• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тарих 17 Мамыр, 2021

«Біз Отанымыздың ұлттық теңдікке ұмтылысынан нәр аламыз...»

595 рет
көрсетілді

Жат елде жүрсе де, туған халқының азаттығы жолындағы күресін тоқтатпаған Мұстафа Шоқай «Біз Отанымыздың ұлттық теңдікке ұмтылысынан, жерлес­теріміздің рухани көмегінен нәр аламыз» деп жазғанында өзінің бүкіл өмірін арнаған тәуелсіздік идеясы түптің-түбінде іске асатынына сенген болар. Бүгінде тәуелсіздікке қол жеткізген біз – жерлестері Шоқайдың есімін кезінде кеңес өкіметі жаққан күйеден арши алдық па?

Кеңес өкіметі Мұстафа Шоқайды «сат­қын» деп жариялап, онымен үндес пікір айтқан немесе айтуы мүмкін адамдарды «шоқайшылдар» деп айыптады. Ал Шоқайдың «сатқындығы» туралы идея қайдан шықты? Олар, біріншіден, Шоқай басқарған «Түркістан ұлттық бірлестігінің» Еуропада құрылған эмигранттық ұйым «Прометей Лигасының» аясында әрекет еткенін тілге тиек қылады. Осыған орай, Польша архивтерінің материалдарына жүгінейік.

«Прометей Лигасы» 1928 жылы құры­лып, екі жылдан кейін Парижге көш­кен, оны үнемі Польша үкіметі қаржылан­ды­рып отырған. Ресми жетекшісі бұрын­ғы Грузия үкіметінің басшысы Н.Жорда­­ния болған бұл одақ саяси клуб тәрізді болды, оған грузин социалистерінің, әзер­байжан муссаватистерінің ұйымдары, түркістандықтардың «Түркістан ұлт­тық бірлестігі» ұйымы, Қырым татар­ларының «Ұлттық партиясы», татарлар мен Солтүстік Кавказ, украин эми­г­ранттарының ұлттық ұйымдары кірді. «Про­метей Лигасының» басшы органына әрбір ұйымнан екі өкіл, соның ішін­де түркістандықтар атынан Мұстафа Шоқай мен Осман Қожа кірді. Екінші дүниежүзілік соғыс басталған кезде бұл ұйым антигермандық көңіл күйде болды. Дағыстандық эмигрант, аталған ұйым­ның мүшесі Әлихан Кантемір «Кавказ мәселесі. Кавказ және Кеңес өкіметі» де­ген еңбегінде «Прометей лигасының» Парижде тұрған қайраткерлері ағылшын-француз одағын қолдаушыларға көмек беру ниетінде болды деп жазады. Алайда, фашистік Германия Батыс Еуропаны басып алған соң бұл ұйымның әрекеті де тоқтап қалды. Ұйымның «Прометей», «Жас Түркістан», «Истиқлал», тағы басқа баспасөз басылымдары кеңес өкіметінің ұлттық саясатын сынады, орыстандыру әрекетінің сырын ашты, сөйтіп, кеңес өкіметінің әлемнің халықтары алдындағы беделіне зиянын тигізді, Кеңес Одағын сынаушыларға дәлелдер тауып берді. «Прометей» ұйымы Кеңес Одағының ұлттық аймақтарында жүргізіліп жатқан орыстандыру саясаты, тағы басқа әртүрлі шараларға наразылықтарын білдіріп, Ұлт­тар Лигасына хаттар жолдап отырған, осы әрекеті арқылы бұл ұйым Кеңес Одағының халықаралық беделіне нұқсан келтірген болуы да мүмкін.

Соғыстың алғашқы айларында мил­лиондаған кеңес жауынгері тұтқынға алынып, олардың ішінде кеңестік шығыс халықтарының өкілдері де бар екендігі белгілі болған кезде Германияның Сыртқы істер министрлігі Кавказ бен Түркістан халықтарының ұлттық тәуелсіздікті аң­саған ниет-тілектерін пайдалану мақ­сатымен Түркиядағы және Еуропа елде­ріндегі эмигранттар және олардың ұйым­дары туралы мәліметтер жинастырды. 1941 жылы 9 тамызда Ыстанбұлдағы гер­ман елшілігі «Прометей Лигасының» беделді қайраткерлеріне сипаттама берді. Мұндағы Шоқай туралы мәлімет мынадай: «Мұстафа Шоқаев, қырғыз, ұзақ жылдан бері ақ орыстардың белгілі жетекшісі Милюковтың пікірлесі, соның Парижде шығаратын газетінің тұрақты тілшісі, өзі Берлинде жеке журнал шығарады, оны профессор Йешке мен Сыртқы істер министрлігіндегі Ә.Ыдырыс мырза жақсы біледі». Германия Сыртқы істер министрлігі саяси бөлімнің қызметкері Әлімжан Ыдырысқа осы хатта аталған адамдарға жеке-жеке сипаттама беру тапсырылды. Ол 1941 жылы 5 қыркүйекте жазған баяндамасында Мұстафа Шоқай туралы елшіліктің хатында берілген мәліметтер дұрыс екендігін айта келіп, Шоқайды «ұлтшыл емес», «жартылай орыс», «бұрын орыс-еврей, кейін поляк-еврей марксистеріне қызмет еткен, демократияны жақтаушы, бүгінгі Германияның жауы» деп сипаттап, Шоқай сияқты сенімсіз адамды Германиямен ынтымақтастыққа шақыру аса күдікті әрекет болады деген қаупін білдірді. Ал Ыды­рыс немістер үшін айрықша се­німді адам болатын, оның эмигранттарға қатысты күдігі немесе сенімі ескерілмей қалмайтын (Әлімжан Ыдырыс ‒ Сібірдің тумасы, ұлты татар, Бұқарада оқыған, бір жылға жуық Қазақстанда мұғалім болып қызмет атқарған). Осындай жағдайда не себептен немістер Шоқайды Парижден Берлинге алып келді? Мұстафа Шоқайды Еуропадағы шығыс халықтарының мәсе­лесімен айналысатын мамандар мен дип­ломаттардың барлығы түркі эмигрант-тарының ішіндегі ең көрнекті тұлға ретін­де сипаттайтын, сондықтан немістер осын­дай беделді қайраткерді өз мақсатына пайдалануға тырысты.

1941 жылдың жазында тұтқын лагерь­лерін аралау, орыс емес тұтқындардың санын анықтау және олардың көңіл-күйін бағдарлау мақсатымен құрылған 25 комиссияның құрамындағы 600-ге жуық адамның ішінде кеңестік шығыс халықтарының барлығының өкілдері – саяси эмигранттар болды. Сыртқы істер министрлігі жанында құрылған Ресей комитетінде кеңестік шығыс халық­тары мәселесімен айналысатын маман фон Хентигке жіберген хатында дипломат Рудольф Надольны «тұрандық тұтқындар мәселесін талқылау үшін Розенберг Парижден Мұстафа Шоқайды алдырды» деп жазды. Мария Шоқайдың естеліктерінен де Мұстафа Шоқайды нацистер Францияда 1941 жылдың 22 мау­сымында тұтқынға алғанын, кейінірек босатқанын, ал тамыз айының басында әскери адамдар келіп, Берлинге алып кеткенін білеміз. Демек Шоқайды Герма­нияға Розенбергтің мекемесі алдыртты. Шығыс министрлігі тізім жасап, бар­лық эмигрантты комиссияға өздері шақы­рып кіргізді. Жан-жақтан аудармашылар іздеген кезде, тіпті Германияда білім алып жатқан студент жастарды да жинаған.

Комиссияның алдына қойылған мін­дет – тұтқындардың туып-өскен жерін, білімі мен мамандығын және көңіл кү­йін анықтау. Онда тұтқындардың жал­пы саны және әскери дәрежелері, білім­дері, тамақтануы, киінуі, көңіл күйі түгел есепке алынған. Кеңес өкіметі Мұс­тафа Шоқайдың тұтқын лагерьлерін аралауын тілге тиек қылып, оны легионды құрушы деп айыптады. Алайда, комиссияның жұмысы кезінде кеңестік тұтқындардан легиондар құру туралы мәселе әлі шешілмеген болатын.

Біздің жергілікті зерттеушілердің ең­бектері, негізінен, неміс зерттеушісі Патрик фон цур Мюленнің кітабында берілген мәліметтерге негізделген (бұл кітап түрік тіліне аударылған, сондықтан көпшілікке қол жетімді). Ол автордың еңбегі, әрине, құнды екені даусыз. Алай­да, Мюлен архив материалдарымен қоса, Каюммен кездесіп, оның өз аузы­нан алған сұқбаттарға сүйенеді. Мю­леннің еңбегінде Вели Каюм мен Шоқай­дың соғыс кезіндегі іс-әрекетін баға­лауда тым субъективті ұстаным бар екенін ешкім ескермейді. Мәселен, Мюлен: «Эмигрант Вели Каюм соғыстың алғашқы апталарында оның тұтқын лагерьлеріндегі жерлестеріне аса қатал қа­раушылыққа наразылық білдірген», деп жазады. Соғыстың алғашқы апталарын­да Германиядағы Каюмның түркістан­дық тұтқындардың жағдайы қандай екенін білуі мүмкін емес еді. Өйт­кені Гитлердің бұйрығы бойынша кеңес­тік тұтқындар қатарындағы азиялықтар­ды Герман империясының жеріне әкелу­ге тыйым салынды. Олар Польша және бас­қа басып алынған жерлердегі лагерьлер­ге орналастырылуы тиісті болды. Сондық­тан хатты лагерьлерді аралаған комис­сия мүшесі ғана жазуы мүмкін. Сондай-ақ Каюм ол кезде неміс ғалымдары мен эмигранттар арасында мүлде белгісіз, жалпы алғанда, Германияда аты шықпаған адам болатын. Демек Мюленнің бұл пікірі Каюммен жеке кездесіп, сұқбат алуының нәтижесінде туған болуы мүмкін. Мария Шоқайдың естеліктерінде Мұстафа Шо­қайдың лагерьдегі түркістандық тұтқын­дардың ауыр жағдайына ашық нара­зылық білдіріп, неміс әкімшілік орын­дарына хат жазғаны, оны тиісті орын­дарға тапсыру үшін В.Каюмге бер­гені, Мұстафа Шоқай қайтыс болғанда Берлинге келген Мария Шоқайға Каюм осы хаттың көшірмесін бергені туралы айтылады. 1941 жылдың қарашасында Мұстафа Шоқайдың Марияға жазған соңғы хатындағы мына бір жолдар оның лагерьлердегі қандастарының ауыр жағ­дайына жаны ашыған қынжылысын, сон­дай-ақ фашистердің айуандығына деген жеккөрушілігін де бейнелегендей: «Осы бақытсыз жандарға көмек бере алмайтыныма жаным ауырады. Олар менен көмек сұрайды және көмектеседі деп үміттенеді. Мен сөз бердім, бірақ оны орындай алмайтынымды білемін, әйтеуір, жұбату үшін айтамын. Оларға көмектесуге дәрменім жоқ екенін біле тұра, алдауға мәжбүрмін. Бұған ендігі жерде шыдай алмаймын. Одан да өлгенім жақсы. Кеше 35 адамды өлімнен алып қалдым, бірақ бұл қаншалықты ұзаққа созылар дейсің? Қазір қараша айы, ал олардың кейбіреулері жаздық киім киген, әлдебірі жартылай жалаңаш, суықтан қорғану үшін қолмен шұңқыр қазуға мәжбүр. Оларға итке бергендей нан лақтырады, ал су беру ойларына да келмейді. Мен оларға қандай да бір төсеніш беруді сұрадым. Берді ме, жоқ па, белгісіз. Бұл «өркениеттілер» аңнан бетер айуан екен. Менің жанымда Каюмхан бар. Есіңде ме, ол Ножанға келіп кеткен болатын? Ол арқылы немістерден түркістандық тұтқындардың жағдайын қалайда бір жақсартуды өтіндім. Ол оны біреулерге жеткізді. Бірақ нәтиже шығар-шықпасы белгісіз. Ондаған шақырым жүріп, лагерьлерді аралаудамын. Әл-қуатым азайып барады. Менің жан дү­ниемнің қаншалықты қажығанын сен онсыз да білесің ғой. Өлгім келеді. «Ажал» деген сөзбен хатымды аяқтаймын». Осы хатты жазған соң көп ұзамай, 1941 жыл­дың 27 желтоқсанында Мұстафа Шоқай Бер­­­линдегі ауруханада қайтыс болды. Қандастарына жаны ашып, көмектесуге жанұшыра ұмтылған, еуропалық өрке­ниетті ұлт болған немістерден түңіліп, реніш пен өкініш жанын жегідей жеген үлкен жүректі адам осы жағдайдан кейін фашистермен ынтымақтасуға барар ма еді? Сондай-ақ архив құжаттарына жүгін­сек, легион құруды іс жүзінде бастау, легионға адамдарды жазу 1942 жылдың көктемінде басталған.

Шығыс министрлігі түркістандық­тар ішіндегі ірі тұлға Мұстафа Шоқай­ды түркі тектес тұтқындардың арасын­да жүр­гізілетін үгіт-насихат жұмысында пай­­далану үшін алып келген еді. Алайда, Шо­қайдың лагерьлерді аралаған кездегі көңіл күйі бұл мақсатқа сай келмей қалды. Сондықтан да болар, нацистер Мұстафа Шоқайға күдікпен қарап, оның өмірбаянын қайта тексерген сияқты. Сыртқы істер министрлігінің архивінде болған кезде Шо­қай қайтыс болғаннан кейін жазылған анықтамаға қатысты жазбаларды тауып алдым. Мұстафа Шоқайдың қазасы туралы анықтаманы мазмұнын келісу үшін Сыртқы істер министрлігіне жіберген. Министрліктің қызметкері анықтаманың Шоқайды «Түркістан ұлттық комитетінің жетекшісі және алғашқы Түркістан ұлттық үкіметінің бұрынғы басшысы» деген жолдарына күдік білдіріп: «Жалпы алғанда, Шоқайоғлы бүкіл Түркістан үкіметінің емес, жеке Қоқан ұлттық үкі­метінің жетекшілерінің бірі болған. Ал ол жетекшісі болды деп аталған «Түркістан ұлттық комитеті» бұл жерде аса белгілі емес. Берлинде одан басқа, жалғыз түркістандық Вели Каюм бар, анықтамаға да сол қол қойыпты, ал оны Түркияда тұратын түркістандықтардың көпшілігі білмейді», деп жазған. Құжаттағы «Түр­кістан ұлттық комитеті бұл жерде аса белгілі емес» деген сөздер Шоқай бас­қарған кезде бұл ұйымның фашистерге қызмет етпегенін көрсетеді.

Германияның архивтеріндегі Түр­кістан легионының құрылуына қа­тысты 1941-1942 жылғы бұйрықтар, есепті баяндамалар, анықтамалықтар, т. б. архивтік құжаттарда М.Шоқай есі­мі мүлде аталмайды, ал 1943-1945 жыл­ғы құжаттарда ол Түркістан ұлттық бір­лестігінің бұрынғы жетекшісі ретінде ғана аталған. Тұтқындардан ерікті әскер бөлімдерін құру сияқты маңызды мәселені фашистерге өте сенімді адамдар ғана көтере алатын еді, ал Парижде тұрған, Берлинге немістер өздері алып келген адамға осындай ұсыныс жасай ала ма? Жо­ғарыда аталған Ә.Ыдырыстың сипаттамасына қарасақ, Германияның қауіпсіздік мекемелерінде М.Шоқай туралы «сенім­сіз эмигрант» деген пікір қалыптасқан сияқты. Германияның архивінен КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің ГДР Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігіне татар эмиграциясының белгілі өкілі туралы материал жинауды тапсырған хатын көрдім, ал Шоқайға байланысты мұндай тапсырыс берілмеген. Мұстафа Шоқай­ды Түркістан легионын құрушы ретінде қа­­рау шындыққа сәйкес келмейді.

Шоқай Еуропадағы кеңестік эмигранттар арасында танымал адам және ол жай ғана саясаткер емес, ғалым ретінде де белгілі болды. Оның еңбектері Батыс елдеріндегі Түркістан тарихымен айналысатын ғалымдар үшін сенімді дерек көзі ретінде саналды. Шоқайдың халықаралық мәселелерге жазған мақалалары оның дүниежүзілік соғыстар аралығындағы халықаралық қатынастарды, ондағы ірі мемлекеттердің рөлін, өзіндік мақсаттары мен дипломатиялық «ойындарын» терең түсініп, талдау жасағанын көрсетеді.

Соңғы жылдарда архивтердің бұрын құпия болып келген көптеген қорларының ашылуы белгілі қазақ зиялыларының өмірін, өзара қарым-қатынасын толық зерттеуге мүмкіншілік берді. Бұл бағытта бірқатар көзге түсер зерттеу басылып шық­ты. Алайда, кейбір сәттерде жеке тұлғалардың идеялық қайшылықтарын, саяси позициясының айырмашылығын түсіндіру орнына жеке бас араздығын талдап кететін жағдайлар да бар. Ал Мұстафа Шоқайдың өз әріптестерімен қарым-қатынасында жеке бас араз­ды­ғынан жоғары тұрғандығын, оның кейбір көрнекті эмигранттармен келіс­пеушілігі идеялық айырмашылық пен саяси күрестің тактикасы мәселесіне қатысты болғандығын оның хаттарынан көруге болады. Ол эмиграциядағы саяси күштердің бірлігі қажет екендігін, ал өзара әртүрлі түсініспеушіліктер ортақ мақсатқа кесірін тигізбеуі тиістілігін үнемі ескертіп отырған. Мәселен, 1930 жылы Заки Уәлидидің (Валидовтың) өз әріп­тестерімен қақтығысы кезінде ол Уәли­дидің саяси көзқарастарын сынай отыра, оның ғылыми жұмыстарын жоғары бағалаған. Польша үкіметі мен эмигранттар арасындағы байланыстарды іске асыратын қызметкер Шоқайдан Уәлиди мен басқа түркі эмигранттары арасындағы қақтығысты түсіндіруді өтінген. Шоқайдың 1930 жылы 27 ма­мырда жазған жауап хатында мынадай жолдар бар: «Валидовтың саяси мәселелер бойынша кейбір, шындықты айтсақ, көп­теген пікірлерінің даулы екендігін біле отыра..., мен Валидовқа ғылыми сипат­тағы мақалалар жазуға мүмкіншілік беруді жақтаймын. Ол ғажап эрудит, біздің тарихымызды, этнографиямызды жақсы біледі, оның әрбір мақаласы аса құнды және басылымның мазмұндық әрін күшейте түседі, ... оның біздің халқымыз бен руларымыз туралы жазғандары – аса құнды дүниелер. Валидовтың «татарды жеккөрушілік» және қазақтардың саяси мүмкіндіктерін асыра бағалаушылық сезімі ауруға айналған (сондай-ақ кейбір татарлар «валидовты жеккөрушілік» ауруына шалдыққан), ол өзбектерге, яғни біздің еліміздің отырықшы бөлі­гіне қатысты скептицизм, ал кейде ашық түрде салқын қараушылық... көрсе­теді. Оның бұл жеке «қасиеттері» саяси қызметінде де тым айрықша көрініс тапқан. Түркістандықтар мен татарлар арсындағы үнемі қайталанып отыратын түсініспеушіліктер осыған байланысты, сондай-ақ түркістандықтардың өздерінде қазақтар мен өзбектерге бө­лінушіліктің болу мүмкіндігін де жоққа шығара алмаймыз. Бұл – біздің болашақ саяси жұмыстарымыз үшін, біздің еліміз­дің болашағы үшін аса қауіпті жағдай. Вали­дов біздің еліміздің ескі тарихының жақсы білімпазы болғандықтан, әрине, ескі салттарды сақтап қалған тайпа ретін­де қазақтарды көшпелі ата-бабалардың «ежелгі қазынасын» жоғалтып алған өз­бектерден жоғары қояды. Жеке қасиеті бойынша жалпы прогресшіл Валидовтың (ол социалист-революционер... болған) бойында саясатқа келген кезде тарихшы-архивариус жоғары шығып кетеді. Ол өзінің архивтік білімдерінің қуатты күшінің салдарынан саяси сауаттылықтың әліпбиін ұмытып кетеді... Сондықтан менің ойымша, біздің Ыстанбұлдағы жолдастар оның ғылыми мақалаларын шын ниетпен қабылдайтын болар, олардың маңыздылығы және бізге қажеттілігі саяси мақалалардан әсте кем емес. Валидовты – ғылыми мақалалардың авторын – кез келген адам құрметтейтін және жариялайтын болады, алайда Валидов – саяси мақалалар авторы – өте көп қарсылыққа кездеседі». Осылайша ол түркі эмигрант­тары арасындағы кейбір кикілжіңді өршіт­пеуге, оларды бір ғана мақсат ‒ Түр­кіс­танның азаттығы жолындағы күреске ба­ғыт­тауға тырысты.

Сталин өкіметінің Қазақстан мен Орта Азияның зиялыларын қуғын-сүргінге ұшыратып, енді бас көтеретін ешкім жоқ деп тыныштануына Шоқайдың Еуро­падағы іс-әрекеті, кеңес өкіметінің сая­сатын әшкерелеуі бөгет болды. Кеңес өкіметінің Шоқайды аса қауіпті жау санауы да осы себептен туған болар. Олар Шо­қайдың тәуелсіздік туралы идеялары Кеңес Одағы тұрғындарының елеулі бөлігін құрап отырған түркі халықтарына ықпал жасауынан қауіптенді. 1928 жылы желтоқсан айында КСРО Орталық Атқару Комитетінің 4-сессиясында Өзбекстан үкіметінің баяндамасын талқылау барысында Мұстафа Шоқайдың «Түркістан Кеңестердің билігінде» деген еңбегі қатты сынға алынды. Кеңес өкіметін осы еңбекке қатысты айрықша алаңдатқан жағдай – оған Француз Социалистік партиясының жетекшілерінің бірі Ренодельдің алғысөз жазуы, онда Түркістан бұрынғы патша­лық Ресей кезіндегідей қазір де отар болып отыр деп көрсетуі еді. Бұл сөз Кеңес Ода­ғының әлем халықтары алдындағы беделін түсіріп, батысеуропалық қоғамда кеңес өкіметі туралы жағымсыз пікір қа­лыптастыруы мүмкін еді.

Большевиктер өкіметі 1921 жылдың ­­ 15 желтоқсанында кеңес елінің төлқұ­жа­­тын 1922 жылдың 1 маусымына дейін алма­­ған эмигранттар кеңес азаматтығынан ­айырылады деп мәлімдеді. Мұстафа Шоқай және басқа бірқатар түркі эмигранты 1922 жылдың 1 маусымына дейін кеңестік төлқұжат алған жоқ және алуға тырыспады да. Олар шетелге эмиг­рацияға кеткен кезде Кеңес Одағы құрылған жоқ, демек, олар ешуақытта КСРО азаматы болған емес. Олардың Отаны – Кеңес Одағы немесе Кеңестік Шығыстың жеке-жеке республикалары емес, 1924 жылға дейінгі тұтас Түркістан (Батыс Түркістан) болатын. Олар осы Отанының азаттығы үшін күресті. «Біздің заманымыздың адамына тән бар­лық адасудан бір ұрпақтың өмірі барысында толық арыламыз деу қиын, мүмкін адамзат өз тарихының тар өлшемінен шығып, жаңаша ойлауға ие болғанша ұзақ жылдар керек болар», деп Эрих Фромм айтқандай, еліміздің тарихындағы аса бір күрделі де қайшылықты болған кеңес заманындағы жеке тұлғалардың қазақ халқының азаттық қозғалысы тари­хындағы орнын анықтау талай дау-да­май туғызатын да шығар. Дегенмен, тарихшылар архивтік құжаттарды талдай отырып, тапқан ақиқатты мойындаулары керек болар.

 

Гүлжаухар Көкебаева

тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының бөлім меңгерушісі