Бугиваль – Париждің батыс маңындағы шағын аудан ғана емес, импрессионизмнің бесігі. Сол дәуірдегі шығармашыл топты іздесеңіз, бірден бугивальдықтардан сұраңыз. Сізге тарихын тарқатып береді. Иә, XIX ғасыр – ойлы ғасыр. Әсіресе Пьер Огюст Ренуар үшін сәтті жылдардың шеруіне ұласты. Бірақ неге екенін білмеймін, париждіктер үшін осынау кескіндеме Иван Тургеневті еске түсіреді. Себебі сол жылы Францияның астанасында атақты ақын дүниеден озған болатын. Суреттің бір сиқыры сонда болса керек.
1883 жылы даңқты суретші Пьер Огюст Ренуар коллекционер әрі меценат Пол Дюран-Руэльден арнайы тапсырыс алады. Соның нәтижесінде, «Бугивальдағы би» картинасы дүниеге келеді. Тапсырыс беруші жалпы тақырып бойынша біріктірілген үш полотноның иесі болуды қалайды. Яки жұптық билердің үш сипатын көргісі келеді.
Тапсырыс түсе салысымен, шебер қызу жұмысқа кірісіп кетті. Алғашында ол ашық аспан астындағы бишілердің бірнеше жұбын бейнелейді. Артынан бишілер санын екі адамға дейін қысқартады. Десе де біз кенеп бетінен нақты бір жұпты және оларды қоршаған ортаны көреміз. Бірінші планда ерлі-зайыптылар – қалада, екіншісінде – қала маңында, ал үшіншісінде ауылда билейді. Содан ба картина көрерменді XIX ғасырға қайта ертіп апарады. Бугивальдағы би кеші париждіктер мен қала қонақтарының арасында өте танымал болған. Адамдар онда достарымен жайлы кафеде отыруға, ағаштардың көлеңкесінде таза ауамен тыныстауға және жаңа таныстар табуға келеді екен. Бугиваль өзінің керемет пейзаждарымен көптеген суретшіні, соның ішінде импрессионистерді ерекше қызықтырды.
Кенепте жас қыз бен орта жастағы ер адам бейнеленген. Қыздың киімі оның сұлулығына ерекше назар аудартады. Ақшыл қызғылт реңкті сәнді көйлек киген арудың бет-ажары аздап қызарып тұр. Екі кейіпкер бір-біріне әдемі үйлеседі. Таудан құлаған сарқырамадай көйлектің етегі толқынданып, қозғалысты жандандырып тұр. Бойжеткеннің басындағы қызыл бүршіктері бар гүл шоқтарымен безендірілген шляпа алыстан көзге түседі. Соған сай сері жігіт басына сабан түсті шляпа, үстіне қара костюм шалбар киген. Бас киім оқырмандардан бишінің бет-жүзін жауып тұр, тек сақал-мұрты ғана көрінеді. Егер өнер сыншылары қыздың шынайылығына күмәнмен қараса, Бугивальдың ең сұлу бикеші Сюзанна Валадонмен танысса болады. Ең қызығы, кескіндемедегі ер адамдар суретшінің өнердегі достары еді.
Сұңғыла суретшінің моделі Сюзанна Валадон кейінірек өзі де белгілі суретшіге айналады. Бертін келе рентгенография мен инфрақызыл рефлографияны қолдану арқылы жүргізілген зерттеулер нәтижесінде суретке бастапқыда тағы бір әйелдің сұлбасы сызылғаны белгілі болды. Оны көбісі Рейнуардың болашақ әйелі Алин Чариготаға ұқсатуда. Кім біледі? Бірақ суретші сұлулардан шабыт алғаны көрініп-ақ тұр.
Аталған картина түсінуге ұғынықты, жеңілдігімен әрі жайлылығымен ерекше. Би жұптары ашық аспан аясында жазғы кафе үстелдерінде отырған адамдардың фонында бейнеленген. Екінші, үшінші пландағы кейіпкерлердің беті бұлыңғыр. Ал ағаш бұтақтарындағы жасыл жапырақтардың буылдыр тартып, сағымданып келуі қыз бен жігіттің бір-біріне деген қимыл сезімін шынайы жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл суретшінің өз әдісі. Бүкіл сахна күн сәулесімен толып, мерекелік атмосфера жасап тұр.
Айтпақшы, Ренуардың Сюзанна Валадон үшін арнайы жазған тура осындай қысқартылған авторлық көшірмесі бар. Онда түпнұсқа толығымен қайталанады, бірақ суретші жас бишінің нұрлы дидарын толық беруге тырысқан екен. Ол нұсқада Сюзаннаның бейнеленгендігіне ешкім күмән келтіре алмасы анық. Бүгінде бұл көшірме Америка Құрама Штаттарының жеке коллекционерінің біріне тиесілі.
Қазіргі таңда тапсырыс берушісі Пол Дюран-Руэльдің коллекциясынан алынған «Бугивальдағы би» картинасының түпнұсқасы Бостондағы бейнелеу өнер мұражайында орналасқан. Музей басшылығы әйгілі туындыны 1937 жылы 150 мың долларға сатып алған екен. Осы сериядағы тағы екі полотно қазір Париждегі Оресей музейінде тұр. Әлдеқалай махаббат қаласына саяхаттап барсаңыз, ғажайып өнер туындысын тамашалауыңызға болады.
Тапсырыс арқылы таңғажайып туындыны өмірге әкелген қылқалам шеберінің еңбегі әлемді таң-тамаша етті. Әсіресе париждік оқырмандарды. Шығармадағы сұлудың шырайы және оның биязы кейпі тұтынушыны да таңғалдырған көрінеді. Ал әлем әдебиетшілері Пьер Огюст Ренуардың «Бугивальдағы би» картинасы жарыққа шыққан жылы Иван Тургеневтен айырылып қалғанын айтады екен. Көзі тірісінде қайсар қаламгер Бугивальдағы би кешіне талай мәрте қатысыпты.