• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 25 Мамыр, 2021

Шойын жолдан өту шырғалаңы

203 рет
көрсетілді

Сыр бойының өзге өңірлерден бір айырмашылығы Қызылорда қаласы мен жеті аудан да «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолы мен таспадай тартылған темір жолдың бойын­да орналасқан. Облыс пен аудан орталықтарының дәл іргесінен Сырдария сылаңдай ағып жатыр. Бұл әрине жол-көлік логистикасын тиімді ұйымдастыруға әбден қолайлы. Тұрғындарға ыңғайлы болу үшін темір жол астынан өткел қалдырылып, кей жерлерде көпір салынған. Бірақ бәрінде ондай жағдай жоқ. Былтыр «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында Шиелі кентінде темір жол үстінен көпір салынып, көп жылдарға созылған мәселе біржола шешімін тапты. Дәл қазір облыс бойынша өткелі жоқ жалғыз өңір Арал қаласы болып тұр.

Қырық мыңға жуық тұр­ғыны бар теңізді қаланы те­мір жол желісі қақ жарып өтеді. Осыған дейін ба­лық шаруашылығы мен тұз өн­дірісі секілді дәстүрлі сала дамыған қалада соңғы жылдары биз­нестің басқа да бағыттары қолға алынған. Қызмет көрсету саласында кәсіп бастап жат­қандар қатары көп. Бұған қаланы қысқа күнде қырық айналып шығатын таксистерді қосыңыз. Шағын қаланы шарлап жүрген көлік біткеннің күніне әлденеше рет түйісетін бір тұсы бар. Бұл Панфилов көшесіне орналасқан темір жол өткелі. Ол ашық болса жолының болғаны, ал кезекті пойыз жақындағаннан тү­сі­рілетін шлагбаумдар айналасында күніне бірнеше рет 1-2 шақырымға созылған көліктер тізбегі пайда болады.

«Арал теңізі» стансасы арқылы тәулігіне жүк және жо­лаушы тасымалымен айна­лысатын 55 пойыз өтеді. Жаз мезгілдерінде олардың қатары артатыны да белгілі. Алдағы күндері темір жол бойында бұр­маларды ауыстыру көз­деліп отыр. Бұл жолдың екі қап­талында иін тірескен кө­ліктер көбейе береді деген сөз.

– Қазір бұрынғыдай емес, қаланың көп проблемасы шешімін тапты. Ендігі мәселе осы өткел болып тұр. Осы жерден талай мәрте «Жедел жәр­дем» мен өрт сөндіру көлігінің кідіргенін көргенбіз. Жаны қиналған науқас пен жалындап жатқан өртке жедел жетуі тиіс одан басқа жүздеген көліктің амалсыздан қаңтарылып қалар кезі көп. Кішкентай балалар да спорттық секцияларға, түрлі үйірмелерге қатысу үшін осы көліктермен жағаласып өтіп жатады. Бұрын да осы тір­лік тым қауіпті көрінетін еді, осыдан 2 жыл бұрынғы Шамал­ғандағы теміржол өткеліндегі апаттан кейін үрейіміз тіпті үдей түсті, – дейді аудандық қо­ғамдық кеңестің төрағасы Алдаберген Жоланов.

Ақсақалдың алаңы орынды. Қаладағы Т.Шевченко атындағы №13 орта мектептің бастауыш сыныптарына арғы беттен 133 оқушы қатынап оқи­ды екен. Оқушылар үйін­дегі түрлі үйірмелерге 64 бала, спорттық секцияларға қа­тысатын 37 оқушы, мектепал­ды даярлық тобына келетін 19 балақай күнделікті өткелде қайшыласқан көліктер арасынан өтіп келіп жүр.

Мәселені аудан әкімдігінің де көтеріп келе жатқанына көп жылдың жүзі болыпты. Мамандар есебінше осы өткел­ден тәулігіне көліктер 16-18 мың рет әрі-бері өтеді. Асық­­қан көліктердің апатқа ұшырап, абайламаған жанның пойыз астына түскен кезі де жоқ емес.

Былтыр аудандық бюджеттен 9,8 млн теңге бөлініп, көпірдің техникалық-эконо­микалық негіздемесі әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өт­кізіліпті.

– Өткен жылы осы ба­ғытта қоғамдық тыңдау ұйым­дастырылып, түрлі сала маман­дары мен тұрғындар пікір білдірді. Темір жол өткелін салудың бірнеше нұсқасы ұсынылды. Мамандар мен көп­шілік ұсынысымен Жеңістің 30 жылдығы көшесінің маңы таңдалып алынды, – дейді аудандық тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жанқожа Құдайберген.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшылығы аралдықтарды алаңдатқан жағ­дай аймақ басшылығының назарында тұрғанын айтып отыр. Осыдан сәл бұрын өткен облыстық мәслихаттың сессиясында құрылыстың жоба-сметалық құжатын әзірлеуге қаржы бөлу жөнінде шешім қабылданыпты. Құжат әзір­ленсе игерілмей қалған қаржы­лар есебінен жыл соңына дейін құрылысты бастап кетуге де мүмкіндік бар.

Облыс тарапынан атқа­ры­­луға тиісті шаралар реті­мен шешімін тапты. Енді рес­­публикалық бюджет қар­жы­сынан салынатын жобаның бо­лашағы елордадағы тиісті құрылымдар қолында тұр. Сон­дықтан да аралдық ағайын бас­таманың тағдыры шешілер бас қала жаққа алаңдай қарап отыр.

 

Қызылорда облысы