Қарағанды облысы бір айдан аса уақыт «қызыл аймақта» тұр. Сондықтан індетпен күрес іс-шараларын барынша күшейткен жөн. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой өңірге жұмыс сапары барысында эпидемиялық ахуалмен танысып, халықты вакциналау барысын тексерді.
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой «Қалалық алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығы» ЖШС жанындағы №1 Отбасылық денсаулық орталығына барды. Бұл орталықтың базасында COVID-19-ға қарсы алғашқы вакциналау орталығы ұйымдастырылды. Министр мұнда вакцинаны сақтауға арналған тоңазытқыш жабдыққа қоса, процедураның қауіпсіздігі үшін барлық жағдайдың қаншалықты жасалғанын қарап, екпе салдырғысы келетіндерді қабылдау алгоритмінің сақталуына көз жеткізді. Ол пациенттермен әңгімелесіп, хал-жағдайын сұрап, вакциналау пунктінде жасалған жағдай туралы пікірлерін мұқият тыңдады.
«Бүгінгі таңда өңірде эпидемиялық ахуал оңалмай тұр. КВИ-дің одан әрі таралуына жол бермеу үшін вакциналау қарқынын жеделдету және халық арасында иммундық қабат құру қажет. Үйде емдеуді жолға қою, науқастың жағдайын амбулаториялық деңгейде бақылау маңызды», деді ведомство басшысы.
А.Цой алғашқы медициналық-санитарлық және стационарлық көмек деңгейінде үйлестіруді күшейтуге, қауіп тобының өкілдерімен, созылмалы аурулары бар пациенттермен және қарт адамдармен жұмыс істеуге ерекше назар аударды. Сонымен қатар КВИ бойынша өңірдегі жағдайға жалпы басшылықты, оның ішінде пациенттерді бағыттауды, амбулаториялық және стационарлық деңгейде емдеуді, мұқтаж пациенттерді уақтылы емдеуге жатқызуды, МСАК пен стационарлар арасындағы ауысуларды қамтамасыз ету қажет.
COVID-19-ға қарсы иммундау бойынша вакциналау орталығы 1 ақпаннан бастап жұмыс істеп жатыр. Онда 3 егу кабинеті, 3 дәрігердің қабылдау кабинеті, 20 адамға бақылау аймағы бөлінген. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 1 ақпаннан бастап Қарағанды облысында 70 189 тұрғынды вакциналау аяқталды. 20 мамырға дейін 149 352 адам бірінші компонентпен вакцина алды. Оның ішінде QazVac-ты 1 875, Sinopharm-ды 5 865 адам салдырды. Ал екінші компонентпен вакцина алғандар – 80 201 адам.
Жалпы Қарағанды облысында коронавирус инфекциясын жұқтырудың 28 876 жағдайы тіркелген. Індеттен 341 адам қайтыс болған, оның ішінде негізінен 60 жастан асқан және созылмалы аурулары бар адамдар бар.
Министр бұдан кейін Ахуалдық орталыққа барып, бұл бағдарламалық кешенді толық көлемде пайдалануды, оның ішінде мультидисциплинарлық консультативтік дәрігерлік топтарды, КВИ-мен күрес шеңберінде қабылданатын шаралар бойынша МСАК ұйымдарының қызметіне талдау жүргізуді тапсырды.
А.Цой осы жұмыс сапары барысында коронавирус инфекциясымен күрес жөніндегі өңірлік штаб отырысын өткізді. Онда Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гамаль Тоқсамбаев өңірде пандемиямен күреске бағытталған бірқатар іс-шара ұйымдастырылғанын мәлімдеді. Айталық, инфекциялық госпитальдық инфрақұрылымды дамыту, ауруды ерте анықтау үшін медициналық көмек көрсетуді жетілдіру, үй стационарлары жағдайында уақтылы оқшаулау және емдеу сияқты шаралар қолға алынды. Бұған қоса стационарлар мен емханаларда қажетті дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың және жеке қорғаныш құралдарының үш айлық қоры құрылды.
Г.Тоқсамбаев алдағы уақытта эпидемиялық жағдайдың тұрақтануы және сырқаттанушылықтың біртіндеп төмендеуі күтілетінін атап өтті.
Қарағанды облысы