ауылының маңындағы жолдың бойында келе жатқандығы туралы қоңырау түсті. Осы хабарлама бойынша учаскелік инспектор жіберіліп, ол жануардың иесін анықтады. Сондай-ақ ескерту түрінде Әкімшілік жаза қолдана отырып, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 408-бабы бойынша хаттама толтырды, – дейді жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ғалым Сарғұлов.
«Мың асқанға – бір тосқан». Биыл мал ұрлаудың 16 дерегі тіркеліп, 69 бас жоғалып кеткен. Жуырда Баянауыл ауданында барымташылар сотталды. Ұрылар 2018 жылы белгісіз біреулермен алдын-ала сөз байласу арқылы 5,6 млн теңгеге бағаланған 18 бас жылқыны ұрласа, 2019 жылы тағы да құны 2,6 млн теңге болатын 7 жылқыны ұрлап кеткен.
Полицейлер өткен жылы мал иелеріне жалпы құны 75 миллион теңгеге тең 251 бас малын қайтарып берген. Ұрылар малды жайылымда жүрген жерлерінен алып кетіп отырған. Ұрланған малды туыстарына, ауыл тұрғындарына арзан бағамен сатқан.
Облыста мал ұрлығы мен қараусыз жүрген мал санын азайту мақсатында малды қамауға арналған 146 айыппұл тұрағы салынды. Биылғы 3 айда қараусыз қалған 2 мыңнан астам мал қамалды. Бақылаусыз жүрген малды учаскелік инспекторлармен қатар, жергілікті әкімдік өкілдері де айыппұл тұрағына қамай алады.
Ал мал асырау ережесін сақтау – өзекті мəселе екенін ауыл тұрғындары түсінуі қажет. «Мына төбенің маңында жүрген шығар...» деп жайбарақаттыққа салынып, малдың қолды болуына немесе кенеттен көлік апатының болуына өзіміз мүмкіндік бермейік.
Павлодар облысы