1922 жылы 8 шілдеде кешкі сағат 18.30-да ҚазОАК төрағасы Сейітқали Меңдешев екінші сайланған Қазаткомның 3-сессиясын (сессия жұмысы 14 шілдеде аяқталды) ашық деп жариялап, сессияға қатысушылар алдында «Аштық туралы мәселе» бойынша кіріспе сөз сөйледі. Ашыққандарға көмектесетін Орталық Комиссияның (АКОК) төрағасы болған С. Меңдешевтің 1921-1922 жылдардағы аштық пен оған қарсы жүргізілген жұмыстар туралы мол мәлімет беретін тарихи сөзін сессияның стенографиялық есебінен қазақ тіліне аударып, оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.
Жолдастар! Осы сессияның күн тәртібіне қойылған іскерлік мәселелерді талқылауға көшпес бұрын, мен осы кезең ішінде бәріміздің күш-жігерімізді өзіне аударған, бәріміз үшін жантүршігерлік болған бір мәселеге тоқталғым келіп тұр. Бұл – аштық туралы мәселе.
Қазір аштық апатының ең қиын кезеңінен өттік деп еркін айтуға болады. Дегенмен, аштық біз үшін өте ауыр зардаптарын қалдырды.
Аштық көптеген адамның өмірін қиды, аштық бір шаруашылықтарды күйретсе, басқа шаруашылықтарды құлдыратты, аштықтың салдарынан халықтың басым бөлігі кедейленді, көптеген адамдар ақырына дейін күйзеліске түсті.
Аштықтан зардап шегіп, бірақ тірі қалғандардың денсаулығы нашарлады, күйзеліс пен нашар тамақтану салдарынан әлсіреген бұл адамдар қазір қандай да бір ауыр жұмыстарды орындайтын жағдайда емес. Аштықтың кесірінен көптеген бала қорғансыз қалды.
Жалпы, Кеңестік Ресей Федерациясы тұтастай және соның ішінде ҚКСР барлық күш-жігерін аштықпен күресу үшін жұмсағанын, Ресей Федерациясы тұтастай және соның ішінде ҚКСР толығымен аштық апатымен күресуге арналған лагерь сияқты елге айналғанын айта кету керек.
Орталықтағы және жергілікті жерлердегі Ашыққандарға көмек көрсету комиссиялары ашыққан адамдарды құтқару үшін ерекше күш-қайрат пен бастамаларын көрсетті.
Аштыққа қарсы күреске біздің мемлекеттік ішкі мекемелер мен ұйымдардан басқа халықаралық мекемелер де қатысты, мысалы, ашыққандарға көмектесетін халықаралық жұмысшы комитеті (1921 жылы шілдеде Коминтерннің бастамасы бойынша Берлинде құрылған комитет. Комитет өз алдына ашыққан Ресей жұмысшыларына шетелдік жұмысшылардың көмегін ұйымдастыру мақсатымен құрылып, өз қызметінің алғашқы жылында-ақ бір миллиардтан астам герман маркасын және 700 мың пұттан астам әртүрлі азық-түлік қорын жіберді – С.Ш.), Қызыл Крест қоғамы (ішінара халықаралық сипатқа ие), америкалық ашыққандарға көмек әкімшілігі (АРА («American Relief Administration» – Американ көмек әкімшілігі) ұйымын айтып отыр – С.Ш.) және Квакерлер (Квакерлер (ағылш. Quakers, сөзбе-сөз «дүрсілдейді», яғни жан-жағына бейжай қарамайтындар деген мағынада; ағылшын тілінен оқығандағы анағұрлым дұрыс фонетикалық транскрипциясы – «квейкерлер») – Англия мен Уэльстегі ағылшын революциясы жылдарында (XVII ғ. ортасы) пайда болып, өздерін «Достардың діни қоғамы» (ағылш. Religious Society of Friends) деп атаған протестанттық христиан қозғалысы. Квакеризмнің негізгі идеясы – адамдарға ізгілік нұрын шашу, көмектесу болды. ХХ ғ. басында Ұлыбритания мен АҚШ-тан келген квакерлер босқындармен, Бірінші дүниежүзілік соғыс құрбандарымен, Еділ аймағында (Бузулук) аштыққа қарсы жұмыс істеді. Квакерлер тамақтану орындарын, ауруханаларды, балалар үйлерін, мектептерді, қолөнер шеберханаларын ашты – С.Ш.) сияқты шетелдік қайырымдылық ұйымдары да ашыққандарға көмек көрсетті. Бұл мекемелердің барлығы ұйымдасқан түрде аштыққа қарсы күресті.
Аштық өзінің шарықтау шегіне жеткен кезде, ашыққандардың саны 2 832 000 адамға жетті. Бұл наурыз және сәуір айларында байқалды. Комиссия өз қызметін қарқынды түрде жүргізе бастаған соңғы мамыр және маусым айларында ашыққандардың саны азая бастады. Сонымен қатар жылдың жылы мезгілі – көктемнің келуімен бірге халық жеуге жарайтын әртүрлі маусымдық қоректік азықпен және азық алмастырушылармен, мысалы, тамырлармен, көкөністермен, балықпен, сүтпен және жұмыртқамен тамағын көбейтуге мүмкіндік алды.
Осының арқасында ашыққандар саны азайып, қазіргі уақытта АКОК барлығы 777 192 адамды тамақтандыруда: оның 253 463-і ересек адам болса, 422 729-ы – балалар.
Міне, қазір АКОК-тан тамақ алатын адамдардың саны осындай. Сонымен қатар ауыл шаруашылығымен айналысатын және зиянкестермен күрес жөніндегі жұмыстарды істейтін адамдарды жақсы тамақтандыруға ерекше назар аударылуда. Шөп шабу және астық жинау науқанының басталуына орай ашыққандарға көмектесетін комиссия ауылшаруашылық жұмыстарына тартылған адамдарды жақсы тамақтандыруға көңіл бөліп отыр.
Ашыққандарға көмектесетін халықаралық жұмысшы комиссиясы (Жоғарыда айтылған комитетті айтып отыр – С.Ш.) 1 248 баланы және индустриялық өнеркәсіптің аса маңызды өндірістерінде ауыр еңбекпен айналысатын 4 962 индустрия жұмысшысын қоректендіреді. Ашыққандарға көмектесетін халықаралық жұмысшы комитеті біздің қайта өркендеп жатқан өнеркәсіп пен еңбек өнімділігін арттыруға көмектесу мақсатымен индустриялық өнеркәсіп жұмысшыларына қолдау жасайды. Әрі қарай Қызыл Крест қоғамының көмегіне тоқталайық. Ол 14 000 адамға дейін балалар мен ересектерді тамақтандырады, сонымен қатар медициналық көмек көрсетеді.
Ашыққандарға көмектесуші америкалық көмек әкімшілігі немесе «АРА» деп аталатын ұйым асханаларда балаларға қосымша тамақ беру арқылы көмектесуде, қазіргі уақытта мұндай көмек 1 846 рет ұйымдастырылған. Осы асханалар қызмет көрсететін балалар саны – 304 912. Сондай-ақ «АРА» әлеуметтік жағдайы мен нақты мұқтаждығына қарамай 520 100 [азық үлесін] береді.
Бұл ұйымның принциптері біздің ашыққандарға көмектесетін комиссиялар мен Ашыққандарға көмектесетін халықаралық жұмысшы комитетінің принциптерінен біршама ерекшеленеді. Сонымен қатар «АРА» дәрі-дәрмектермен және іш киім берумен көмек көрсетеді. Біздің осы ұйымдарға қатысты жұмысымыз – оларды үй-жайлармен, көлік құралдарымен, құрылғылармен, құрал-жабдықтар және жанармаймен жабдықтау, сондай-ақ жергілікті қаражат есебінен оларға телефон қызметін ұсыну. Квакерлерге келетін болсақ, олар өз жұмысын Қостанай губерниясының аса мұқтаж және аштықтан зардап шеккен үш ауданында бастады. Олар онда 60 вагон азық-түлік жеткізді. Міне, Мемлекеттік комиссиялар мен осы бағытта жұмыс істейтін әртүрлі ұйымдардың ашыққандарды азық-түлік өнімдерімен жабдықтауы осындай жағдайда.
Сонымен қатар жер өңдеумен айналысатын халықты күздік және жаздық егіске қажетті тұқыммен қамтамасыз етуде Кеңес өкіметінің үлкен жұмыс атқарғанын айтуымыз керек.
Біздің республикамызға барлығы 457 783 пұт күздік тұқым мен 4 467 718 пұт жаздық тұқым жеткізілді және тұрғындарға бөлініп, 76 172 десятина күздік егін және 881 052 десятина жаздық егін себілді. Әрине, бұл шығыстағы Семей мен Ақмоланы қоспағанда, тек батыстағы ашыққан 5 губернияға қатысты болды. Бұл қиын жұмыс Главпосевком (Егістікті ұлғайту және жер өңдеуді жақсарту жөніндегі комитет – С.Ш.) органдары, тұқым бестігі және олардың жергілікті органдары тарапынан кәсіподақ және партия қызметкерлерінің жұмыла ықпал етуі арқылы орындалды. Аштықтың ауыр кезеңінде осы жұмысқа тартылған қызметкерлердің бір бөлігі (60-қа жуық адам) өздерінің қызмет орындарында қайтыс болғанын атап өту керек. Тұқым себу науқаны үшін Орталық 185 миллиард рубль жіберді. Бұл ақша біздің ашыққан губернияларға таратылды. Сондай-ақ аштықтың бас кезінде халықтың ауа көшуін реттеу бойынша шаралар қабылданғанын атап өткен жөн.
Құрал-саймандарды сақтау және жем-шөптің жоқтығынан қырылу қаупі туған жұмыс малын сатып алу бойынша шаралар қабылданды. Олар жем-шөп қоры бар қолайлы аудандарға жөнелтілді. Көшіп-қону кезінде қалалар мен темір жол стансаларына жиналып қалған босқын халықтың бір бөлігі (59 029 адам) ұйымдастырылған түрде жіберілсе, бір бөлігі олар үшін бөлінген ғимараттарға орналастырылды, онда олар тамақ алып, киім-кешекпен қамтамасыз етілді. Қараусыз қалған балаларға Балалардың өмірі мен тұрмысын жақсарту жөніндегі орталық комиссия көмек көрсетті. Бұл комиссия ҚазОАК жанындағы Ашыққандарға көмектесетін комиссияның балалар арасындағы аштықпен күрес жөніндегі ерекше секциясы түрінде бекітілді. Бұл Комиссия 575 балалар үйі мен балаларды қабылдайтын 9 пункт ұйымдастырды. Балалар онда киім мен тамақ алды. Үй-жайлар мен азық-түліктің жеткіліксіздігі салдарынан барлық баланы ашыққан аймақтарда қамтамасыз ету мүмкін болмады, сондықтан балаларды біздің Қырғыз Республикасының да, жалпы Федерацияның да анағұрлым қолайлы аудандарына жіберу қажеттілігі туындады. Барлығы 18 496 бала Федерацияның әртүрлі губернияларына эвакуацияланды. Бұл балалар әскери-санитарлық 16 пойызбен жөнелтілген болатын. Қалған балалар – балалар үйлеріне орналастырылды. Қазіргі уақытта балалар кеңестік шаруашылықтарда, ауылшаруашылық балалар коммуналарында және т.б. қамқорлыққа алынған. Осы операциялардың барлығы үшін, аштықпен күресу үшін жұмсалған қаражатқа келетін болсақ, олар Орталықтан, ҚазОАК-тан және губерниялардан, әртүрлі губерниялық салықтар мен ерікті аударымдардан және қайырымдылықтан алынды. Сонымен қатар ҚазОАК жанындағы АКОК ашыққандарға көмектесетін комиссиялардың қорына айтарлықтай ақша құйған 1-ші Республикалық Аштық Лотереясын ұйымдастырды. Осы тұста Орталықтың, сондай-ақ Курск, Рязань, Мәскеу және т.б. бекітілген губерниялардың, Қызыл Армияның, жұмысшылар мен қызметкерлердің ерекше қатты көмектескенін атап өткен орынды болады. Азық-түлік қорын ұлғайту үшін Кеңес өкіметі шіркеу құндылықтарын алуды жүзеге асырды, бірақ біздің республикамыздың аумағында бұл шіркеу құндылықтары айтарлықтай көмек бере алмады.
Бұл істі ҚазОАК жанындағы АКОК біріктірді және осының есебінен біздің республикамыз шіркеу құндылықтарынан түскен қаражатқа 27 вагон ұн сатып алды. Азық-түліктің бұл мөлшері губернияларымызға таратылды.
Осындай мақсатпен бір реттік азаматтық салық енгізілді, бірақ, шынын айтқанда, ол біздің республикада азын-аулақ нәтиже берді. ҚазОАК жанындағы АКОК қолөнер мен өнеркәсіптік жұмыстарды ұлғайту үшін бір миллиард рубль және кедей тұрғындардан жүн жинау үшін Кустпромға (ҚАКСР Қолөнер мен ұсақ өндіріс ісі жөніндегі бас басқармасы – С.Ш.) 8 вагон нан бөлді. Бұл дайындық ашыққандардан құралған артельдерге тапсырыс беру арқылы жүргізілді.
Одан әрі қарай жер өңдеумен айналысатын халықтың шаруашылығын жақсарту үшін Орталық 225 миллиард рубль және 20 вагон нан босатты, олар губернияларға таратылды және жер өңдеумен айналысатын тұрғындарға белгілі бір жағдайларда несие ретінде берілетін болады.
Қырғыз АКОК-сы барлық губерниялық комиссияларға қырғыз отбасыларының қираған шаруашылықтарын қалпына келтіру үшін қажетті малды жағдайы жақсы губерниялардың тұрғындары арасынан ерікті қайырымдылық жолымен жинауды ұсынды.
Бізде Семей губерниясы мен Адай уезінен келген мәліметтерге қарағанда, Семей губерниясында қазірге дейін 1500 бас мал жиналды, ал Адай уезінде қанша екенін қазір айта алмаймын, бірақ белгілі бір саны бар. Бұл малды орталық комиссия аштыққа ұшыраған жерлердегі мал бағатын қырғыз тұрғындары арасында бөлетін болады.
Малды бөлу жоспарын әзірлеу Жер-су халкоматына тапсырылды.
Бұдан әрі қарай ҚазОАК жанындағы АКОК Жер-су халкоматының Главпосевкомына осы жылдың күзіне күздік егіс науқанын дайындау және өткізу бойынша жұмыстарды бастауды тапсырғанын айта кетуім керек.
Күздік тұқымға, тірі және өлі күш құрал-саймандарға өтініштер жасалды.
Астық пен шөптен күтіліп отырған жақсы өнімге қарамастан, әсіресе, өз жеріне егін егуге мүмкіндігі жоқ қираған шаруашылықтардың көптігін, сонымен қатар аштық кезінде бар малынан мүлдем айырылған кедей қырғыз малшыларының едәуір санын және аштық кезінде ата-анасыз қалған балалар санының көптігін ескере отырып, Орталық Комиссия барлық халықты тамақтандыру үшін егістік алқабының аздығы салдарынан астықтың жеткіліксіз болатынын да есептеп отырғанын айта кету керек.
Осыған байланысты АКОК халыққа кем дегенде 1923 жылдың жазына дейін көмек көрсету керек деп санайды.
Қазіргі уақытта ҚазОАК жанындағы АКОК әрі қарайғы жұмыс бағдарламасын әзірлеуді күрделі жағдайда жүргізуде және аштық апатының барлық зардабын түпкілікті жою мен халық шаруашылығын қалпына келтіру үшін осы бағдарламаның негізіне өндірістік көмек ұстанымын қояды.
Жалпы алғанда, айтылған жайттарды осы сессияда Сіздерге жеткізуді қажет деп санаймын.
Мәтінді аударып, алғы сөзі мен түсініктерін жазған Сәбит ШІЛДЕБАЙ