• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Руханият 02 Маусым, 2021

Рухани қылмыс

843 рет
көрсетілді

Ислам шариғатында «рухани қыл­мыс» деген түсінік бар. Бұл ұғымды тек мұсыл­мандар ғана емес, барлық кітап иелері аса қауіпті құбылыс деп санайды.

Өйткені рухани қылмыс өрістеген қоғамда сенім­сіздік пен жалғандық үстемдік құруына жол ашылады. Сондықтан кез келген руха­ни қылмыс адамзат баласы үшін аса қатерлі. Соның бірі – өтірік айту. Орта ғасырда өмір сүрген Шығыс ғұла­масы Ибн әл-Қаийм «Өтірік айту арсыз, жа­ғым­сыз қылық екеніне ешқандай күмән жоқ. Ол екіжүзділік белгілеріне және күпір­ліктің  бастауына жатады» деген екен. 

Айталық, кешегі кеңестік дәуірде өтірік айту, әсіресе қоғамдық-экономикалық көр­сет­кіштерді асыра бағалау, саяси науқан­дар­ды тек мақтау-мадақтау аясында жалған ұран астында өткізу күнделікті тіршіліктің өмір сүру дағдысына айналғаны шындық. Сөйтіп уақыт өте келе жалғандық үстемдік құрған қо­ғамдық салтқа адамдардың еті үйренді де, жалған мен шынның аражігін айыра алмайтын кембағал ұғым қалыптасты.

Ең сорақысы, өтірік айту – бұқараның ұзақ жылдар бойы қалыптасқан рухани қазынасын, ғасырлар қойнауынан бұзылмай жеткен саф алтындай шыншыл дәстүрін, бір-біріне деген сенімділік пен уәдеге беріктік сияқты тұтас ұғымдарын күйдіріп кетеді. Әбу Ханифа «Өтірік – ол жалын. Жалғандық билік құрған жерде тек оның күлі қана қа­лады» десе, Абай атамыз:

Ынсап, ұят, ар, намыс, сабыр, талап,

Бұларды керек қылмас ешкім қалап.

Терең ой, терең ғылым іздемейді,

Өтірік пен өсекті жүндей сабап дейді. Дана бабамыздың осындағы бір шумақ ғақ­лиясын тәпсірлеп көрейік: – Жоғарыда айт­қанымыздай, жалғандық қанат жайған жерде жақсылық, яғни «Ынсап, ұят, ар, намыс, сабыр, талап» жойылады. Мұндай құндылықтарды ешкім де керек қылмайды, өйткені жалған тірлік, өтірік өмір, алдамшы ғұмырға еті үйренген қауымның өмір сүру әдебі жеңілдейді. Абай айтқандай «терең ой, терең ғылым іздемейді» тек өтірік пен өсекті жүндей сабаса болды, одан ләззат алады, ең жаманы пенде баласына жаратқан тәңірісі  – үйренсін, ұғынсын, парасат көк­жиегін кеңейсін деп сыйлаған рухани фитра­сы (жаны) өсек пен өтірікке суарылады. Яғни пенде рухани шөлін – жалғандықтың шы­ры­нымен қандырады. Мұндай қоғамда ешқашан рухани кемелдену болмайды. Сол сияқты өтірікші адамның бір  сипаты – жасқаншақтық. Ал жасқаншақтық – рухани құлдыққа алып баратын күрежол.

Рухани құлдыққа ұшыраған қауымда бір-біріне деген жанашырлық болмайды. Бұл – бұлжымайтын  ақиқат. Әйгілі сахаба Әбу Хурайрадан (р.а) жеткен бір өсиетте «Өтірік үстемдік құрған жерде – адам­дардың ризық-несібесі қысқарады, олар қатыгезденеді» десе, адамзаттың кемелі – пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ей, Жаратқан ием, жүрегiмдi екi жүздiлiктен және тiлiмдi өтiрiк сөйлеу­ден сақтай  гөр!» деп үнемі дұға ететін болған.

Дана Абайдың үшінші қарасөзіндегі «Қазақ­тың бірінің біріне қаскүнем болма­ғының, бірінің тілеуін бірі тілеспейтұғының, рас сөзі аз болатұғының, қызметке таласқыш бола­тұ­ғының, өздерінің жалқау болатұғының себе­бі не? Һәмма ғаламға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған: әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады; әрбір қайратсыз қорқақ, мақтаншақ келеді; әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан келеді; әрбір ақылсыз надан, арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, өнерсіз, ешкімге  дос­тығы  жоқ жандар  шығады», дегені жоғарыдағы аят-хадис үкімімен үндесіп жатқан жоқ па?!

Жоғарыдағы Құнанбайұлының тұжыры­мынан кейін, қоғамның құлдырауы, жүген­сіз­дік пен жөнсіздіктің, пәлеқорлық пен жемқор­лықтың, әділетсіздік пен әлімжеттіліктің түп-тамыры қайда жатқанын, мұндай қасиетсіз құбы­лыстардың өркендеуіне, өмірімізге орны­ғуына не себеп боларын бағамдай аласыз. 

Өтірік пен жалған мақтан қанат жайған жерде «Өтірік пышақ қынға қас, Өтірік сөз иманға қас» деп, Бұқар жырау айтқандай, адам­ның иманын бұзатын мұндай қылықтан сақтанбаса болмайды.

Осы орайда, адамдардың жалғаншылдық­ты әдетіне айналдырып, шыншылдықтан бет бұруына не себеп дегенге келсек, тағы да Абай атамызға жүгінеміз: Ол айтады: «Мұ­ның бәрі төрт аяқты малды көбей­теміннен басқа ойы жоқтығынан, өзге егін, сауда, өнер, ғылым – солар секілді нәрселерге салынса, бұлай болмас еді» дейді. Сол сияқты атамыз қазақ «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» деген жоқ па. Ендеше, осы бір-ақ тұтам «нәрсемен» әлемді қалай таңғалдырмақпыз!