Ой кіргелі тимеді ерік өзіме,
Сандалмамен күн кешкен түспе ізіме.
Өзі ермей, ерік бермей жұрт қор етті,
Сен есірке, тыныш ұйықтат, бақ сөзіме.
Абай
Ендігі сөзді ақын Абайды шайырларының шұрайлы тілі мен терең ойы еліктірген, рухынан медет сұраған араб-парсы әдеби әлемінен тарқатамыз.
Арабтар басып өткен жерлердегі жұрттың отқа, пұтқа табынған сенімінен арылтып, мұсылман жамағатына айналдырып, тегіс құбылаға қарай бас қойғызғанда Арабия түбегінде бір жаратушыны құлай сүйіп, Құдайдың құлымын деп бойұсынған, Алланың жолында жанын тәрк етуге дайын тақуалардың шағын тобы пайда болады. Оны бүгінгі күнде сәнге айналған «сопылық» сөзімен байланыстырып жібердік. Әрине, бірнеше ғасырлар бойында исламның өзіне соны мағына дарытып, Алланы тануға жаңа леп әкеліп, жүректерге иман нұрын құйған құпия ілімнің мистикалық мағынасына мән беріп, сонысымен ғана оны тартымдырақ көреміз. Ал оны адамзаттың рухани дамуындағы риялық, тақуалық, адам атына тән, жаратылысына жақын ететін жаңа өлшем ретінде қабылдау кейін қалып тұр. Абайша айтқандай:
Ойға түстім, толғандым,
Өз мінімді қолға алдым.
Мінезіме көз салдым,
Тексеруге ойландым.
Өзіме өзім жақпадым,
Енді қайда сыя алдым?
Қалап алған көп мінез,
Қалайша қылып тыя алдым?
Бойдағы мінді санасам,
Тау тасынан аз емес.
Жүрегімді байқасам,
Инедейін таза емес.
Аршып алып тастауға,
Апандағы саз емес.
Бәрі болды өзімнен,
Тәңірім салған наз емес...
Ақынның жанына батқан зіл батпан қаралықтан арылуға ұмтылуын білдіретін жоғарыдағы жолдардың сопылық іліммен ұштасып, жүрегін Алланың құдіретінің алдында жалаңаштағандығы емес пе?!
Сопылық – исламдағы мистикалық-тақуалық ағым ретінде VIII-IX ғасырларда пайда болып, X–XII ғасырларда әріптері, ашықтары мен каландары айшықталып кемеліне жетіп қалыптасты. Сопылық метафизиканың аскетикалық тәжірибемен үйлесуімен, Құдайды білуге мистикалық махаббат арқылы біртіндеп жақындау туралы іліммен (интуитивті экстатикалық түсініктерде) және онымен біріктірумен сипатталады. Бір ғалымдар сопылықтың анықтамасын әріден қайырыпты. Олардың айтуынша, интеллектуалды ағымдардың жиынтығы ретінде оның қайнар бұлағының да көздері әртүрлі болуы мүмкін. Егер осы сопылықты басқа халықтардың мистикалық ағымдарымен салыстырып, егжей-тегжейлі зерттесек, ортақ ұқсастықтар бар екеніне көз жеткіземіз. Еуропалық зерттеушілер сопылықтың түп-тамырын зороастризм, индуизм, христиандық тақуа монахтардың тәжірибесінен, неоплатонизм философиясынан, тіпті керек болса иудаизмнен де іздеуге болатынын айтады.
Бірақ сыртқы көріністерінің ұқсастығына қарамастан, сопылықтың нақты қайнар көзі ислам мен Құран екені әмбеге аян. Басқаша сөзбен айтқанда ислам мен Құран болмағанда біз тілге тиек еткен қосымша факторлар осындай айшықты мәдени құбылыстың пайда болуына әсер ете алмас еді. Ал ұқсастыққа келсек, оның барша адамзатқа ортақ бір қайнар көзінің болғанын білдіреді.
Бұл ағым, тегінде адамдардың өз дәуіріндегі әділетсіздікке, дүниені жалпағынан билеген билеуші элитаның алаңсыз өміріне, сән-салтанаты мен құдайдан аластатқызып жатқан бос өміріне наразылық немесе жиіркеніш арқылы пайда болған сияқты. Қалай айтқанда да бұл, осы ілім арқылы адам баласының шынайы тазалыққа ұмтылуы. Абайдың ақжарылып айтқан алдыңғы өлеңінің жалғасы тағы есімізге түседі.
Осынша ақымақ болғаным
Көрінгенге қызықтым.
Ғаділетті жүректің
Әділетін бұзыппын.
Ақыл менен білімнен
Әбден үміт үзіппін;
Айла менен амалды
Меруерттей тізіппін.
Жалмауыздай жалаңдап,
Ар, ұяттан күсіппін.
Қулық пенен сұмдыққа
Құладындай ұшыппын;
«Сіз білесіз» дегенге
Күнге күйіп, пісіппін;
Мақтанбасқа мақтанып,
Деп жүріппін «пысықпын».
Ақынның жүрегінен жарып шыққан ащы сын көкірек көзі ашылып, тартыспен өткен алдамшы өмірдің азабын ұққанындағы аһ ұрғанын білдірмей ме?! Әрине, өзінің бойындағы індетті тану үшін, салыстырып таразылайтын безбені, адамшылықтың өлшемі болуы тиіс. Ол қандай өлшем?
Атымды адам қойған соң,
Қайтіп надан болайын?
Халқым надан болған соң,
Қайда барып оңайын?! –
деп ақын өз ортасының кемшілігін дәл тауып тани білгенін көреді. Оның ілім мен біліммен, ізденіп оқумен келген адами құндылықтардың өлшемін іздеп, халқының да бойын жаулап алған жамандықты өзі аршып, өзі тазартуға талпынысын Қара сөздерінен көрмейміз ба? «Тегінде адам баласы, адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрселермен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» (18 сөз) дей келіп, сол дәуірдегі қазақтың дінге қатысын Абай былайша жеткізеді: «Қазақ құлшылығым құдайға лайық болса екен деп қам жемейді. Тек жұрт қылғанды біз де қылып, жығылып, тұрып жүрсек болғаны дейді. Саудагер несиесін жия келгенде «тапқаным осы, біттім деп, алсаң – ал, әйтпесе саған бола жерден мал қазам ба?» дейтұғыны болушы еді ғой. Құдай тағаланы дәл сол саудагердей қыламын дейді. Тілін жаттықтырып, дінін тазартып, ойланып, үйреніп әлек болмайды. «Білгенім осы, енді қартайғанда қайдан үйрене аламын» дейді. «Оқымадың демесе болады дағы, тілімнің келмегенін қайтушы еді» дейді. Оның тілі өзге жұрттан бөлекше жаратылып па? (16 сөз)
«Сол малды сарып қылып, ғылым табу керек. Өзің таба алмасаң, балаң тапсын. Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған хаж, ешбір ғибадат орнына бармайды. (10-сөз). Хакімнің айтып отырғаны қай ғылым. Осы орайда Имам Мәліктің: «Кім ғалым болып, сопыға айналмаса, ол күнәкар болады. Ал сопылық болып, ғалым болмаған адам адасады. Ғылым мен сопылықты кім бойына сіңіріп жүзеге асырса, ол шынымен Шындықты табады» деген нақылы көңілге қонбай ма? Мәселе сопылықта не ғылымда емес, өмір салтында, ізгілік жолдан, адам атынан тайдырмайтын шарттылықта.
Шайхы Сағди Ширази бір хикметінде сондай ғалым туралы айтқаны біздің ойымызды айшықтай түседі:
Тақуасыз ғалым – жарығы
жоқ шыраққа ұқсар.
Ысырап қылған өмірін іске
пайдасыз,
Ақшасын шашып,
қалған бір жан шайласыз.
Жасыратыны жоқ, ақынның тіліндегі «ғылым» сөзін еуроцентристік көзқарастың ыңғайына жығылып орысша оқы, өнерді де ғылымды да орыстан үйрен деп келдік. Біржақты қарауға ақынның 2-ші немесе 25-ші қара сөздерінің әсерін жоққа шығаруға болмайды.
Естеріңізге сала кетсек: «Мен бала күнімде естуші едім, біздің қазақ сартты көрсе, күлуші еді «енеңді ұрайын, кең қолтық, шүлдіреген тәжік, Арқадан үй төбесіне саламын деп, қамыс артқан, бұтадан қорыққан, көз көргенде «әке-үке» десіп, шығып кетсе, қызын боқтасқан, «сарт-сұрт деген осы» деп. Ноғайды көрсе, оны да боқтап күлуші еді: «түйеден қорыққан ноғай, атқа мінсе – шаршап, жаяу жүрсе – демін алады, ноғай дегенше, ноқай десеңші, түкке ыңғайы келмейді, солдат ноғай, қашқын ноғай, башалшік ноғай» деп. Орысқа да күлуші еді: «ауылды көрсе шапқан, жаман сасыр бас орыс» деп.
Орыс ойына келгенін қылады деген... не айтса соған нанады, «ұзын құлақты тауып бер депті» деп.
Сонда мен ойлаушы едім: Ей, құдай-ай, бізден басқа халықтың бәрі антұрған, жаман келеді екен, ең тәуір халық біз екенбіз деп, әлгі айтылмыш сөздерді бір үлкен қызық көріп, қуанып күлуші едім.
Енді қарап тұрсам, сарттың екпеген егіні жоқ, шығармаған жемісі жоқ, саудагерінің жүрмеген жері жоқ, қылмаған шеберлігі жоқ. Өзіменен өзі әуре болып, біріменен бірі ешбір шаһары жауласпайды! Орысқа қарамай тұрғанда қазақтың өлісінің ахиреттігін, тірісінің киімін сол жеткізіп тұрды. Әке балаға қимайтұғын малыңды кірелеп сол айдап кетіп тұрды ғой. Орысқа қараған соң да, орыстың өнерлерін бізден олар көп үйреніп кетті. Үлкен байлар да, үлкен молдалар да, ептілік, қырмызылық, сыпайылық – бәрі соларда. Ноғайға қарасам, солдаттыққа да шыдайды, кедейлікке де шыдайды, қазаға да шыдайды, молда, медресе сақтап, дін күтуге де шыдайды. Еңбек қылып, мал табудың да жөнін солар біледі, салтанат, әсем де соларда. Оның малдыларына, құзғын тамағымыз үшін, біріміз жалшы, біріміз қош алушымыз. Біздің ең байымызды: «сәнің шақшы аяғың білән пышыратырға қойған идән түгіл, шық, сасық қазақ», – деп үйінен қуып шығарады. Оның бәрі – бірін-бірі қуып қор болмай, шаруа қуып, өнер тауып, мал тауып, зор болғандық әсері. Орысқа айтар сөз де жоқ, біз құлы, күңі құрлы да жоқпыз. Бағанағы мақтан, бағанағы қуанған, күлген сөздеріміз қайда?»
Мұнда қазақты өзге ұлттармен салыстырып қарасақ, мына сөзінде: «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста тұр. Зарарынан қашық болу, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек. Оның себебі олар дүниенің тілін білді, мұндай болды. Сен оның тілін білсең, көкірек көзің ашылады. Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі оныменен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды. Дінге де жақсы білгендік керек. Жорғалықпенен көңілін алсам екен деген надан әке-шешесін, ағайын-жұртын, дінін, адамшылығын жауырынынан бір қаққанға сатады. Тек майордың күлгені керек деп, к...і ашылса да, қам жемейді. Орыстың ғылымы, өнері – дүниенің кілті, оны білгенге дүние арзанырақ түседі. Ләкин осы күнде орыс ғылымын баласына үйреткен жандар соның қаруымен тағы қазақты аңдысам екен дейді. Жоқ, олай ниет керек емес. Малды қалай адал еңбек қылғанда табады екен, соны үйретейік, мұны көріп және үйренушілер көбейсе, ұлықсыған орыстардың жұртқа бірдей законы болмаса, законсыз қорлығына көнбес едік. Қазаққа күзетші болайын деп, біз де ел болып, жұрт білгенді біліп, халық қатарына қосылудың қамын жейік деп ниеттеніп үйрену керек. Қазір де орыстан оқыған балалардан артық жақсы кісі шыға алмай да тұр».
«Талай сөз бұдан бұрын көп айтқанмын,
Түбін ойлап, уайым жеп
айтқанмын.
Ақылдылар арланып
ұялған соң,
Ойланып түзеле ме
деп айтқанмын».
«Жұртым-ай, шалқақтамай сөзге түсін» деген Абайды ұға алмадық. Осылайша, дәл сол тұстағы өзі жасап жатқан қыр баласының қоңырқай тірлігіндегі түбегейлі өзгерістер, өркениеттердің бетпе-бет келіп, жаңа қоғамдық сатыға ауысқан сәттегі аңтарылған жұртының басына түскен күрделі кезеңге қаратып айтқан «қап» дегенін қағып алып, Абайды өз топырағы шығысынан бұрып алып, тамырын жая алмайтын қу тақырға отырғызып қойды. Ақыннан қалған 45 қара сөзінің осы жолдары ақын мұрасын басқа арнаға салып жіберді. Құнарынан жұлып алып қу тақырға еккен ағаштың жапырағы жайқалып шынарға айналмасын кейін біліп сезіндік. Бесіктегі баланың тілі орысша шығып, қаны тартпайтын бөтен жұрт өсіп шықты. Орыс та емес, қазақ та емес. Ақын мұрасын түсінудегі бағытынан айырудың нәтижесінде ойшылдық құдығының қауғасын үзіп, салқын суын сарқып ішіп, мөлдіріне мейір қандыратын мүмкіндіктен айырылып қалдық. Қауғаны қайта жалғайтын күш бар ма?!
Ғылым таппай мақтанба,
Орын таппай баптанба,
Құмарланып шаттанба,
Ойнап босқа күлуге.
Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол,
Адам болам десеңіз.
Тілеуің, өмірің алдыңда,
Оған қайғы жесеңіз.
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ –
Бес дұшпаның, білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым, ойлап қой –
Бес асыл іс, көнсеңіз...
Міне, ақынның пайымындағы ғылым. Барша адамзатқа ортақ құндылық. Адамды болмысынан ажырататын бес жамандық, адам келбетін жоғалтпаймын дегенге жарасар бес асыл іс. Өлеңнің ақырғы жолдарында «Мұны жазған білген құл – Ғұламаһи Дауани» дейді. Ол кім? Күні кешеге дейін мектеп бағдарламасында өлеңнің осы жолынан аттап кетіп, атын ауызға алып ешкім түсіндірген емес, Ақынның шығысына қиянаттың басы осы емес пе?!
«Солай депті ол шыншыл» деп баға берген Абаймен қатыстылығы болған себепті Мекемтас Мырзахметұлы Ғұламаһи Дауани туралы мақала жазып, алғаш рет қазақ оқырмандарына бертінде, тоқсаныншы жылдары жеткізді. Ал ақынның 175-жылдығында шығарған шығыстанушы-ғалым Ислам Жеменейдің «Абай Құнанбайұлының шығармасындағы түркі-парсы ақындары (шығыстық дүниетаным) кітабында Дауани туралы барынша мол дерек берілді. Осы екі мақаланың негізінде ХІ ғасырда Хорасанда дүниеге келген Дауанидің ғұмырбаянына қысқаша шолу жасап кетелік. Оның шын есімі – Джелал-д-Дин-Мухаммед бен-Асхад ус-Садики ал-Дауани. Ол 1426 жылы Хорасандағы Казерун (қазіргі Иранның батыс жағы) уалаятына қатысты Дауани қыстағында дүниеге келген. 1502 жылы Шираз қаласында қайтыс болған. Әкесі мәулана Сәдеддин Әсһәд діндар, білімді, беделді болған. Оның ататегі мұсылмандардың бірінші халифасы Әбубәкір Сыдықтың баласы Мұхаммед Әбубәкірұлынан тарайды.
Дауани білімді Шираз қаласында алған. Ол әсіресе, медреседе фикхпен (мұсылман правосы), яғни юриспруденциямен көбірек шұғылданады. Фикх ғылымына жетік болып шығуы себепті Парсы уалаятына бас қазы болып тағайындалады. Кейін ғылым жолына біржола түсуі себепті, қазылық қызметін тоқтатқан. Шираздағы атақты медреселердің бірінде мүддәрисшілдікке (профессорлық) ауысып, ұстаздық жолына түседі.
Осы екі аралықта Шираз қаласының әмірі Жүсіп Жаһаншаһұлының сарайында уәзірі болады. Дауанидің кәләм, хикмет, тәпсір, хадис, сопылық, поэзия, әдебиет, астрономия, логика, геометрия, биология салалары бойынша жазған еңбектері ғалымдардың назарын аударады.
Англияның Британия музейінің 1922 жылы шығарған парсы тіліндегі еңбектердің аса көлемді библиографиясында Ғұламаһи Дауанидің оннан астам еңбектерінің аты аталады. Ал атақты ғалым Табризидің мәліметтері бойынша, Ғұламаһи Дауани артына жүзден астам еңбек қалдырған. Ғұлама мұрасының ауқымын Ислам Жеменей өз еңбегінде нақтылап көрсетеді: «Дауанидің парсы, араб тілдеріндегі философиялық еңбектері, қарапайым, түсінікті тілмен түрлі тақырыптарға жазған шығармалары өзі өмір сүрген заманында да, одан кейін де мектеп-медреселерде оқулық ретінде пайдаланып келді. Зерттеуші Риза Пур Жавадидың айтуынша: Дауанидің әртүрлі тақырыптарға жазған кітаптарының саны 106-ға жетеді. Оның ішінде: философияға – он жеті, кәләмға – он төрт, сопылыққа – он төрт, логикаға – он үш, тәпсірге – он, мораль мен саясатқа – сегіз, фикһқа жеті кітап жазған. Дауанидің ақындығы, көптеген өлең-жыр жазып қалдырғаны өз алдына бөлек әңгіме».
Ғұламаһи Дауанидың ең мол тараған әрі көп тілдерге аударылған атақты еңбектерінің бірі – «Жалали этикасы» (Ахлаки Жалали). Бұл еңбек парсы тілінде жазылған, Үндістанда литографиялық әдіспен бірнеше рет жарық көреді. Еуропада алғаш рет ағылшын тілінде 1839 жылы В.Ф.Томпсонның аударуымен «Мұсылмандардың практикалық философиясы» деген атпен басылған. Ал Ресейде бұл еңбек 1916 жылдан бастап пайда бола бастаған. Сондықтан да Абай Дауани еңбектерін парсы тіліндегі түпнұсқадан оқып білген деуге келеді.
Ислам Жеменейдің Ғұламаһи Дауани туралы мақаласын оқып отырып, бірнеше ғасыр өтсе де сол шырақтың сәулесін сезініп, асқан құштарлықпен ғылымға бой ұрған ақынның жүрек тебіренісін сезіндім.
Сізге ғылым кім берер,
Жанбай жатып сөнсеңіз.
Дүние де өзі мал да өзі,
Ғылымға көңіл бөлсеңіз.
Екі ғұламаның өмір жолы мен ұстанымын байланыстыра зерттеп берген Ислам Жеменей: «Жалал Дауанидің дүниетанымындағы тағы бір ерекшелігі – ол сопылыққа қаншалықты іңкәр болғанымен, дүниеәуи өмірден қол үзбеген» деп тұжырымдайды. Жеменей ағамыз талдап көрсеткендей, Дауани ислам қағидаттарындағы «қанағат, «еркіндік» және «ағайын-туыстарға игілік жасаудың» негіздерін экономикалық тұрғыдан қарастырғанын айтады. Абайдың да ғылым-білім, ағайындар арасындағы қарым-қатынасқа қатысты өлеңдерінің арқауын ортағасырлық Дауанидің үлгісінде алып, соның пайымымен үндестіре келе, өзінің өлеңімен де, қара сөздері арқылы да Дауанимен сырласып, ғалымға мұңын айтып жырлағандай әсер қалдырады. «Алтын шыққан жерді белден қаз» демекші Ислам Жеменей ағамызға Дауани еңбектерін парсыдан аударып қазақ оқырмандарына жеткізсе деген тілегіміз бар. «Ахлаки Жалали» қазақша сөйлесе Абай мұрасының да ажары шырайланып, оқырмандарымызға барлық қырымен жақындай түсер еді.
Мен боламын демеңдер,
Аяқты алшаң басқанға.
Екі көзің аларып,
Құр қарайсың аспанға.
Бір ғылымнан басқаның
Бәрі кесел асқанға.
Өйткен адам жолығар
Кешікпей-ақ, тосқанға.
Қалай дегенде де Абайдың дүниетанымымызда айтарлықтай із қалдырып, даналықтың дәнегін ақын көкірегінде көркейте білген Джелал-д-Дин-Мухаммед бен-Асхад ус-Садики ал-Дауанидың мұрасы екені даусыз. Әсіресе, Абайдың ілім-ғылым жөніндегі ой-толғамдары Дауани шығармаларымен ұштасып, сол үлгіде ел-жұртына өсиет айтып, тура жолды меңзей білді.
Амангелді Кеңшілікұлы