• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Бокс 31 Мамыр, 2021

Қыздарымыз ерледі! Олар Азия чемпионатында бірінші орынды еншіледі

378 рет
көрсетілді

Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында өткен бокстан Азия чемпионатының қыздар арасын­дағы финалдық бәсекелері өз мәресіне жетті. Сары құрлық додасына аттанған 10 бокс­шымыздың барлығы да халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Дубайдағы додада Ерік Алға­бек жаттықтыратын Қазақстан қыздар құрамасының 9 боксшысы финалға шығып, 8 жерлесіміз Азия чемпионы деген мәртебелі атаққа ие болды. Өкінішке қарай, 57 килода былтыр ел чем­пионы атанған қостанайлық Вла­ди­слава Кухта алтын медаль үшін өткен жекпе-жекте өзбек­стан­дық қарсыласы Ситора Тұрды­бековаға 0:5 есебімен жол беріп, күміс жүлдеге ие болды. Бұл – Кухтаның құрлықтық турнирде жеңіп алған алғашқы жүлдесі. Бұған дейін жасөспірімдер арасында сынға түскен ол 2015 жылы өткен әлем чемпионатының қола жүл­десін олжалаған болатын. Ересек­тер дуына жаңадан қо­сыл­ған Владислава үшін Азия бірін­шілігінің күміс жүлдесі жаман нәтиже емес.

Ал 2012 жылғы Лондон Олим­пиа­дасының 75 кило салмақта қола жүлдегері, 2010 жылғы әлем­нің және Азияның күміс жүл­дегері Марина Вольнова араға 11 жыл салып, сары құрлықтың қола жүлдесіне қол жеткізді. Олимпия ойындарынан кейін тұрмысқа шығып, спорттан біраз уақыт қол үзіп қалған Вольнова 2019 жылы үлкен рингке қайта оралған еді. Отандасымыз жартылай финалда Өзбекстан өкілі Мавлуда Мауленовадан айласын асыра алмады.

Финалдық жекпе-жектерге тоқ­талар болсақ, Қазақстан құра­ма­сынан бірінші болып ринг­ке 48 кило салмақтағы Алуа Бал­қыбекова шығып, ел қор­жынына алғашқы алтын жүлдені салды. Финалда өзбекстандық бокс­шы Гуласал Султоналиевамен жұ­дырықтасқан қандасымыз айқын басымдықпен жеңіп, Азия чемпионы атанды. Өзбек қызы Бал­қыбековаға жақсы таныс. Өйт­­кені екеуі 2019 жылы Ұлан-Удэ­де (Ресей) әлем чемпио­на­ты­­ның алғашқы айналымын­да кез­десіп, сол айқаста Султо­на­лие­ва жеңіске жетіп еді. Міне, ара­ға екі жыл салып Алуа өзбек­станд­ық боксшыда кеткен есесін қайтарды.

Жалпы, бұл – жеңіл салмақта­ғы боксшымыздың үшінші Азия чемпионаты. 2017 және 2019 жыл­дары ұйымдастырылған сары құр­лық додасына қатысқанымен, Балқыбековаға жүлделі орындардан көріну бұйырмаған еді. Сөйтіп, Азия біріншілігіндегі үшінші мүмкіндігінде өз дегеніне жетіп, алтыннан алқа тақты.

Көп кешікпей қыздар арасын­да Қазақстанның 10 дүркін же­ңім­пазы Назым Қызайбай рингке көтерілді. Жартылай финалда Шри-Ланка өкілін үш рет нок­даунға түсіріп, жекпе-жек­ті уақытынан бұрын аяқтаған Назым фи­нал­да әлемнің алты дүр­­кін чем­пионы, Олимпия ойын­дары­ның қола жүлдегері әйгі­лі үн­діс­тан­дық Мэри Коммен жұ­ды­рық­­тас­ты. Жартылай фи­нал­ды ерте аяқтап, күшін фи­нал­ға сақ­та­­ған қан­дасымыз ақ­тық сын­да ая­­нып қалмады. Қар­сы­ласы­ның ата­­ғы жер жарып тұр­ғаны­мен, 38 жас­қа таяған Мэри Ком Қы­зай­­­­бай­ға қарсы ешқандай қарсы ша­­ра қолдана алмады. Отан­да­сы­мыз жылдамдығының арқа­сында қарсыласының алдын орап, төре­шілердің басым дауы­сы­мен жеңіс­ке жетті. Екі бокс­шы бұған де­йін 2016 жылы Қытай­дағы ли­цен­­­зия­лық турнирде жо­лы­ғып, Мэ­ри Комның мерейі үстем болған еді.

Тағы бір айта кетерлігі, бұл – Назым Қызайбайдың жаңа сал­мақтағы алғашқы ірі жеңісі және алғашқы алтын жүлдесі. Екі мәрте әлем чемпионатында атой салған қандасымыз бұған дейін 48 кило салмақта өнер көрсеткен еді.

Ал 54 кило салмақта күш сы­насқан Дина Жоламан ал­ғашынд­а финалдан тыс қалған бола­тын. Өйткені жартылай фи­нал­дағы жекпе-жекте төре­шілер үндістандық Сакши 2:3 есебімен жеңіске жетті деп ше­шім шығарған еді. Алайда қазақ­стандық тарап шағым түсі­ріп, кездесу нәтижесі қайта қа­рал­ды. Кейіннен төреші­лер шеш­і­мін өзгертіп, жеңісті қазақ­стан­дық боксшыға берді. Азия чем­­пионатын қола жүлдемен қоры­тындылайын деп тұрған жер­лесіміз финалдан бір-ақ шы­ғып, алтын үшін болған айқас­та өзбекстандық Ситора Шог­да­рова­ны жеңді. Сөйтіп, Дина Жола­ман да Азия чемпионы атанды.

60 кило салмақтағы  тәжіри­белі бокс­шымыз Римма Волосен­ко чем­пиондық атаққа мер­зімі­нен бұрын қол жеткізді. Индоне­зия­лық қар­сыласы Хусватун Хасан­мен жұ­дырықтасқан Волосенко бар мә­селені алғашқы раундта-ақ шешіп тастады. Отандасымыздың ауыр соққысынан кейін Хусватун бірінші раундта екі рет нокдаунға түскен соң, төрешілер жекпе-жекті әрі қарай жалғастырудың қажеті жоқ деп шешті. 

Ел қоржынына бесінші алтын жүлдені Милана Сафронова (64 кг) салды. 2019 жылғы әлем және Азия біріншіліктерінің қола жүлдегері атанған жерлесіміз фи­налда тағы бір үндістандық боксшы – Лалбуатсаихиді төре­шілердің басым дауысымен ұтты. 

Финалда өзбекстандық қар­сыласы Навбахор Хамидованы айқын басымдықпен жеңген Валентина Хальзова (69 кг) алтыншы алтынның иегері атанды. Бір қызығы, бұл Хальзованың Азия біріншілігіндегі алғашқы жек­пе-жегі еді. Себебі соқыр же­ребе отандасымызға бірден фи­налда айқасуға мүмкіндік бер­ді. Жалпы, бокс тарихында бір жек­пе-жек өткізіп-ақ чемпион атану – өте сирек кездесетін жағ­дай. Мұның себебін бұл жолғы чем­пионатқа Қытай, Корея, Тайланд, Жапония боксшыларының пан­демияның салдарынан кел­меуі­мен деп түсіндіруге болады.

Ауыр салмақтағы отандасымыз Фариза Шолтай (81 кг) да финалда өзбекстандық жас боксшы Сохиба Рузметовамен жұдырықтасты. Осыдан бір ай бұрын Польшаның Кельце қаласында өз мәресіне жеткен бокстан жастар арасындағы әлем біріншілігінің қола жүлдесін олжалаған Рузметова тәжірибелі боксшымызға еш қарсылық көрсете алмады. 2019 жылы Тай­ландтағы Азия чемпионатында қола медаль алған отандасымыз араға екі жыл салып, Азия чем­пио­натында топ жарды.

Биылғы Азия біріншілігіндегі сегізінші алтын жүлдені ел қор­жы­нына Ләззат Күнгейбаева (+81 кг) салды. Ұлттық құрама­ның ең тәжірибелі боксшысы ха­лық­аралық жарыстарда және әлем чемпионаттарында атой са­лып жүргенімен, Азия биі­гін енді ғана бағындырды. Бұған де­йін Күн­гейбаева үш рет сары құр­лық­тың қола (2015, 2017, 2019), бір мәрте (2012) күміс жүлдесіне ие болған еді. Жер­лесіміз финалда Үндістан өкілі Анупаманы төрешілердің шешімі бойынша жеңді.

Осылайша, бокстан Қазақ­стан­ның әйелдер құрамасы Бірік­кен Араб Әмірліктеріндегі жарыс­ты 8 алтын, 1 күміс және 1 қола медальмен қорытын­дылады. Осы нәтижемен жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иелендік. Алты боксшысы финалға шыққан Өзбекстан құрамасының тек бір өкіліне ғана алтын жүлде бұ­йыр­ды. Қалған бес боксшысы қар­сыластарына жол беріп, күміс жүлдені қанағат тұтты. Сөй­тіп, Өзбекстан құрамасы 1 ал­тын, 5 күміс, 2 қоламен жал­пы есепте екінші орынға табан тіреді. Үшін­ші орында – Үндістан құ­ра­масы. Олар 1 алтын, 3 күміс және 6 қоланы қор­жын­ға салды. Бұл жарыста 10 мем­лекеттің өкіліне жеңіс тұғы­рына көтерілу бақыты бұйырды.

Осыған дейін ұйымдас­тырыл­ған қыздар арасындағы Азия біріншілігінде Қазақстанның Гимні 4 реттен артық шыр­қал­ған емес. Ең елеулі табысқа біз осыдан 11 жыл бұрын қол жеткізген едік. 2010 жылы елордада өткен байрақты бәсекеде Жайна Шекербекова (54 кг), Саида Хасенова (64 кг), Дариға Шәкімова (75 кг) және Марина Вольнова (+81 кг) бас жүлдені олжалаған болатын.