Шығыс Қазақстан облысында «Қарасора-2021» жедел алдын алу шарасы басталды. Дәстүрлі шара маусымнан бастап республика көлемінде өтеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Аталмыш шараның мақсаты – есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымы фактілерін анықтау, республиканың оңтүстік өңірлерінің аумақтарында өсетін жабайы сораны заңсыз жеткізу арналарының жолын кесу.
Жаз, күз мезгілдерінде құрамында есірткі заттары бар өсімдіктер өсіп, өнеді. Айналымға да осы уақытта ене бастайды. Атап айтсақ, «тетрогидроканнабинол», яғни марихуана, гашиш жасалатын қарасора бабына келеді екен.
Операцияны жүргізудің тағы бір мақсаты ҚР ҚК-нің 300-бабы бойынша құрамында есірткісі бар өсімдіктерді өсіру және ҚР ӘҚБтК-нің 420-бабына сәйкес жабайы сораны жоюға бағытталған шараларды қабылдамау фактілерін анықтау..
– Оңтүстік өңірлерден жабайы өсетін сораны және басқа да психотроптық, есірткі заттарын шығару арналарын жабу үшін ШҚО аумағында 4 жедел мобильді топ құрылды. Жыл басынан бері ШҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері заңсыз айналымнан 638 кг түрлі есірткі заттарын тәркіледі. Бес ай көлемінде есірткі заттарының заңсыз айналымына байланысты 120 факт анықталды. Оның ішінде 91-і сату мақсатында екені анықталды, – деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев.
Кеше басталған «Қарасора-2021» жедел алдын алу шарасы 30 қазанға дейін жалғасады.