Тағдыр-таланы елдік пен ерлікке сабақтасып, өмірі өлең өртіне шарпылған қазақтың қайсар ұлы Мағжан Жұмабаевты бүгінде бүтін ел біледі. Ақынның аяулы бейнесін азат елдің ұрпағы білім ошақтарындағы оқулықтан бастап, әдеби кітаптардан күнде көріп жүр. Алайда қылышынан қан тамған саяси қуғын-сүргін жылдары сол суреттерді сақтап қалудың өзі оңайға соққан жоқ. Әйтпегенде, «жыр пайғамбарының» жылы жүзін ағасы Әбемүсілім Лениннің суретінің астына жасырар ма еді? Әріден бастайық...
Бірер жыл бұрын жол түсіп, Қызылжарға (Петропавл қаласына) табанымыз тиді. Осы өңірде дәстүрге айналған «Мағжан көктемі» атты республикалық өнер фестивалі ұйымдастырылып тұрушы еді. Ақындар, сазгерлер, көркемсөз шеберлері бас қосатын жыр мерекесіне барған сәтіміз ғой. Алғашында облыс орталығында ғана өтетін іс-шара ма деп топшылаған едік. Қателесіппіз. Ұйымдастырушылар алқасы үлкен жұмыс атқарып, ақынның туған ауылы – Сарытомарға сапар жоспарлап қойыпты. Фестивальдің есте қалған ең шуақты сәті де осы сапар болды.
Алдымен «Туған жерім – Сасықкөл» деп жырлаған ақынның кіндік қаны тамған осы Сасықкөлге аялдадық. Аттың тамағынан келетін шалғын шөп, топтасып өскен қайыңдар, жұпар ауа, айдын-көл... Бәрі-бәрі жарасып-ақ тұр. «Мұндай сұлу өлкеде өмірге келген соң ақын болудан өзге амалың қалмайды екен ғой. Мағжанды Мағжан еткен де, шабытына шабыт қосқан да осы сұлулық болар...» дедік іштей күбірлесіп. Тартымды табиғаттың ажарына арбалып тұрғанымызда, біз мінген көліктің қозғалтқышы қайта «дүр» етті де, Сарытомарға жол тартып кете бардық. Жол тартып деп айтуға болмайтын шығар, себебі Сасықкөл мен Сарытомардың арасы – тиіп тұр. Сүт пісірім уақыт өтпей жатып діттеген жерімізге жеттік. Мұнда ақынға арналған алып музей бар екен.
Имене басып табалдырығын аттадық. Алдымыздан музей қызметкері шығып, жылы шыраймен қарсы алды. Соңынан ертіп, әр бөлмеде тұрған заттардың тарихымен таныстырып жатыр. Кенет, көзіміз ақынның суреті мен оған іргелес тұрған күн көсемінің портретіне түсті. Мағжанның музейінде Мағжанның суреті тұруы – заңды. Ал Алашорда үкіметінің ата жауына айналған Лениннің бейнесі қайдан адасып жүр мұнда? Көңілдегі күдікті тағы сол музей қызметкері сейілтті.
Оқиға былай болыпты. ХХ ғасырдың алғашқы үш он жылындағы саяси қуғын-сүргін, ашаршылық халқымызды барынан айырып қана қоймай, сүт бетіне қалқып шығар қаймағымызды – зиялы қауым өкілдерін де қынадай қырған болатын. Сол қисапсыз қырғынның тырнағынан Мағжан да құтылып кете алған жоқ. Қорлық көрді, азап шекті. Ақыр-аяғы атылып кете барды. Туған жерінің топырағы да бұйырмады. Жерленген жері де белгісіз. Ол ол ма, қанды қол қара ниеттілер ақынның жанын ғана алып қоймай, соңында қалған құнды мұрасы – шығармашылығын да біржолата жойып жібергісі келіп еді. Шығармашылығы былай тұрсын, «көзден кетсе, көңілден де кетеді» деп, суреттеріне дейін тінтіп, тартып алып кеткенін қайтерсіз.
Алайда аяр заманның аяусыздығы шайырдың өзін де, сөзін де, тіпті жарқын бейнесін де халық жадынан өшіре алған жоқ. Туған-туыстарын қудалағанмен, олар да Алаш арысына деген адалдықтан айныған емес. Мәселен, ақынның ағасы Әбемүсілім үйін тінтушілер келген кезде інісінің бір суретін төрде ілулі тұрған Лениннің портретінің астына жасырып үлгеріпті. Көптеген қолжазба, сурет қанішерлердің қанжығасында кеткенімен, бір суреті бәрібір сақталып қалды. Үй түгел тінтілгенімен, көсемнің «көркем бейнесін» ақтаруға қолдары бармаған. Бармайтынын Әбемүсілім де білген секілді. Кейін, портреттің шаңын сүртіп жүруді де осы Әбемүсілім аманаттаған деседі.
Бір қызығы дәл сол рамаға кейін Әбемүсілімнің ұлы Ғабділкәрім мен зайыбы Гүлбарамның суреті ілінеді. Суреттің шаңын тек Гүлбарам ғана сүртіп отырады екен. Өзге жан баласын жақындатпайды. Тіпті, Гүлбарам өмірден өтер тұсында да әлгі сурет туралы балаларына тіс жармапты. Жылдар өте келе, ұлы Марат ата-анасының суретін түрлі-түстіге ауыстырмақ болып жатып, рамадан бейтаныс адамның суретін тауып алады. Сол бейтаныс сурет – жылдар бойы Лениннің тасасында қалып келген Мағжанның маңғаз бейнесі болатын. Музейде Лениннің суреті не үшін тұр деген сауалдың жалғыз жауабы – осы.
Тағдырдың тәлкегіне қарасаңызшы, «халық жауы» атанғалы бері Мағжанның бейнесі ғана емес, сөзі де, өзі де тоталитарлық жүйенің тасасында қалып келіп еді ғой. Одақтың шаңырағы опырылып ортасына түсті де, халқымыздың нағыз жанашырларымен, ұлт қайраткерлерімен, асау ақындарымен қайта қауыштық. Сол үшін де Тәуелсіздік таңының алдында мәңгі-бақи қарыздармыз. Сол таңның атарын бізден бір ғасыр бұрын білген бір адам бар. «Күншығыстан таң келедi – мен келем, Көк күңiренед: мен де көктей күңiренем. Жердiң жүзiн қараңғылық қаптаған, Жер жүзiне нұр беремiн, Күн берем!». Ол – осы өлең жолдарының авторы – Мағжан Жұмабаев. Өзі айтып кеткендей, күншығыстан келген таңмен – Азаттықтың алтын таңымен бірге басы бұғауға көнбеген асау ақынмен қайта табыстық. Одан айрылып қалуға құқымыз жоқ. Себебі Мағжаннан айырылсақ – азаттықтан да айырыламыз, алмас қылыштың тот басқан жүзіндей майырыламыз...