Қасымның тойы – қазақтың тойы десек артық айтқандық емес. Өлмес өлеңдерімен халықтың жүрек төрінен мәңгілік орын алған дауылпаз Қасым дегенде алаштың асқақ рухы көз алдыңызға келеді. Биыл шайырдың туғанына 110 жыл толуына орай тұлғаның өмірі мен шығармашылығы тұрғысында түрлі шара ұйымдастырылуы керек. Біз де өз кезегімізде газетіміз арқылы ақын хақында азырақ қалам тербегенді жөн көрдік.
Ең алдымен шайырдың туған өңірі, оның ата-тегі жөнінде айтып өткеніміз дұрыс. Біз көбіне Қасымды, оның балалық шағын, әулетін жоқшылықпен байланыстырып сөйлейміз. Әрине, шайырдың балалық шағы шаттықты өтті деуге келмейді. Өзі өлеңінде айтатындай «Біреудің аспандағы асылы, біреудің жұртта қалған жасығы» жас Қасым көрген теперішті көп ақын көрген жоқ.
Қасым әкесінен алты жасында айырылыпты. Анасы Айғаншаны Оспан деген шал зорлықпен әйелдікке алған. Қасым тағдыры тірі жетімнің тақсыреті. Өйткені Оспан шал бала Қасымды үйіне, туған анасына жолатпапты. Бұл Сәуле Қайырбектің «Қасым тағдыр» атты мақаласында ашық айтылады. Қасымның анасы өз естелігінде: «Менен айырылған Қасымның көрмеген бейнеті жоқ. Оспан шал Қасымды үйдің маңайына да жолатпайтын. «Баламның халі ауыр» деген бір сөз айтқаным үшін «әуелі маған бала тауып бер» деп тепкілеп сабағаны есімнен кетпейді. Арада бірер жыл өткен соң тірілген аруақтай саудыраған сүйегі бар Қасымды біреулер сүйемелдеп алып келді. Баламды бас салып жылауға жауыз байымнан қорқып, қараңғы түскен соң ғана барып, жылап-еңіреп Қасымды тамаққа тойындырып, оңаша шошалада жасырып ұстадым», деп жазыпты.
Қасымның жетімдігі туралы жеке тоқталса да болады. Алайда негізгі айтпағымыз бұл емес. Жалпы біз Қасымның арғы тегі турасында нені білгендейміз. Бір тарап ақын өмірін толық зерттеп, зерделемей тұрып дәлелі жоқ сөз айту заңға жат іс дейді.
Екінші тараптың да Қасымның арғы ата-бабасы ешқашан отқа қарамаған, қайта ордалы тұқым болғандығы жайында айтар уәждері жоқ емес. Қасым туған топырақтан түлеп ұшқан ақын Жанат Жаңқашұлы, өлкетанушы Дәулетқазы Мұқадиұлы бар, Қасымның әкесі Рақымжан өзі бай, өзі сері адам болғандығын алға тартады. Өлкетанушы Д.Мұқадиұлы «Хабар» телеарнасы дайындаған материалда: «Рақымжанның байлығының белгісі «Тайжүзген» деген сабаға қымыз ашытады екен. Төрт бұрышынан төрт жігіт пісетін болған. «Тайжүзгендегі» саба шамамен 500 литрдей болады ғой. Оны түгел ауыл-аймақ ішпей ме?! Сонда күніне төрт жігіт піскенде, әрқайсысына жібек көйлек пен бір-бір тақта шай береді екен», деген дерек келтіреді. Жанат Жаңқашұлы да қасымтануда кетіп жатқан олқылықтардың орасан зор екенін жиі қозғайды. Оның айтуынша да осы уақытқа дейін Қасым кедейдің баласы, Сарыобалыда емес Аққорада туған болып келді. Рахымжан сері атын жібекпен арқандаған деседі. Рақымжанның он бөлмелі үйінің орны әлі де бар. Ал енді он бөлмелі үйі бар адамды сіңірі шыққан қу кедей деуге келмейді.
Қасымның әлеуетті әулеттен шыққандығына тағы бір дәлел – Қасым Қызыл Көшен тауларының етегінде шыр етіп дүниеге келгенде кіндігін кескен Шәрия Садыққызына ақынның әкесі Рақымжанның кіндік шешесіне деп қазақы салтқа сай таза күмістен жасалған екі білезік пен екі күміс сақина сыйлағандығы. «Бүгінге жеткен бұл жәдігерлер Рақымжан әулетінің ауқатты тұрғанын тағы да айғақтай түседі», дейді өлкетанушы Дәулетқазы Мұқадиұлы.
Жалпы бұл тұрғысында жалғыз Қасымның биографиясы ғана емес, біздің көп тұлғамыздың өмірбаяны кеңестік кезеңде жазылып, бүгінгі ұрпақ сол қисық сораптан әлі шыға алмай келе жатырмыз. Сондықтан тұлғаларымыздың тарихын жинақтауда жан-жақты ізденістерге көбірек бару керектігін айтқымыз келеді. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі тың зерттеулер өте аз. Әрине, мүлдем ештеңе атқарылмай жатыр деуден аулақпыз. Біздің көңілімізді көншіткен игі іс – ол өз жұмыстарын жүйелі әлі қарқынды бастаған «Қасымтану» орталығы.
Аталған орталық академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры, заң ғылымдарының докторы Нұрлан Дулатбековтің бастамасымен ашылыпты. Ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі – филология ғылымдарының докторы, профессор Жансая Жарылғапов. Сондай-ақ орталықта қаламы қарымды журналистер, жас ғалымдар, ақын-жазушылар да бар. Атап айтқанда журналист Ермек Балташұлы, жазушы Алмаз Мырзахмет аталған орталықта өнімді жұмыс істеп жатыр.
Орталық қызметкерлерінің хабарлауынша, Қасым Аманжолов мұраларын жаңашыл ғылыми көзқараста зерттеуге басымдылық бермек. Ең ірі жобалардың қатарында Қасым мұраларына қатысты зерттеу еңбектерінің екі томдығын атауға болатын сияқты. Сонымен қатар орталық Қасым Аманжоловтың шығармашылығы мен өміріне қатысты библиографиялық көрсеткішін, шығармаларының академиялық сөздігін дайындау, Қасымның тұлғалық энциклопедиясын шығару секілді ауқымды жұмыстарды қолға алған.
«Қасымтану» орталығының ең бір ерекше айтар жаңалығы – ақынның тікелей ұрпағы, қызы Дариға Аманжолованың көпшіліктен жасырып жүрген жазушылық қыры бар екендігі. Орасан олжа туралы бізге орталық қызметкері, «Қасым» республикалық әдеби-қоғамдық журналының жауапты хатшысы А.Мырзахмет айтып берді. «Орталық басшысы Жансая Жарылғаповтың «Ақынның шығармашылық қасиеті ұрпақтарына дарыды ма?» деген сұрағына, ақынның қос жанарындай қос қызы бір-біріне қарап, сәл үнсіздіктен соң қызы Жанна:
– Даригош, барып алып кел. Қашанғы жасырасың, көрсетсеңші, – дегені. Сөйтсек, Дариға Аманжолова өз бетінше проза жазады екен. Жазғанда қандай?! Отызға тарта басынан-аяғына дейін толған «жалпы дәптерлерін» әкеп, алдымызға тастай салғаны. Бірнеше повесть, роман, бірталай әңгіме. Жазған-сызғандарын өзі өңдеп, жаңа дәптерге көшіріп, жинай берген. Әрбір дәптердің сыртына кейіпкердің, кейбір беттеріне сюжеттік суреттеріне дейін салып қойған. Баспаға апаруға табиғи ұяңдығы жібермеген. Біз аттай қалап бір шығармасын сұрап алдық. Оның өзінде Жанна апай қосылып, үш жақтап әзер көндірдік. Дариға Қасымқызы «Повесть о кубинце» атты хикаятын қолымызға ұстатты. Оқып шыққандар бірауыздан хикаяттың өте жоғары деңгейде жазылғанын жеткізді. Дариға Аманжолованың рұқсатын алып, кітап теріліп, дизайны жасалып, баспаға жөнелтілді. Қасым Аманжоловтың 110 жылдығы аясында аталған кітап жарық көріп, тұсауы кесілмек», дейді А.Мырзахмет.
Орайы келгенде айта кеткеніміз дұрыс, Алмаз Мырзахмет жауапты хатшы болып отырған ақын атындағы ауқымды журнал шайырдың 100 жылдығы қарсаңында дүниеге келген болатын. Биыл мазмұны бай, тағылымы терең журналдың тұрақты шығып келе жатқанына 10 жыл толады. Аталған журналдың тұңғыш сандарын шығарысуға өзіміздің де үлесіміз болғанын бүгінде мақтанышпен айтамыз. Екі айда бір рет жарық көріп тұратын журналдың редакторы – ақын, жазушы Серік Сағынтай. Ал жалпы аталған журналдың шығуына себепші болып, үнемі рухани жәрдем қолын созып отырған ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты – Серік Ақсұңқарұлы.
Ал енді Қасымның журналистігі дегенге келер болсақ, ақын осынау өздеріңіз қолдарыңызға ұстап отырған бүгінгі «Egemen Qazaqstan» кешегі «Социалистік Қазақстан» газетінде тілші болып жұмыс істепті. Мұны қасымтануға сүбелі үлес қосып жүрген зерттеуші Марат Азбанбаев өз жазбасында Қасым Аманжоловтың 1931 жылы «Қызыл әскер» газетінде әдеби қызметкер болғанын жазады.
«Қызыл әскер» газеті 1929-1936 жылдары сол кездегі Қазақстан соғыс комиссариатының, өлкелік ОСАВИАХИМ кеңесінің, «Еңбекші қазақ» басқармасының жетілік газеті ретінде шығып тұрған. «Egemen Qazaqstan» газетінің арғы тарихы «Еңбекші қазақ» басылымынан бастау алғандықтан Қасым ақынды да «егемендіктерге» жатқызуға заңды негіз бар деп ойлаймын», дейді зерттеуші.
Иә, Қасымның «егемендік» екенін біз мақтанышпен айтар едік. Газеттің тоқсан жылдық мерейтойы қарсаңында шыққан «Егеменқазақстандықтар» атты кітаптың «Тізімдерде... тұнған сыр» бөлімінде ақын Аманжоловтың есімі ерекше көзге түседі. Бұл ретте ақынның «Социалистік Қазақстанға» деген арнау өлеңі де барын айта кетуіміз керек. Өлеңді ақын «Социалистік Қазақстан» газетінің шыға бастағанына 25 жыл толуына арнап жазған екен.
Мектеп бардым, бала көрдім,
Қолтығына кітап қысқан;
Сол кітаптың арасында
«Социалистік Қазақстан».
Майдан бардым,
солдат көрдім,
Жаңа шыққан қанды ұрыстан.
Жүрген оның қойынында,
«Социалистік Қазақстан».
Ауыл бардым, шалды көрдім,
Кеткен асып жасы алпыстан.
Шал алдында дастархандай –
«Социалистік Қазақстан».
Жә, мұның бәрі орынды, Қасымның журналист екенін жоққа шығарып жатқан ешкім жоқ, мәселе ақынның айналасын зерттеуде алда қандай жұмыстар атқарылады? Зерттеуші М.Азбанбаев осы ретте көп жайтқа көңілі толмайтындығын айтып редакцияға бірнеше хат та жолдапты. Оның айтуынша Қасымды біз тек ақын ретінде танығанымыз дұрыс емес. Қасымды жауынгер журналист, музыкант, театр өнерін жетік білген маман ретінде де жан-жақты насихаттағанымыз жөн.
Қасым туралы архивтегі деректер бойынша зерттеу жүргізген М.Азбанбаев «Аманжолов Қасым 1911 жылы Ресей империясы Семей облысы Қарқаралы уезінде дүниеге келген. 1922 жылы Семей қаласында ашылған «қазақ жасөспірімдерінің өлкелік мектебінде» оқиды. (Дерек көз Қарағанды архивіндегі қызы Дариғаның мәліметі, әкесінен естігені.) Біздің анықтағанымыз, Қасымды Семейге алып келген Әліби Жангелдин бастаған КирЦик-тің «Қызыл керуені».
Семейдегі «қазақ жасөспірімдерінің өлкелік мектебінде» Қасым 1928 жылға дейін дәріс тыңдайды. Алматыдағы орталық архивтің дерегі бойынша, аталған мектептер Семейден өзге Петропавл, Әулие-Ата қалаларында құрылған болатын. Мақсат – қазақтың жетім-жітік жасөспірімдерін техникумдарға, совпартшколдарға түсуге дайындау.
Қасым 1928-1930 жылдары Семейдің зооветтехникумының дайындық курсының жоғарғы тобында оқып жүріп, сабаққа қатыспағаны үшін шығарылып тасталады.
1930 жылы Алматыда Қазақтың университеті ашылуына байланысты 4 айлық өлкелік дайындық курсы сәуір айында ашылады. Аймақтардан осы курсқа қазақ жастарын жіберу талап етіледі. Өлкелік нұсқауға сай Семей Қасымды Алматыға жібереді, өйткені ол өлкелік оқу-ағарту комиссариатының есебінде тіркеулі еді.
Қасым, (қызы Дариғаның хатында айтылған), университеттің филология факультетіне түсу үшін дайындалады. Алайда, үкіметтің жоспары күрт өзгеріп, 1930 жылдың күзінде Қасымды Ленинградтың орман институтына аттандырады.
Қасым барған оқуын ұнатпай (қызы Дариғаның айтуына сенсек, Қасым ол оқуды «Не мое» деген), Алматыға 1931 жылы қайтып оралады да, «Қызыл әскер» апталық газетіне әдеби қызметші болып қабылданады.
1932 жылы Қасым Орал қаласындағы «Екпінді құрылыс» газетінде журналист болып қызмет етеді.
Қасым жиырма екі жасқа толғанда Орал қаласында 1933-1934 жылдары атты әскери полкінде жауынгер болған.
Қасым 1935-1936 жылдары Оралдағы театр-студияның көркемдік жетекшісі қызметін атқарады.
1937 жылы Қасым Алматыға оралады...», деп тың деректерді ашып жазған.
Мұрағат мұраларын жарыққа шығарып отырған зерттеуші осы ретте Қасымның қазақ театры өнеріне сіңірген еңбегін ескеріп, оның театр ісін ұйымдастырушы кәсіби маман ретіндегі қызметі арнайы зерттелуі керектігін айтады. Сонымен қатар Қасымның музыкалық, композиторлық өнерін, қызметін, ісін ғылыми тұрғыдан талдау жағы кемшін екенін де қаперге алуды ұсынады. Я болмаса «Қызыл әскер» апталық газеті Қазақстан соғыс комиссариатының органы болғандығын ескерсек, біздің Қорғаныс министрлігі Қасым Аманжоловты неге іздемейді, оған неге көңіл бөлмейді? Қорғаныс министрлігінде білдей бір Қорғаныс академиясы бар емес пе? Жас ғалымдарға «Қасым – журналист-жауынгер» деген ғылыми тақырып неге ұсынылмайды? «Қызыл әскер» апталық газеті «Еңбекші қазақ» басқармасының органы болса, қазіргі «Egemen Qazaqstan» газеті Қасымды осы тұрғыдан неге зерттемейді?» деп үлкен ой саларлық ұсыныстар айтады. Бұл ойларымен қатар автор өз кезегінде ел газеті арқылы Мәдениет және спорт министрлігіне де бірқатар ұсыныс жеткізгісі келеді. Шынымен де Қасым оқыған мектептің жанынан, яғни Семейдегі қазір Әлихан Бөкейханның ескерткіші тұрған «Мәңгілік Ел» көшесінің бойындағы «Жеңіс саябағының» ішінен «Қасым оқыған мектеп ғимаратының орны» деген бір қарапайым тас белгі орнатылғаны дұрыс. Сонымен қатар Қасымның Алматыдағы зиратына да жөндеу жұмыстары қажет. Кейінгі ұрпақ Қасым аталарының басына барып, құран бағыштағысы келген тұста ақынның зиратын үлкен қабірстанның ішінен тауып алу қиын. Егер орайы келіп жатса ақынның моласына мен мұндалап тұратындай биік ескерткіш орнатылғаны дұрыс. Ол орындалмаған жағдайда бейіттің төрт құлағынан биік найза сияқты темір белгі қойылғаны жөн. Қасымның өзі де: «Қазақтың әні мен өлеңін, Найзадай көтеріп келемін» деп кеткен жоқ па? Не болмаса «Қолымда найза, шағылып Айға, Жеңдік қой жауды, Арман не құрбым!» демекші, зиратқа әдемі безендірілген найзалы белгі орнатылса ақынның аруағы шат, образы айшықтала түсер еді.
Ескерткіш дегеннен есімізге түсіп отыр, жалпы Қасым ақынның көп ескерткіші жоқ. Ең үлкен мүсінді шайырдың жүз жылдығында Қарағанды шаһары орнатқанын білеміз. Оған дейін қойылған кішігірім бір-екі бюст қана бар. Айтпағымыз, суретте көріп отырғандарыңыздай, осынау аяқталмай қалған тамаша жұмыс осыдан он жыл бұрынғы жүз жылдық қарсаңында конкурстан өтпей, жолы болмай қалған жоба екен. Көпшілікке ұнаған кішкене мүсін бүгінде «Қасым» журналының редакциясында тұр. Реті келген жағдайда Қасымның асқақ рухын, өр айбынын тура беретін тамаша туынды іздеген жандар болса осы мүсінге бір қарауларына болады. Бұл мүсін көп жылдан бері аталған журналдың мұқабасына да басылып келді.
Жә, ақын туралы айтылар ойлар, жазылуы керек жайлар бұнымен бітпейді. Айтпағымыз, мақала соңында көтерілген ұсыныстарға барша қазақ, оның ішінде нақты Алматы қаласының, Семей қаласының, Қарағанды облысы, Орал қаласы әкімдері бей-жай қарамайды деп сенеміз.
Ақын рухы – адамзат тірегі. Алаш баласы қашанда өз болмысын қайсар рухты шын шайырларынан табатын болған. Өршіл мінезімен, асқақ рухымен бар қазақтың Қасымы атанған дауылпаз ақынға әркез құрметпен қарай білейік.