• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Коронавирус 30 Мамыр, 2021

Коронавирус кинотеатрларға қалай әсер етті?

422 рет
көрсетілді

Пандемия басталғалы отандық киноиндустрияның қарқыны ай­тарлықтай бәсеңдеп қалғаны рас. Әсіресе, жұмыс істеуін тоқ­татқан кинотеатрлар бизнестегі ең көп зардап шеккен сала болды.

Киноөндіріс түгелдей шығынға ұшырады

Мамандар коронавирус құр­банына айналған кино­театрларға белгілі бір деңгейде қолдау көрсетілуі керектігін айтып дабыл қағып отыр, өйткені кинотеатр – отандық кинематография саласының қан тамыры. Орта есеппен, былтыр елімізде 368 кинозалы бар 102 кинотеатр жұмыс істеп келген-ді. Биыл іске қосылған 89 кинотеатр карантин шек­теулерінен қайта жабылды, оның ішінде нарықтағы ең ірі сегмент саналатын Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларындағы 31 кинотеатр жұмысын тоқ­тат­ты.

Бұл ретте Chaplin Cinemas ком­мерциялық директоры Дми­трий Кириенконың айтуынша, алғашқы локдауннан компания 90 пайыз банкротқа ұшыраған.

«Шамамен 10 ай жұмыс істеген жоқпыз, егер тағы бір ай осы күйде қалсақ, салдары қайтымсыз  болар еді. Компанияның көптеген міндеттемелері, біршама қыз­меткерлері бар. Оларды бұдан әрі ұстап қалу мүмкін емес. Біз үшін қорқыныштысы, биліктің қызметті тоқтату туралы шешімі қандай критерийлерге негізделгенін со­ңына дейін түсіне алмай келеміз. Мен тек кинотеатрлар үшін ғана алаңдамау керектігін бұрын да айттым. Елімізде кинокөрсетілім саласында 10 мың адам жұмыс істейді делік, бірақ кадр сыртында жұмыс істейтін тағы 10 мың адам бар – музыканттар, суретшілер, сценаристер, режиссерлер, түгел бэкстейдж. Олардың барлығына отбасын асырауы керек. Ал ки­нотеатрлардың жұмысын шектеу туралы айтқанда түгелдей кино саласының тоқырауы жайында сөз қозғалып жатыр деген сөздеп ұғыну керек», дейді Дмитрий Кириенко. Ал Kinopark-Kinoplexx Theatres  бас директоры Алмаз Малдыбаев коронавирус кесірінен киноөндіріс саласы түгелдей шы­ғынға ұшы­рап отырғандығын, оған қоса өркендеп-өсуіне ондаған жылдар жұмсалған мәдениет пен өнер саласына қиын тиіп тұрғанын жеткізді.

«Кино саласындағы басты табыс көзі кинотеатрлар екені бел­гі­лі нәрсе. Егер кинотеатр­лар жойылса, фильмдерді көр­сететін алаң қалмайды. Қазір өзге елдерде киноны стриминг алаң­дарында ұсынып жатыр. Бірақ алғашқы айдан-ақ шы­ғын­дарды ақтамайтынын көрсетті. Сондықтан Universal, WaltDisney компаниялары премьераларын кейінге шегеріп, стриминг арналарға бермеуді шешті. Ірі компаниялар мұндай шешімге қалай келді? Бұл тек Қазақстанда ғана емес, әлемде кинотеатр алаң­дарының өте қажет екендігін көр­сетіп отыр.  Ал стриминг, онлайн-тарату, телевизия салалары екінші деңгейде», дейді Kinopark-Kinoplexx Theatres  бас директоры Алмаз Малдыбаев.

Отандық кинотеатрлар желісі құрылуы тиіс

Жоғарыда аталған мәселелерді белгілі кинорежиссерлер де растап отыр. Олар қазақстандық киноконтентке енді ғана бет бұ­рып келе жатқан көрерменнің қайтадан шетелдік фильм­ге ден қойғандығын, сондай-ақ­ біз­­дің кинорежиссерлердің тү­­сі­рілім жұмыстарын қандай жағ­дайда өткізуге мәжбүр болып отырғандықтарын да айтып өтті. Бұл ретте белгілі кинорежиссер Рашид Нұғманов мемлекеттік кинопрокат мәселесінің тоқырауы туралы айта келіп, отандық кино саласына әлі де жан-жақты ізденіс қажет екендігін жеткізді. «Қалай болғанымен киноны біз өзіміз үшін шығармаймыз ғой. Бұл – ұжымдық әрі көпшілік өнер. Осыған байланысты, сценарийлердің сапасын арттырып, көрерменнің назарына ұсыну қажет», дейді ол. Осыған жалғас пікірді қозғаған кинорежиссер Абай Қарпықов мәде­ниетті адамдар ретінде отан­дық контентті қорғауымыз керектігін айтып отыр. «Түсінесіз бе, кинотеатрлардың аман қалуы – бүкіләлемдік мәселе. Себебі ол қуатты кинотеатрлар мен жалға беру желілері дамыған кино державалары – АҚШ, Үндістан, Қытайдан бастау алады. Режиссер әрі продюсер ретіндегі менің уайымым тек осы ғана. Негізгі қорытынды өте қарапайым – пандемия аяқталғаннан кейін  болашақ туралы ойлануымыз тиіс. Халыққа отандық фильмдерді көрсету керек, ол үшін отандық кинотеатрлар желісі құрылуы тиіс», деген режиссер мемлекеттің бұл салаға қолдау көрсете қоюы екіталай деген күмәнін білдірді. 

 

Киноөндірісті құтқарудағы мемлекеттің рөлі

Карантинсіз-ақ өзіміз түсірген қазақ тіліндегі фильмдерді кинотеатрлардан көрсете алмай, көре алмай зар жылап жүретінбіз. Енді ұзаққа созылған карантин шектеулерінен соң отандық фильмдер кинотеатр есігінен сығалай да алмай қалды деуге болатын шығар. Ал мұндай жағдайда фильм түсірушілер үшін қандай да бір жаңа жобалар шығарудың мәні қалмай отыр. Бұл саладағы мамандар кинотеатр саласы мемлекеттен басқа ешкімге үміт арта алмайтындығын, мемлекеттің шектеу туралы шешімдерінің кесірінен сала қаржылық қиын жағдайға ұшырап отырғанын айтып отыр. «Кинотеатрларды жабуға болмайды. Орындарды шектеуге, сеанстар санын азай­туға болатындығын өзге елдер­дің тәжірибесі көрсетіп отыр. Ал толығымен жабу – кино желісінің жойылуы деген сөз. Кинотеатрларда ауа айдау жүйесі жақсы, барлығы іске қосылған, қалыпты жағдайда әр сеанстан кейін залалсыздандыру шаралары жүргізіледі. Мен бұған түбе­гейлі қарсымын. Отандық кино­ны көрсеткендері үшін ки­нотеатрларға ынталандыру шараларын енгізу, салықтарды азайту сынды жеңілдіктер керек. Ресейде ұлттық фильмдерді шы­ғару және пайдалану қыз­меттері құнға қосылатын салықты төлеуден босатылады. Аз ғана қара­жат кинематографистің қал­та­­сына қайтып, жұмысын одан әрі жалғастыруға, жаңа жобалар­ды шығаруға көмектеседі», дейді режиссер Рашид Нұғманов.

Оқырман назарына сала кетсек, 2021 жылғы алғашқы тоқсанда 112 жаңа фильм көрсетілді. Оның ішінде қазақстандық – 9  (8%), ресейлік – 26 (23%), шетелдік – 77 (68%) фильм көрермен назарына ұсынылды. Қалыптасқан жағдайға байланысты Голливудтың ірі компанияларының релиздері тоқтатылып, жетекші продюсерлік компаниялар да өз өнімдерін кинотеатрларға беруден бас тартты. Прокатта да, табыс бойынша да отандық фильмдердің үлесі екі есеге төмендеді, ал ресейлік және шетелдік кинолардың үлесі табысы бойынша тиісінше 3,4% және 19,1%-ға артқан.