• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 01 Маусым, 2021

Баланы қорғау – болашақты қорғау

2286 рет
көрсетілді

Білім және ғылым министрлігінің 2020 жылғы қарашадағы ақпаратына сүйенсек, елімізде 18 жасқа дейінгі 6 млн 330 мың бала бар. Осыған дейін Қазақстанда балалар мен жасөспірімдердің құқықтарын реттейтін және кепілдіктерін айқындайтын 45-тен аса нормативтік-құқықтық акт қабылданған. Соның ішінде, нақты айтсақ, Ата Заңымыздың 27-бабында «Неке мен отбасы, ана, әке және бала мемлекеттің қорғауында болады» делінген.

Заңмен қорғалған, бірақ...

Ал «Қазақстан Респуб­ли­ка­сын­дағы Бала құқықтары туралы» заңға сәйкес тегіне, нәсіліне және ұлтына, әлеуметтік және мүліктік жағдайына, жынысына, тіліне, біліміне, дінге деген көзқарасына және тұрғылықты мекенжайына қа­рамастан барлық баланың құқық­тары тең.

Мінеки, осыған қарап бала­ларымыздың өмірі мен құқығы заңмен қорғалған дерміз. Аталған заңдар мен заңды талаптар орындалып отыр ма? Қоғамды есеңгірететін және жыл сайын қайталанатын балалар өлімінен кейін оларды қорғаудың жолдары қандай деген сауалға жауап іздейміз. Мәселен, бірер күн бұрын елордадағы ерке Есілді жағалап келе жатқанда бір топ балаға көзіміз түсті. Олар өзеннен шомылып шығып, киініп жатыр екен. Кейбірі әлі суға сүңгігісі келеді.

Ал бергі жақта «Суға шомылуға болмайды» деген жазуы бар тақ­тайша тұр. Осы көрініс 1 маусым – Халықаралық балаларды қор­ғау күнінде қайта көз алдымызға келді. Бұл күнді қалай атап өтіп жүр­міз? Ең болмаса жылына бір рет «Ұрпағымызды кімнен, неден, қан­дай жағдайда, қалай, қайтіп қор­ғаймыз?» деген салмақты сұраққа жауап беріп, өзімізден есеп аламыз ба?

Бұл ретте заңгер Жандос Тұяқбаев: «Заң саласының маманы ретінде қорғау дегенді – жағ­дай жасау деп түсінемін. Бізде ең жаман жері жағдай жа­сал­­май жатып, қорғау тура­лы әңгіме айтылады. Және тағы бір көңіл­ге қонымсыз нәрсе, балдырғандардың құ­қы­­ғы бұзыл­ған­да ғана соған кінә­лі адамды жаза­лаумен айналысамыз. Бұл – себеп­пен емес, салдармен кү­ресу. Мыса­лы, өрттен бала қай­­тыс бол­са, өртке жауапты маман­­дар­ды жа­­залайды. Ал зардап шеккен кішкентайлардың жағ­­да­йы қандай екені бізді бұған дейін мазаламаған. Егер елор­­дада өртеніп кеткен 5 қыз­дың өмір сүру жағдайын алдын ала анық­тап, оларға қо­лай­лы орта жасасақ, оның соңы өкі­ніш­ті жағ­дайға ұрын­дыр­­мас еді», деп жауап берді.

Сарапшының сөзінде жан бар-ақ, қорғаудың жағдай жасау екенін мектептегі оқушы қыз­дың ауладағы әжетханада зор­лық көргенінен кейін түсін­ген­дейміз. Осы оқиғадан соң оқу ошақтарын жылы дәретха­на­лармен қамтамасыз етуге баса назар аудардық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тікелей тапсырма берді, бір жыл­дың ішінде түйткілдің түйі­ні түбегейлі тарқатылғалы тұр. Әрине, бұл – бір ғана мысал. Енді заңмен қорғау мәсе­ле­­сіне қайта оралайық. Біз заңгер­ден «Бір оқушы отбасында жағдайы жоқтықтан, үш ауысымды мектепте әупірімдеп оқыса, екіншісі ата-анасының қол­дауы­мен жылдық ақысы 1 млн теңге тұратын оқу оша­ғын­да білім алады. Осындай жағ­дайда «Бала құқықтары тура­лы» заңда көрсетілгендей, ешбір ерек­шелігіне (тіліне, дініне, әлеу­меттік жағдайына) қара­мас­тан, балалардың құқық­тары тең бола ала ма?» деп сұрадық.

«Заң бойынша балалар жал­пы­ға бірдей білім, жалпыға бір­дей медицина қызметін алу­ға құқылы. Бұл сақталып отыр. Бізде қазір нарықтық эко­­но­­мика, ал жоғарыдағы жағ­­­дай­ды бол­дырмау үшін со­циа­лизмге қайта келуіміз керек қой. Балаға білім берілмей қой­са, болмаса медициналық кө­мек көрсетілмей қалса, онда құ­қы­ғы бұзылды деуге болады. Оқу­шы­ның ынтасы төмен болса, 1 млн теңгелік мектептен де нашар білім алып шығады», деді Ж.Тұяқбаев.

Біз «Білімге мұқтаж ерекше балаларға карантиннің кесірі тиіп отыр» атты мақаламызда денсаулығына байланысты үй­ден оқитын кейіпке­ріміз­дің 5-6-7-сыныптарды оқи алма­ға­нын, себебі мұғалім­дер­дің үйіне келмегенін, мектеп дирек­то­рының оқытты деп жал­ған құжат толтырғанын жазып едік. Өкі­ніш­тісі, мұндай жағдай аз емес... Сонда балалар құқығы заң­мен қорғалған ба? Бұған әр ата-ананың, мұндай мәселемен бетпе-бет келген әр адамның өз жауабы бары анық.

 

Компьютердегі көрінбейтін қатер

Пандемия, соның кесірінен мәжбүр­ліктен енгізілген қашық­тық­­тан оқыту форматы бізге балаларды жаңа бір қауіптен қорғау керек екенін ұқтырғандай. Әри­не, көрінбейтін жау – коро­на­вирустан өзімізді, айналамыз­ды, кішкентайларымызды да қорға­ға­нымыз жөн екені түсінікті. Біз­дің айтпағымыз – компью­тер­дегі көрінбейтін қа­тер­ден қор­ғау.

Қашықтықтан оқыту кезін­дегі ақтөбелік оқушыларға өткі­­зіл­­­ген онлайн сабақтың бі­рін­­­де бей­әдеп сөздер ай­тыл­ған ұятсыз бейнежазба қосы­лып кеткені есімізде. Оны оқу­шы­лар көрген. Сабақ уақы­тына жетпей тоқтатылған. Әр өңір­­­ден бірнеше ата-ана осын­­­дай оқиғаның оларда да қай­­таланғанын айтып, шағым жасаған еді. Айтпақшы, әлгі жағдайдан кейін Ақтөбедегі мұғалім ескерту алды. Әне, тағы салдармен күрестік. Өйт­кені біз қашықтықтан оқытуға көш­пей тұрып мұғалімдерді де, оқушыларды да аталған фор­мат­тың қауіпсіз­дігімен та­ныстыр­­мадық. Кибер­қауіпсіздік маманы Ернат Атанбаев бері­ле­тін білім жаңа заманның талабына сай болуы қажет екенін айтады.

«Негізі бейәдеп бейнежазбалар тек сабақтарда қосылып кеткен жоқ, шетелдердегі ірі ком­па­ния­лардың, кейбір үкімет­тің онлайн конференцияларында да осындай жағдай болды. Оны шабуылдаушылар түрлі мақсатпен істейді. Мұндайда конференцияның әкімшісі ком­пью­терлік жағынан білікті, білім­­ді маман болуы керек. Бірақ мұндай талап аздық етеді. Себебі жаңа жағдай жаңа талап туғызады. Мысалы, біз мектепке барған кезде жеке бас гигиенасын үйрететін. Бәрі­міз үйреткен ережелерді ұс­тан­­дық. Сол секілді компьютерде де кибер гигиена деген ұғым бар. Соның ережелерін (қандай қадамға барса, соңы нендей қауіпке душар ететінін білсе) меңгерсе, оның ешбір қиындығы жоқ. Сондықтан мектептегі информатика пәнінің тақырыптарын жаңа талаптарға сай толықтыру керек. Және мұндай тақырыптағы дәрістер студенттерге, мұғалімдерге, жалпы онлайн іс-шараларға қаты­­сатын кез келген адамға оқы­­тылуы қажет», дейді Е.Атан­баев.

Балалар өкілі не бітіреді?

Білім және ғылым министр­лі­гі 2020 жылы мектептерде Балалар өкілі қызметі енгізіл­ге­нін хабарлаған-ды. Ал олар қандай қызмет атқа­ра­ды? Өкіл – ең алдымен оқушының өзі, сондай-ақ колледж студенті. Мек­теп оқушылары мен колледж студент­тері арасынан сайлан­ған балалар өкілі мектепте бала­­лардың құқықтарын қор­ғау мәселелерімен айналысады. 2020 жылдың соңында балалар өкілдіктерінің алғашқы республикалық слеті өтті. Сон­да Бала­лардың құқықтарын қор­ғау комитеті төрағасының орын­басары Юлия Овечкина: «Біз үшін балалармен тікелей жұмыс істеп, оларды қандай мәселелер қызықтыратынын, өз деңгейлерінде қандай про­б­ле­­маларды анықтайтынын біліп, өтініштеріне жауап беру маңызды. Елімізде бел­сен­ді азаматтық ұстанымы бар, әрі өз пікірін ашық айтып, доста­рының бастамасын қол­дай алатын балалар мен жасөспірім­дер­дің қатары қалың. Балалар өкілдерінің барлығы біздің чатта тіркеледі. Олар мектепте болған түрлі оқиғалар туралы ха­барлап, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың жұмысын жақсарту бойынша өз идеяларын, ұсыныстарын жеткізе алады», деп мәлімдеді.

Содан бері Балалар өкілдері дәл осындай қызметтерді атқа­рып жүр ме? Қандай қарқын­мен жұмыс істеп келеді? Елор­да­дағы №66 мектеп-гим­на­­­зияның тәр­бие ісі жөнін­дегі меңгерушісі Толқын Батырбай­қы­зының ай­туынша, балалар өкілі мектеп ішіндегі сайлау арқылы тағайындалған. Ол жоспар бо­­йынша жұмыс жүргізеді. Әр­түрлі сынып са­ғат­тары, іс-ша­р­а­­лар, айына бір рет кездесу өткі­зіледі. Бала­лар­мен тікелей жұмыс іс­теп, оқушыларды маза­ла­ған сұ­рақ­тарға кез келген уа­қыт­та жа­уап береді.

Еліміздегі біраз оқу ошағы­ның тәрбие ісі меңгерушісі осы­ған ұқсас пікір білдірді. Пі­­кір­­лескен тәрбие ісі мең­ге­­ру­­­шілерінің бәрі балалар өкі­лі ұйым­дастырған іс-шара­лар­­ды, дебаттарды айтады. Сонда мектептегі балалар өкілі оқу­шы­лар құқығының бұзыл­мауын бақылаумен, соған қа­тыс­ты бұзушылықтардың бол­мауын қадағалаумен, қолы­нан келсе құқығын қорғау­мен емес, түрлі жиын­дар ұйым­­­­­дастырумен айналыса ма? Жаңа қызметтің міндет­те­ріне қатысты сауалдарымызды ба­­ла­лар өкілдерінің өзде­рі­не қойып көрмек болдық. Бірақ біз хабарласқан мектеп әкім­шіліктері кәмелет жасына тол­мағандардың байланыс нөмі­рін бермейтінін жеткізді.