Нәркес те наркескен ақынның дәл осы кейпіне әуелде Модильяни сүйсінген еді. Тіпті өлеңге өмірін арнаған арудың асқақ қалпын, жан толғанысын қара қарындашпен қағаз бетіне түсіріп, мәңгілік мүсінге айналдырған. Бүгінде сол естелікке толы эскиздер махаббат ескерткішіндей көңілге нұр төгеді. Орыс халқының әйгілі ақын қызы қанша жүректі жаралады, өзі де сезімнен қаншама мәрте соққы жеді? Оның түрлі-түсті ғұмыры содан хабар беретіндей.
«Анна Ахматова». Бұл осынау көркем туындының аты. Портреттің иесі кеңестік авангард суретші Натан Альтман. Ешқандай канондарды мойындамаған шебер. Оқиғаны оқырманға жеткізу үшін барлық қағидаға немқұрайды қарап, жанрлардың жабайы қоспасын да қолданған. Сенсация жасауға жаны құштар шебер кейіпкеріне аянышпен қарамайды. Бұл оқырманды елең еткізу үшін жасалған қадам.
Портрет ақынның шынайы болмысын ашып тұр. Оны ұлы Лев Гумилёв те бірден таныған. Анасының бұдан өзге жақсы жазылған портреттері болса да, осы шығарма ақынның сол дәуірдегі жағдайын жақсы жеткізгенін айтқан екен. Оның жұмсақ әрі лирикалық рухани бітімі кубизмнің жұрнағы жоқ талай картинаға шабыт сыйлағаны ел жадында. Десе де Н.Альтманның осы бір туындысы ақынның талайлы тағдырын тарқатып тұрғандай.
Туындының өткір тұстары көп. Бояулар бұзылған. Ахматова тізесін алға шығарып, үстел үстінде аяғын айқастыра отырады. Қою көк түсті көйлектің етегі тобығына дейін түскен. Иығына жамылған сары орамал төмен сырғып кетпеуі үшін қолдарын бүктеп ұстаған. Фон өте жалпыланған. Бірақ аяқ астындағы ағаш орындық, сұр еден, қатқыл жиектер парадоксті түрде гүлдерді еске түсіреді. Бүкіл позада, жазу тәсіліне сәйкес ішінде алауы бар, қатал һәм қарапайым әйел пайда болады.
Шығарма өткір бұрыштардың көптігімен ерекшеленеді. Автор бұрын-соңды кубизм бағытында мұндай туындыға үшбұрышты көп қолданбаған екен. Әйтсе де оның мәні осында. Репрессияға ұшыраған, жырлары жарияланбаған, екі күйеуінен айырылған Анна Ахматова кез келген шабуылға тойтарыс беруге, өмірдің әр бұрышындағы жауларына қарсы тұруға дайын екенін өткір жүзімен аңғартады. Жасампаз жырларын, аяққа басқан қоғамға деген қарсылығын оның көзқарасынан тануға болады.
Егер оның жүзінен өкініш пен аяушылық байқалса, портрет өз биігін жоғалтқан болар еді. Қаламгер сәл солға қарайды, оның бет-жүзінде адамды ойға батыратын мысқыл бар. Дидары жалын атып тұр. Суретші сол жалынды қағазға түсірген. Бұлт арасын жарып шыққан жарық күндей жүрекке ыстық. Көңілді селт еткізеді. Құдды тағдырына теріс қарап, күліп тұрғандай.