Ескертілмейді емес, «уылдырық шашу кезінде балық аулауға болмайды» деп айтылып-ақ жатыр. Ашкөздік пе, дәл осы уақытта Шығыс Қазақстанда қаскөйлер 2 тоннадан астам балық аулаған. Есептеп көрсек, 3 млн теңгенің балығы.
Уылдырық шашу кезінде тыйым салынған балық өсіру орындарында және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда балықты заңсыз аулауға жол бермеу үшін 16 сәуір мен 30 мамыр аралығында «Уылдырық-2021» жедел алдын алу іс-шарасы өткен. Оған жұмылдырылған полицейлер экологиялық қылмыстарды, оның ішінде бұрын жасалған қылмыстарды ашу мақсатында жұмыс істеді. Олар қылмыстың алдын алып қана қоймай, өзен-көлдердегі балық қорын сақтап қалуға елеулі үлес қосты. Әйтпесе, су жағалап жүрген браконьерлер аз емес еді.
– Табиғат қорғау полициясының бөлімшелері балық ресурстарын қорғау мақсатында күн сайын рейдтік іс-шаралар өткізіп, нәтижесінде 316 құқық бұзушылықты анықтады. Жедел алдын алу іс-шарасы барысында браконьерлер 2 тоннадан астам балық аулап, мемлекетке келтірілген залал 3 млн теңгеден асты. 300-ге жуық тәртіп бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді облыстық полиция департаментінің бастығы Сағат Мадиев.
Рейд кезінде өзен-көлдердің жағалауынан 56 қылмыс құралы (синтетикалық торлар, балық ұстауға арналған шанышқы, сүзгіштер, т.б.) тәркіленіп, 3760 метр ау табылды. Аталған фактілер бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 383-бабының 3-бөлігі (балық аулау және балық ресурстары мен басқа да су жануарларын қорғау ережелерін бұзу) бойынша 9 материал сотқа жолданды. Қылмыстық кодекстің жабайы жануарлар мен өсімдіктердің түрлерін, олардың бөліктерін немесе дериваттарын заңсыз сатып алу, өткізу, тасымалдау, әкелу, әкету, сақтау жөніндегі 6-бабы және 335-бабы (балық ресурстарын, басқа да су жануарлары мен өсімдіктерін заңсыз өндіру) бойынша 7 заң бұзушылық фактілері анықталды.
Браконьерлік оқиғаларының бірі осы жылдың 19 мамырында Бұқтырма су қоймасының жағасында болды. Табиғатты қорғау полициясы бөлімінің қызметкерлері Алтай ауданы Октябрь кентінің 1992 және 1977 жылғы екі тұрғынын ұстады. Тексеру кезінде ұсталғандардың біріне тиесілі «Mitsubishi» автокөлігінде моторы бар алюминий қайық және 179 кило рипус балығы табылды. Ақшаға шаққанда, мемлекетке 874 750 теңгенің шығыны келтірілген. Аталған факт бойынша Қылмыстық кодекстің 335-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, тәркіленген балық арнайы қабылдау орнына тапсырылады. Ал сатудан түскен табыс мемлекет қазынасына аударылады.
Шығыс Қазақстан облысы