Латвия астанасы – Ригада өткен шайбалы хоккейден кезекті әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Жаһандық доданы сәтті бастаған жерлестеріміз, өкінішке қарай топтық кезеңнің соңғы ойынында Норвегия хоккейшілеріне есе жіберіп, плей-офф кезеңінен қағылды. Сөйтіп жалпы есепте әлем біріншілігін 10-орынмен аяқтады. Бұл – Қазақстан хоккейшілерінің әлем чемпионаттарындағы ең үздік нәтижесі.
Егер Қазақстан құрамасының плей-офф кезеңіне сынық сүйем қалғанда сүрініп, сәтсіздікке ұшырағанын есепке алмасақ, биылғы әлем чемпионаты жерлестеріміз үшін табысты болды деп айтуға толық негіз бар. Өйткені біздің хоккейшілер топтық кезеңдегі жеті ойынның екеуінде негізгі уақытта жеңіске жетсе, тағы екі бәсекеде қарсыластарынан буллит сериясында (хоккейдегі пенальти) басым түсті. Осы нәтижесінің арқасында жерлестеріміз 16 құраманың ішінде Швециямен бірдей (10) ұпай жинап, 10-орынға табан тіреді! Қазақстанға қарағанда өз қақпасына аз шайба өткізген (14) Швеция құрамасы біздің алдымызға шығып кетті.
Тарихқа көз жүгіртер болсақ, бұған дейін сегіз әлем біріншілігіне қатысқан Қазақстан хоккейшілерінің ең үздік нәтижесі 12-орын болатын. 2005 жылы Аустрияның Вена мен Инсбурк қалаларында өткен байрақты бәсекеде D тобында өнер көрсеткен жерлестеріміз бірінші турда Германияны (2:1) ұтқанымен, кейінгі бәсекелерде Швейцария (1:2) мен Чехияға (0:1) есе жіберді. Екінші кезеңдегі ойындарда Беларусь (0:2), Ресей (1:3) және Словакия (1:3) құрамаларына жол беріп, әлемдік доданы 12-орынмен түйіндеген болатын. Ал өзге жарыстардағы нәтижелеріміз мынадай: 1998 жыл – 15-орын, 2004 жыл – 13-орын, 2006 жыл – 15-орын, 2010 жыл – 16-орын, 2012 жыл – 15-орын, 2014 жыл – 16-орын және 2016 жыл – 16-орын. Міне, осы нәтижелерден-ақ биылғы бәсеке біз үшін қаншалықты табысты болғанын бағамдай беруге болады. Оның үстіне жерлестеріміз Ригадағы тартыста жарыс қожайындары Латвияны (3:2), өткен жылғы әлем чемпионатының жеңімпазы Финляндияны (2:1), Қазақстан құрамасымен жолыққанға дейін топтық кезеңде үш тур бойы қарсылас шыдатпаған Германияны (3:2) және Италияны (11:3) қапы қалдырып, әлемдік доданың сенсациясын тіркеді. Сондай-ақ, Қазақстан биылғы әлем чемпионатында бір ойында ең көп (11!) шайба соққан жалғыз құрама болды.
Тағы бір айта кетерлігі, Латвияға Қазақстан құрамасын 11 жылдық үзілістен кейін алғаш рет жергілікті бапкер Юрий Михайлис бастап барды. Оған дейін ұлттық құрама тізгінін Өскемен хоккей мектебінің түлегі Андрей Шаянов ұстаған еді. 53 жастағы маман 2010 жылы Германияның Кельн, Мангейм және Гельзенкирхен қалаларында ұйымдастырылған 74-ші әлем біріншілігіне Қазақстан құрамасының бас бапкері ретінде барып, барлық ойында қарсыластарына жол берген еді. Тіпті элиталы кезеңде қалуға мүмкіндік беретін қосымша ойында да жеңіске жете алмай, жарысты соңғы – 16-орынмен түйіндеп еді. Осы әлем біріншілігінен кейін отставкаға кетіп, кейіннен Ресей азаматтығын алған Шаянов араға екі жыл салып ұлттық құрамаға қайта оралды. Сөйтіп 2012 жылы Финляндия мен Швеция астаналары – Хельсинки мен Стокгольмде жалауы желбіреген әлем чемпионатына Қазақстан құрамасымен екінші әлемдік додасына қатысып, бұл жолы да бірде-бір ойында жеңіске жете алмай, жанкүйерлерді жерге қаратты. Шаяновтан кейін ұлттық құрама тізгінін қолына алған ресейлік Андрей Хомутов (2010-2011) пен Владимир Крикунов (2012-2013), финляндиялық Ари-Пекка Селин (2013-2014), тағы бір ресейлік маман Андрей Назаров (2014-2016), Беларусь Эдуард Занковец (2016-2018) пен Андрей Скабелка (2018-2020) Қазақстан құрамасын өрге сүйрей алмады.
2020 жылға дейін «Барыстың» қо- салқы құрамын және шайбалы хоккейден Қазақстан жастар құрамасын жаттықтырғанымен, әлем чемпионаты секілді ірі жарыстарда тәжірибесі жоқ Юрий Михайлис ҚХЛ-дың былтырғы маусымында елорданың «Барысын» плей-офф кезеңіне алып шықса, міне биыл өзінің ұлттық құраманың бапкері ретіндегі алғашқы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасын бұрын-соңды жетпеген биігіне шығарды.
Сонымен қатар бұған дейін Қазақстан ұлттық құрамасының негізі шетелдік легионерлерден құралып келгені жасырын емес. Дегенмен, Ю.Михайлис биылғы әлем чемпионатына апарған 28 хоккейшінің басым көпшілігі жергілікті хоккей мектебінің түлегі саналады. Тек 10 хоккейші ғана шетелдік легионерлер. Нақтылап айтар болсақ, Алексей Маклюков, Егор Шалапов, Павел Акользин, Дмитрий Шевченко, Дмитрий Гурков, Егор Петухов Ресейде, Даррен Диц, Джесси Бэкер және Кертис Волк Канадада, Виктор Сведберг Швецияда туып-өсіп, Қазақстан азаматтығын алған спортшылар. Қалған 18 хоккейші өз түлегіміз. Олардың арасында ел құрамасының ертеңі саналатын ағайынды Самат және Саян Даниярлар да бар.
Егер қазақстандық хоккейшілер алдағы уақытта осы қарқынмен тәжірибелерін шыңдап, легионерлерден тәуір ойын көрсете беретін болса, бәлкім, 3-4 жылдан кейін шетелдік ойыншыларды ұлттық құрамаға шақырудың қажеттілігі туындамай қалатын шығар.
Әлем чемпионатын қорытындылап, қазақстандық спортшылардың жекелей нәтижелеріне тоқталар болсақ, Роман Старченко биылғы біріншіліктегі Қазақстан құрамасының үздік сұрмергені болды. Жеті матчтың бәріне қатысқан капитан 7 (3+4) ұпай жинады. Ал қорғаушылар арасындағы ең үздік нәтиже Виктор Сведбергке тиесілі. Ол 6 ойында 4 (1+3) ұпайға ие болды.
Әлихан Әсетов – чемпионат қорытындысы бойынша ұлттық құраманың ең пайдалы ойыншысы атанды. Ол әріптестеріне үш мәрте нәтижелі пас асырды. Шабуылшы Артем Лихотников – ең дәл соққы жасаған спортшы. Яғни Артем өзінің 4 соққысының екеуін қақпаға дәл тоғытқан.
Қорғаушы Даррен Диц Қазақстан құрамасы сапында ең көп ойын өткізген хоккейші атанды. Диц әр матчта орта есеппен 26 минут 16 секунд ойнаған. Сонымен қатар ол жеті матчта қарсыластарының қақпасына 27 мәрте соққы жасаған. Өкінішке қарай, оның бірде-біреуі қақпа торынан табылмады.
Ал осы жылғы чемпионатта өзін жақсы қырынан көрсетіп, ұлттық құраманың бірінші нөмірлі қақпашысы болуға лайық екенін дәлелдеген Никита Бояркин орташа есеппен әр ойында 2,27 шайба өткізіп алса, 92,93% өз қақпасын голдан аман сақтап қалды. Юрий Михайлиске дәл осы қақпашыны ҚХЛ-дің алдағы маусымында «Барыстың» екінші қақпашысы ретінде командаға шақыруға болады екен.
Шайбалы хоккейден келесі әлем чемпионаты 2022 жылдың мамыр айында Финляндияның Хельсинки және Тампере қалаларында өтеді. Финляндия әлемдік доданы осымен тоғызыншы мәрте қабылдамақ.