Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиялық жағдай және Жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыру барысы қаралды.
Вакциналау қарқынын арттыру керек
Халықты вакциналау барысы мен қазіргі жағдай туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, өңірлердегі ахуал туралы Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев, Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек баяндады.
Қазіргі уақытта Қазақстанда COVID-19-бен ауыру жағдайының тұрақталғаны байқалады. Вирустың репродуктивті индексі – 0,95. Инфекциялық төсек орындар – 33%-ға, реанимациялық төсек орындар 26%-ға толған. Алты өңір «қызыл аймақта» тұр: Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары, Батыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Атырау облыстары.
Бүгінгі таңда Қазақстанда 3 млн екпе жасалды, оның ішінде 2 млн адам бірінші компонентті, 1 млн адам екінші компонентті алды. Елде вакциналардың жеткілікті көлемі бар, олардың қоры толықтырылып отырады. Егу пункттерінің санын арттыру бойынша шаралар қабылдануда.
Үкімет басшысы халықты вакциналау қарқынын арттыруды тапсырды. «Қазіргі таңда егу науқанын кеңейту – пандемиямен күресудегі ең маңызды міндет», деді А.Мамин.
Денсаулық сақтау министрлігіне Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп Ashyq қосымшасын «Вакцинация» модулімен және «Egov»-тағы вакциналау паспортымен интеграциялау бойынша жедел шаралар қабылдау тапсырылды.
Жұмыспен қамтуға – 300 млрд теңге
Үкімет отырысында Жұмыспен қамтудың жол картасын (ЖҚЖК) іске асыру барысы қаралды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Айдар Әріпханов, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов баяндама жасады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов 2020 жылы Жұмыспен қамтудың жол картасы шеңберінде құрылыс, реконструкциялау, күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары бойынша 6,6 мың инфрақұрылымдық жоба іске асырылғанын айтты. Барлығы 239 мың адам жұмыспен қамтылды, оның ішінде 120 мың адам жұмыспен қамту орталықтарының жолдамалары бойынша жұмысқа орналастырылды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы үш ауысымды, апатты мектептердің мәселесін ішінара шешуге, ауыл тұрғындарының білім алуға, денсаулық сақтауға, таза ауыз суға қол жеткізуіне, суармалы, жайылымдық жерлер көлемін ұлғайтуға және ауылдық елді мекендерді газдандыруға мүмкіндік берді. Сондай-ақ жұмыссыздықтың 4,9% деңгейінде сақталуына ықпал етті», деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.
Биыл Жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыруға 300 млрд теңге көзделген. Оның ішінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ұлттық банктен облигациялық қарыз есебінен 200 млрд теңге бөлінді. Жол картасы халықтың өмір сүру сапасын арттыру; шағын және орта бизнес үшін қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру; агроөнеркәсіптік кешенді дамыту; өңірлерде бизнесті дамыту секілді төрт бағыт бойынша іске асырылуда. Қаражаттың 42,5%-ы халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, 33,3%-ы агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға, 24,2%-ы өңірлерде бизнесті дамытуға және шағын несие беруге бағытталды.
Шағын несиелер «Атамекен» ҰКП мен жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен құрылған микроқаржы ұйымдары арқылы берілетін болады. Бірінші бағыт бойынша барлығы 136 жоба іске асырылып, 19 мың жұмыс орны, оның ішінде 7,5 мың тұрақты жұмыс орны құрылады. «64 жаңа мектептің, 13 денсаулық сақтау нысанының құрылысы, суару кешенін және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесін жаңарту бойынша жұмыстар жүргізілетін болады», деді Серік Шәпкенов.
Жобаларды іріктеу кезінде тұрақты жұмыс орындарын құруға және 3 ауысымды және апатты мектептерді азайтуға, денсаулық сақтау нысандарына, суармалы жерлердің көлемін ұлғайтуға басты назар аударылды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Шағын және орта бизнес үшін қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру» бағыты бойынша жеңілдетілген шарттармен 6%-ға дейінгі мөлшерлемемен шағын несие беру көзделген. Жалпы сомасы 22,5 млрд теңгені құрайтын 5,4 мың жобаның алдын ала тізімі әзірленді, оған ет, сүт, азық-түлік өнеркәсібі өнімдерін өндіру және өңдеу, қызмет көрсету және тағы басқа салалардағы бизнес жобалар енді.
Шағын несиелендіру тиімділігін арттыру үшін өңірлерде 15 шағын қаржы ұйымы құрылды. Микрокредит алушылар 10,6 мың қосымша жұмыс орнын құратын болады.
Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағыты бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігімен және «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, жалпы құны 100 млрд теңгені құрайтын 42 инвестициялық жоба іске асырылады. Соңғы қарыз алушы үшін сыйақы мөлшерлемесі субсидиялау арқылы 6%-дан аспайтын болады. Жобаларды іріктеуде: жұмыспен қамтуды қолдау және жұмыс орындарын құру; пысықталуының жоғары деңгейі; азық-түлік тауарларын импорттаудың қысқаруы критерийлеріне баса назар аударылды. 2,2 мың уақытша және 3,8 мың тұрақты жұмыс орны құрылады. «Бизнесті дамыту шеңберінде өңірлерде бизнес субъектілеріне жеңілдетілген шарттармен кредиттер және қарыз беру, жарғылық капиталға инвестициялау, қаржылай емес қолдау көрсету есебінен шамамен 6 мың жұмыс орны құрылатын болады», деді Еңбек министрлігінің басшысы.
Биыл Жұмыспен қамтудың жол картасы шеңберінде 35,6 мың жұмыс орны, оның ішінде 55%-дан астам тұрақты жұмыс орны құрылады. Отбасы мүшелерін есепке алғанда шамамен 80 мың адам тұрақты табыспен қамтылады. Әлеуметтік активтер құру арқылы әлеуметтік инфрақұрылым жақсарады; нарық жаңа өндірістерді құру арқылы отандық азық-түлік тауарларымен толығады; ішкі жалпы өнім құрылымында шағын және орта бизнестің үлесін арттыруға қол жеткізіледі.
«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Айдар Әріпхановтың айтуынша, холдинг бизнес-бастамаларды дамытуды ілгерілету және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында қолданыстағы тетік шеңберінде Ұлттық банктің қаражатынан айналым мерзімі 10 жыл және жылдығы 7% сыйақы мөлшерлемесімен 200 млрд теңге көлемінде облигациялық қарыз тартуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ холдингтің облигацияларын орналастырудан түскен қаражат осындай 10 жыл мерзімге мынадай бағыттар бойынша бөлінетін болады: ЖАО қаржыландыруға 100 млрд теңге, АӨК қаржыландыруға 100 млрд теңге.
Алматы облысының әкімі Амандық Баталов хабарлағандай, пандемия кезінде Жұмыспен қамтудың жол картасын уақтылы жүзеге асыру жұмыссыздықтың өсуіне жол бермей, облыс тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған көптеген мәселені шешуге мүмкіндік берді. 82 жоба ауылдық жерлерде іске асырылды.
Алматы облысының 2021 жылға арналған қаржыландыру лимиті 31,8 млрд теңгені құрайды, оның ішінде 8 инфрақұрылымдық жобаны іске асыруға 13,1 млрд теңге, АӨК жобаларын кредиттеуге 14,3 млрд теңге және бизнесті қолдауға 2,4 млрд теңге көзделген. Бүгінде 7 мектептің құрылысына жер телімдері бөлінді, мемлекеттік сатып алу конкурстары өткізілді, мердігерлік келісімшарттар жасалды. «Агроөнеркәсіптік кешенде биыл 29 млрд теңге сомасына 24 жобаны іске қосу жоспарланған. «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ арқылы жеңілдікті несиелендіру оларды іске асыру үшін жақсы қолдау болады», деді А.Баталов.
Қазіргі уақытта 18,8 млрд теңге сомасына 9 жоба қаралуда, оның 14,3 млрд теңгесі ЖҚЖК бағдарламасы бойынша берілетін болады. Шағын несиелендіруді іске асыру үшін «Атамекен» ҰКП және «Жетісу» ӘКК бірлесіп, шағын қаржы ұйымын құрды, сол арқылы 480-нен астам жоба қаржыландырылып, 550-ге жуық тұрақты жұмыс орны құрылмақ. Барлық ұйымдастыру мәселесі шешілді. Жалпы, бағдарлама аясында 500-ден астам жобаны жүзеге асыру және қосымша 2,8 мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын құру жоспарлануда.
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың айтуынша, өңірде Жұмыспен қамтудың жол картасы іске асырылуда, соның нәтижесінде өткен жылы 6 893 жаңа жұмыс орны құрылып 36 млрд теңгеге 360 жоба жүзеге асырылды. Бұл қаражат 5 әлеуметтік нысанды салуға, 143 әлеуметтік маңызы бар нысанды жөндеуге, сондай-ақ 50 ауылды абаттандыруға жұмсалған. Әкімнің айтуынша, 2020 жылғы жобалар тұрғындардың жалақы түрінде 2,7 млрд теңге табыс алуына, отандық өнім шығарушыларға 29 млрд теңгеге қолдау көрсетуге және 3,6 млрд теңгеге бюджеттің кіріс бөлігін толтыруға мүмкіндік берді.
Биыл 3,9 млрд теңге сомасына 12 жоба іске асырылады. Қаржының 75%-ы әлеуметтік нысандарды, 25%-ы инженерлік инфрақұрылымдарды салуға жұмсалады. «1 млрд теңге көлемінде кредит беру үшін 250 адамнан пул айқындалды. «Атамекен Қызылжар» шағын қаржы ұйымы құрылды. Орташа несие мөлшері – 4 млн теңге. Қарызға алынған қаражаттың 80%-ы ауыл шаруашылығы саласындағы бастамаларды қолдауға; 20%-ы қызмет көрсету саласын дамытуға жұмсалатын болады. 500 жаңа жұмыс орны құрылады», деді Қ. Ақсақалов.
Сонымен қатар өңірде 1,1 млрд теңгеге 2 сүт фермасын салу көзделген. Бизнеске қолдау көрсетуге 720 млн теңге жұмсалатын болады. «Жалпы, өңірде барлығы 1,5 мың жаңа жұмыс орны ашылып, бюджетке 600 млн теңге салық құйылмақ», деп нақтылады облыс басшысы.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов 2020 жылы Шымкент қаласы бойынша Жұмыспен қамтудың жол картасы шеңберінде 44,7 млрд теңге бөлініп, 239 жоба іске асырылғанын хабарлады. Нәтижесінде, өңірде 8 753 жұмыс орны ашылып, 634 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар тозығы жеткен 15 білім мекемесінің ғимараты күрделі жөндеуден өткізілген. Үш ауысымда оқытуды жою мақсатында екі мектептің жанынан қосымша 300 орындық оқу корпусы салынды. 9 мектепте спорт алаңы жасақталған.
М.Әйтеновтің сөзінше, бұдан басқа, 27 мыңға жуық адам сапалы ауыз сумен қамтылған. Кәрізбен қамтылған тұрғындар саны 12 мың адамға артып, қамтылу көрсеткіші 50,2%-ға дейін өскен. Ұзындығы 10 шақырымды құрайтын, 369 гектар жерді сумен қамтамасыз ететін «Өтеміс» каналының арнасы және 109 автомобиль жолы жөндеуден өткізілді. 106 көпқабатты тұрғын үйдің аулалары абаттандырылып, балалар ойын алаңы орнатылды. «2021 жылы Шымкент қаласы бойынша жалпы 33 мыңнан астам адамды, оның ішінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы» шеңберінде 1,5 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Осы мақсатта 14,1 млрд теңге бөлінеді деп күтілуде», деді М.Әйтенов.
Биыл бағдарлама 5,5 млрд теңгеге 13 нысанның құрылысын жүргізу; 1,5 млрд теңгеге микрокредиттер беру; 7,1 млрд теңгеге бизнес субъектілеріне қолдау көрсету секілді 3 бағыт бойынша іске асырылатын болады. «Нәтижесінде, 6,5 мың адам таза сумен және 17,6 мың адам электр жүйелерімен қамтылып, 392 жұмыс орны құрылатын болады», деп нақтылады әкім.
Тұрақты жұмыс орындарын құру – басты назарда
Мәселені Үкімет басшысы Асқар Мамин қорытындылады. «Жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыру жұмыс орындарымен қамтамасыз ету және халықтың әл-ауқатын жақсарту бойынша өзінің жоғары тиімділігін көрсетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Жұмыспен қамтудың жол картасының 2021 жылға арналған бағдарламасын кеңейтуді қоса алғанда, кешенді шаралар қабылданды», деді А.Мамин.
Премьер-Министр биыл ЖҚЖК орындау аясында инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру, кәсіпкерлік пен аграрлық секторды дамыту арқылы тұрақты жұмыс орындарын құруға ерекше назар аударылатынын атап өтті.
Өңірлерде жолдарды, медициналық және білім беру ұйымдарын салуға және жөндеуге 127,5 млрд теңге бағытталып, инфрақұрылымдық жобалар іске асырылатын болады. «Атамекен» ҰКП мен әкімдіктердің қатысуымен микроқаржы ұйымдары арқылы 22,5 млрд теңге сомасына бизнес-жобаларды қаржыландыру жоспарлануда. Өңірлерде кәсіпкерлікті дамытуға 50 млрд теңге бағытталады. Агроөнеркәсіптік кешеннің инвестициялық жобаларын қаржыландыруға «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ арқылы 100 млрд теңге бөлу жоспарлануда. «Жалпы, Жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыруға биыл 300 млрд теңге бөлінді, 35,6 мың жұмыс орны, оның ішінде 20 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылады», деді А.Мамин.
Үкімет басшысы Жұмыспен қамтудың жол картасының барлық бағыттарын сапалы әрі уақтылы іске асыруды, сондай-ақ инвестициялық жобаларды қаржыландыруды қамтамасыз етуді тапсырды. Ауыл шаруашылығы министрлігіне Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен, сондай-ақ басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, ауыл шаруашылығы жобаларын қаржыландыру жөніндегі іс-шаралардың тиімділігін бағалау өлшемдерін әзірлеу тапсырылды.
«Тұрақты жұмыс орындарын құруды ерекше бақылауда ұстау керек», деп атап өтті А.Мамин.