Өзге өңірлер секілді Атырауда да 26 сәуірде Аshyq жобасы іске қосылды. Облыстық бас санитар дәрігерінің орынбасары Гүлназ Ербатырованың айтуынша, қазір 225 кәсіпкерлік нысанның иесі аталған жобаға қосылуға ниет білдіріп отыр. Ал 184 нысан QR-кодпен жұмыс істеуді бастады. Оның ішінде 34 нысанда сынақ режімінде қолданылуда.
Дегенмен «қызыл аймақтағы» өңірде әлі де коронавирус инфекциясын жұқтырушылар қатары толастамай тұр. Мәселен, облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 26 мамырда 75 адамнан қауіпті вирустың белгісі табылды. Науқастардың арасында Атырау қаласынан 51 адам болса, Теңіз кенішіндегі мердігер мекемелердің 6 жұмысшысы да бар. Сондай-ақ Жылыой ауданында 10 тұрғын коронавирус инфекциясын жұқтырыпты. Құрманғазы ауданында – 4, Индерде – 1, Исатайда 3 адам аталған дертке шалдығып отыр.
«Қазір үй жағдайында 535 науқас емделіп жатыр. Ал модульдік ауруханада – 153, №2 облыстық ауруханада – 128, фтизиопульмонология орталығында – 44, аудандардағы стационарларда 127 пациент хаттамаға сәйкес ем алуда. Сондай-ақ Теңіз кен орнындағы инфекциялық стационарда 58 науқас ем қабылдау үшін оқшауланды», деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.
Инфекциялық стационарға жүкті әйелдер де түсіп жатыр. Соның бірі бес балалы ана Нұргүл Оңғарбаева инфекциялық стационарға жүктіліктің 35-аптасында түскен.
– Алғашқыда ағзамда әлсіреу байқалып, денем қатты қалтырады. Үрейге бой алдырмау үшін мобильді топты үйге шақырып, коронавирус инфекциясына қарсы ПТР-сынамасын тапсырдым. Үш күн үйде амбулаторлық ем қабылдадым. Төртінші күні дене қызуы 38 градусқа дейін көтерілді. Содан кейін жедел жәрдем бригадасын шақыруға тура келді, – дейді Н.Оңғарбаева.
Ол №2 облыстық ауруханадағы инфекциялық стационардың босандыру залында алтыншы перзентін өмірге әкелді. Дәрігерлер ана мен сәбиді аман сақтап қалу үшін кесарь тілігі арқылы ота жасаған.
– Бұрын қауіпті вирустың барына сенбеуші едім. Ауруханаға жатқан соң бастапқыда оттегі концентраторын пайдаланғым келмеді. Бірақ жансақтау бөліміне түскеннен кейін оның қажеттігіне көндіктім. Мұнда дәрігерлер мен медбикелер тәулік бойы науқастардың өміріне араша болып жүргенін көрдім. Бірауыз жылы сөзімен де, хаттамада көрсетілген емімен де науқастарға мейірімін төккен ақ халатты жандардың құрметіне қызымыздың есімін Мейірім атадық, – дейді Н.Оңғарбаева.
Басқарманың баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа қарағанда, инфекциялық стационарда жыл басынан бері 51 сәби дүниеге келіпті. Қазір бұл стационарда босанған 8 әйел емделіп жатыр. Ал 43 ана сәбиімен бірге үйіне шығарылған. Сәбилердің ешқайсысынан коронавирус инфекциясы анықталған жоқ.
Әрине, тажалды тоқтатудың басты тәсілі – вакцина салдыру. Осыған байланысты деректі тарқатар болсақ, 26 мамырда Спутник V, QazVac және Hayat-Vax вакциналарының бірінші компонентін жергілікті 849 тұрғын салдырыпты. Ал 1 ақпан мен 26 мамыр аралығында вакцина салдырғандар саны 52 354 адамға жетіп отыр. Вакциналардың екінші компонентін 21 144 адам алған.
Бірақ мұны дәрігерлер тұрғындар белсенділігінің төмендігімен байланыстырып отыр. Сол себептен вакцина салдырудың маңызын түсіндіретін мобильді топ құрылды. Оның құрамында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев, өңірдің бас мемлекеттік санитар дәрігері Мәдениет Танауов, сондай-ақ облыстық Білім басқармасының басшысы Сәтқан Есенғалиев бар. Бұл топ мүшелері алдымен С.Мұқашев атындағы колледждің ұжымымен кездесу өткізді.
– Атырау облысына 1 ақпан мен 26 мамыр аралығында 74 200 доза вакцина жеткізілді. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде вакцина дозаларының тең жартысы игерілді. Тұрғындар арасында вакцина салдырудың маңызын түсіндіру қажет. Өйткені тұрғындар вакциналау туралы барлық ақпаратты тиісті басқармалар бсшыларының өзінен естігісі келеді, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы А.Байдуәлиев.