Музей – тарихи жады мен өткен дәуірдің мұрасын сенімді сақтайтын мемлекеттік маңызы зор мәдени мекеме. Білім көкжиегін кеңейтіп, танымды арттырып, әсемдікпен байланыстыратын музей атаулы адамның әлем мен уақытқа қатысы барын сезіндіретін айрықша қуатқа ие. Уақыт озған сайын маңызының арта түсетіні де сондықтан.
Музейге бармай, көрмей тұрып, өткен тарих туралы таным мен түсінік толық қалыптаспайды. Көне дәуірлер күмбірін еске салатын құнды жәдігерлер көмбесі қазақ елінен әр өлкесінде ондап саналады. Жалпы, Қазақстан бойынша 90 өлкетану, 52 мемориалды, 50 тарихи, 11 өнертану, 20-ға тарта музей қорығы, 4 жаратылыстану және аудандық, ауылдық, басқа да бағыттағы барлық ірілі-ұсақ музейді қоса есептегенде, дәл қазір елімізде 300-ге жуық музей жұмыс істеп тұр. Алматы қаласындағы Орталық мемлекеттік музей мен Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық музей бастаған тарихи-рухани таным көшін түрлі деңгей мен бағытта қуаттап отырған бұл мекемелер сырттай бұйығы өмір сүргенімен, нағыз буырқанған тіршілік сонда. Әлемнің 150 елінде аталып өтетін Халықаралық музей күні насихаты мен жарнамасы жолға қойылған ірі музейлер туралы емес, Алматы қаласының музейлері, оның ішінде жеке тұлғаларға арналған музейдің бүгінгі жай-күйіне тоқталуды жөн көрдік.
Алматы қаласы музейлер бірлестігі құрамында 7 музей бар. Бірлестікке Алматы қаласы музейі, Дінмұхамед Қонаев музейі және пәтер-музейі, Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешені, Ықылас атындағы халық музыка аспаптары музейі, Алматы қаласының 1000 жылдығына орай ашылған мультимедиалық дәстүрлі музыка орталығы, Нұрғиса Тілендиев музейі және сметалық жоспары бекітіліп, алдағы уақытта құрылыс жұмысы басталатын Райымбек батырға арналған мемориалдық кешен топтастырылған. Түрлі мақсат-мұрат пен жауапкершілік арқалаған, бағыты бір-біріне ұқсамайтын бұл музейлердің жұмысы көпшілікке жақсы таныс. Мысалы, әдебиеттің қос алыбы өмір сүрген пәтерлер музейге айналғалы оны алматылықтар ғана емес, алыстан ат арытып арнайы іздеп келіп тамашалайтын адамдар қатары артып, қаламгерлердің өмірі мен әдеби мұрасын талмай насихаттайтын іргелі ғылыми орталық қызметін атқарып отыр. Музей тек жазушылардың шығармашылығына қатысты шаралармен ғана шектелмей, көпшілік ықыласын оятатын рухани мазмұндағы мәслихаттар мен кештерді де жиі ұйымдастырып тұрады.
Алматы қаласы музейлер бірлестігі директорының орынбасары Қайрат Тарбаевтың айтуынша, шаһар музейлерінің қызметі жүйелі қадағаланып, оларға тұрақты мониторинг жасалып отырады. Басты міндеттің бірі музейге келетін адамдардың санын арттыра түсу болғандықтан, бұл мақсатта түрлі шара ұйымдастыру күн тәртібінен түскен емес. Ықылас атындағы халық аспаптары музейі, Д.Қонаев музейі және Алматы қаласы музейлері келушілердің қызығушылығын тудыру жағынан алғашқы үштіктің көшін бастап тұр. Басқа музейлермен салыстырғанда, бұл үшеуіне келетін адамдар қарасы қалың және сәйкесінше жұрт аяғы сиремейтін музей қала өмірінде өте танымал. Сол себепті көптің ықыласын оята алған, ұзақ жылдық тарихы бар, насихаты мен дәріптелуі жолға қойылған бұл музейлер туралы сөзді ірке тұрып, кәсіби музыка өнерінің, мәдениетінің қалыптасуы мен өркендеуі жолында өлшеусіз еңбек сіңірген екі ұлы композитордың – Ахмет және Ғазиза Жұбановтар мен Нұрғиса Тілендиевтің жеке тұлғалық музейлеріне шолу жасаудың орайы келіп тұр.
Бірден айта кету керек, Жұбановтар музейі Алматы музейлер бірлестігі құрамына енбейді, ол Орталық мемлекеттік музей жанындағы Ахмет пен Ғазиза Жұбановтар мұрасын зерттеу бөлімі ретінде тікелей Мәдениет министрлігіне қарасты мекеме ретінде қызмет атқарады. «Әйгілі композиторлар Ахмет пен Ғазиза Жұбановтарды мәңгі есте қалдыру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешіміне және Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі Мәдениет комитетінің «Қазақ композиторларының шығармашылығы арқылы қазақ музыкасын күйден бастап қазіргі заманғы симфония және операны дамыту жолдарын айқындау мақсатында Жұбановтар пәтер-музейін ұйымдастыру туралы» №8 бұйрығына сәйкес 2000 жылы 9 ақпанда құрылған болатын. Осы жылы Ахмет Жұбановтың туғанына 100 жыл толуына орай музей келушілерге есігін ашты. 1999 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен театр өнерін көтеруге Астанаға кетерінде белгілі режиссер, КСРО халық әртісі, Халық Қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетов (Ғазиза Жұбанованың жұбайы) бұрын 1967-1968 жылдары Ахмет Жұбанов, 1968-1999 жылдары өзі Ғазиза Жұбановамен, балаларымен, немерелерімен бірге тұрған бес бөлмелі пәтерін және жеке архивтерін музей жасау мақсатымен Мәдениет комитетінің қарамағына және Орталық музейге тапсырды.
Мемориалды музей 2 экспозициялық залдан және музыкалық салоннан тұрады. Онда Ахмет пен Ғазиза Жұбановтар тұрған, еңбек еткен кабинеттері жасалып, барынша сол кездегідей етіп сақталған. Шығармашылық кештерді өткізуге жоспарланған музыкалық салонда Ахмет Қуанұлының жеке музыкалық аспабы рояль орын алған. Музейде ұлы композиторлардың шығармашылық өмірі мен өткен кезеңнің тарихи-мәдени тыныс-тіршілігін бейнелейтін фотосуреттер, афишалар, партитуралар, музыкалық аспаптар, кітаптар, қолжазбалар, сувенирлер мен пайдаланған жеке хаттары қойылған. А.Жұбанов ұстаған қызғылт-сары түсті үлкен сары портфель, сахнаға арналған қара фрак, дирижерлік таяқша, ескі жазу машинкасы да музейдегі қымбат жәдігерлер қатарында. Пәтердің екі бөлмесі Ғазиза Жұбанова мен Әзірбайжан Мәмбетовке арналған. 2011 жылы Үкімет шешімімен әйгілі режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтің есімін мәңгі есте қалдыру шараларына байланысты ел мәдениетіндегі өзіндік орнын, Ахмет пен Ғазиза Жұбановтармен шығармашылық тығыз байланыстағы жолдарын көрсету, мемориалды музейдің музыкалық және ғылыми бағытын театр және кино өнерімен байыту мақсаты негізінде Жұбановтардың композиторлық, ғылыми, педагогикалық әулетінің ізбасары – өнертану кандидаты, композитор Әліби Мәмбетов-Жұбановтың ұсынған тұжырымдамасы бойынша музей Әзірбайжан Мәмбетов туралы қосымша экспозиция жасап толықтырды. Бірі музыкада, бірі театр өнерінде тыңдарманы мен көрерменіне таңғажайып туындылар сыйлаған талантты жұбайлардың отбасысы мен балалары туралы мол дерекпен толықтырылды. Музей-пәтер Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияға таяқ тастам жерде, дәл қарсы бетіндегі Қарасай батыр көшесіндегі 61\67 үйдің 3-қабатында орналасқан. Сол себепті мұнда негізінен болашақ музыканттар, музыка саласының мамандары, Жұбановтардың өнерін қадірлейтін қарапайым адамдар жиі бас сұғады. Оларды Ғ.Жұбанова мен Ә.Мәмбетовтің келіні, Әліби Мәмбетовтің жары Ләззат Сағынаева қарсы алып, музейдің ғылыми қызметкері есебінде қызықты естеліктер мен деректермен таныстырады.
КСРО халық әртісі, Халық Қаһарманы Нұрғиса Тілендиевке арналған мемориалды музей де өткен күннің сырлы да әсерлі естеліктеріне тұнып тұр. Музейде тұрған әрбір жәдігерді түртіп қалсаң, тарихы тарқатылып сала береді. Сырға да, жырға да тұнып тұр. Тек ұйып тыңдайтын құлақ, сүйсініп қарайтын көз керек. Тілендиев музейі – архитектура өнеріндегі айрықша үй. Орталық Комитеттің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың бұйрығымен ел мәдениеті мен әдебиетіне, ғылымына еңбегі сіңген алты тұлғаның отбасы үшін арнайы салынған. Қонаев пен Бөгенбай батыр көшелерінің қиылысындағы «алтын аумақта» орналасқан алты қабатты үйдің тұтас бір қабаты, үшінші қабатта 1979 жылдан 1999 жылға дейін Н.Тілендиев те тұрған. Пәтер аумағы 169,5 шаршы метр. Музейде 3214 жәдігер сақтаулы, оның шамамен 1500-ге жуығы қорда жатыр. Композитордың 95 жылдық мерейтойына орай музей күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңартылған үлгідегі сөрелер қойылғаннан кейін, қордағы жәдігерлердің біраз бөлігін жұрт назарына ұсынуға мүмкіндік туған. Н.Тілендиев – 500-ге тарта ән мен күйдің авторы, оның басқа композиторлардан ерекшелігі – түрлі жанрда жазғандығында. Ән, күй, увертюра, опера, балет секілді халықтық және классикалық шығармалар жазылған партитуралар, кітаптар, монографиялар – музейдің негізгі байлығы. Мұнда композитордың мол музыкалық мұрасын зерттеу, оны ғылыми айналымға енгізу, ел ішінен әлі де болса жинақтай түсу секілді жұмыстар жүргізіліп келеді. Музейдегі құнды жәдігердің бірі – анасы Сәлиха сыйға тартқан пианино. Екі адамның бірінің қолы жете бермейтін немістің Grunert күйсандығын анасы ұлының өнерін ұштау үшін бар жиған-тергенін жұмсап сатып алып берген екен. Нұрғисаның саусақтарының табы қалған, кейін қызы Дінзухра ойнаған қастерлі жәдігер ретінде құны тым қымбат. Композитордың халық арасына кең тараған белгілі әндерінің бәрі де осы аспаптың толғатуымен дүниеге келген. Музейдің ғылыми жетекшісі Мөлдір Жаңбырбайқызының айтуынша, қонақтардың «көрсем» деп ынтығып келіп қызықтайтын жәдігері – «Дариға-домбыра». Осы «бала» домбырамен 70 жылдық мерейтойында композитор әйгілі «Әлқиссасын» құйқылжытып, бүкіл залды орнынан тік тұрғызған. Домбыраны болашақ композиторға 1937 жылы ұстазы Ахмет Жұбанов сыйға тартқан. Домбыраның «Дариға» аталуының да өз сыры бар. 1979 жылға дейін Абылай хан мен Гоголь көшелерінің қиылысындағы үйде тұрғанда Мұқағали Мақатаев композиторды іздеп келіп, шаңырағында бір ай жатып қонақ болады. Бір бөлмеде ұлы ақын сөзін жазып жатса, қапталдағы бөлмеде композитор әнін шығарып, бүгінге дейін бүкіл қазақ сүйіп шырқайтын өміршең әндер бірінен кейін бірі өріліп жатады. Жүрегін ән кернеп, белгісіз әуен әуеден келіп төгілгендей көкірегін осқылағанда Нұрағаң жарына «Дариға, домбырамды берші маған» дейді. Мұқағалидің жанын селт еткізген осы сөз «Дариға, домбырамды берші маған, Жаныма келші, жарым, келші, балам. Бейуақ іңірдегі көңіліме, күй болып күңіреніп енші, далам» деген өлең жолдары болып қағаз бетіне қонақтайды. Содан бері бұл домбыра «Дариға» деп аталады. Ақын мен композитордың шығармашылық тандемінен ұзын-ырғасы 32 ән туған. Құдіретті ән табыстырып, рухтас адамдарға айналып кеткен талантты інісі Мұқағали мезгілсіз қайтыс болғанда, Нұрғиса ағасы құсалықтан қатты ауырып, екі ай бойы аурухананың тар төсегіне таңылып жатып қалады. Жаны жетімсіреп үйіне оралған кезде жары Дариға: «Уақытында беруге батпап едім», деп күртешесінің қалтасында тұрған Мұқағали жазып қалдырып кеткен хатты ұстатады. «Нұреке, бұл мен ғой, Мұқағали. Мына мәтінге ән жазарсыз...» деп, «Есіңе мені алғайсың» деген өлеңін жазып қалдырған екен...
Сондай-ақ музейге келгендер композитордың атақты «Ата толғауы» күйінің бастапқы атауының «Әке толғауы» деп аталып, кейін түпнұсқа қолжазбадағы «әке» дегенін композитор өз қолымен белінен сызып өшіріп, қайта түзетіп, Жамбыл бабасының рухына арнағанын білер еді. «Қыз Жібек» фильмінің саундтрегіне айналып, ұлттық музыканың айдынына мәңгі қонақтаған «Аққу» күйінің композитордың өзінің емес, әкесі Тілендінің күйі болғаны да қызық дерек. Бала күнінен осы күйді тыңдап өскен Нұрғиса оны сауатты түрде өз қолымен нотаға түсірген.
Ықылас атындағы халық аспаптары музейінде Н.Тілендиевтің тағы бір домбырасы тұр. Ол сары домбыра «Сұлтан» деп аталады. «Қыз Жібек» фильмінде аққуларды көлге қондырып, әсем көріністі тудырған осы домбыра, режиссер Сұлтан Қожықовтың құрметіне қойылған. Нұрғисаның Мархаба деген жеңгесінің есімін еншілеген «Мархаба» деген үшінші домбырасын композитор көзі тірісінде ат иесінің өзіне сыйға тартып кеткен.
Музей жаңалықпен толығып отырғанда ғана мағынасын кеңейте түседі. Соңғы жаңалық – экспозициялық бөлімдерді дайындау барысында композитордың сөмкесінен жазушы Сәбит Мұқановтың хаты табылды. Онда: «Нұрғисса! «Сұлушашты» жіберіп отырмын. Оқып шық. Қарындаш тигізе көрме. Керекті адам айтарын, қажетті ситуацияларды керек қылсаң көшіріп аларсың. Бұл кітапты өзіме қайтар. Оқып болған соң сөйлесуді қажет көрсең, таң ертеңгі уақыттарда звонит ет (2-42-15). «Көкейкесті» күйін ойланып қой, қажет болады. Келінге, жолдастарға сәлем. Құрметпен, – Сәбит Мұқанов. 10 – IV– 1973 ж. Алматы» деп жазылған. Жазушының композиторға жасаған өтініші орындалды ма, «Сұлушаштың», «Көкей кестінің» музыкадағы тағдыры не болды, жазушы мен композитордың арасындағы достық қалай өрісін тапты – келешектің еншісіндегі көп жұмыстың бірі ретінде өз зерттеушісін күтеді.
Сондай-ақ Н.Тілендиевтің «Реанимация» деген шығармасы да музейдегі құнды жәдігердің бірі болып саналады. Өмірінің ақырғы күндерінде аурухана төсегінде жатқанда жазып, «егер шығармамды аяқтай алмай жатсам, менің музыкалық рухымды жақын тұтып, түсінетін музыкант табылып жатса, аяқтасын» деп аманаттап кеткен. Аяқталмай қалған шығарма әлі музыкалық айналымға енбеген соңғы туынды болғандықтан, бұл да ақырғы аманатқа жанашырлықпен қарайтын мұраттасын күтіп кезекте тұр. Өз қолымен «Өмір дастаны» деп жазып, кейін «Реанимация» деп түзеткен шығарманың әр бетіндегі ноталардың тұсына «домбыра», «шаңқобыз», «сыбызғы» деп қара қарындашпен белгі соққанына қарағанда, бірден оркестрге лайықталып жазылған шығарма екені анық. Кім аяқтайды? Кімге бұйырылған шаруа бұл? Тілендиевтанудағы атқарылуы тиіс маңызды істі қолға алатын маман қалай да табылуы керек, себебі музей қызметкерлері бұл тараптағы ізденіс жұмысын әлдеқашан бастап кеткен.
Жеке тұлғаға арнап музей ашу ісі оңай емес. Атақты атасына, әйгілі әкесіне арнап музей ашқысы келетіндердің көп екенін белгілі адамдармен сұхбаттасу барысында жиі байқаймыз. Оны ашудың тәртібі мен ережесі туралы Қайрат Тарбаевтан да сұрадық. «Жеке тұлғаға музей ашу үшін алдымен сол тұлғаның ұрпақтары немесе қоғамдық ұйымдар жеке өтініш хатын ұйымдастырады. Оның үйлестірушісі – қалалық немесе облыстық Мәдениет басқармалары. Мәдениет басқармалары хатты егжей-тегжейлі қарап, елге елеулі еңбегі сіңген, ашу керек деп тапса, ол ұсыныс мәслихаттың қарауына жіберіледі. Мәслихат сол тұлға тұрған үйді музей етіп қайта жабдықтау үшін қаржы бөлуді сұрап шешім қабылдайды. Қаулы қабылданғаннан кейін музей мемлекеттің қарамағына алынады», дейді Қайрат Сағынғалиұлы.
Музейлер табыс таба ма? Билет құны ересектер мен шетел азаматтарына 500 теңге, оқушыға 200 теңге тұратын билет құны музейдің бүкіл мәселесін шешіп тастауға жетпегенімен, өзін-өзі асырап, жан бағуына жарап тұр. Әлбетте, шаһар музейлері жылына 20 миллион теңгенің төңірегінде табыс табады. Музей тек келушілерге экскурсия жүргізіп, тұлғаның өмір жолын тәптіштеп баяндап беруден тұрмайды, онда ең алдымен түрлі бағыттағы ғылыми жұмыстардың жүргізілуімен салмағын арттырады. Алматы қалалық музейлер бірлестігі карантин күндерінде де белсенді жұмыс істеп, онлайн режімде республика бойынша алғаш рет «МузейFEST» ұйымдастырды. Бұл ауқымды шара бейінді музейлердің экспозициялық тақырыбын зерттеуде жаңа теориялық және тәжірибелік білімдердің қалыптасуына, музей заттарын жинау, сақтау, өңдеу және пайдалану теориясы мен әдістемесінде шығармашылық әлеуетін дамытуға ықпал ету мақсатында өткізілді. Онда «Үздік ауылдық музей», «Үздік ғылыми қызметкер», «Үздік экскурсовод», «Ынтасы үшін» аталымдары бойынша музей ісінің ең білікті өкілдері бағалы сыйлық-жүлделермен марапатталды.
Табыс пен жетістікпен қатар, көптен бері шешілмей келе жатқан күрмеуі қиын ішкі мәселелері де жоқ емес. Ол – жалақы жайы. Қоғамда мың рет қозғалса да, музей қызметкерлерін бір рет марқайта алмаған бостекі сөз күйінде кейінге шегерілумен келеді. Ал мардымсыз жалақыны місе тұтып, энтузиазмның арқасында жанын салып жұмыс істеп жүрген музей қызметкерлері, шын мәнінде, қандай құрметке де лайық.
АЛМАТЫ