• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 23 Мамыр, 2021

Бопай ханым – болмысы бөлек тұлға

1461 рет
көрсетілді

Жақында бас шаһардың бас театры – Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театрында жазушы-драматург Роза Мұқанованың «Бопай ханым» тарихи драмасының премьерасы зор табыспен өтті. Көпшілік көрермен көңілінен шығып, өнердің айтулы жаңалығына айналған қойылым – пьеса авторы мен театр ұжымының Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына жасаған тамаша тартуы. Болмысы биік Бопай ханым бейнесі арқылы өлмейтін өзекті тақырыптарды арқау еткен спектакль сергек ойлы көрерменін бейжай қалдырмады. Премьерадан кейін қойылым авторымен жүздесіп, сахнаға алғаш шығып отырған туындының тарихы мен туу тағдырынан сыр тарқатып, сиясы кеппеген шығарма жайындағы драматургтің ойы мен толғанысын білген едік.

– Қазақ сахнасына Бопай ханым бейнесінің шығуының өзі жа­ңалық болғаны анық. Театр әле­мінде түрен салынбаған бұл тақырыпқа келуіңізге не се­беп болды? Басқаша айтсақ, «Бопай ханымға» қалай кел­діңіз?

– «Бопай ханым» елордадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы ака­демия­лық қазақ музыкалық драма театрының ұсынысы болды. Театрдың директоры болып тұрғанында Асхат Маемиров ұсын­ған еді. Бірақ ол кезде бірден келіскен жоқпын. Ой­­ла­нуға мұрсат сұрадым. Та­хауи Ахтановтың «Анты», Әбіш Ке­кілбайдың «Елең-алаң» ро­маны Әбілқайыр хан ту­ра­лы болғандықтан, аталған шығар­маларда Бопай бейнесінің болуы заңды еді. Екі-үш жыл бұ­рын Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрында Гүлсина Мерға­лиеваның режиссерлігімен Свет­қали Нұржанның «Хан кегі» пьесасы да қойылған екен. Бір қа­расаңыз аз жазылмаған та­қы­рып. Бірден келісе қой­ма­уы­мының себебі де сол еді. Бі­рақ Тахаң да, Әбіш аға да бұл тақы­рыптарды кеңестік дәуірде жаз­ды. Жазылған тарихтың шын­дығынан бұрын, жазылмаған та­рихтың сырына үңілуге рұқсат жоқ кезеңде аталған шығармалар жа­зылды. Қазақтың ауызша тарихы мен шежіресіне күмәнмен қарайтын дәуірде туды. Ал Свет­қали досым екеуміз Тәуелсіз Қа­зақстанның жаңа дәуірінде, та­рихтың қиянаты ашылған, өз тарихымызды өзіміз айта ала­тын, тарихшыларымыздың зерт­теулеріне жүгіне алатын дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Светқалидың ақындық болмысы да Бопайды таңдапты. Ал Бопай ханымды жазуды маған тағдырдың өзі ұсынған болар.

– Драматургияда Сарра, Фариза сынды әйелдер бейне­сінің тамаша галереясын жаса­дыңыз. Бұл пьеса­ңыз­дың атал­ған жұмыстардан бас­ты ерек­шелігі яки артықшылығы неде деп ойлайсыз? Бопай бейнесін кес­кін­деуде ең әуелі тұлғаның нен­дей қасиет­теріне басымдық бердіңіз?

– Сарра – адамзат анасы, кемеңгер әйел, Ибраһим пайғам­бардың жары. Ұрпақ аманаты алдындағы ұлы қадамның, сезім төңкерісінің иесі. Фәнилік қызғанышқа бой алдырып алып, содан құтылудың азабы­на шырмалған, тор ішінен ақи­қат нұрын іздеген ананың бей­несі. Фариза – ақындық бол­мыстың жұмбағы. Сонау көне дәуірдегі Ханса сынды, біздің дәуір­дегі Ақан сері сынды өнер тудырғандардың заңды ізбасары. Фариза – трагедиясымен бақытты тұлға. Оның трагедиясы – жеке өз басының трагедиясы емес, ақын табиғатының трагедиясы. «Құран мұңмен жазылған, мұңмен оқылады» дейді хадисте. Фаризаның шығармасынан да, табиғатынан да осы тереңдік есіп тұрады. Ал Бопай ханымға келсек, Бопай – күрделі кейіпкер, тарихи тұлға. Ол – Әбілқайыр ханның серіктесі, Ақтабан шұ­бырынды, Алқакөл сұламада қо­лына найза ұстап, ханмен бірге ат үстінде күн кешкен күрескер. Әбілқайырды жан тәнімен сүй­ген адал жар. Әбілқайыр хан мерт болғаннан кейін оның орын­далмаған арманы мен амана­ты үшін күреске бел буған Бопай. Кіші Орда хандығының әлсіреген тұсында ел бірлігі үшін, жер бүтіндігі үшін, тақ-таласқа жол бергізбей хандықты сақтап қалуға күш салған Бопай ханым. Бопай – күрескер, Кіші Орда саясатын жүргізген дана, білім – парасатымен, ақыл-ай­ласымен шыңыраудан жол салып, халық арасында «Бара қатын» деген атқа ие болған. Бұлт ішінен күн шығаруға ұм­тылып, дербес хандық жолында, азаттық жолында күрескен ЕЛ АНАСЫ. Сол дәуірде хан мен сұл­танның, халық пен биліктің арасына сына қағылды. Қазақ хандығына қатер төнді. Сыртқы күштердің саяси текетірес ойыны, сұлтандарды бір-біріне айдап салуы хандықты күйретуге бағытталды. Осы тұстағы оның ғажайып саясаткерлігі, даналығы таң қалдырады. Бүгінгі қазақ қоғамын терең ойландыратын тақырып.

– Актерлік құрам қалай таңдалды? Рөл бекітуде сіздің көз­қарасыңыз ескерілді ме? Әлде аталған процесс толық­тай режиссер шешімінің нәти­же­сінде жүзеге асты ма?

– Иә, тағы бір айта кететін жайт –  театрдың белді актрисасы Лейло-Бекназар-Ханинга менің барлық драмалық шығармаларымда ойнаған еді. Сонау «Мәңгілік бала бейнеден» бастап, «Сарра», «Фаризада» кейіпкерлер сомдады. Осы жолы өзіне арнайы пьеса жазғанымды қалады. Осындай жан-жақты, толыққанды ұсы­ныстың арқасында «Бопай ханым» жазылды. Бұл театрдың ерекшелігі – спектакльде ойнаған актерлер құрамы шетінен өңшең дүлдүл. Олардың әрқайсысына терең образ қажет. Әбілқайыр (Ержан Нұрымбет), Барақ сұлтан (Қуандық Қыстықбаев), Нұрәлі хан (Жанат Оспанов), Жұмбақ (Нұркен Өтеуілов), Неплюев (Ақыш Омар), Баян (Айнұр Бермұхамбетова), Шыңғыс (Әнуар Бектас), Билер (Болат Ыбыраев, Асхат Сұлтан, Жәнібек Мұсаев, Аманжол Молдахмет, Боранбай Молдабаев, Қасымхан Бұғыбай және т.б). Әртістерге мүмкіндік туды, сахнада­ та­лант­тарымен арбас­ты, ше­бер­­ліктерімен тайталасты, Ак­терлік шеберлік көрерменнің түйсігіндегі ғарышты оятады. Бұлармен режиссерге де, драматургтерге де жұмыс істеу – бақыт! Қазақтың талантты режиссері, Мәскеуден режиссерлік білім алған Жұлдызбек Жұманбай арнайы шақырылды. Оның әр рөлге соншалық махаббатпен қарауы, әр кейіпкердің табиғатына ерекше мән беруінің арқасында толыққанды дүние өмірге келді. Драматург пен режиссер тандемі болмаса, спектакль шықпайды. Мені режиссердің ізденісі қызық­тырды.

– Осы уақытқа дейін сахнаға шыққан қойылым­дарыңыздың барлығы дерлік қолтаңбасы айрықша жаңашыл ойлы режиссерлерге (Болат Атабаев, Гүл­сина Мерғалиева, Фархат Мол­дағали, Жұлдызбек Жұманбай т.б) сеніп тапсырылыпты. Бұл сіз­дің қалауыңыз ба, әлде кез­дей­соқтық па?

– Менің шығармаларыма қатысты театр үнемі режиссер іздей бастайды. Қ.Қуанышбаев театрындағы екі пьесама да режиссерлер сырттан шақырылды: «Сарра» – режиссері Г.Мерға­лиева, «Бопай ханым» – Ж.Жұ­ман­бай. Бұл енді менің шығар­ма­шылығыма деген театр басшы­лығының, актерлердің құрметі болар.

– Режиссер Жұлдызбек Жұ­манбай драматург ретіндегі ойы­ңызды, көңіл түкпіріндегі тол­ғанысыңызды толыққанды сахнаға шығара алды ма? Әлде автор ретінде іште кеткен әт­теген-айларыңыз бар ма?

– Әр режиссердің қолтаңбасы әртүрлі. Мысалы, «Мәңгілік бала бейнені» Болат Атабаевтан кейін он шақты режиссер қойған болар. Соның ішінде Болат Атабаевтың режиссерлігі, ізденісі ерекше дер едім. Болат пьеса ұнаса ға­на, көтеретін тақырыпқа өзі де дайын болса ғана барады. Ол драматургті таңдамайды, шығар­маны таңдайды. Оған талай классик ағаларымыз шығармасын қойдырғысы да келді, бірақ Атабаевтың талғамына дөп ке­ле бермеген шығармалар да бол­ғанын білемін.

– Заманауи драматургияда не маңыз­ды деп ойлайсыз: шұрай­лы тіл ме әлде сюжет (әрекет) пе?

– Меніңше ең әуелі КЕЙІПКЕР керек. Бір-біріне ұқсамайтын, бірін-бірі қайталамайтын түрлі образдар керек. Солардың шие­ленісі, әрекеті керек. Осы құбылыстың сырын ашатын, кесек ойды жеткізетін мәуелі тіл керек. Сұлу сөзді сапырып, суға айналдыратын тіл емес, ақпараттық, телеграфтық тіл де емес, драматургияның тілі, ыш­қынып шығатын, жаныңды жарып жіберетін монолог, диалогты беру тәсілі болады. Осы керек! Іркес-тіркес сөз, қайталанатын ой мезі етеді. Сахнада сөздің өзінен гөрі құдіреті, әрекеті ойналуы керек. Актерді тұлпардай жарататын, делебесін қоздыратын, аптығын асыратын тілдің құдіреті екенін ұмытпау керек. Сол құлақ құрышыңды қандыратын тілде сөйлегісі келетін, сол тілдің әуенін сүйетін, мазмұнын ұғатын ұрпақты қалыптастыруымыз керек. Өйткені ол – Абайдың тілі. Абайдың тілін ұқпаған ұрпақ Абайды қалай ұқсын. Ал режиссер – сахна суреткері. Сахна қойылымының авторы.

– Бопай бейнесі арқылы бү­гін­гі қоғамға не айтқыңыз келді?

– Осыдан он шақты жыл бұрын сұхбаттарымда саяси тақы­рыптарға барғым келетінін талай айтып жүрдім. Алғаш рет Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Беласу» дипломатиялық очерк­тері қолыма түскенде қызығу­шылығым оянды. Ал «Нұр мен Көлеңкені» оқығанда үлкен сая­­сат­тың драмасын боямасыз көрдім. Әкім Таразидың: «Эпо­пея политических войн или энцикло­педия дипломатических войн. Читается эта книга и как эпопея, и как энцикопедия. Чего стоит один только игрушечно-политический образ Березовского. Сарказм достойный Н.В.Гоголя» деген жазбасы бар. Дәл айтқан! Сол саяси драмалардың ұшқыны, қауіп пен қатерге тігілген аз ұлт­тардың алпауыт, айлакер ойыншылардан ұтылмау, құрбаны болмау, текетірестерден жол із­деу, елінің шебін қорғауда жан­ұшырған келіссөздер мен дип­ломатиялық шиеленістерді оқыдым. Ақыры Бопай ханымды жазуыма игі әсері болды деп ойлаймын. Мемлекет құру, оны мәңгілік сақтап қалу – жанкешті күрестен тұрады. Мен «Бопай ханым» арқылы бүгінгі күннің де өзекті мәселелерін қамтығым келді. Халық өткен тарихты көре отырып, бір сәт ойланып қалғандай болды. Менің де көздеген мақсатым осы еді.

– Сіздіңше, қазіргі қазақ әйел­дері қандай болуы керек? Бо­пай ханымның қандай қа­сиет­­­терінен үлгі алса, адаспайды?

– Сізге бір қызық жайтты айта отырайын. Спектакль басталардан 10 минуттай ертерек келіп, көрермен залында отыр едім, соңымнан екі әйел ере кірді.

– Апа!-деді. Мен кеше де «Бопай ханымға» келгенмін. Спектакльден соң үйіме барып, күйеуіме дастарқан жайып, хош көніліммен қарсы алдым. Иығынан иіскеп, ұзақ өмір сүрші деп жалындым. Әрине ол таңырқады. «Бопай» спектаклін көргенімді айттым. Ол да бүгін спектакльді көруге келді. Балама ұрыспайтын болдым. «Қоя тұршы, бара тұршы!»  деп тепсініп тұратын едім, оны да құшағыма қысып, мейірімге бөледім, әр сөзіне мән беріп, ұйып тыңдауға дағдыланамын», деп жатыр. Демек Бопай тек қана ханым емес, Нұрәлі, Ерәлі, Айшуақ сынды хандарға тәрбие берген ұлағатты ана. Спектакльдегі эпизодтар, штрихтердің өзі көрер­менге ой салған екен.

Бопай – ұлы махаббат иесі. Сол махаббаты оны ел тілеуін бірге тілейтін, хандығының аманатын өз мойнына жүк етіп артқан, ел дербестігін аңсаған, білім мен пайымын сол жолға ар­нап баққан қазақтың ханымы. Ағайын арасынан жау іздеп, іріткі салғанды тыйып, билерінің даналығына арқа сүйеп, жол бас­тап, жөн сілтеген Бопай – әр қазақ­тың қызына үлгі болатын тұлға.

– Биыл еліміз үшін ұлық мейрам – Тәуелсіздігіміздің 30 жыл­дық мерейтойы. Ұлтымыз та­рих­тан қандай сабақ алуы керек? Келешектің мұраты не болуы тиіс?

– Президентіміз тарихымызды өзге ұлт жазып бермейтінін, өз тарихымызды өзіміз жазып, тарихи тұлғаларымыздың бейнесін өзіміз жасауымыз керектігін айтты. Демек қазақ тарихының әлі де ашыла қоймаған дерегі көп, тарихи тұлғаларға да әділ баға берілуі қажет екенін айтып отыр.

Тәуелсіздіктен асқан қымбат құндылығымыз жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деді. Бұл қа­натты сөз әр қазақ баласының жүрегінен орын алуы керек әрі осы сезіммен тәуелсіз еліміздің ірге тасы нық болып қалана бере­ді. Келешегіміздің бақыты да, мұраты да –Тәуелсіздігіміз.

Қ.Қуанышбаев театрының әсем ғимаратын тұрғызып, қазақ руха­ниятына көптен күткен сый жасаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысым шексіз. Ол кісі «Жаңа театр са­­лы­нып жатыр, Алла қаласа, жақын күндері кіресіңдер. Жаңа шығар­ма­лар жазып, халыққа тарту жасаң­дар», деген болатын. Сол күн Тәуел­сіз­дігіміздің ұлықталатын 30 жылдығына тұспа-тұс келді. Театр «Бопай ханым» тарихи драмалық туындысын Тәуелсіздігіміздің отыз жылдық мерекесіне тарту етті.

– Әңгімеңізге рахмет.