• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 14 Мамыр, 2021

Балабақшаның жоғынан бары жақсы

855 рет
көрсетілді

Алматы облысында мектеп жасына дейінгі балдырғандарды бала­бақшамен қамту қарқын алды. Бүгінде аймақтағы 3 пен 6 жас аралығындағы балалардың мектепке дейінгі біліммен қамтылуы 98 пайызға жеткен. Яғни өңірдегі 99 318 балдырған алғашқы білім мен тәрбие сатысынан өту мүмкіндігіне ие болып отыр.

Ал Жетісудағы 1 236 мектепке дейінгі білім мен тәрбие беру мекемесінің 184 нысаны – мем­лекеттік балабақша болса, 717 балабақша жекеменшік екен. Және жеке инвесторлар ашқан 335 шағын орталық бар. Жалпы, жеке кәсіпкерлер ашқан балабақшалардың үлесі 58,2 пайызды құрап отыр. Балабақшаға деген сұраныс облыстың Алматы қаласымен шектесетін аудандарында жоғары. Бұл түсінікті де, өйткені тұрғындардың дені мегаполиске қатынап жұмыс істейтін ауылдарда баланы мектепке дейінгі тәрбие беру орындарына беру дәстүрге айналған. Осы заңдылық Іле ауданының аумағына да тән. Қазір ауданда балаларды мектепке дейінгі білім беру орындарымен қамтуды 100 пайызға жеткізу үшін жұ­мыс істеліп жатыр. Бүгінде бұл көрсеткіш 97,5 пайызды құ­рай­ды. Ал аудан бойынша мек­тепке дейінгі ұйымдарда 1 мың 388 тәрбиеші еңбек ететін көрінеді.

Жоғарыда мектепке дейінгі білім мен тәрбие беретін орындарды ашуға жеке кәсіпкерлер мұрындық болып отырғанын айттық. Қазір қалаға жақын ауылдарда көптеген жекеменшік балабақша жұмыс істеп тұр. Жа­ңадан ашылып жатқандары да жеткілікті. Соның бірі жақында іске қосылған «Айсұлтан-1» бө­бекжай балабақшасы. 100 балаға арналған орталық Қоянқұс ауылында орналасқан. «Айсұлтан-1» бөбекжай-балабақшасының жа­ңа­дан бой көтеруіне кәсіпкер Қайрат Құлсейітов атсалысқан екен. Жиырма бес жылға жуық бизнес саласында табысты еңбек еткен ол енді ауыл балаларының білім алып, тәрбиелі болуына үлес қосуды мақсат етіп отыр.  Балабақшада отызға жуық тәлімгер, тәрбиеші, жұмысшы еңбек ететін болады. Яғни ауыл тұрғындарына жұмыс та табылды.

– Балабақша 100 балаға арнал­ған төсектік жабдықпен то­лық қамтылды. 30 адамға жұ­мыс орыны ашылды. Осының бә­рін өз қаражатымызбен істеп, бала­бақшаны талапқа сай етіп салдық. Ғимараттың іргета­сынан бастап нормативтік құ­қық­тық актілерде белгіленген санитарлық-эпи­де­миялық та­лап­тардың сақталуын қатаң қадағаладық. Өйткені балалар кең де жарық әрі қауіпсіз ғимаратта өнер үйреніп, тәрбие алуы керек, – дейді кәсіпкер Қайрат Құлсейітов.

Сондай-ақ балабақшаның ойын бөлмесі ұлттық нақышта безендірілген екен. Ондағы қа­зақы өрнектер, шаңырақ символы ұлттың мәдениеті мен дәстүрін паш етіп, өскелең ұрпақ санасына ұлтжандылықты жастайынан сіңіруге негіз болады деген сенім бар.

– Қазір жеке кәсіпкерлердің балабақша, дамыту орталық­тарын ашуға ынтасы жоғары. Бұл бағыттағы көзқарас бұрнағыға қарағанда түбегейлі өзгерді. Өйт­кені кәсіпкерлер бұл істе тек пайданы ғана ойламай, мемлекет пен халық алдындағы жауапкершілікті сезініп келеді. Ғимараттардың талапқа сай болуынан бастап тәлімгерлер мен тәрбиешілердің білімі мен біліктілігіне деген сұраныс артты. Бұл, әрине, бәсекенің арқасы. Үздік, озық балабақшаға деген таңдау жоғары. Екінші жағынан балаларды мектепке дейінгі білім беру орындарымен қамту міндеті орындалып жатыр. Біздің ауданда бұл мәселе 100 пайыз шешіледі. Қазірдің өзінде көрсеткіш 97,5 пайызды құрайды. Оған мемлекет те, жеке бизнес те мүдделі, – дейді Іле ауданы білім бөлімінің басшысы Ләззат Кәткеева.