• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тәуелсіздік 02 Маусым, 2021

Тәуелсіздіктің «Салтанаты»

294 рет
көрсетілді

Балаларды қорғаудың халықара­лық күні аясында кешегі кеңестік идеология жас сәбилердің ана тілінде тәрбие алу құқығын да шектегенін еске алып, бір күрсінесің. Пайымдап қарасақ, сол кезде санаға сіңірілген өзге тілдің өктемдігінің салдарынан әлі толық арыла алмай келеміз. 

Тәуелсіздікке дейін 20 мыңнан ас­там қазақ тұрғыны бар Петропавл қаласында ана тілінде тәрбиелейтін бірде-бір балабақша болған емес. Оны ешкім керек те қылмады десек артық айтпас­пыз. Іштей балам қазақша білсе екен деген жандар болғанымен, ешқайсысы ол ойын сырт­қа шығарып, «Бізде неге қазақша балабақша жоқ?» деген талап қоя алмады. Себебі «ұлтшыл» атанудан қаймыққан жұрт әбден басылып қалған еді. Алда-жалда айта қалғандар болса, оның мойнына «ұлтшыл» деген айып өмір бойына тағылатын.

Осындай ахуал жалғыз Петропавл емес, Қазақстанның барлық қаласында да бар-тын. Республика астанасының өзінде бір «Ертөстіктен» басқа бала­бақша ашылған жоқ. Қазір соның бәрі ұмыт болып барады. Кеңес өкі­меті тағы бір 20 жыл үстемдік құр­ған­да түгел халық болмаса да қала қазақ­тары ұлт ретінде тегіс жұты­лып кетуі мүмкін еді. Сондықтан тәуелсіз­дігімізге қалай тәу етпейік?! 

Петропавлдың бір балабақшасында ана тілінде тәрбиелейтін топ ашу мәселесі 1989 жылы басталған. Сол кезеңде КСРО елдерінде  жаппай ұлт­тық бұлқыныс пайда болған еді. Соның дүмпуімен Қызылжар өңірінде де ұлттық құндылықтарымызды жаңғырту басталды. Әрине, тұтастай балабақша ашу ол кезде ауызға да алын­бады. Тек топ ашайық дегеннің өзі талайлардың шамына тиді. Өз арамыз­дан шыққан кейбіреулердің де «Қазақша тәрбиелеу деген не сұмдық? Тұтас халқымызды бөлгілерің келеді ме?» деген сөздерін өз құлағымызбен естігенбіз. Партияның шуағына шомылып, номенклатураға еніп, арнаулы паектерін алып, өз жағдайын барынша жақсартып, тіпті аты-жөндерін де жарым-жартылай орыстандырып алған ондайлар қағынан жеріп тұрса да өздерін халық атынан сөйлеуге ха­қысы бар еркетотай санайтын. Бірақ бұл кезде олардың күні өтіп бара жатқан-тұғын. Республика бойын­ша ашылған «Қазақ тілі» қоға­мының төңірегіне жиналған бойларында намысы, жүрегінде оты бар талай азамат бұл мәселені жергілікті билікке тікесінен қоюға жарады. Аруақ­тары разы болсын деп есімдерін атай кете­тін болсақ, олар – Рәшит Бәдір­ленов, Қабдірашид Әбішев, Қабдөш Қалиев, Қилаж Мағазов, Қайырбек Оразов, Мәлік Мұқанов, Қосыл Әбдірахманов, Зейнолла Әкімжанов сынды марқұм­дар мен көзі тірі  Мүтәллап Қанғожин, Қайырбек Ғалиев, Өмір Есқали, Қо­шан Қали және басқалар еді. Солар­дың күш салып, талап етуімен  жергі­лікті билік қазақ тілінде тәрбие­лене­тін бөбектер тобын ашуға рұқ­сат берді. Ағаларымыз бұрын жергі­лікті биліктің бір құлағын ұстап жүр­ген жандар болғандықтан, топты анау-мынау емес, партияның обкомы қызметкерлерінің бөбектері тәрбиеленетін, қаланың қақ ортасындағы «Ромашка» балабақша­сынан ашуға қол жеткізді. Осының өзі кезінде үлкен жетістік болған. Бірақ топқа беретін бөбектерді жинау оңай болған жоқ, тек әйтеуір қаланың орта­сындағы жайлы балабақша болған соң ғана келіскендер табылып, барлығы жиыр­ма шақты бөбек жиналды...

Сөйтіп екі жылдай тек қазақ тобы болған осы балабақша 1991 жылдың  6 қарашасында «Салтанат» деген атау­мен тұтастай қазақ балабақшасы болып қайта ашылды. Бұған да жоғарыда есімдері аталған азаматтар үлкен күш-жігер жұмсап еді. Бұл тәуелсіздікке қадам басқан еліміздің алғашқы салтанаты іспетті ақжолтай балабақша болды. Қала ғана емес, барша облыс хал­қы бұған шат-шадыман болып қуанған. Арада 1 ай 10 күн өткенде Қазақ­стан өзінің тәуелсіздігін жариялады.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұс­па-тұс «Салтанат» та биыл 30 жыл­дығын атап өткелі отыр. Осы жылдарда ол мыңға жуық балдырғанды қазақ тілінде тәрбиелеп, білімнің алғашқы бас­палдағын көрсетіп, мектепке аттан­дырды. Тәрбиеленушілердің қатарында орыс, татар, неміс, украин, корей және басқа этностар өкілдерінің бөбектері де болған. Соның ішінде Катерина Жукова деген қыз бала үнемі белсенділік танытып, үлкен сах­налардан қазақтың әндерін айтып, көрініп жүретін. Кейін мектепті де, жоғары оқу орнын да қазақ тілін­де бітіріпті.

Өкінішке қарай, «Салтанаттың» алғаш­қы меңгерушісі болған Римма Ахметова былтыр жаман індеттің кесі­рінен өмірден ерте өтіп кетті. Ба­ла­бақшаны гүлдендіріп, сәбилердің көзайымына айналдыруға көп ең­бек сіңір­ген жан еді, жарықтық. Одан кейін балабақша меңгерушісі бол­­ған Гүл­майра Ақжігітова қазір зей­нет демалысында. Ал қазіргі мең­геруші Айгүл Нәсілова – еңбек жолын осы балабақша ашылғанда бас­таған тәжірибелі қызметкер. 1991 жылы ол М.Жұмабаев атындағы педа­гоги­калық колледжді бітіріп келген жас тәр­биеші екен. Содан бері 30 жыл бойы бір орында қызмет етіп, қазір бала­бақшаның меңгерушісі болып отыр.

Қазір бұл балабақша – қаладағы мектепке дейінгі үздік тәрбие меке­мелерінің бірі. Бүгінде мұнда 140 бөбек тәр­биеленеді. Қызметкерлерінің жал­­пы саны – 40 адам. Олар түрлі өнер мен білімге баулитын алты топ ұйым­­­дастырған. Балабақшалар ара­сындағы облыстық, қалалық кон­курстардың жүлдегерлері көбіне-көп осы мекеменің балдырғандарының арасынан шығып жатады. Сөйтіп «Салтанаттың» да жетістіктері ел тәуел­сіздігімен бірге жылдан-жылға көбейіп келеді.

 

ПЕТРОПАВЛ