• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Тәуелсіздік 27 Мамыр, 2021

Тәу етер Тәуелсіздігіміз

484 рет
көрсетілді

Балбырған бейтін күн, тамылжыған ты­ныш­тық. Басқа қызықтың бәрін былай қойып, осынау бір тамаша тіршілік үшін тірі болғың келеді. Осы мерейлі сәтті мәң­гі сақтап қалу үшін қып-қызыл қан емес, мөп-мөлдір моншақ тер төгуге кө­ңіл құштар. Егер, әлдеқалай тер емес, қан төгу қажет болса, оның өзін осындай шуақ­ты күндердің бетіне сызат түспеуі үшін ғана төгер едік. Заманды адамның, адам­ды заманның жаңғыртып, құбылтып жат­қан шағында азаттықтың ауасымен еркін ты­ныстап, ертеңгі ғұмырына қуанышпен қарайтын іргесі бекем мемлекетке айнал­дық. Азат­тыққа аңсап жеткен еліміз егемендіктің бесігінде еркін тербелуде. Ендігі бағы­тымыз жасампаз ұлт ретінде жарық әлемнің жазбасына жаңа тарихы­мызды енгізу.

Тап осы күні, таусылып сөйлей­тін­дерге таным бар. Титықтаған тылда тір­лік етіп, көрмекті көрген, бір қала мен бір қаланың арасын жалаң аяқ ба­ғын­­дыр­ған адамша тебіренеді. Мен білсем, азат­тықтың әр таңы ұлы. Сон­да маң­дайға біткен бағымызды қадірі­не жету үшін қанша уақыт керек. Еркін­дікке ма­сат­танған жаңа буынның дидарында бір немқұрайлылық бар секілді. Ол – жауап­кершіліктің жоқтығы. Яки, қарқыл­дап күліп, саңқылдап сөйлеп дағдыланған жаңа толқын кейбір дү­ниенің байыбына бара бермейтіндей көрінеді. Бұл сонау қаһарлы жылдарда тағдырға табанын қарытқан, қара судан басқа түгі жоқ қара қазанға ұзақ телмірген тәуелсіздікке дейінгі буын өкілдерінің әңгімесі.

Иә, осы мәнзелдес пікірлермен жиі ұшырасамыз. Өткен мен бүгіннің ой-санасындағы қайшылықтар қақтығысы дейміз-ау, алайда соғыстың азабын со­ғысқа бармай-ақ көрген үлкендердің біз­діңше ұяты биік, толғамы дұрыс. Баба­мыздың көргенін – атамыз, атамыз­дың көргенін – әкеміз, әкеміздің көргенін – біз айна-қатесіз басымыздан кешпесек те, заманның ауқыма қарап ой қорытуға, пәлсапа өрбітуге болады. Бейбіт күннің қазіргі жайнаған аспанын, мамыражай мынау күйін неге емірене жырламасқа.

Бүгінде шыны керек, мемлекет пен аза­­маттық қоғам, билік пен халық ара­сын­­дағы ықпалдастықты нығайтатын демократиялық өріс кеңейді. Кеңейе бермек. Соның нәтижесінде азамат – қоғам – мемлекет кескіндемесіндегі барлық бунақтың саяси жасампаздығына жаңа қарқын бітіп, көзқарастар өзгерді. Шынында, тәуелсіздік төбеден түспейді. Айтуға жеңіл болғанымен, салмағы ауыр сөз. Біздің жас мемлекетіміз жартасы көп, ағыны қатты тар бұғазбен алғаш алыс сапарға шыққан кеме сияқты. Тәубе, тұмсығымыз тасқа тимей, ілгері жылжып келеміз. Соны қамтамасыз ете алатындай сындарлы саяси ақыл табыл­ғанына, оны ұғып құптай алатын ұғым­тал халық барына шүкір. Алдағы құр­бан ұрпақтың зая тағдырының ащы тағылымы бекер кетпепті. Соны нәзік сезініп, жіті түсінер алғыр ұрпақ бар екен. Соның нәтижесінде кешегі кеңестік кеңістікте лапылдаған ұлтаралық жанжалдар ­мен саяси бейбастықтар өртінен аман шықтық.

Тарих толқынын артта қалдырған біздің кемеміз мәңгілік үміт жағалауы­на жақын қалды. Бұндай кезде жауап­кер­­шілік бұрынғыдан да арта түседі. Өйт­кені сын кезең әлі өткен жоқ, та­рих­­тың алдан қанша талқысы тосып тұр­­ғанын ешкім білмейді. Сонда қал­тыл­­дақ қайықтың кебіне түспес үшін тәуел­сіздік алғаннан бергі аз жыл ішінде жинақ­тал­ған тағылым мен тәжірибені жете ба­йып­тап, әділ бағалағанымыз абзал. Бұдан әрі қарай да тізгінімізді сол талай ты­ғы­рықтан аман алып өткен саяси реализм мен мемлекеттілігіміздің, демократия мен реформаның мүдделерін қорғаудағы азаматтық табандылықты сенімді һәм бекем ұстағанымыз дұрыс болары сөзсіз.

Енді, айналамызда болып жатқан қилы оқиғаларға көзапара қарайықшы. Көкте бір Құдайға, жерде бір өзіңе ғана сенім артып ғұмыр кешкен халқымыздың ымыраға бекуі қайран қалдырады. Бұйырған бақыттан татып, бұйырмыс ырзыққа бас салмай, сүйгізген ұрпағын сүйіп, өлшеулі ғұмырға пейіл болудан басқаның бәрі имансыздық санаған бабатаным жақсылыққа жолбасшы болып келеді. Оған «шүкір» демесімізге болмас. Көңілге медет қыларымыз тек бір бұл емес. Ең бастысы, жаңа ғасыр мен жаңа мыңжылдыққа егемен ел, тәуелсіз ұлт болып аттадық. Бұған жеткен де бар, жетпеген де бар. Өйтіп, біреуді кө­ріп шүкір етіп, біреуді көріп пікір ету үшін де өткенге ой, бүгінге көз жі­беру­ге тура келді. Ол үшін, ең алдымен, бір сұ­раққа іштей жауап беруіміз қа­жет. Әр­қай­сысымыз, жеке-жеке. «Бұл ме­рей­лі мезетке қалай жеттік?» деген сауал санаға үнемі төңкеріс әкеліп, күнде кө­ңіл түкпірінде ұялаған үлкен мақсатқа қоз­ғаушы күш болуы шарт. Сонда ғана тәуел­сіздіктің қуатын сезіне аламыз.

Әрине, өркениетті ел болған соң бос­тандықтың бозала таңында ақ боз ат­қа мініп, қыр басынан көрінген қызыр қуанышымызды құшқымыз келеді. Көк туымызды көтерген баба кейпі қашанда жүректе. Оның алдынан жүгіріп, аяғын құшуға бармыз. Үзеңгісіне жабысып, әке­ден балаға ауысып келе жатқан сағы­ны­шымызды басқымыз келеді. Ақ жол үстінд­егі бүгінгі буын адамгершілік пен азаматтық, жаңартушылық пен жасам­паздық әліппесін жетік меңгеріп, жемісті жүзеге асырарына сенеміз. Мұны жете ұғынып, терең түсініп отырған дана халқымыз бар. Азаттық қазақтың ежелгі арманы еді. Тарпаң да талайлы тарих­тың нешеме бұрылысында ел азаттығы үшін талай тарланның тақымы терден кеппе­ді. Ат үстінде өткен ғасырлар көп болды. Бостандық үшін күресте айрықша қылыш сермеп, бір адым жер үшін басын бәйгеге тіккен батырлар дүниеден өтті. Қаншамасы ұлт үшін ұрыс салып жүргенде қапы кетті. Әрине, бәрі бүгінде таусылмас аңызға айналды.

Бертінге дейін алып империяның тұсауында болдық. Алаш арыстарының темір тұсау адымын аштырмады. Жүйе жеп қойды. Одан кейін Желтоқсан оқи­ғасы жігер берді. Жаңа дәуірді аң­садық. Ақыры кеңес идеологиясының сағы сынды. Сол өлара кезеңде иперияның іргесі құлағанда қиын да күрделі өтке­лек­тердің бел ортасында жүріп өз тәуел­сіздігіміздің отын жақтық. Елба­сы­ның жанқияр әре­кеті айналып келгенде еліміздің пайда­сына шешілді. Кеңестік жүйенің ең нәзік, ең талма буы­ны болып есептелетін республиканың тәуелсіздену үдерісі ешқандай жай­басарлыққа бармай, шалыс қимылға ұрынбай, бейбіт пікірталас арқылы салиқалы да ұстамды бағыт таң­дағаны өзге елді елеңдетті. Одан арғы ре­­фор­малар сол бағдар шеңберінде са­быр­­­лы қолдарға ауысты. Сол себепті тә­уе­л­­­­сіз­дік турасында сөз қаузағанда Ел­­ба­сы­­ның ерен еңбегінен айналып кете алмаймыз.

Бұл жайында Елбасымыз: «Кеңес Ода­ғының күйреуі – жалпы империя атау­лының табиғатынан туындайтын заңды қоры­тынды. Әрине, әртүрлі жағдаят сәті­мен қабыса келгенде, Кеңес Одағының сон­дай мемлекет түрінде өмір сүруін ұзар­та түсуге де болар еді. Оған менің үлес қо­суым да мүмкін еді. Бірақ тарихтың өзін­дік даму заңдылықтары бар, сон­дықтан мен ол мемлекеттің тарар тұ­сын­­да өзіме ұсы­нылған қызметтерде жұмыс істеуге тура келмегенін тағдыр­дың маған жасалған жақсылығы деп біле­мін. Ең қиын, ең күрделі кезеңде бар қажыр-қайратым, бар білік-білімім Қазақ­станның мемлекеттік мүддесіне бағытталғанына разылық білдіремін», дейді тереңнен толғанып.

Шындап келгенде, жас егемендік пен қаз-қаз тұрып келе жатқан демократияға, әсіресе алғашқы онжылдықтар тым қиын соғады. Болжамдасақ, біріншіден, онымен байланысты қоғамды түбегейлі жаңарту – бір айдың ғана немесе бір жылдың ғана ісі емес. Екіншіден, мәсе­ленің мән-жайын бірден түсіну кім-кімге де оңай соқпайды, үшіншіден – осы уақыттың ішінде ұрпақтар ауыса­ды. Осының бәрі егемендік жо­лын­­дағы алғашқы баспалдақтар. Елбасы­ның: «Экономикаға қолайлы жағдай жасалуы үшін еліміздегі көп ұлтты жұрт­шылықтың тыныштығы үшін КСРО-ны қайта өзгертіп қалыптастыруға, оны шын мәніндегі егемен елдердің еркін одағы ретінде жаңаш қайтадан құруға әрекет ет­тік. Бұл сая­саттан біз ұттық. Себебі, еш­кім бізге ішімізде де, сыртымызда да айып таға алмады. Өз тәуелсіздігімізді дау-да­майсыз жарияладық» дейтіні де содан.

Мемлекет және қоғам қайраткері Сауытбек Абдрахманов Елбасы жайлы жазбасында: «Сіздің өз өміріңіз жайын­дағы сұхбат кітабыңыз қай жағынан қарағанда да пайдалы, қажетті боларына сенемін. Жасыратыны жоқ, хал­қы­мыздың бәрі біздей бүгінгі бейбіт, бақуат өмірдің қандайлық қиындықпен келгенін жетік біле береді, қадіріне толық жетеді деп айта алмасақ керек. Осының бәрі өзінен өзі келіп жатқандай, солай болуға тиістідей көретіндер кездеспейді емес. Айналасы жиырма шақты жылда біздің жағдайымызда Америкадай аршындап кету, Жапониядағыдай жайнай қалу мүмкін болмайтынын түсінбейтіндер де табылады. Бұл тұрғыдан қарағанда Сіздің өміріңіз жайындағы әңгіме ең алдымен жас оқырмандар үшін керек» деп айтыпты. Біздің мақаламыздың екін­ші абзацында айтқан ойымызға астар болған осы пікір еді. Тәуелсіздікті һәм тұлғаны қадірлеу.

Осыдан-ақ аңғаруымызға болады, еліміздің сан ғасырлық тарихында мақ­таныш тұтар, бүгінгіміз бен келе­шегіміз үшін ғибрат алар, кеудемізге қинал­ғанда үміт отын жағар оқиғалар көп бол­ғандығын. Расында, Отан алдын­дағы адал қызметінен үлгі алар ұлы тұл­ға­ларды аз еместігін. Қазақтың ұлт болып ұйысуы мен оның ұлан-ғайыр ата-қонысының қалыптасуын, ұлттық мем­лекеттігіміздің бастауын сызған, өзі отыр­ған тағы емес, билеп отырған хал­қы­ның бағын ойлаған алыптардың өмірі үлкен өнеге. Әсіресе жастар үшін, біз үшін.

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының қо­ры­тындысында: «Мемлекет пен ұлт құ­рыш­тан құйылып, қатып қалған дүние емес, үнемі дамып отыратын тірі ағза іспетті. Ол өмір сүру үшін заман ағымына саналы түрде бейім­делуге қабілетті болуы керек. Жаңа жаһан­дық үрдістер ешкімнен сұрамай, есік қақпастан бірден төрге озды. Сон­дықтан заманға сәйкес жаңғыру мін­деті барлық мемлекеттің алдында тұр. Сынаптай сырғыған уақыт ешкімді кү­тіп тұрмайды, жаңғыру да тарихтың өзі сияқты жалғаса беретін процесс. Екі дәуір түйіскен өліара шақта Қазақстанға тү­бе­гейлі жаңғыру және жаңа идеялар ар­қылы болашағын баянды ете түсудің тең­дессіз тарихи мүм­кіндігі беріліп отыр. Мен барша қазақ­стандықтар, әсіресе жас ұр­пақ жаңғыру жөніндегі осы­нау ұсы­ныс­тардың маңызын терең түсі­неді деп сенемін. Жаңа жағдайда жаң­ғыру­ға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуы­мыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбе­ген­дер тарихтың шаңына көмі­ліп қала береді», деп кеңінен толған­ды. Өте әсер­лі толғам. Қоғам рухани жігер­лен­бей, бабатанымды бойына сіңірмей еркін өмір сүре алмайды. Ешқашанда.

Мынаны ұмытпайықшы, ата-баба­лары­мыздың халқымызға тән өзін­дік шаруашылық жүргізу жүйесін қа­лып­тас­тырды. Таңғажайып этно­мә­дени үлгілерін жасау арқылы әлем­дік өрк­ениетке қосқан үлесі мол. Батыр­лары­мыздың жер мен ел тәуелсіздігін, ата-қоныс тұтастығын сыртқы һәм ішкі жау­лардан қорғағаны ұрпаққа рухани дәрумен. Жау қолына тойтарыс берген хандар мен оларға ел мен мемле­кет тұр­ғысынан ақыл-кеңес берген, кем­шілікті айта білген ұлы билер дәстүрлері де жанға азық.

Осыншама, кең жерді нәсіп еткен Тәңірге тәубе! Ұшқан құстың қанаты талатын осынау ұлан-ғайыр Алтай мен Атырау аралығын ата-бабаларымыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшы­мен қорғап келгені ел жадынан өшпек емес. Ендігі міндет сол жерді сақтап қалу. Қазынамызды келешек қамы үшін қадір­леп, берекемізді бұзбау. Сағыт са­йын сан құбылған дүниенің тілін табу үшін тәуелсіздігімізді қадірлей білуіміз шарт. Кешегі бабалар аңсаған арман бүгінгі ұрпақтың басты мұраты. Егемендік – ел бесігі, ал сол бесікті тербететін сіз бен біз.