• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 27 Мамыр, 2021

Төр Алтайдағы төте жол ашыла ма?

1779 рет
көрсетілді

Есімде, жаздың күні ауылдың бас жағын шаңға бөктіріп сонау Моңғолиядан «скотимпорт» Семейге мал айдап өтетін. Мыңғырған малды Жазатырға жеткізіп, одан Шындығатай түсетін... 

Шындығатайымыз түу түк­пір қазір. Қорықшы мен қой­шыдан басқа тұрақтап қалған тірі пенде жоқ. Жоқ деймін, өзен­­нің арғы жағасындағы зас­та­вада сарбаздар шекара­ны күзетеді. Шекара міне ғана, аңғардағы соқпақпен өзен­ді бойлай тіке тартсаң, Ресей­ге тұмсығың тіреледі. Екі ел­ді бөліп жатқан сызық бол­маса, одан әрі Моңғолия сек­сен-ақ ша­­қырым. Төр Алтай­дың қос қап­­талын қатар жайла­ған ауыл­дардың тіршілігі тоқ­саныншы жылдарға дейін қазандай қайнап жатқан-ды. Қазір ғой, жарығы көмескіленіп барады.

Жоқ, бұл кеңестік кезеңді көк­сеу емес, шекара шебі иен қала ма деген алаң­даушылық қана. Қазір ел бұрын­ғыдай үйі са­тыл­ғанша ауыл­да отырмайды, есі­гіне қара құ­лыпты іледі-дағы көше бере­ді. Шығыстың ше­кара­­сын­дағы бес ауданның әлеу­­­меттік-экономикалық ахуалын арттыру үшін қазынадан қар­жы құйылып-ақ жатыр. Бірақ бұған бола ауылда жастар тұрақ­тай ма?! Күрмеуі қиын сұрақ. Ал Шындығатайдың тұсы­­­нан Ре­сей­мен екі орта­дағы шекара ашылса, катон­қа­ра­ғайлықтардың ғана емес, шы­ғыс­тың шекарасында жатқан ауда­н­дардың тамырына қан жүгірер ме еді?!

Бұл әңгіме ел арасында оқтын-оқтын айтылып қалғаны болмаса, осыған дейін көтерілмеген мәселе. Әйтпесе, үш елге де тиімді тұстары бар. Алтайдың табиғатын көруге ынтық Ресей мен Моң­ғолияның халқы Шемонайханы шыр айналмай, төтесінен топ ете қалар еді. Айналма жолдың өзін алыссынбай, Катон­қарағай, Марқакөл, Алакөлді аралап жүретін ресейлік туристер қаншама?! Ал төте жол ашылса, саяхатшылардың ағыны одан сайын артады. Жергілікті халық қабылдап үлгерсе болғаны. Бірі үйін жалға берсін, енді бірі атқа мінгізіп, тау-тасын аралатсын... Еңбек етем деген адамға жұмыс жетеді. Екі ортаға жол түссе, бә­сеңдеп қалған тіршілік құмырсқаның илеуіндей жанданбай ма?! Сонда ғана қаланы бетке алған көш бәсеңдеп, Жер-ананың берген ырыздығынан нәпақа тауып отырар еді.

Мұзтаудың жолы – Қазақстанда

Иә, мақтанамыз. Катонқарағайды Швей­царияға, Алакөлді Анталияға те­ңей­міз. Ортада Байқалдай болып Зай­саның, мөлдіреп Марқакөлің жатыр. Таби­ғатымыз ұқсас шығар, ал әлеуетіміз ше?!

Соңғы жылдары көп ел шығыстан шықпайды. Оларға бағыт-бағдар беріп, барам деген жеріне жеткізіп жүрген жас­тар да жоқ емес. Солардың бірі – Мұз­тау­дың ұшар басына жол бастаушы катон­қарағайлық Вячеслав Орлов. Қазақ­стандағы ғана емес, шетелдік туризм саласынан да хабары бар В.Орловтың айтуын­ша, Мұзтау деп келетін туристердің көбі – ресейліктер.

– Ресейден төте жол ашылса, үш мемлекетке де тиімді. Себебі Шығысқа қатынайтын туристердің көбі Ресейде. Мысалы, Ресейден Мұзтауға 800-1000 адамға дейін келеді. Өйткені екі елдің шекара сызығында жатқан Мұзтаудың ұшар басына Қазақстанның территория­сы арқылы 10 күнде шықсаңыз, Ресей аумағында 14-15 күн уақыт кетеді. Қар тө­сеніп, мұз жастанып жүрген альпинист үшін әр минут қымбат. Сондай-ақ біздің жақта қызмет көрсету сапасы жақсы. Егер шекара ашылып жатса, абыр-сабыр, алыс-беріс артады. Жергілікті ел жұмыс тауып, жайлы өмір сүре бастауына сеп болады. Демек көшу тежеледі. Біз де өз тарапымыздан қызмет көрсетудің сапасын арттырып жатырмыз. Көккөлге спутникті интернет тартуды да ойластырып қойдық. Пандемиядан кейін ресейлік фирмалар бізбен жұмыс істеуге ниет білдіріп отыр, – дейді Altay Pro туристік фирмасының жетекшісі Вячеслав Орлов.

Орловтың ойын әркім өзінше салмақ­тайды әлбетте. Таяқтың екі ұшы бар де­мек­ші, шекара ашылып, елдің әл-ауқаты артты делік. Алайда адам аяғы баса бер­мей­тін табиғатқа көптің табаны тиіп жатса, ертеңі не болар деген күпті сұрақ та бар. Бірақ Катонқарағайды жиі телитін Швей­царияның әр пұшпағына дейін асфальт емес пе? Табиғаты құлпырып тұр­ғаны болмаса, құрып бара жатыр дегенді естімедік...

Туризмнің дамуына серпін береді

Шекара ашыла қалса, Моңғолия мен Ресейдің саяхатшылары Алтайды аралап, ескі Аустрия жолымен Марқакөл түсер еді. Одан Зайсан көлін жағалап, Марс планетасына ұқсас Қиын Керішті қызықтайды. Өскемен – Талдықорған бағытындағы күре жолдың құрылысы аяқталса, Алакөлдің шипалы суына шомылып қайтуға болады. Міне, шығыс шеңбері деген осы. Туристер легі артса, ауыл тұрғындарының әл-ауқаты әлбетте жақсарады. Бүгіннің өзінде ауыл туризмі мықтап қолға алына бастады. Жергілікті тұрғындар кәсіп көзін сезініп, арнайы курстардан өтеді. Қаржылай грант алып, өз үйлерін қонақүй ретінде жалға беруге ниет білдіріп отырғандар да жетерлік. Сонымен қатар алдағы уақытта эко-қоныстану, этнотуризм сынды бағыттары қолға алынады.

Айтқандай, этнотуризм Моңғолияда көшілгері. Ілгері болатындығы, ат тө­беліндей қазақтардың құс салып, дәстүрлі түрде бүркітшілер тойын өткі­зуінде. Сол тойды көру үшін жыл сайын туристердің ағылып жатқанын білеміз. Өткен жылдары бүркіт көтерген қазақтың шынашақтай қызы Айшолпан әлемнің назарын өзіне аударды емес пе?! Әрине, шетелдіктер Моңғолияға Күлтегін, Тоныкөк, Білге қағандардың жазба ескерткішін көруге де ат басын бұрады. Егер төтесінен шекара ашылса, Моңғолияға табан тіреген ел іргесіндегі Қазақстанға да соға кетуі мүмкін. Туризмі дамыған моңғол елінің белгілі туристік операторы Амангүл Сәкей де Ресейдің Алтай өлкесі мен Катон­қара­ғайдың екі ортасындағы шекараның ашылуы туризмнің дамуына серпін беретіндігін айтады.

– Моңғолияның Алтай өлкесінде жүр­гізген саяхаттарымды Қазақстанның Алтайында да жүзеге асырып жатырмыз. Шырайлы шығысқа, Катонқарағайға алғаш экотуризмді апарғаныма шүкір айтамын. Шетте жүрсем де, қазақ елі танылсын, туристер тартылсын деген мақсатта еңбек етіп келемін. Моңғолиядан Ресейдің мыңдаған шақырымын басып өтіп, Қазақстанның шығысына саяхатшыларды апарып жүрміз. «Жол азабын жүрген біледі» дейді ғой. Кәсібім жолмен, Төр Алтаймен тікелей байланысты. Егер төтесінен шекара бекеті орнаса, Моңғолиядан баратын қонақтар саны әлдеқайда артады. Кезінде Моңғолияның батысы қазақ елімен жалғасып жатқандай еді. Сонда той-томалағымызға, өлім-жі­тімімізге атпен-ақ қатынай беретін, – дейді туризм саласында ұзақ жылдар еңбек етіп келе жатқан Амангүл Сәкей.

Үкөктегі үзілген жол жалғанса екен...

Рас-ау, алда-жалда Шындығатай тұ­сындағы соқпаққа қайта із салатын болсақ, Баян-Өлгей қазақтары үшін де сүйіншілі жаңалық болмақ. Әлбетте, шекара ашу – ауланың есігін ашу емес. Жан-жақты таразыланып барып, жүзеге асады. Экономикалық жағынан тиімді-тиімсіз тұстары есептеледі. Оның бәрін жергілікті халық білмей отырған жоқ. Десе де, шекарадағы елдің тұрақтауына сеп бола ма деген үміт бар. Халықаралық дәрежедегі бұл ұсынысты шығыстың азаматтары қуана қолдап қолдап отыр.

– 1989 жылы Үкөк үстіртінен «Үкөк ханшайымы» табылып, ол өңір «Тыныштық аймағы» мәртебесін алды. Сөйтіп, ға­сырлар бойы сайрап жатқан Моңғолия-Қазақстан елі арасындағы дәліз жабылды. 2016 жылы «Ер Жәнібек» халықаралық қорының мұрындық болуымен Моңғолия, Ресей, Қазақстан, Қытай қазақтарының кездесуі болды. Сонда Моңғолияның Ұлы Құрылтай мүшесі, Баян-Өлгей аймағының Ұланбатыр қаласындағы Жерлестер кеңе­сінің төрағасы Бәкей Ағыпарұлы Моң­ғолия мен Қазақстан арасындағы Ресей аумағы арқылы өтетін төте жол салу Ресей басшыларының шешіміне тіре­ліп тұрғанын айтқан еді. Егер жол ашылса, Баян-Өлгей қазақтарының ширек ғасырда үзіліп қалған байланысы қайта жанданатындығын алға тартқан, – дейді Катонқарағай өлкетану музейінің бұрынғы директоры Оралғазы Қажаев.

Катонқарағай аудандық мәслихатының хатшысы Дүйсен Бралиновтің пікірінше, шығыстың, Катонқарағайдың туристік әлеуеті жылдан-жылға өсіп келеді. Ал­тай Республикасында да туризм саласы айтарлықтай дамыған. Моңғолия мемле­кетінің өзінде 500-ге жуық тіркелген туристік компания бар екен.

– Катонқарағайдың тұрғындары Қос­ағаш­тағы немесе Баян-Өлгей аймағын­дағы туыстарына бару үшін Шемонайхадағы кеденнен өтіп, Шүй трактісі арқылы 1700 шақырымнан астам жол жүреді. Егер Үкөк үстіртімен жол ашылса, Қос­ағашқа жол 1,5 мың шақырымға қыс­қарар еді. Тағы бір айта кетерлігі, дүние жүзінің туризмі қарыштап дамыған заманда Шындығатайдың тұсынан Үкөк үстіртіндегі жолды туристік бағытта ашса, бәрімізге тиімді болар еді, Алтайдың қайталанбас табиғаты осыған сұранып-ақ тұр, – деп өз ойын жеткізді Д.Бралинов.

Бұрынғыдай мыңғыртып Семейге мал айдамаса да, жатқан жолға із түссе, халықаралық туристік брендке айналары сөзсіз.

– Ең бастысы, Ресей Федерациясына Үкөк арқылы бұрыннан бар жолды ашса, екі ел достығының белгісіндей болар еді. Әсіресе Алтай Республикасының бюджетіне мол қаржы құйылады. Осыны алтайлық ағайындарға дәлелдеген абзал. Ал біздің қандастарымыз қолсозым жерде тұрып, 2 мың шақырым айналып, шаршап-шалдықпас еді. Мыңдаған шақырымға созылған «Бір белдеу, бір жол» жобасы жүзеге асып жатқанда, 40-50 шақырымдық қасқа жолдан өте алмай отырғанымыз қалай?! Менің ойым­ша, әрі туыс, әрі көрші, әрі дос Ресей Федерациясына айтып, қасқа жолды ашуға болады деп ойлаймын. Хан Алтайдың қасқа жолы ашылса, менен сүйінші сұраңдар, – дейді Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің директоры Тұрсын Шаңбай.

Бүгінгі таңда Баян-Өлгей аймақтық азаматтар өкілдері басқармасының және Моңғол Халық хуралының мүшесі, «Ешим» компаниясының директоры Мұрат Дәкейұлының сөзіне сүйенсек, Қазақ­стан Ресей жағымен келісіп, өзінің шекарасына дейінгі 80 шақырым жолды ашса, Моңғолия жол салуға дайын отырған көрінеді. «Көп біріксе ел болар,  көп тілегі көл болар» дегендей, сүйінші сұрасып жататын күн тусын.

 

Шығыс Қазақстан облысы