• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Өнер 26 Мамыр, 2021

Жарылғапберді

858 рет
көрсетілді

1979 жыл. Аустрияның астанасы Вена қаласында дүниежүзілік музыка фестивалі өтіп жатқан сәт. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген өнер ерендері мемлекеттерінің кезек реті бойынша өнер көрсетуде. Кезекті өнерпаздан соң «Кеңес Одағының әртісі Қайрат Байбосынов ән шырқайды», деп хабарлады фестиваль жүргізушілерінің бірі. Сахнаға үкісі желбіреген Қайрат Байбосынов көтерілді. Әнші толқулы еді. Себебі әлгінде ғана даусы жер жарған опера өнерінің небір саңлақтарынан кейін мұның домбырамен айтқан әнін Еуропаның талғампаз тыңдаушысы қабылдай қояр ма екен?

Кенет, иін тірескен көрерменнің іші­нен «Я, аруақ!» деген асқақ үн саңқ еткен! Өне бойын электр тоғы ұрып өткендей болды. Әрі қарай бұлдыр... Өңшең «сен тұр, мен атайын» – опера шеберлерімен жағаласпай-ақ қояйын, аса дауысқа сал­май-ақ айтып шығайын деген оймен жаңа ғана сахнаға шығар алды әзірлік үстінде төменірек түсіріп қойған домбырасының құлағын жүріп келе жатып, шамырқана бұрап көтергені есінде. Микрофонға таяп келіп: «Ой, Ардақ!» деп саңқ еткенде сан мың көрермен селк еткен. Әттең, микрофонның кілт өшкені. Мұндай қуатты, биік дауысты көтере алмаса керек. Ой-санасын, тұла бойын әлей бір күш, дүлей қуат буған Қайрат саспады – микрофоннан сәл шегініп кетті де ­«...сен­ ақ қоян секеңдеген», деп дереу іліп әкетті. Сол-ақ екен, дыбыс кү­шейт­кішсіз шырқаған Қайраттың үні мың сан адам жиылған фестиваль ала­ңын көктей өтіп, кешегі Моцарт пен Бет­ховеннің таба­нының ізі қалған түнгі Вена аспанында еркін қалықтай жөнелген. Мұндай жойқын, көркем әрі биік дауысты бұрын-соңды күшейткішсіз естіп көрмеген ине шаншар жері жоқ алып алаң сілтідей тынған. Үш жарым минутқа созылған алапат ән аяқталғанда, мұнша ғажап биік, сұлу үнге аузын ашып аңтарылып қалып, сәлден соң ғана барып әзер ес жиған 50 мың көрермен дүрсілкіне қол соққан. Сол сәтінде-ақ, кеңес өнерпазының әні фестиваль сенсациясы ретінде Еуропа құрлығын шарлап кетіп еді...

...Бұл оқиғаны мен сонау жылдары КСРО халық әртісі Ермек Серкебаев­тың «Жұлдыз» журналына жарияла­ған естелігінен оқып қайран қалған едім. Сөйтсе, аталған фестивальде Кеңес Одағының атынан өнер көрсеткен Ермек аға Вена сахнасындағы осынау тарихи сәтті өз көзімен көріп, куәгер болған екен. Айтпақшы, көрермендер арасынан «Я, аруақ!» деп саңқ еткен қазақ азаматы Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Германияда қалып қойған концлагерь тұтқыны екен...

Қазақ музыка өнерінің тарихында жарқын өнерімен өшпес із қалдырған үлкен өнерпаздың бірі – Жарылғапбер­ді. Оның өмірі мен өнер жолдарының көп беттері бізге жұмбақ. Бір белгілісі, Баян­ауылдан 35 шақырым қашықтықта­ғы Жылыадыр деген жерде 1851 жылы өмір есігін ашып, 1914 жылдың маусым айының бас кезінде, өзінің ата қонысында, пайғамбар жасында дүниеден өткендігі. Неге екені белгісіз, ел ішінде де Жарылғапбердінің әңгімелері аз сақталған. Мұның бір себебі қажылық сапардан оралған соң, үлкен өнерден қол үзіп кеткендігін­де жатса керек. Әйтпесе, өзі ақын, өзі әнші әрі балуан, бір басында бірнеше өнер тоқайласқан өнерпаздан ел есінде қалған әңгімелердің селкеулігі – шынында да көңіл жабырқатарлық­тай. Мүмкін, бұл табиғаты сопылыққа бейім діндар адамның біртоға ғұмыр кешуінен шығар. Бірақ кей деректерде Жарылғапберді қу тілді, мысқылға шебер адам ретінде суреттеледі. Әйтеуір Жарылғапберді жайында Арқаның қызу қанды сал-серілеріне тән аңызы мен ақиқаты қатар өрілген әсерлі әңгімелер аз сақталған.

Композитордың артында қалған ән мұрасы да шағын. Небәрі бес-алты ән­нен бас құрайды. Олар: «Топайкөк», «Шама», «Ардақ», «Ғайни», «Үш дос», «Келіншек», т.б. әндері. Солай бола тұрса да Жарылғапберді Баянауыл ән мектебін қалыптастырушылардың ең көрнекті өкілдерінің қатарынан ойып тұрып орын алған өнерпаз. Бұлай дейтін себебіміз, біріншіден, Жарылғапберді – Баянауыл әндерін мазмұн және форма жағынан кемелдендірді, екіншіден, ол шығарған әндер Затаевич баға бергендей «жалпы адамзат музыкасының табысына» айналды, үшіншіден, Тәңірі бойында ұстаздық қасиетті мол дарытқан ол – ән айту өнерін әлемдік классика үл­гісіндегі вокал талаптарына сай шен­дестірген шәкірттер тәрбиелей білді. Атап айтқанда, Естай, Сапарбек пен Балабек Ержанов, Қали Байжанов, Жа­бай Тоғандықов, Бисмиллә Балабеков – бар­лығы да Жарылғапбердінің шә­кірт­тері. Әлкей Марғұлан бір сөзінде: «Естай өзінің әншілік өнерін бір ғана Жарылғапбердінің қоңырлатып көтеруінен алған. Жарылғапбердіні ол шын мәнінде «әннің ардагері» деп тү­сінген, оның әніне аса қызыққан», дейді.

Жарылғапберді 1902 жылы қажы­лыққа кетіп, одан араға екі жыл салып, 1904 жылы оралса керек. Егер біз, Жа­рылғапберді Жұмабайұлының 1851 жылы дүниеге келгенін ескерсек, (А.Жұ­банов деректерінде 1861 жылы ту­ған) әнші қажылыққа 53 жасында, яғни, жасы ұлғайған шағында барып қайтқан бо­лып шығады. Жарылғапберді тіпті қажы­лық сапары жайында тақырыптық ән-өлең­дер шығарған тәрізді.

Төртінші, сол өлеңдер қажыға баруға талайды қыздырды. Ә деп естігенде Елеу қажы отыра алмады дейді, үш тұрып, үш отырды дейді, келер жылы қажыға барып өліпті. Шорман бидің Ғайсасы (Исасы): «Шамасы жете тұрып келмеген жан Иа иһудиа насарани өлсін! – депті»-ні естігенде:

 – Не қылып, не етіп мына сөзді басқа қожа-молда неге айтпаған?! Құр «парыз» дейді. Парыз былай тұрсын, мынау ауыр сөз ғой! – деп сол қозғалғаннан қозғалып, о да қажыға барып өлді».

Осы бір шағын әңгімеден сол уақыт­тағы діни мәселелерден хабардар бол­ғандаймыз. Сол заманда да дүмше молдалар өздерінің құрғақ уағыздарымен елді ығыр қылғанын байқаймыз. Қайта бұл жерде қожа-молданың құрғақ уағы­зынан гөрі Жарылғапбердінің өлеңмен айтқан уағызының жұртшылық санасына әлдеқайда терең ой салғанын, нәти­жесінде әншінің өлеңінен мейлінше әсер­ленген бірнеше баянауылдық ел жақ­сы­ларының қажыға барып қайтыс бол­ғанына куә боламыз.

 Әрине, қажыға барып келген адам­ның бұл дүние шаруасында ісі болмауы керек. Жарылғапберді де осы шартты орындап өлеңді қойып кеткен дейді. Бірақ жазушы Зейтін Ақышевтің 60-жыл­дардың аяғында баянауылдық Сәду Қы­дырбайұлы атты ақсақалдан жазып алған естелігіне қарасақ, Жарылғап­бер­дінің өлеңді оңайшылықпен қойма­ға­нынан хабар бергендей.

Жасы келген кез келген өнерпаздың өнерден қол үзе бастайтыны белгілі. Әйтеуір Жарылғапберді өмірінің соңғы жылдарын оқшау, тыныштықта өткізген сияқты. Сөйткен кемеңгер әнші 1914 жылы жаз айының басында пайғамбар жасында дүниеден өтеді. Жарылғапбердінің өз кіндігінен баласы болмаған деседі. Сол себепті біреудің Мұқыл деген баласын асырап алса керек. Артында ұрпағы қалмаса да, қалдырған ізі – арқалы әндері оның есімін мәңгі асқақтататыны анық.

Жарылғапбердінің әндері дегенде алдымен тоқталатынымыз – «Ардақ» әні. Баян­­ауланың көнекөз қарттарының айтуынша, «Ардақтың» шығу тарихы Сәдуақас Шорманов (1854-1927) есі­мі­мен тығыз байланысты.

Жазушы Зейтін Ақышевтің 1968 жы­лы «Жұлдыз» журналында жария­ла­ған «Ардақ» кімдікі?» атты мақала­сын­дағы деректерге сүйенсек, Сәдуақас Шор­манов өз ауылының адамы әрі өзінің кү­тушісі Жылгелді дегеннің қызына көңі­лі кетіп, ғашық болады. Жылгелдінің руы Сүйіндік, оның ішінде Орманшы. Жылгелді өзі бие сауып, әйелі қымыз баптайды екен. Өздері таза, сыпайы, адамгершіліктері мол, бір кісідей жөн білетін кісілер болса керек. Жылгелдінің қызының есімі Мәкен, өзі ертегі елінен келгендей сұлу болыпты. Екеуінің кө­ңіл­дері жарасқанымен бұл уақытта 40-тан мол асып, 50-ге келіп қалған үйлі-баранды Сәдуақастың Мәкенді некелеп алуға шамасы келмейді. Расын айтқанда, аталы елдің қызы, адуынды бәйбішесінен ығады. Ақыры қос ғашықтың арадағы әңгімесінен қалың ел құлақтанып, бұл істі біліп қойып, қырына алған Сәдуақастың бәйбішесі Зейнеп Жылгелдінің үйін бір түнде алыс жерге көшіртіп жібереді. Зей­неп басынан сөз асырмайтын адуын, азулы бәйбіше болса керек.

Сәдуақастың басынан өткен осындай драмалық жағдай «Ардақ» әнінің тууы­на себеп болады. Ғашықтық дертінен құсалы болған Сәдуақас «Ардақ» деп атын қойып, үш ауыз өлең шығарады да «осыған ән шығарып беріңізші» деп өлеңнің сөзін Жарылғапбердіге ұста­тады. Жарылғапберді Сәдуақастың өті­нішін орындап «Ардақтай» ғаламат ән шығарады. Сәдуақас Жарылғапбердіні қатты құрметтесе керек, оның үстіне өздері замандас, әрі аталас туыстығы тағы бар. Екеуі бір-бірінен сыр жасыр­майтын сырлас, мұңдас адамдар болыпты дейді.

 Сөзін Сәдуақас жазса да, «Ардақ» әні Жарылғапбердінің әншілік-ком­позиторлық кемеңгерлігінің арқасында зор музыкалық қасиетке ие болып, уақыт тезінен аман өтіп келеді. Осы жер­де «Ардақ» әні шын мәнінде Жарыл­ғап­бердінікі деген ақиқат пікірге соңғы нүктені қою үшін Қали Байжановпен өмірінің соңғы 20-30 жылын бірге өткіз­ген, Қалекең қайтыс болғанда өз қолымен арулап жөнелткен, қарағандылық Омар ақсақалдың «Ардақ» турасындағы сөзі­мен түйіндесек дейміз: «Ардақ» бас­қанікі еді дегенді Қалекең өмір бойы мойындаған емес. «Халық әні» дегенді естігенде, бұлқан-талқан ашуланатын. Өзі айтқанда, «Жарылғапбердінің Ар­дағы» деп бастайтын». Олай болса, сол «Ар­дақ» әнінің сөзінің толық, әрі дұрыс нұс­қасын ұсынайық.

Ой, Ардақ, сен ақ қоян секеңдеген,

Соңыңда бір тазым бар жетем деген.

Ойымда үш ұйықтасам бар ма менің,

Айырылып сенен, сәулем, кетем деген.

 

Ой, Ардақ, сен ақ қоян шыңнан қаш­қан,

Артыңда мен ақ сұңқар түлеп ұшқан.

Қан қылмай ақ жүніңнен бір ілгізші,

Та­маша қарап тұрсын дос пен дұшпан.

Кейінгі кезде Сегіз серінікі деп айтылып жүрген әннің бірі – Жарылғапберді­нің «Ғайниы». Өнер зерттеушілері де осы тоқтамға үнсіз келіскендей сыңай берген. Алайда, бұл жерде де алдымыздан Б.Балабековтің «Ғайни» әні турасында жазған естелігінің шыға келуі – аталған әнді Сегіз серіге телушілерге қақырата соққы бергендей. Оқырманға түсінікті болсын деген ниетпен бұл естелікті де сол күйінде беруді жөн көрдік:

«Екі жастың біріне-бірі ынтықтығы қай заманға да ортақ еді. Бірақ өткен заман ондай жастарды еркіне жіберді ме, Майраны Шорман ауылына Жаржан алып кеткенде артынан сүйгені сонда да үмітін үзбей талаптанып жүреді. Хабар­ласып, тілдесудің сан-қилы жолдарын іздейді дейді.

 Баянауыл маңында Айдабол-Қар­жас, Ақбура-Тұлпар, Орманшы-Күлік, Қоз­ған-Қанжығалы руларымен қатар тағы басқа ел мекендейді. Шамасы келгендер Пав­лодарға қала шығып жылына бір рет соғым терісін, киіз-жүнін апарып, қант-шай, астығын, киім-кешегін алып қайтады екен. Жарылғапберді қалаға келіп-кетіп жүрген кездерінде жолында тұратын Орманшы ауылдарын басып және қалаға тұрғылықтанған Орманшы адамдарымен де араласады. Бір күні ән айтып отыр­ған жерінде орманшы Рақыш деген сол кездің пысық мұсылманша, орысша оқуы бар азамат Жарылғапбердіге кез болады. Жарылғапбердінің бұл үйде өз жанынан шығарып ән айтатыны паш етіледі. Рақыш пен Жарылғапберді араласып қыл өтпейтін жақындық ниетке кіреді. Рақыш Жарылғапбердіге Майраға ғашықтығын айтады. Жарылғапбердіден Майраға бір ән шығарып беруді өтінеді. Жарылғапберді досының тілегін орындап «Майражан» деп ән шығарады. Осы ән Сүйіндік елінің арасына жайылып, Майраның құлағына шалынуды, жазған хатын бірге Майраға табыс етуді, Рақыш Жарылғапбердінің өзіне тапсырады. Жарылғапберді елге келген соң, Шорман ауылдарынан именіп, әннің «Майражан» атын өзгертіп, «Ғайни» деп қойған екен. Сапарбек, Балабек, Жұмат Шанин бұл ән тарихын осылай шертетін еді. Осылар айтатын мына шумақтар жинақта жоқ:

Сағынып хат жазамын Ғайни саған,

Дүниеде рахат бар ма сенсіз маған?

Қуаныш екі өмірдің бірінде жоқ,

Дариға, құр жастықпен өтер заман.

Қайырмасы:

Ғайни-ау сәулем,

Жүргенім менің бүйтіп Сенің әурең.

1961-1968 жылдарда шыққан қазақ әндері жинағында «Ғайни» әнінің сөзде­рі – өлең шумақтары шым-шытырық».

«Ғайни» әні турасында Бисмиллә осы­­лай дейді. Аталған әннің Майра Уәли­қызына арналғанын әнші қолмен қой­ғандай дәлелдеп тұр. Куәгерлері де осал емес – өнердің майын ішкен өңшең «сен тұр, мен атайын» майталмандар – Сапарбек, Балабек, Жұмат Шаниндер. Арасында Жарылғапбердінің төл шәкірті Жабай Тоғандықов та бар. Айта кетерлігі – аты аталғандардың көп болса екі мү­шел­дей ғана әрі кетсе үш мүшелдей кі­ші­ліктері бар Жарылғапбердінің заман­дас­тары екендігі. Ендеше, осылардан ар­тық Жарылғапберді жайында кім білмекші? Ал Майраның Жаржанға кү­йеуге тигені, әнші келінді Шорман ауы­лының жақтыртпағаны – тарихи шын­дық. Осы орайда маған тосын әрі ше­тін бір әңгімені ұзақ жылдар Қа­зақ кеңес энциклопдиясының бөлім мең­герушісі болып қызмет істеген, заманын­да өзі де тамаша әнші болған Мәкиза Дайыр­байқызы айтып еді. Бұған дейін баспа жүзін көрмеген бұл тақсіретті сырдың Майра өмірін бір кісідей білемін деп жүрген маған ауыр тигені есімде. Мәкиза апамның бұл аманатын келешекте хатқа түсірмек ойым бар.

Әлқисса, Мәкиза апа Баянауыл елі­нің қызы еді, қызы болғанда атақты дә­рігер жазушы Зейін Шашкиннің қарын­дасы (әкесі Шашкин Дайырбай Зейін­нің туған ағасы – Е.Т.) әрі өмірін осы ең­бегімізде егжей-тегжейлі баян етіп отыр­ған Жарылғапбердінің Теміртас ат­ты қарындасынан туған жиені болып ке­летін. Осы Теміртас бала күнінде Май­ра­ның Шорман ауылына келін болып түскен сәті мен Майраға арналған әнінің қалай туғандығының куәсі болып өсіпті, яғни Майраны өз көзімен көр­ген адам екен. Қызы Мәкизаға: «Шор­ман ауылының қызы болып өстік. Май­раға еліктеп бетімізге опа да жақтық, бірақ Майрадай сұлу бола алмадық», деп отырады екен жарықтық. «Келін боп түскенде, дейді Мәкиза апа – Май­раға Шорман ауылы өре түрегеліп қар­сы болыпты. Майраны жаратпағаны сон­­шалықты – тіпті олар әнші келінмен аман­даспайды да екен. Әйтсе де, Шорман әулетінің кәрінен құлай сүйген әнші жарын жалғыз өзі қорыған Жаржан мырза Майрамен бір шаңырақ астында елдің өсек-аяңын құлағына ілместен тату-тәт­ті, жарастықты ғұмыр кеше беріпті. Сондай күндердің бірінде ауылдың бір сыйлы адамы мезгілсіз өліп, Шорман ауылын қайғының қара бұлты басыпты. Ол уақытта «Өліктің сәні – жоқтау» емес пе – әйелдер ауылды басына көтере аңырап жоқтау айтып жатыпты. Әйелдер қашанғы зарлай берсін, жоқтау бір толас тапқан сәтте бір мұңлы үн үп еткен желсіз тымық күнгі ошақтан сызыла көтерілген құрғақ тезектің шүйкедей созылған көкше түтініндей көк жүзіне жеңіл көтеріле беріпті. Елеңдесіп қалған сөз аңдыған ел әлгі мұңлы дауыстың иесі бірден таныпты. Сөйтсе, бұл – Майра екен. Әншінің майда қоңыр сұлу үні бірте-бірте көкке өрлей түсіпті. Өрлеген сайын мұңлы үніне қайғының қасіретті сөздерін қоса өрген қайран Майра әлгі сыйлы кісінің қадір-қасиетін өлең етіп толғап, әуен ғып үздіктіріпті. «Апырмай, – депті сонда жұрт, – Келін боп түскені кеше ғана, өлген кісімізді мұнша қайдан біледі?!», деп таңырқасыпты. «Жаржан қасында үйретіп отыр», деп шуласыпты сонда әйелдер. Бірақ биік өнердің алдында пенде баласы аласа ғой, Май­раның шын көңілден айтқан риясыз жоқтауына Шорман ауылы сүттей ұйып, еріксіз қайран қалысыпты. Жуан ата – Шорман ауылын теңіздей тебіренткен сол жоқтаудан кейін момын ел Майраны өз қыздарындай жақсы көріп кетіпті. Тек батып қарым-қатынас жасауға Шорман тұқымдарынан именеді екен. Айтқандай, Шорман тұқымдарының Майраға іші еш жылымай қойған деседі. Тіпті Жаржан ауырып өлгенде де оның өлімін туыстары Майрадан көрген дейді. Мұның бәрі өте ауыр әңгімелер, сондықтан осы жерде тізгін тартамыз... Ақыры Майра Шорман ауылынан кетіп тынады. Майраның қилы тағдырын, Жарылғапбердінің қы­зықты хикаяларын айта отырып, Мә­киза Дайырбайқызы нағашысы Жа­рыл­ғапбердінің композиторлық өне­рі­нің аяулы қызы Ақтотыға қонғанын мақ­танышпен айтуды ұмытпайтын. Иә, қа­зіргі Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова ұлы композитор Жарылғапберді Жұ­ма­байұлының жиеншары болып ке­леді. Мағыналы шы­ғармашылық ғұмы­рында қаншама классикалық туынды­ларды дүниеге әкел­ген Ақтоты Рахме­толлақызына ком­по­зиторлық өнердің кімнен дарығанын өз­деріңіз де аңғар­ған шығарсыздар. Осы оқиғаның куәсі ре­тінде біздің за­манымызға Майра мен Жаржанның қатар түскен жалғыз фото­суреті жеткен. Араға бір ғасырдан астам уақыт салып, қилы замандардың теперішін көріп, тегеурін тезінен өткен бұл дәйек пен деректердің барлығы – «Ғай­ни­дың» Жарылғапбердінің әні екен­ді­гінің айқын дәлелі іспетті. Қалай бол­ған күнде де Бисмиллә әнші бас­тап айтып, жазып қалдырған бұл есте­лік­тердің өмір сүруге хақысы бар. Се­бебі XIX аяғы мен XX ғасырлардың ба­сын­да мен өмір сүрген ұлы әнші-ком­позитор­лардың біразын көзіммен көріп, өз аузынан әндерін тыңдап әрі үйреніп, сол әндердің тарихын біздің заманымыз­ға жеткізген санаулы әншілердің бірі болғандықтан, Балабек әнші қалдырған деректер қазақтың музыка тарихы үшін өз құндылығын ешқашанда жоймақ емес. Ал арасынан ақиқатты аршып алу – му­зыкатанушылардың еншісінде.

Жарылғапбердінің туған жері, өлген жылы, бет пішіні, түр-тұлғасы жайында құнды деректер қалдырған өнерпаздың аталас жақын туысы Әмірбек Оралбайұлы Жарылғапбердінің 17 әні болған дейді. Тіпті ол кісі Жарылғапберді шығарған ән­дердің бірі деп «Шұбартау» деген әннің атын келтіреді. Бұл әнді Жарылғапберді Шорман балаларымен бірге Қаракесектегі құдасына барғанда шығарған екен деп шығу тарихын да қозғап қояды. Ал Ес­тайдың шәкірті Жүніс Шәймерденов болса, Жарылғапбердінің 18 әні болған деген пікірді ұстанып өткен.

Жалпы, Жарылғапберді Жұмабайұлы жөнінде жазған көлемді еңбегіміздің бұл газеттік қысқа нұсқасы. Келтірілген де­ректер мен дәйектерді саралап, әндер ты­нысын тыңдай отырып пайым жасап, түйіндей келе, біз нық сеніммен Жарылғапберді асқақ әнші һәм ірі композитор болған деп батыл айта аламыз. Бір ғана «Ардақ» әнінің өзі Жарылғапбердіні композиторлық өнердің ең биік шыңына көтеріп тұр.

Осындай қорытындыға келуіміз ар­қылы Ахмет Жұбановтың «Жарыл­­ғап­берді өзі ән шығармаған, тек жақсы орындаушы болған деген әңгіме бар» деген пікіріне қайшы келгендейміз. Бірақ А.Жұбанов өзі Жарылғапбердіні композитор емес деп айтпайды. Қалай дегенмен де Жарылғапберді композитор емес деген оқта-текте бой көтеретін жалаң, негізсіз пікірді жоққа шығардық. Дана халқымыз ән кемеңгерін бір сәтке де ұмытпай ар­дақтап, алтын сандық кеудесіне аталған әндерді Жарылғапбердінің әндері деп сақтап келеді. Ендеше, «Құдайдың бір аты халық» деген. Халықтың өзі Жарыл­ғапбердінің әні деп ұйғарса, біз оған қалайша дау айтпақпыз?

 

Ерлан ТӨЛЕУТАЙ,

әнші, өнертанушы