Балқаш – тұщы және тұзды бөліктерден тұратын Жер ғаламшарындағы бірегей көл. Бүгінде оның тағдыры қоғамда жан-жақты талқыланып, түрлі болжам айтылып келеді. Осы орайда Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Трансшекаралық өзендер департаментінің директоры Әлия Шалабекованы әңгімеге тартып, аталған көлді сақтау бағытында қолға алынған жоспарлар туралы білген едік.
20 млрд текше метр су құйылады
– Қазір еліміздің халқы Балқаш көлінің болашағына, демек оның экологиялық ахуалына қатты алаңдаулы. Көлдің жағдайы туралы баяндап берсеңіз?
– Балқаш көлі – жартылай тұщы су айдыны. Оған жыл сайын өзендерден шамамен 20 млрд текше метр ағын су құйылады. Олардың ең ірісі Іле, Қаратал, Ақсу, Лепсі, Аягөз өзендері. Іле өзенінің ағыны Балқаш көліне құйылатын жылдық ағынның 70%-ын құрайды.
Бүгінде Арал тағдырының қайталану қаупі Балқаш көліне төніп тұрған жоқ. Соңғы он жылда көлдің деңгейі Балтық жүйесі (БК) бойынша 341 метр белгісінен төмен түспеді. Балқашқа жыл сайын 12 текше метр су құйылатын кезде көлдің тұрақты деңгейде сақталуына кепілдік беріледі. Добын шекара бекетіндегі гидрологиялық деректерді талдау Іле өзенінің 2001 жылдан бастап 2020 жылға дейінгі орташа көпжылдық ағыны жылына 13,8 текше метрді құрайтынын көрсетті.
– Жергілікті халықтың пікіріне сүйенсек, көлдің суы жағалаудан алыстап барады. Бұл оның тартылып бара жатқанының көрінісі емес пе?
– Балқаш көлінің бассейні – көлге құятын өзендердің күрделі жүйесі. Өзен атырабындағы табиғи процестер оның арналарының үнемі бұзылып, қайта қалпына келіп отыруына әкеледі. Нәтижесінде, өзен ағыны арналар арасында біркелкі бөлінбейді. Осыған орай өзен атырабының белгілі бір бөліктерінде судың жағадан ағып кетуіне байланысты көлдегі су деңгейі төмендеді деген ой пайда болуы мүмкін. Бірақ бұл олай емес.
Үлкен Іле және Қаратал өзендері көптеген арнаға бөлінеді. Кейбір арна мен ағын көздері шөге бастайды. Осындай деформациялардың нәтижесінде арналар арасында ағынды қайта бөлу жүріп, ескілері жойылып, жаңа арналар пайда болады.
Іле өзенінің атырабындағы Балқашқа дейінгі судың шығуын арттыру мақсатында Алматы облысының әкімдігі 2006 жылдан бастап жыл сайын өңірдің табиғатты қорғау іс-шараларының жоспарына сәйкес, Іле және Қаратал өзендерінің арналарында гидротехникалық іс-шараларды (арнаны тазарту, кеңейту және тереңдету) іске асырып келеді. Осы іс-шараларды жүзеге асыру нәтижесінде Іленің Балқаш көліне өту қабілеті артып, жайылымдық жерлерді сумен жабдықтау және балықтардың қоныс аудару жағдайлары, флора мен фаунаның өсуі жақсарады.
341 метр – көлдің орташа деңгейі
– Соңғы жылдары көлдің деңгейі 341 метр көлемінде тұрақтады. Көлдің деңгейі осыдан төмен болған кездер болды ма?
– XX ғасырдың 70-жылдарына дейін Іле өзенінің бассейні реттелмей Балқаш көлінің ағыны мен деңгейінің ауытқуы табиғи жағдай болып келді.
Алайда Қапшағай су қоймасын (жобалық көлемі – 28,5 млрд текше метр) және басқа да ірі мелиорациялық жүйелерді салу нәтижесінде 1970-1987 жылдары Қазақстанда Іле өзенінің Балқаш көліне түсетін ағыны азайып, оның деңгейі төмендей бастады. 1987 жылы Балқаш көлінің деңгейі 340,66 метр БК белгісіне дейін төмендеді.
Көпжылдық бақылаулар мен зерттеулер негізінде Балқаш көлінің толыққанды су нысаны ретінде өмір сүруінің оңтайлы деңгейі БК бойынша 341 метр екені анықталды. Осыған байланысты Қазақстанның Министрлер кабинеті Балқаштың деңгейін 341 метрден түсірмей ұстау мақсатында 1992 жылғы 12 мамырдағы №12 қаулысымен Қапшағай су қоймасын толтыруды 18 текше шақырым көлеміне дейін шектеді.
Осы арқылы Іле атырабындағы экологиялық жағдай жақсарып, Балқаш көліндегі су деңгейі көтерілді. 25 жыл ішінде көлдің деңгейі 341 метр БК белгісінен төмендемеді. Балқаштың орташа жылдық деңгейі 341,73 метр БК құрайды, бұл жер бетінің ауданына 18 048 шаршы шақырым және су көлеміне 100,36 текше шақырымға сәйкес келеді.
Трансшекаралық өзендерді бөлуде дипломатияның маңызы зор
– Балқаш көліне келетін жылдық ағынның 70%-ы трансшекаралық Іле өзені арқылы келеді деп айттыңыз. Бұл ретте Қытай Халық Республикасымен қандай жұмыс жүргізіліп келеді?
– Іле өзені ҚХР-дағы Орталық Тянь-Шаньнан бастау алады. 90-жылдардан бастап бұл мемлекет Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы суармалы жерлерді қарқынды түрде кеңейте бастап, Қытай аумағындағы Іле өзенінен су алу көлемі ұлғайды.
Қазір Қазақстан мен ҚХР арасында трансшекаралық өзендерді пайдалану мен қорғау жөніндегі ынтымақтастық мәселелері 2001 жылғы трансшекаралық өзендерді пайдалану және қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімнің нормаларымен реттеледі. Сонымен қоса аталған Келісімнің нормалары трансшекаралық өзендердің су ресурстарын бөлу мәселелерін реттемейді. Осыған байланысты аталған проблеманы шешу үшін еліміздің билігі барынша күш салды. ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары барысында 2015 жылдан бастап екі ел арасындағы трансшекаралық өзендердің суын бөлісу туралы келісім жобасын зерделеу және келісу туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді.
Осы мақсатта трансшекаралық өзендердің суын бөлу туралы келісім жобасын дайындап, келісуге қатысты Қазақстан-Қытай арнайы жұмыс тобы құрылды. Қытай өз тарихында бүгінге дейін көрші елдермен су бөлу мәселелерін реттеу жөнінде бірде-бір халықаралық шарт жасаспағанын ескерсек, арнайы жұмыс тобын құруды трансшекаралық өзендер саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың белгілі бір жетістігі деп санауға болады.
– Келіссөздер процесі қалай жүріп жатыр және арнайы жұмыс тобы қандай жұмыс атқарды?
– Қазір 31-баптан және оның мәтіндерінің үйлестірілген нұсқаларынан тұратын су бөлу туралы келісім жобасының құрылымы қалыптасты. Сонымен қатар үкіметаралық комиссия деңгейінде келісуші тараптардың су ресурстарына құқығын, оларды дамыту мүдделерін және трансшекаралық өзендердің экожүйесін сақтауды кешенді түрде ескеретін нормаларды қарастыру туралы уағдаластықтар бар.
2015-2019 жылдар аралығында арнайы жұмыс тобының су бөлу жөніндегі келісім жобасын келісу процесі белсенді өтті. Десе де соңғы бір жарым жылда пандемияның әлемде таралу салдарынан дәстүрлі форматтағы кездесулерді өткізуге мүмкіндік болған жоқ. Суды бөлу туралы келіссөз процесіндегі қазақстандық тараптың ұстанымы Іле өзенінің саласын кемінде 12 текше метр көлемінде ұстап тұру.
Біздің пайымдауымызша, Қытай тарапы да өз шекарасына жақын аумақта экологиялық апаттың туындауына мүдделі емес. Бірлескен комиссияның 17-ші отырысында (2019 ж.қазан, Бейжің қ.) қытайлық тарап келісім жобасын талқылау кезінде тараптардың экожүйелерін дамыту мен сақтау мүдделерін ескеруге келісіп, бұл Балқаш көлінің экологиялық жағдайы үшін ерекше маңызды екенін айта кеткен орынды. Жоғарыда көрсетілген уағдаластықтарды орындау және су бөлу туралы келісім жасасу болашақта Балқаш көлі мен Іле өзені атырабының экожүйесін сақтауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп есептейміз.
– Балқашты сақтаудың перспективасы қандай?
– Көлдің жай-күйіне үнемі бақылау жүргізіледі. Қарағанды және Алматы облыстарының аумақтарында 20 гидробекет жұмыс істейді. Жерүсті суларын зерттеу 46-52 физика-химиялық сапа көрсеткіштері (температура, өлшенген заттар, мөлдірлік, сутегі көрсеткіші, ерітілген оттегі, 5 тәулік ішінде оттегін биохимиялық тұтыну, оттегін химиялық тұтыну, тұз құрамының басты иондары, биогендік және бейорганикалық заттар, органикалық заттар (мұнай өнімдері, фенолдар), ауыр металдар) бойынша жүргізіледі.
Су ресурстарын басқаруға байланысты әзірленіп жатқан Ұлттық жоба шеңберінде көлді сақтау мақсатында Балқаш үшін жеке бөлім қарастырылған.
Осылайша, Балқаш көлі сияқты су нысанының сақталуы ескеріліп, Іле өзенінің су ресурстарын бөлу жөнінде Қытай тарапымен келіссөздер жүргізу, оның ішінде ластануға жол бермеу мақсатында елімізде жүргізіліп жатқан шаралар Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Трансшекаралық өзендер департаментінің жұмысындағы басым стратегия саналады.
Әңгімелескен
Жақсылық МҰРАТҚАЛИ,