Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы аясындағы ерекше тарихи датаның бірегейі – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 25 жылдығы. Елорда және ЕҰУ елдігімізді баянды етіп, Қазақстан жолының жаңашыл білім-ғылым мазмұнын байытып тұр. Рас, білім де, ғылым да – ел азаттығының сенімді тірегі, мызғымас өзегі. Астана көшер алдында Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаев: «Тарихымыздың жалғасы, өміршең істеріміздің арнасы бұдан былай да жаңа астанада жалғасын таба беруі тиіс» деген еді. Елбасының айтқаны айнымай келіп, кешегі Астана, бүгінгі Нұр-Сұлтан қаласынан өңірлерге дейін тарайтын өміршең істердің білім-ғылым бағыты көшбасында Еуразия ұлттық университеті жүрді. Еңбекпен абыройы артты, түлекпен беделі өсті.
Бүгін 25 жылдық мерейлі белеске көтерілген Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ширек ғасырлық шежіресін осы оқу орнының әр жылдардағы ректорлары А.Құсайынов (1996-2000), М.Жолдасбеков (2000-2004), С.Әбдіманапов (2004-2008), Б.Әбдірайым (2008-2011), Е.Сыдықов (2011 жылдан бері) талдап-таразылайды.
Университет іргетасы
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің дүниеге келуіне себепші – халықтың арманы, Елбасының көрегендігі, зиялылардың ниеті. Целиноград педагогикалық институты мен Целиноград құрылыс инженерлері институты басында Ақмола аймақтық университеті болып бірікті. Бізге бірнеше салалық техникум мен училище де қосылды. Осы оқу орнына Еуразия мәртебесі берілгенде, ұжым болып қуандық. Алғашқы күннен болашақ жаңа астанадағы жетекші университеттің білім-ғылым-мәдениет бағытындағы концепциясын даярладық. Оны қабылдаған соң, «Еуразия» ғылыми-зерттеу институты мен халықаралық бағыттағы мамандықтарды аштық. Жаңа мәртебе алған оқу жылы-ақ 30-дан аса ғылым докторын, 40-қа жуық ғылым кандидатын қабылдаппыз.
Тағы бір қолға алған жұмысымыз – спорт пен саламаттылық. КСРО және республика чемпиондарын қызметке алдық. Волейболдан жоғары лигада ойнайтын қыздардың «Университет» командасын құрдық. «Еуразия» спорт кешенін жасақтадық. Музыка факультеті базасында филармония, халық хорын, фольклорлық ансамбль, үрмелі оркестр, халық аспаптар оркестрін құрдық. Тұрақты көрме залын аштық.
Астананы Алматыдан Ақмолаға ресми көшіру шарасы кезінде үлкен жүк Еуразия университетінің мойнына түсті. Елорда көшкен бірінші лекте 300-дей мемлекеттік қызметкерді қабылдап, Тұңғыш Президент қолынан арнайы марапат алдық.
1997 жылы 9 сәуірде Елбасы мен Қырғызстан президенті Асқар Ақаевты қабылдадық. Тұңғыш Президент сол кездегі Ғылыми кеңес залы мінберінен: «Еуразия университеті Қазақстанның Гарварды болуға мүмкіндігі бар. Сіздерді жаңа астананың ғылымы мен мәдениетінің көшбасшысы ретінде көргім келеді!» дегені де есімізде.
Осыдан соң аса мәртебелі қонақтардың университетімізге келіп, жастармен кездесуі дәстүрге айналды. Тез арада лауазымды қонақтарды қабылдайтын салтанатты зал, арнайы сұхбат бөлмесін жасап үлгердік. Мұнда Румыния президенті Э.Константинескуді, Польша президенті А.Квасьневскиді, Беларусь президенті А.Лукашенконы, Украинаның президенті Л.Кучманы қабылдап, ұжыммен кездестірдік.
Елбасы мен Үкімет төрағасының қабылдауында болып, Еуразия университетіне жаңа бас корпус салу мәселесін орайлы шештік. Университет жанынан профессор-оқытушыларға арнап пәтер салу мәселесі де мақұлданды.
Ғылым саласында 4 заманауи зертхана аштық. Тұңғыш рет «Еуразия ғылыми форумын» өткіздік. Тарихи тұлғаларға байланысты ғылыми конференциялар, танымдық шаралар өткіздік. Қазіргі Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» орталығы әу баста біздің базамызда ашылды. Университет кітапханасын өңірлік ғылыми-әдістемелік орталық деңгейіне көтердік. Төрт сала бойынша тұңғыш рет диссертациялық кеңес ашып, ғылыми мектептер қалыптастыра бастадық. Бұл тізімді әрі қарай да жалғастыра беруге болады. Мысалы, Президент Әкімшілігі, Үкімет пен Парламент жаңа елордаға көшіп келген жылдары Еуразия университеті шын мәнінде елдің өркениетті деңгейін көрсететін тәжірибе алаңына айналды.
Амангелді ҚҰСАЙЫНОВ,
тарих ғылымдарының докторы, профессор
Жауапты кезеңде
Елдің жаңа астанасындағы бірегей жоғары оқу орны – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетіне ректор болып тағайындалуым жаңа елорда қалыптасуының аса жауапты кезеңіне сәйкес келді. Расында, Астана идеясының авторы Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев мың сан жұмысына қарамай, осы университеттің одан әрі дамуын жіті бақылап отырды. Үкімет алдына жаңа оқу-зертхана ғимаратын және заманауи жатақханалар тұрғызу мәселесін қойдым. «Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия мемлекеттік университетінің 2001-2005 жылдарға арналған даму Тұжырымдамасын» әзірлеп, жауапты да маңызды жұмысқа кірісіп кеттік. Факультеттерді ірілендіріп, сала-салаға жинақтап, институт деп қайта жасақтадық. Ел мен елордаға қажетті мамандықтарды аштық. Дипломатия академиясын Еуразия университетіне қостық. Бұл үдеріс те оқу орнының беделін көтерді. Қазір әлемнің түкпір-түкпірінде жүрген дипломаттар – бір кездегі біздің үміт үкілеген шәкірттеріміз.
Осы кезеңде Елбасымен бірнеше рет кездесіп, Еуразия университетін дамыту туралы кеңес алдым. Университетке ұлттық мәртебе берілуі – Нұрсұлтан Әбішұлының елорда жоғары мектебіне деген айрықша қамқорлығы. Астана тұрғызылып жатқан шақта Елбасы шаршау дегенді білмеді, күні-түні осы қаланың әр іргетасы, әр кірпіші, әр ғимараты туралы ойлады десем, артық айтқандық емес. Бас қаланың бас жоспарын талқылайтын жиын ай сайын өтіп жататын.
Тұңғыш Президент дәстүрлі ғылым мен білімді дамытумен бірге жастарды шынайы азаматтық пен отаншылдыққа тәрбиелеу, ұлт дәстүрі мен адамзаттық құндылықтарды құрметтеу, жаңа бағыттарды игеру сынды қадау-қадау тапсырма берді.
Бүгінде Назарбаев университеті білім-ғылым саласында қандай жетекші рөл атқарса, 2000 жылдардың басында Еуразия ұлттық университеті сондай көшбасшы қызметке ие болды. Осының барлығы әлемдік деңгейдегі ғылым мен білім кеңістігіне шығуға қабілетті Қазақстан жастарын даярлау туралы Н.Ә.Назарбаевтың жоспар-жобасы бойынша орындалды. Ол кісі әркез: «Еуразия университетін әлемдегі бәсекеге қабілетті оқу орнына айналдыру қажет. Жастар бойында сенім, өжеттілік, табандылық қасиетті қалыптастырыңдар. ТМД мен Орталық Азия ғана емес, Еуразия кеңістігі көлемінде алдыңғы қатарлы оқу орнына айналуды темірқазық етіп алыңдар!» деп, бізді жігерлендіретін.
2001 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалын ашып, Испания, Жапония, Корея, Түркия, Беларусь, Голландия, Германия, Франция, Дания жетекші университеттерімен тығыз байланыс орнаттық. Танымал ғылым докторларын шақырып, жаңа ғылыми мектептер қалыптастырдық.
Ғылым бағытында да аянып қалмадық. «Ежелгі түркі өркениеті: жазу ескерткіштері» атты халықаралық ғылыми форум өткізіп, әлем түркологтарын жинадық. Елбасының қолдауымен Қазақ елі астанасының қақ төріне – Еуразия университетінде көне түркі қолбасшысы Күлтегін ескерткішінің ғылыми көшірмесін орнаттық. Ескерткіштің ашылуы ел Тәуелсіздігінің жарқын белесі ретінде аталынып өтті.
Нұрсұлтан Әбішұлының арқасында Еуразия ұлттық университетінде ТМД елдерінің бірнеше халықаралық саяси форумы өтті. Саяси жиындар мен басқосуларды есептемегенде, 2000-2004 жылдары Елбасы университетімізге арнайы төрт рет келіпті. Біртуар кемеңгер тұлғаның әрбір келуі – ұжым мен студент-жастар үшін айтулы мереке, зор қуаныш болды.
Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ,
Мемлекет және қоғам қайраткері
Айрықша қамқорлық
Еуразия ұлттық университеті жаңа астананың білім-ғылым әлеуетіне негіз болу үшін ашылды. Тағдырымның ең бір тамаша кезеңі осы оқу орнымен байланысты. Мұнда төрт жыл бірінші проректор, төрт жыл ректор болдым.
Сала басшылығы менің алдыма оқу орны құрылымдық бөлімшелер мен білім үдерісін ақпараттандыру, білім алушылар сапасын арттыру, халықаралық ықпалдастықты дамыту, Еуразия кеңістігі университеттерімен тығыз байланыс орнату міндетін жүктеді. Осының бәрі Елбасының сол кездегі білім-ғылым саласындағы концептуалды тапсырмаларына сәйкес келді. Мамандарды сапалы даярлауды қамтамасыз ету үшін университеттің оқу-зертханалық базасын жаңартуға, жаңа оқулықтар мен оқу құралдарын сатып алуға, инновациялық ғылыми жобаларды іске асыруға қомақты қаржы бөлінді. Біз сәт сайын Елбасының қамқорлығын сезініп отырдық.
2000-жылдардың басында студенттер жатақханасы жетіспеді. Шақырылған профессорлардың әлеуметтік мәселесін шешу міндеті тұрды. Сондықтан шұғыл түрде профессорларға арнап тұрғын үй кешенін салдық. Қысқа мерзімде М.Жұмабаев көшесі бойынан «Студенттер үйін» тұрғызып, пайдалануға бердік.
Елбасының жаңа астананы тұрғызу бойынша батыл шешімдерін қолдап, біз де алдымызға амбициялық міндеттер қойдық. Қазақстан мен бүкіл ТМД-да алғаш рет «Элиталық университеттік білім беру тұжырымдамасын (2005-2015 жылдар)», «2006-2010 жылдарға арналған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін дамытудың кешенді бағдарламасы» сынды қомақты құжаттарды қабылдап, елеулі жұмыстарды атқардық.
Қай бастамада болсын, қай елдік-ағартушылық істе болсын сүйенеріміз де, қолдаушымыз да Тұңғыш Президент еді.
2005-2007 жылдары шетелдік танымал әріптес-университеттерді тарта отырып, елімізде алғаш рет заманауи магистрлер мен PhD докторларын даярлаудың инновациялық бағдарламасын жүзеге асырдық.
Университеттің алғашқы 10 жылдық мерейтойын – отандық жоғары мектептің жаңашыл белесі ретінде атап өту біздің тұсымызда өткені де – тарихи және тағылымды оқиға болды. Бұл елдік шараның биік деңгейде атқарылуын Нұрсұлтан Әбішұлы өзі тікелей бақылауына алды.
2006 жылы 26 мамырда Елбасы Еуразия ұлттық университетінің жаңа оқу-зертханалық ғимаратында Қазақстан жастарына арнап «Инновациялар мен оқу-білімді жетілдіру арқылы – білім экономикасына» атты тарихи дәріс оқыды. Ұлт көшбасшысы Еуразия ұлттық университетін «отандық жоғары білім флагмандарының бірі» деп бағалай отырып, жастарға былай деген еді: «Әрқайсыларыңның жанарыңнан жаңаны білуге, жасампаздыққа деген құмарлықты, дамуға деген жауапкершілікті мойынға алуды көргім келеді. Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігі материалдық баюға ғана емес, ұлттың рухани баюына жеткізуі тиіс екенін түсінсеңдер деймін. Білім саласы – ұлттық қауіпсіздігіміздің құрамдас бір бөлігі».
Біз тарихи сәттерді «Еуразия университеті және Еуразия әлемі», «Президент Нұрсұлтан Назарбаев және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» атты кітаптарда хаттап көрсеттік.
Сәрсенғали ӘБДІМАНАПОВ,
педагогика ғылымдарының докторы, математика профессоры
Мемлекетшілдік жолмен
2008 жылы Елбасы бізді, ұлттық жеті университеттің ректорын арнайы өкіммен тағайындаған салтанатта: «Әлемдік қатал бәсекелестікте жастарды жаңашылдыққа жұмылдырып, ғалымдардан сапалы қызмет пен дәрісті талап етіңдер. Ұлттық деген атқа лайық болыңдар!» деген еді.
Тапсырылған мемлекетшіл жұмыстарды ұжыммен бірлесіп атқарып шықтық. Ғылыми кеңесте білікті ғалымдардың басын қосып, ақылдаса отырып, жоспаржоба қабылдадық. Мұның бәрі білім мен ғылым саласын жаңа сапаға жеткізуге, білім және оқу-әдістемелік бағдарламалар мен ішкі құрлымдарды әлемдік озық тәжірибелерге сай жүйелеуге бағытталатын.
Бірінші кезекте заман сұранысына орай жаңа факультеттер мен кафедралар, ғылыми зерттеу институттарын ашуды, білім беру мен ғылыми зерттеу жұмыстарын заманауи арнаға түсіруді қолға алдық.
Бас ғимараттың акт залына «Тұңғыш Президент аудиториясы» деген атау беріп, әлемге танымал қоғам қайраткерлері мен ғалымдарды, мәдениет тұлғаларын, Нобель сыйлығы лауреаттарын шақырып, жүздеген маңызды басқосулар, жиындар өткіздік.
Оқу орны сапаланып, жаңаруы үшін оқытушы-ғалымдарды дамыған елдердің университеттеріне, ғылыми орталықтарына іссапарға, тағылымдамаға жібердік. Әлем Қазақ елін, оның мәдени-рухани мұрасын танысын деп, шетелдерде «Абай орталығын» аштық. Қазақ тіліндегі оқулықтардың санын арттыру үшін байқау ұйымдастырып, авторларына арнайы қаламақы белгіледік. Сапаландыру жұмысын университет кітапханасынан бастап, қажетті еңбектерді Еуропа елдерінен алдырттық. Мамандарды сапаландырудың байқауын өткізіп, жалақыны көбейттік. Ынталандыру мақсатында әлемдік импакт-факторлы журналдарға мақала жариялаған ғалымдарға сыйақы төлеу тәжірибесін енгіздік. Ғалымдарымыздың еңбегі тұңғыш рет Мемлекеттік сыйлықпен марапатталды.
Қазақстан мен Орталық Азияда бірінші болып әлемдік Times Higher Education – QS World University Rankings бәсекесінде топ бастадық.
Ірі компания басшыларымен меморандумға қол қойып, қажетті мамандарды таңдап алуына мүмкіндік туғыздық. Материалдық-техникалық базаны нығайуға ерекше көңіл бөліп, «Алтын белгі» атты Студенттер үйін, 9 қабатты тұрғын үйді пайдалануға бердік.
Елбасын Еуразия университетімен байланыстыратын тарихи оқиға – 2009 жылы 10 наурызда елордада біз ұйымдастырған Университеттердің Еуразиялық ассоциациясының ХІ съезі. ТМД мен әлемге беделді ұйым форумының Қазақстанда тұңғыш рет өтуі ел абыройын көтерді. Оған 200-ге жуық ректор қатысты. Сол жолы Нұрсұлтан Әбішұлы: «Ықпалдастықты тек саясаткерлерге ғана сеніп тапсыруға болмайды. Қазіргі маңызды іс – еуразиялық ықпалдастықтың мәдени-гуманитарлық өлшемі. Біздің міндетіміз – бай интеллектуалдық мұраны дамыту және жинақталған білімді барлық аймақтың жемісті өркендеуіне пайдалану», деген еді.
Тұңғыш Президенттің арнайы университетке келуі, әлем ректорларымен еркін сұхбаттасуы, Еуразия өңірін толғандырған проблемаларды ортаға салуы – шетелдік әріптестеріміздің көз алдында Қазақстан көшбасшысының ғана емес, елдің абыройын көтерді.
Бақытжан ӘБДІРАЙЫМ,
заң ғылымдарының докторы, профессор
Интеллектуалдық белес
Елбасы Еуразия ұлттық университетінің негізін қалай отырып, астананы Ақмолаға ауыстырған кездегі ойы – жастар келешегінің қамы, өңірлердің тепе-теңдікте дамуына қамқорлық десек қателеспейміз.
Болашақ елорда білімді, ақылды, зиялы қала болуы керек, осының бәрі айрықша миссиялы университеттің төңірегіне топтасқаны жөн деген Елбасы идеясы айнымай жүзеге асты. Нұрсұлтан Әбішұлы «Еуразия жүрегінде» атты кітабында Л.Н.Гумилев университетін: «Астананың жоғары білім жүйесінде тағы бір маңызды қадам жасалды. Білім ғана дүниенің қозғаушы күші бола алмақ» деп сипаттауының мәні осында.
Елбасы жаңа еуразияшылдықтың жолын ғылыми-практикалық тұрғыдан өрістетуде саясат пен білімге қатар иек артты. Соның нәтижесінде кешегі Астана, бүгінгі Нұр-Сұлтан қаласы да, Еуразия университеті де ұлан-ғайыр кеңістіктің, түрлі мемлекеттер тоғысының ортасында өңірлік тұрақтылық пен гуманитарлық үйлесімділіктің арқауы бола білді.
Бүгінде оқу орнының әлеуетін ҰҒА академиктері, Мемлекеттік сыйлықтың, «Достастық жұлдызы» сыйлығының лауреаттары бастаған тәжірибелі профессор-оқытушылары құрайды. Келісімшарт негізінде Италия, Испания, Иран, Оңтүстік Корея, Түркия, АҚШ, Жапония т.б. елдердің профессорлары дәріс оқиды. Испандық Laboratorio de Internet жоғары бағалаған университет ғылыми кітапханасы 1,6 млн-нан астам кітап қоры бар Орталық Азиядағы жетекші мәдени орталық.
Ширек ғасырдағы білім мен ғылым, маман даярлау мен қызмет көрсету саласындағы жетістігіміз 2012 жылы Президенттің «Алтын сапа» сыйлығымен, ТМД-ның «Үздік қызмет» сыйлығымен марапатталды.
Бүгінде біз – QS Top 50 Under рейтингіне енген Қазақстан мен ТМД-дағы жалғыз жоғары оқу орнымыз. Ал әйгілі QS World University Ranking рейтингінде әлемнің үздік университеттері арасында топ-300 қатарындамыз. Жоғары оқу орындары вебсайттарының әлемдік «Webometrics» рейтингінде де Қазақстан бойынша алдыңғы орындамыз. Academic University Ranking Performance Еуразия университетін Орталық Азиядағы жетекші оқу орны қатарына қосты.
Еуразия ұлттық университеті – елдің де, елорданың да интеллектуалдық орталығы. Нұр-Сұлтан қаласында өткен ірі форумдар, елдік конференциялардың ғылыми-концептуалдық жұмыстарын біздің ғалымдарымыз атқарды. Ел тарихында алтын әріппен жазылған ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің ғылыми-мәдени-біліми дәнекерлік шараларының жуан ортасында Еуразия университеті жүрді. Елбасы идеясымен дүниеге келген «Рухани жаңғыру» бағдарламасын, ел тарихын жүйелеу мен Абай мерейтойы шараларын жүзеге асырудың ғылыми жоспарына белсене атсалыстық. Елбасы: «Еуразия университеті жағдайын әрқашан сұрап-біліп отырамын. Зерттеу университеті боламын деген талаптарыңды толық қолдаймын. Инновациясыз ештеңе жоқ!» деп, ізгі тілегін жеткізген-ді. Мемлекет басшысының мұндай сөздері бізді, әрине, жігерлендіре түсті. Университеттің 2021-2025 жылдарға арналған даму стратегиясында инновация, цифрландыру, халықаралық интеграция, әлеуметтік серіктестік, бизнеспен, кәсіпорындармен нәтижелі диалог мәселесін күн тәртібіне қойдық. Технологиялар коммерциализациясы мен трансферті де, инновациялық экожүйе, халықаралық бәсекеге қабілеттілікті жетілдіру де ұмытылмады.
Ерлан СЫДЫҚОВ,
ҰҒА академигі