• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әдебиет 04 Маусым, 2021

Өз ой-дұшпаныңды жеңе біл...

612 рет
көрсетілді

Әйгілі жазушы Төлен Әбдіктің «Оң қол» деген шығармасы бар. Қаламгер Алма деген қыздың тағдыры арқылы күрделі мәселені көтере отырып, көп жағдайда адамның өз ойы мен әрекеті өзіне дұшпан екенін жеткізеді. Адамның болмысында бұғып жатқан алапат сезім кезі келгенде атойлап алға шығып, ақырында пендені еркінен айыруы мүмкін. Қоғамда орын алып жатқан кейбір қайғылы жағдайлардың негізі де адамның өзін өзі түсінбеуінің салдарынан болады.

Қазіргі кезде қоғамда адамдардың арасында өз өзіне қол салу жиілеп барады. Бұл қауіпті құбылыс, әсіресе жастар­дың арасында жиі кездеседі. Қит етсе қыл арқанға қылғынып қалуға, төбеден өзін тастап жіберуге, болмаса адамның ойына алудың өзі ауыр басқа да жағдайларға баруға атүсті шешім қабылдай салады. Соның салдарынан қаншама отбасы қайғыдан қан жұтты. Адам баласы үшін ең қымбат, баға жетпес байлық деген өмірдің өзін әп-сәтте қиып жіберу түк болмай қалғандай.

 Өмірдің түрлі соқпақтары адамды әр қиырға салады ғой. Тағдырдың да, сәттің де жас таңдамайтынын ескерсек, жалғанда жұмыр басты пенденің басында әрқилы жағдай болуы мүмкін. Психологтер, әсі­ресе жасөспірімдердің мұндай қадамға сол қиындықтардан құтылу үшін баратынын айтады. Бірақ талай рет бұл мәселе көтерілсе де, өзін өзі өлтіруден құтылудың жолы табылмай отыр.

Жамбыл өңірінде де суицид мәселесі өзекті болып тұр. «Бүгінгі таңда жас­өспірімдердің өз өзіне қол жұмсау әре­кеттері жиі кездесуде. Өкінішке қарай оның көбі бала өлімімен аяқталады. Суицидтік белсенділік 14-15 жастан бастап жасөспірімдер арасында күрт артады. Ал 16-19 жас аралығында барынша жиі орын алады. Ағымдағы жылдың төрт айында облыс бойынша суицид жағдайларының 42,8 пайызға төмендеуі тіркелді. Оқиға жетіден төртке дейін азайған. Биыл сәуір айында орта білім беру мекемелерінде үш қыз бен бір ұл бала өз өзіне қол жұмсауға әрекет жасаған. Жасөспірімдердің өз өзіне қол жұмсауын азайту және оған жол бермеу мақсатында облыстық По­лиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының ювеналдық полиция қызметкерлері прокуратурамен, облыстық білім және денсаулық сақтау басқармаларымен, үкіметтік емес ұйымдармен, сондай-ақ өзге де мүдделі органдармен бірлесіп, жыл басынан бері 272 алдын алу іс-шарасын өткізді», дейді облыстық Полиция депар­таменті Жергілікті полиция қызметі бас­қармасының бастығы Рахымберді Әш­кеев. Ол суицидтің алдын алу мәселесінде бала­лардың заңды өкілдеріне басты назар аударатынын айтты. Бұл ретте ата-аналардың балаларымен сенімді түрде сөйлесу, балаларға мүмкіндігінше жақын болуға тырысу, баланың бос уақытына және күн тәртібін сақтауға назар аудару да маңызды. Ал облыс бойынша Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары Жасұлан Атеновтің айтуынша, биылғы жылдың бес айында балаларға қатысты 21 оқиға орын алған. Оның ішінде 2 жағ­дай өзіне өзі қол жұмсауға талпыну, біреуі өзіне өзі қол жұмсау, 6 оқиға үйден ке­тіп қалу сияқты келеңсіздіктер бар. Сол сияқты, 12 басқа оқиға тіркелген. Өкінішке қарай 4 бала қайтыс болған. Қазіргі кезде барлық мәселе түсіндіріліп, қоғам болып оның алдын алып жатқанымен, бәрібір мұндай қауіпті құбылыстың қарқыны басылар емес.

 Жалпы, өзін өзі өлтіру – қазақтың ежелгі бабатанымына да, дінге де жат дүние. Бұл ретте әрбір адам өзінің өмі­рін, өміріндегі болып жатқан барлық құбы­лысты ақыл таразысына салып, содан оң қорытынды шығара білгені абзал. Осы орайда, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының облыс бойынша өкілі, облыстық орталық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев аталған мәселе турасында өз пікірін білдірді. «Жасөспірімдер арасында өз өзіне қол жұмсау тыйылмай тұр. Оған апаратын жолдарды біз ата-ананың баламен арасындағы қарым-қатынасынан іздеп көруіміз керек. Қазір ата-ана басқа әлемде, бала басқа әлемде жүреді. Арада байланыс жоқ. Міне, осыдан келіп бала өзін қоғамнан алшақтап, жалғыз қалдым деп ойлайды. Мектептер мен жоғары оқу орындарында да мұғалім мен баланың арасында ресми байланыс қана бар. Осыны көрген балада «теңсіздік», «әділетсіздік» деген ой қалыптасады. Өзінің ойын толық жеткізе білмеген бала уақыт өте келе, оқшаулана береді. Өмірінде қиындыққа түскен адамға Алла Тағала жол көрсетіп, «Юнус» сүресінің 57-аятында «Уа, адамдар! Шүбәсіз сендерге Раббыларыңнан насихат, көкіректегі дерттерге шипа әрі мүміндер үшін тура жол мен рақым болған Ислам мен Құран келді», дейді. Осы аятта бізге төрт нәрсені айтып отыр. Насихатқа құлақ салған адам жүректегі дертіне шипа табады. Сонда барып Алланың тура жо­лын танып, Раббысының рақымына бөлене­ді», дейді ол. Сондай-ақ Бейбіт Мырзагел­диев өзін өзі өлтірудің дініміздегі ауыр жағ­дай екенін жеткізді.

 Бүгінде қоғамда болып жатқан қауіпті құбылыстарға қарсы тұрудың өзі оңай емес. Одан қалса, жастардың санасын жаулап, еркін алған интернет деген нәрсе тағы бар. Мұнда да толқымалы кезеңде жүрген жастарды түрлі әрекетке итермелейтін, ­ойына әрнені салатын нәрселер көп. Сон­дай-ақ қазір көпшілік үшін бәсеке заманы болған соң, жасөспірімдердің психоло­гия­сына бұл да әсер етуде. Қазіргі кездегі суицидтен бөлек, үйінен кетіп қалу деген сұмдық тағы шықты. Теледидарды ба­сып қалсақ та, әлеуметтік желіні ашып қал­сақ та, жоғалып кеткен жасөспірімдер­ді іздеп жатқан жұртты көреміз. Содан оларды ата-аналары, жақындары мен тәртіп сақшылары табанынан тозып іздеп жүргені. Мәселен, биылғы төрт айдағы мәлімет бойынша, Жамбыл облысында кәмелетке толмаған балалардың үйінен кетуінің 60 дерегі тіркелген. Бұл өткен жылдың осы кезеңінен 32 дерекке, яғни 87,5 пайызға көп екен. «Бұл күндері бар­­лық жасөспірім табылып, ата-анала­ры­на қайтарылды. Оларды іздеуге ерік­тілер мен жанашыр азаматтар да бел­сене қа­тысты. Облыстық Полиция депар­та­менті ата-аналардан қырағы болуды, бала­ла­рының бос уақытын және достық қа­рым-қатынастарын ұйымдастырып, қада­ға­лауды сұрайды», дейді облыстық Поли­ция департаменті Криминалдық полиция бас­қармасының бастығы Ардақ Мадимаров.

 Қазіргі кезде қоғамда адам психоло­гиясы күрделі өзгерістерді басынан ке­шіруде десек те болады. Себебі көп жағ­дайда қара­ның ақ деп танылуы да содан болса керек. Мәселен, бір жағдайдан шығу үшін міндетті түрде өлу немесе үйінен кетіп қалу шарт емес қой. Бірақ өзгерген сана талай жасты осыған әкелуде. Бір-ақ рет бері­летін ұлы байлықтың қадірінің қара бақыр құрлы болмағаны кейде жанды ауыртады...

 

Жамбыл облысы