• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Қоғам 31 Мамыр, 2021

Өнерін сақтаған ел өркендейді

1075 рет
көрсетілді

Ауыл өмірі әсте қызық. Әсіресе мәдениет саласы. Кез келген жиын Мәдениет үйінде өтетіндіктен барлық күш мәдениет саласының қызметкерлеріне түседі. Мейлі, ол әлеуметтік һәм экономикалық бағыттағы жиналыс болсын, тағы да орындық тасып, халықты жинап, ән айтып, шапқылап жүретін солар. Неге? Себебі қолжетімді. Тұрғындарды ұйытып әкететін де, әкімнің әуеніне төңкерілетін де, қарттардың көзайымы да сол саланың жауынгерлері. Олар үнемі қарашаның жанынан табылады. Сонысымен елге ыстық.

Нақ бұлай жазуымызға не түрткі бол­ғанын сезіп отырған шығарсыздар, ауылдың мәдени өмірінің бір мезеті. Біз атақ-даң­қын алдыға тартып, кейбір қызметкердің жетістігінің шең­берінде бағалап, алғыс айтып жатамыз. Ал сол салада 30-40 жыл еңбек еткен, былайша айтқанда отымен кіріп, күлімен шыққан, ең ғажабы сол үшін мемлекеттен ештеңе дәметпеген жандар хақында тіс жармаймыз. Қоңыр тірліктің ығына жығылып, аз­ғантай жалақының медет тұтқан, өзінің сүйікті мамандығы үшін жанқияр әрекетке барған, әрі халықтың ілтипатынан үнемі шабыт алып отыратын олардың еңбегі көл-көсір. Біз бүгін өз ауылының мәдени өміріне мән берген, талай жыл бір жерде тапжылмай қызмет еткен мәртебелі мамандық иелері хақында сөз қаузамақпыз. Олар өнерді құр­меттеп, мәдениетті өркендету жо­лында ешқашан шаршаған емес. Шаршамайды да.

Жарты ғасырға жуық уа­қыт көлемінде шағын ғана ауыл­дың кітапханасында қыз­мет ат­қарған Бақыткүл Ойшева бүгін­де зейнетке шықса да әлі балаларға кітап тасудан қол үзген емес. Ауыл жұрты «Қамқор кітапханашы» атап кеткені сондықтан. Кітапханада жоқ білім құралдарын қаладан сатып әкеліп, кішкентай оқырмандарға таратып беріп, білімін шыңдауға жәрдемдесіп келеді. Алғашында Алматы облысы, Балқаш ауданына қарасты Ақжар ауылында кітапханашы болса, кейін Бақ­бақты ауылына қоныс аударып, Мәдениет үйінің жанынан құрылған шағын кітапханада жұмыс істеген. Өзінің айтуынша, тәуелсіздікке қол жеткізбей тұрғанда және егемен еліміздің іргесі енді қаланған жылдардың басында талай қиыншылықтарды бастан өткерген екен.

«Мәдениет саласында 40 жылдан астам уақыт қызмет атқар­дым. Тәуелсіздіктің ауылы алыс кезеңде ауыл тұрғындарына қазақ жазушыларының кітап­тарын көп­теп әкелдік. Себебі жасы бар, ­жасамысы бар, оқырман өте көп болатын. Ауылда жатып-ақ кеңес идеологиясы жасырын қарсы қадамдар жасадық. Оның бәрі бүгінде әшейін аңыз ғана. Еліміз тәуелсіздік алғаннан соң, мәдениет саласы аздап ілге­рілей бастады. Бұрынғыдай қа­зақ әдебиеті классиктерінің шығар­маларын тығып емес, ашықтан ашық таратамыз. Бір жылдары даңғарадай Мәдениет үйінде меңгеруші екеуіміз ғана жұмыс істедік. Қыста суық, оранып оты­рамыз. Кейін Елбасының бас­тамасымен Бақбақты ауыл­дық Мәдениет үйі күрделі жөн­деуден өтіп, мәдениет саласы қай­та жанданды», дейді ардагер кітап­ханашы.

Кейіпкеріміз қанша жылдан бері кітапханашы болса да, бір ғана жетістігі бар. Ол – «Кітапхана саласының үздігі» медалі. Кезінде облыс әкімінің орынбасары таққан сыйлықты бәрінен қымбат көреді. Себебі кішкентай медаль талай жылғы еңбектің өтеуіндей ыстық.

Ал бүгінде Қаратал аудандық Мәдениет үйінде жастар мен бүлдіршіндерге эстрадалық вокалдан сабақ беріп, ән өнерінің қыр-сырын үйретіп жүрген Алма Досованың мәдениет саласында жүгеніне ширек ғасырдан асқан. Ол тәрбиелеген шәкірттер республикамыздың мәдениет ошақтарында еңбек етіп,  үлкен сахналарда халықтың қошеметіне бөленіп жүр.  Майталман маман бізге берген сұхбатында қашанда өзі баптаған оқушылармен мақ­танатынын жеткізді.

«Шәкірттерім биікке шық­са, өзім биікке шыққандай қуана­мын. Алматы облысы халық шығар­машылық орталығының облыстық  дәстүрлі «Жетісу жұлдыздары» байқауында бала­ла­рым­ның жеткен жетістіктері мол. Халықаралық, республикалық байқау­ларға қатысып жүрген бүлдір­шіндеріміз де жүлделі орындармен оралуда. Ақмола облысында өткен Қазақстанның халық әртісі Роза Бағланова орын­даған әндерге арналған халықаралық «Ақ сұнқарым» атты байқауда оқушыларым топ жарды. Аллаға шүкір, тәрбие­леген шәкірттерім өнер байқау­ларынан жүлдесіз қайтқан емес. Бұл менің мәртебем. Осыларға қа­рап, мәдениет саласында жүр­­ге­німе, оларға аз да болса білім бергеніме іштей марқайып қала­мын», дейді А.Досова.

Иә, мәдениет пен өнер – рухани өміріміздің мәйегі. Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде: «Мәдениет –  ең алдымен жәдігерлік. Оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізуші – зиялы қауым. Себебі әр халықтың дү­ние­танымы, рухани байлығы, тыныс-тіршілігі, салт-дәстүр­лері дәл осы мәдениет деген асыл ұғыммен астасып жатыр. Қай елдің мәдениеті мықты дамыса, ол елдің еңсесі де биік, рухы да жоғары болады. Сонымен қатар мәдениет – адамзат тұлғасы дең­гейіне көтеретін негізгі құрал. Мәде­ниеттің өзекті бөлігі – өнер. Шынында да өнер мәдениеттің алтын қазынасы, адамның ұлы­лығын білдіретін ғажап көрі­ністердің бірі. Мәдениет пен өнер – қоғам дамуының негізгі қажетті саласы. Мәдениеті мен өнері өркендеген қоғам әр уақытта ілгерілеп, дамиды», – деген болатын. Рас, ұлттық өнеріміз бен мәдени мұрамызды насихаттауда олардың еңбегі ұшан-теңіз. Осындай жанкешті жандардың арқасында ауылдық жерлерде де руханиятымыз ілгеріліп келеді.

Біз мысалға алған екі кейіп­керден бөлек, еліміздің өркен­деп-өсуіне үлес қосып, мәдениет биігіне шығармашылық тұрғы­дан қызмет етіп, халықты тама­ша өнерлерімен қуантып келе жатқандар қаншама. Олар ғасыр­лар бойы мұра болған асыл қазы­наны – ұрпаққа жеткізу жолында ауқымды жұмыстар атқаруда. Сондықтан рухани байлық пен мәдени дәстүрлерімізді, өне­рімізді сақтап, өркендету жолында аянбай еңбек етіп жүрген елі­міздің барлық өңіріндегі өнер, мәдениет қызметкерлері қан­дай мақтауға да лайық. Олар­дың қоғамымыздағы руханият­ты дамытуға, игілік пен адам­гершілікті, қайырымдылық пен өзара түсіністікті өрістетуге жол аша­тын үздік мәдени дәс­түрлерді сақ­тауда орны ерек. Соны ұмыт­пайық!