Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен ғасырдағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі бастамасы өте маңызды. Өйткені халқымыздың елім, жерім деген бетке ұстар тұлғаларының өміріне балта шабылды. Сол жазықсыз жандардың біразының тағдыры туралы әлі де толық айтылмай келеді. Ақталса да жұртқа беймәлім болып қалған асыл азаматтар қаншама. Солардың қатарында Әшірбек Үсеновті де атауға болады.
Қолымыздағы Алматы қаласы ішкі істер департаменті архивінің мәліметтеріне сүйенсек, Әшірбек Үсенов 1907 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласына қарасты Қатынкөпір елді мекенінде дүниеге келген. «Ағаға қарап іні өсер» демекші, белгілі қоғам қайраткері, журналист Сейілбектің ағалық қамқорлығына бөленген, өз мамандығын соның арқасында дұрыс таңдаған Әшірбек алдымен 1925-1929 жылдарда Сырдария округтік Қазақ педагогикалық техникумын ойдағыдай бітіріп, қазақ-өзбек мектептерінің І санатты мұғалімі біліктілігіне ие болады. Білімнен қуатты күштің жоқтығын түйсінген балаң жігіт мұнымен тоқтап қалмай, 1929 жылдың қыркүйегі мен 1932 жылдың шілдесі аралығында Алматыдағы Қазақ педагогикалық институтының тіл-әдебиет бөлімінде үздіктер қатарында тәмамдап шығады. Сондай-ақ Ә.Үсеновке берілген куәлікте оған белгілі бір аймақта 3 жыл мерзімде тұрақты жұмыс атқару міндеттелетіндігі жазылған.
Осылайша еңбекке ерте араласқан жас та албырт Әшірбек өзінің іскерлігі мен жауапкершілігінің арқасында көзге тез ілігіп, қай жұмыста болсын айтарлықтай табысқа қол жеткізген. 1931 жылы VII шақырылымдағы Алматы қалалық кеңесі жұмысшы комитетінің мүшелігіне қабылданып, қаладағы кез келген ұйым мен мекемеге рұқсатсыз кіру құқығын алған. Ол 1936 жылы 19 қаңтарда КСРО Жазушылар Одағының мүшесі болып қабылданған (№875 куәлік).
Әшірбек кеңестік кезеңдегі латын әліпбиіне көшу барысында арнайы оқулық дайындап, аға буынның ілтипатына ие болған. Осы орайда біз қазіргі латын әліпбиіне көшу барысында Ә.Үсенов сынды зиялыларымыздың оқулық дайындаудағы тәжірибесін елеусіз қалдырмағанымыз жөн. Өйткені олар латын әріптерін мейлінше ыңғайлап, жаңашыл әдіс-тәсілдерді де кеңінен қолданып отырған. Айталық, Т.Шонанов та, Ә.Үсенов те жіңішкелік белгісін Ы дыбысы орнына қолданса, Q дыбысын Қ, С дыбысын Ш, R дыбысын Р, J дыбысын И дыбысы ретінде белгілегенді қолай көріпті.
Оқулықта ұлттық төл сөздерімізге барынша басымдық берген автор «Сиыр», «Сағат», «Үй», «Оқуда», «Жеміс», «Гауһар» секілді тілге оралымды оңай мәтіндермен қатар, үлкендердің саяси сауатын, өре-деңгейін көтеруге де ұмтылып, «Қарсақпай», «Балам Қызыл әскер», «Екпінді колхозшылар съезі», «Паровоз», «Мектепте», «Ұлы еңбек», «Лениннен үйренейік», «Халықтар достығы» т.б секілді кеңестік кезеңде өзекті болған саяси тақырыптарға, мәтіндерге ден қойып қана қоймай, шағын әңгіме, өлеңдерге де көп орын берген. Әсіресе, өз оқушыларының бұл оқулықты жатсынбауы үшін халқымыздың тұрмыс-тіршілігіне әбден сіңісті болған байырғы төл сөздерімізді орынды келтіріп, халыққа қара танытуда ұтымды пайдалана білген. Мәселен, автор қозы, дала, мақта, ұста, балық, қала, кен, жеміс, оқуда, саяхат секілді бұрыннан сіңісті сөздермен бірге жаңа дәуірдегі пойыз, зауыт ұғымдарын да ел санасына сіңіруге күш салған. Сол себепті де кеңестік кезеңдегі латын әліпбиіне көшу елді индустрияландыру мен жаңғыртуға өзіндік үлес қосып, жаңа әліппе арқылы білім сапасын жаңа биікке көтерді деуге болатын сияқты. Олай болса, Қазақстан Оқу Халық Комиссариаты бекіткен Ә.Үсенов «Әліппесінің», бұл еңбекті редакциялауға атсалысқан Т.Берденов, С.Үкенов, Р.Момыновтардың еселі еңбегі бүгінгі зерттеушілер тарапынан зерттеп-зерделеніп, тиісінше бағалануы керек. Бұдан бөлек, Әшірбектің қаламынан туған 9-сыныпқа арналған «Әдебиет хрестоматиясы» да кезінде Халық комиссары Т.Жүргеновтің тарапынан жоғары бағасын алған.
Ә.Үсеновтің рухани мұрасына келер болсақ, ол «Ойлы бала», «Елеулі батыр» секілді шығармаларымен ақын, публицист ретінде белгілі болумен бірге, аударма саласының өркендеуіне де белсене араласып, В.Внуковтың «Соғыс бізге қорқынышты ма?», С.Юшковтың «Жорықта» және «Жаяу әскерлердің тынығуы мен сақтануы», С.Стерлиннің «Соғыс кезіндегі Қызыл Армияға халық немен жәрдем етеді?» шығармаларын және басқа кітаптарды қазақша сөйлетті. Ағартушы-педагог ретінде баспасөзбен тығыз байланыс жасап, «Ауыл мұғалімі» журналында оқу-тәрбие ісіне арналған «Көркем әдебиет сабағының түрлері», «Көркем әдебиет сабағына даярлық», «Көбеев өмірі мен жазушылық қызметі», «Мазмұндама жаздыру», т.б. мақалаларын, «Қазақ әдебиеті» басылымында ««Мектепке сапалы оқу құралы керек», «Оқушыларымыз әдебиетті сүйіп оқитын болсын!» секілді сыни материалдарын жарыққа шығарды.
Ол 1925 жылдың шілдесінде Ташкенттен Шымкентке көшіп келген сол кездегі ең белді басылым – «Ақ жол» газетінің редакциясында өз ағасы С.Үсенов, сондай-ақ Б.Молдалиев, Т.Отарбаев, Ә.Байжасаров, Ж.Барқиев, жас тілшілер Т.Райымбеков, И.Ырысметов, Ә.Сүлейменов сынды қаламгерлермен бірге өңірдің қоғамдық-саяси өміріне өзінше үн қосып, журналистиканың қыр-сырын таныды, қаламы ұштала түсті. Ал «Ақ жолдың» ең соңғы нөмірі 1926 жылдың 30 наурызында шыққанын назарға алар болсақ, Ә.Үсенов көсемсөздерінің әлі де болса архив қоймаларында шаң басып жатқандығы күмән тудырмайды. Сондықтан да бұл бағытта да ізденіске барып, қаламгер туындыларын елге танытуымыз керек-ақ.
Архив құжаттарына қарағанда, Әшірбек Үсенов 1934 жылға дейін әскери қызметтен уақытша босатылғанға ұқсайды. Әскери билетінде оның 1936 жылы 26 сәуірде Алматы қаласындағы Пушкин көшесінің 45-үйінің тұрғыны ретінде тіркелгендігі жазылған. Кейін ол «Кеңестік-тоталитарлық жүйеге қарсылық жасап, Қазақ КСР-нің территориясында ұлттық-террористік, диверсиялық-зиянкестік ұйымның белсенді мүшесі ретінде 1935 жылдан бері үздіксіз антикеңестік әрекеттерге барды. Т.Жүргенов, І.Қабылов, Т.Берденов, І.Жансүгіров, Д.Исқақов, З.Сейітханов, Ә.Қоңыратбаевтармен бірге Кеңес өкіметіне қарсы зиянкестік жасады» деген жалған айыппен абақтыға жабылған. Ал 1938 жылы 8 наурызда КСРО Жоғарғы Соты Әскери коллегиясының хатшысы Батнердің үкімімен алғашында 10 жылға сотталып, оған қоса 5 жылға барлық саяси құқықтарынан айырылып, дүние-мүлкі тәркіленсе, небәрі 8 айда бұл үкім өзгертіліп, 1938 жылдың 11 қарашасында ату жазасына кесілген.
Әшірбектің не себепті Алматыдан Мәскеуге тергеуге жеткізілгені әлі де түсініксіз. Бұл ретте оның тұтқындалғанға дейін Алматыда ҚазКСР Халық-ағарту комиссариатында әдістемелік сектор басшысының орынбасары қызметін атқарғанын айта кету керек. Сонымен қатар Алматыдағы №12 мектепте мұғалімдік қызметте де болған. Қамауға алынғанда, 1938 жылы 9 наурызда толтырылған анкетада оның қаладағы Пролетар көшесі 29/31-үйде тұрғандығы, жұбайы Х.Үсенованың – 24 жаста, перзенттері – Рабиғаның 6 жаста, Рахима – 5 жаста, Әзімнің 3 жаста, кенжесі Сырымның 1 жаста екендігі жазылған.
Ә.Үсеновтің екінші қызы Рахиманың жұбайы кезінде Алматы қаласындағы МҚК-де полковник шенінде қызмет атқарған. Алайда өзінің қайын атасы туралы архив құжаттарын қарай алмағаны қайран қалдырады. Шамасы, оның әкімшіл-әміршіл кеңестік цензураның қатал сүзгісіне ілігіп қалудан сақтанып, қызметтік мүмкіндігін пайдалануға жүрегі дауаламаған болса керек.
Ә.Үсенов 1960 жылы 20 қыркүйекте КСРО Жоғарғы Соты Әскери коллегиясының шешімімен толық ақталды.
Жазушылығымен, ақындығымен жас та болса жұртына ерте танылған Әшірбек Үсенов Мәскеудегі Дон зиратына жерленген. Оның сол зиратқа қойылған Әлихан Бөкейханов, Нығмет Нұрмақов бастаған Алаш арыстарының алғашқы легімен бірге атылғандығы анық. «1935-1953 жылдар аралығында атылғандар» кітабына зер салсаңыз, «Казахская ССР» деген құпия тараудағы 2-категорияға енген арыстарымыздың арасында Әшірбек Үсеновтің де аты-жөні тұр. Нақтырақ айтқанда, осынау тізімдегі И. Амандықов, И.Байменов, А.Бекбаев, А.Кучмар, Б.Джумбаев, А.Мергенбаев, С.Опорин, А.Рещников, Л.Розенберг, В.Седов, Ф.Ченцовтармен бірге саяси қуғын-сүргін құрбанына айналған Ә.Үсенов 14-ші болып тізімге ілініпті.
Ә.Үсеновтің қасіретті тағдыры саяси қуғын-сүргін машинасының жан таңдамағандығын, жалаға құрылған істердің большевиктік билікке шын берілгендерді де шарпығанын көрсетеді.
Сейдехан ӘЛІБЕК,
тарих ғылымдарының докторы
ШЫМКЕНТ