• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Өнер 27 Мамыр, 2021

Сыйынушының қолы

576 рет
көрсетілді

Бұл жай қолдар емес, құдайшыл қолдар. Алақанын бір-біріне қабыстырған пенденің Тәңірмен тілдескен сәті. Шынайы сенім. Әйгілі картина ренессанс дәуірінің көрнекті шебері Альбрехт Дюрердің ең танымал туындыларының бірі.

«Сыйынушының қолы» картинасы – Дюрердің Маттиас Грюневальдпен бірлесе жазған атақты доминикандық монастыр триптихіне дайындық барысында, яки жаттығу ретінде жазған дүниесі. Әйтсе де туынды өзі күтпеген жетістікке жетті. Шабыт үстінде автор жалбарынған адамның қолдарын және картинаға жан бітірген барлық нобайларды керемет өнер туындысына айналдырады. Бұл оның өз қолы еді.

Альбрехт Дюрер үшін қолды анатомиялық дәлдікпен бейнелеу ма­ңызды болды. Шебер «модель» ретінде сол қолын алған... Иә, бұл оның сол қолы. Суретте шебердің бір қолын ғана толық көреміз, ал оң қолы айна арқылы берілген. Зерттеушілердің айтуынша, кар­тинадағы кескін Альбрехттің ағасының қолдары болуы мүмкін. Бүгін­де әртүрлі болжам айтылады.

Картинаның толық нұсқасында қолдардан басқа, үлкен парақта намаз оқыған мүридтің басы да салынған болатын. Кейінірек сурет әлдебір себептермен екіге бөлінеді. Автор өзінің барлық «жаттығу сызбаларын» қандай да бір парақ түрінде сақтап, кейіннен өңделген элементтерді басқа картиналарда қолданған.

«Сыйынушының қолы» – А.Дю­рердің шығармашылығының ең танымал мотиві. Сурет көптеген ре­про­дукцияға ие болып қана қоймай, тіпті мүсіндік формада, сондай-ақ ша­ғын рельефтер түрінде АҚШ-та кең таралған.

Сурет көркемдік құндылығымен қатар, дұға етудің, көңіл айтудың және жалпы діни қатынастың символы ретінде үлкен табынушылық мәнге ие. Сонысымен құнды һәм ерекше.

Автор лаконикалық суретті көк түсті қағазға жазып, оны ақ және сұр бояу­мен сырлаған. Әйтсе де одан туын­дының мәдени һәм діни мағынасы өз­гермейді. Мұнда қартайған адамның әжімдері мен тамырлары көзге оттай басылады. Белгілі бір сипаттағы динамикада боялған қолдар оқырманның таңданысын тудырады. Сондықтан бұл суретті әлемдік мұраның маңызды шығармалары қатарына қосуға болады.