• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қоғам 27 Мамыр, 2021

Жұмыла атқарған жұмыс аз емес

264 рет
көрсетілді

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева онлайн-форматта халыққа есеп беру кездесуін өткізіп, жүзеге асырылған жобалар, бір жыл көлемінде атқарылған жұмыстар мен министрліктің негізгі міндеттері туралы баяндады.

Алдын алу шаралары қабылданды

– Халқымызда «Кеңесіп іс басқару – келелі елдің белгісі, жұмыла жұмыс атқару – өрелі елдің белгісі» деген даналық бар. Бұл, әсіресе, идеология саласына жауапты біздің ведомство үшін ерекше мәнге ие. Өздері­ңіз білетіндей, өткен 2020 жыл бұқаралық ақпарат құралдары үшін өте қиын болды. Олар жарнамадан түсетін кірістердің шектелуі мен болма­уына байланысты үлкен қаржылық қиын­дықтарға тап болды. Сондықтан бірінші кезекте біз дағдарыстың салдарын жою бойынша жүйелі жұмысқа кірістік. Президенттің тапсырмасымен және Үкіметтің қолдауымен мемлекет теңдессіз көмек көрсетті. Соның арқасында көптеген жекеменшік БАҚ өз жұмысын жалғастыруға мүм­кін­дік алды, – деді Аида Балаева.

Ведомство басшысының айтуынша, 2020 жылы мемлекеттік ақпараттық саясатты іске асыру 88 БАҚ арқылы сәтті жүзеге асырылды. Олардың күшімен COVID-2019-ға қарсы іс-қимыл және вирусты таратпау жөніндегі шараларды ақпараттық түсінді­ру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. 250-ден астам бейнебаян шығарылды. «Ел арна» жә­не «Балапан» телеарналары­ның эфирінде «онлайн сабақтар» трансляциясы қамтамасыз етілді, бұл қазақстандық балаларға инфекция жұқтыру қаупінсіз, әрі үз­діксіз білім алуға мүмкіндік берді.

– Пандемияның алғашқы күн­дерінен бастап, елімізде «coronavirus2020.kz» порталы іске қосылды. Осы сайттың «Telegram-арнасы» ашылды. Ол елдің 240 мыңнан астам жа­зы­лушысы бар ең танымал Телеграмм-арналарының біріне айналды. Пандемиямен байла­нысты жаппай таралатын фейктерге қарсы іс-қимыл мақсатын­да 2020 жылғы шілдеде «stopfake.kz» сайты іске қосылды, ол құрыл­ған сәттен бастап, 1 263 жалған ақпарат теріске шығарылды, – деді министр.

Озық жұмыс істеу. Ақпарат және қоғамдық даму министрі халық алдында есеп беру барысында бүгінгі ақпараттық ғасырдағы осы бір қызмет принципіне тоқталды. Оның айтуынша, бұл саланың перспективалық даму мәселелеріне ғана емес, туындаған проблемаларды күнделікті шешуге де қатысты.

– Сондықтан өзекті және жұ­мысқа қабілетті нормативтік-құ­қықтық негізсіз қазіргі заманғы әлемдік ақпараттық кеңістіктен тыс қалу қаупі бар екені анық. Осыған байланысты біз кейбір алдын алу шараларын қабылда­дық. Біріншіден, 2020 жылғы 30 желтоқсанда «Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат мәселелері бо­йынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң қа­­был­данды, ол мемлекеттік ақпа­раттық тапсырыстың тиім­ділігін ғана емес, сонымен қа­тар БАҚ-тың коммерциялық мүм­­кін­діктерін де арттыруға жағ­дай жасайды. Екіншіден, са­ла­­ның жүйелі проблемаларын, оның ішінде «Бұқаралық ком­му­никация құралдары туралы» Заңды жетілдіру жолымен ше­шу жөніндегі шаралар ке­шенін көздейтін ақпарат сала­сын да­мытудың 2020-2022 жылдарға арналған Ұлттық жоспары бе­кі­тілді. Үшіншіден, саланың кадр­лық әлеуетінің кәсіби дең­гейін арттыру саласында жүйелі жұмыс басталды. «2020-2021 жылдарға арналған медиа саласы маманда­рын оқыту жөніндегі арнайы жос­­пар» әзір­ленді. Ең алдымен, бұл са­лалық журналистикаға қа­тысты, – деді Аида Балаева.

 

Ірі басылымдар бір шаңырақ астына біріктіріледі

Еліміздің басты ақпараттық ресурстарын оңтайландыру мен жаңғыртуға тікелей әсер еткен жаңалықтар туралы айта келе, министр еліміздің ірі басы­лым­дары – «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» га­­зеттері бір шаңырақ астына бірік­тірілгендігін атап өтті. Бұ­ған қоса, жылдың соңына дейін мемлекеттік баспа басылымдары «Егемен Қазақстан» РГ» АҚ мен «Қазақ газеттері» ЖШС бірік­тіріліп, «Қазақ газеттері» бір­ыңғай брендімен жұмыс істейтін болады. Бұл шаралар мемлекеттік баспа басылымдарына жаңа бір­лескен жобаларды бірлесіп іске асыруға мүмкіндік береді. Осы жылдың тағы бір маңызды оқиғасы «Қазақ радиосының» ға­сырлық мерейтойы болмақ. Оның құрметіне еліміздің жетекші жо­ғары оқу орындарында аудитория ашу және Орынбор қала­сында ескерт­кіш тақта орнату көзделген.

– Ең бастысы – 2021 жыл­дың соңына дейін шекара ма­ңын­дағы аймақтарда 107 радио­таратқыш орнатылады. Нә­ти­жесінде, 630 мыңнан астам адам тұратын Түркістан, Жам­был және Шығыс Қазақстан облыс­тарының шекара маңын­да­ғы аумақтарының 400-ден ас­там ауылы «Qazaq radiosy» және «Шал­қар» радиосының  хабарларын тыңдау мүмкіндігіне ие болады. Ал жалпы, Жол картасын іске асыру нәтижесінде 2025 жылға қарай радиобағдарламалармен шекара маңындағы өңірлерде тұратын халықтың 95%-ына де­йіні қамтылатын болады, – деді Аида Балаева.

Министр Мемлекет басшы­сының ақпараттық контентті идео­логиялық толықтыру жө­ніндегі тапсырмаларының орындалу барысымен таныс­тырды. «Отандық телеарналар тарихи бағыттағы сериалдық өнімдерді шығару бойынша жұ­мысты бастады, бұл аталған та­қырып­тың үлесін 30%-ға арт­тыруға мүм­кіндік береді. Со­нымен қатар 2020 жылдың 1 мау­­сымынан бас­тап «Qazaqstan» РТРК» АҚ құ­рамындағы «Аbai TV» телеарнасында хабар тарату ұйым­дас­тырылды. «Балапан» теле­арнасындағы жоба – Жапония мен Оңтүстік Корея шеберлері кәсіби оқыту жүргізетін ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған анимациялық мектеп алғаш рет іске қосылғанын атап өткім келеді», деді Аида Балаева. Сондай-ақ, министр еліміздегі ақпаратқа қол жеткізу мәселесіне де тоқталды.

– Мемлекет басшысы өз Жол­да­уында бұл мәселеге ерекше назар аударғаны кездейсоқ емес. «Ақ­паратқа қол жеткізу туралы» Заң қабылданған сәттен бастап оған тұжырымдамалық өзгеріс­тер енгізілмеген. Осыған байла­- нысты, қажетті түзетулер топтамасы әзірленді, оған Президент 2020 жылғы 30 желтоқсанда қол қойды. Осылайша, бұдан былай барлық мемлекеттік органдар ақ­паратқа қолжеткізу мәселелері бойынша уәкілетті тұлғалар немесе бөлімшелер айқындалды. Биыл Үкімет Мемлекет басшысына алғаш рет ақпаратқа қолжеткізу саласының жай-күйі туралы есеп беретін болады. Ақпарат иеленушілердің тізбесі кеңей­тілді, олардың қатарына орталық және жергілікті атқарушы орган­дардың функ­цияларын орындаушылар жатқы­зылды. Мемлекеттік органдар үшін нор­ма­тивтік құ­қық­тық актілер мен бюд­жеттік бағдар­ламалар жобаларын жария талқылаудың басталғаны туралы ақпараттық хабарламаларды, интернет-ресурстарын орналастыру бойынша талап енгізілді, – деді министр.

 

Жаңа сападағы қоғамдық сана

Ведомство басшысы азамат­тық қоғамды дамыту мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде елімізде заңды түрде тіркелген 22 мыңнан астам ҮЕҰ бар. Ал іс жүзінде 16 мың белсенді ұйым немесе әлеуметтік әділеттілік сезімі ерекше 40 мыңға жуық адам бар. Бұл орасан зор қоғамдық әлеует, зияткерлік күш пен қуатты қарапайым аза­маттардың пайдасына, ал, сайып келгенде, әлеуметтік прогрестің игілігіне айналдыруға болады және айналдыру керек.

– Мемлекет жыл сайын ҮЕҰ-мен серіктестікті арттырып келеді. Бұл ретте мұның бәрі жергілікті ортада қабылданғандай, гранттар мен әлеуметтік тапсырыстар түрінде қаржылық қолдауға ғана байланысты емес. Мемлекет­тік әлеуметтік тапсырысты қар­жыландыру көлемі соңғы 5 жылда 2 есеге, гранттар 3 есеге артты. Осының арқасында жыл сайын орта есеппен 2 мыңға жуық әлеуметтік маңызы бар жоба жүзеге асырылады. Біздің басты мақсатымыз – азаматтық бастамаларды толыққанды іске асыру және ҮЕҰ-ның өзін-өзі дамыту үшін өркениетті жағдай жасау, – деді Аида Балаева.

Онлайн кездесу барысында министр орталық мемлекеттік орган құзырындағы тағы бір маңызды идеологиялық бағыт – қоғамдық сананы жаңғырту екендігін айтты. Әрине, руханият бағытындағы жұмыстың нәтижесі бірден көрінбейтіні бел­гілі. Оның ішінде қоғамдық сананы жаңғырту үлкен еңбекті, ұзақ мерзімді талап етеді.

– Дегенмен қол жеткізген нәтижелер жоқ емес. Тұңғыш Президент – Елбасымыздың тарихи мақаласынан бастау алған бағдарлама бойынша бүгінде 17 арнайы жоба жүзеге асырылып жатыр. Жыл басынан бері 3 миллионнан астам тұрғынды қамтыған 13 мыңнан артық іс-шара өткізілді. Әр жобаның өз орны мен аудиториясы бар. Дегенмен солардың арасында «Туған жер», «100 жаңа есім», «Киелі Қазақстан», «100 жаңа оқулық», «Еңбек – елдің мұраты», «Үнем – қоғам қуаты» жобаларын ерекше атауға болады. Бағдарламаның басты мақсаты – жаңа сападағы қоғамдық сана қалыптастыру. Бұл ретте, биылдан бастап «Рухани жаңғыру» бағдарламасын – Ұлттық жаңғыру кезеңіне өткізу қолға алын­ды. Бағдарламаны халықтың жас ерекше­ліктеріне сай топтап, әр мақсатты топ үшін арнайы жобалар әзірленеді. Оның ішінде, әсіресе, мектепке дейінгі және мектеп жасындағы буынға басты көңіл бөлінетін болады, – деді Аида Балаева.

Сондай-ақ есепті кездесу барысында министр волон­тер­лер­дің қызметі мен қайырым­ды­лық, жастар және отбасы сая­саты, этносаралық қатынас­тар, қан­дастар, дін саласы мәсе­ле­леріне тоқталып, өз ойларын ортаға салып, қоғамды толған­ды­ра­тын өзекті сұрақтарға жа­уап берді.