• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
28 Сәуір, 2010

ӨЗ СУРЕТІ ӨМІРДІҢ

791 рет
көрсетілді

(Қаз-қалпында) ...Алматыда тоқымдай жердің құны адам айтқысыз қымбаттап, баспанасы бары да, жоғы да жанта­ласып құрылыспен айналысып жат­қан­да біздің көп қабатты үйдің ірге­сін­дегі қаланың бас жоспары бойын­ша саябақ болады деген жерді қолы ұзын біреулер сатып алып, іске кірісіп кетті. Саябақ біткенде көлеңке­сінде сайрандауды көксеген мыңда­ған тұрғындардың тілегі осы құбы­лыс­тың жетегіне көг­енделіп кете бар­ды. Алай­да, қызу қарқынмен бастал­ған құры­лысқа дағдарыс келіп килі­гіп, “сақал­ды” нысанға айналып шыға келді. Біздің алтыншы қабаттан ірге­тасы қаланып, іркіліп қалған құры­лыс орны алақандағыдай көрінетін. Сол нысанның қарауылы болушы еді. Тепсе темір үзетін жас жігіт жаз­дың аптабында, қыстың аязын­да күрке сияқты салынған үйшіктің ішінде жатады. Жұмысы айналаны бақылап, сондағы құрылыс мате­риалдарын ұры-қарыға алғызбау ғой баяғы. Таң атады, күн батады. Ал, қарауылдың өмірі өзгермейді. Темірмен қоршалған ерікті түрменің ішінде тіршілігі жалғасып, ені екі метр ғана үйшіктің ішінде күні өтіп жатты. Көктем келіп, күн жылынған­да да, жаз шығып, айнала құрғағанда да құрылыс қайта жалғаса қоймады. Бірақ, қарауыл ауысты. Жас жігіт­тің орнына кексе кісі келді. Ұлты бас­қа... Темір қоршаудың ішінде мүлде жаңа тіршілік басталды. Қоршаудың іргесінде біздің шағын ауданның қоқыс тастайтын темір жәшіктері бар. Жаңа қарауыл тұрғындар керексіз етіп тастаған ескі есік, терезе жақтаулары мен түрлі материалдардан қонысын кеңейтіп алды. Оның қасында анда-санда бір әйел адам пайда болады. Қа­зы­лып тасталған құрылыс алаңына жаңбырдың суы жиналып, кәдімгі көлшікке айналған-ды. Жаңа қарауыл қаз, үйректің бала­панын сатып әкеліпті. Қораптағы бала­пандарға айналадағы тұрғын үйлердің қоқыс тастайтын темір жәшіктерінен тамақтың, нанның қалдықтарын әкеліп береді. Кей күндері жинаған наны бір қаптай болады. Ойпырым-ай, көрші­леріміз күн сайын осыншама нанды қоқысқа тастайды екен-ау!.. Аз ғана күннің ішінде қарауыл­дың сарыауыз балапандары темір­қанат болып, қораптан шығарылып, кішкене тор қоршауға көшірілді. Ара­ға санаулы күн ғана салып, қарауыл жаңа кәсіпті бастады. Таң ағарып атпастан және күн сайын оның үйшігі жағынан саңғыр-саңғыр еткен дыбыс шығады. Қарауыл түнімен жинаған шыны бөтелкелерді таң алдында қаптардан жерге төгіп, сұрып­тайды. Сыра, арақ, коньяк сы­қыл­­ды ішімдіктердің бөтелкелерін тұрпатына қарай бөліп, қайтадан қаптап шығады. Ойпырым-ай, күн сайын біздің шағын ауданның тұр­ғындары осыншама спирттік ішімдік ішеді екен-ау! Күз де келді. Қарауыл кәсібінің түрлерін көбейте бастады. Қоқыстан темір-терсекті де жинайды. Оны да түріне қарай сұрыптап, өткізеді. Бұл кезде темірқанат үйрек-қаздар кәдім­гі­дей май басып, үлкейді. Анда-санда бір үйрек немесе қаз сойылып, қазанда бүл­кіл­деп қайнап жатады. Қайдан әке­ле­тіні белгісіз, кейде қаппен алма, жеміс-жидектер алып келеді. Анда-сан­да пайда болатын әйел адам күні бойы жеміс-жидектерден тосап жасайды. Қалғанын турап, көлеңкеге кептіреді. Тіпті қызанақты да кесіп, қақтап жата­ды. Тынымсыз тіршілік. Баяғы жас жігіт сияқты сары уайым­ға салынып, күркешіктің төбесіне түкіріп жатуға бұл қарауылдың тіпті уақыты жоқ. Қыс түсті. Ауа райы да ызғар тарта бастады. Енді қарауыл үй құстарының үйшігін жылытумен әлектене бастағандай болған. Жоқ, қателесіппін. Алғашқы қар түскенде үйшіктерден баяғы үйрек-қаз емес, қояндар көрінді... Көктем келді. Тағы да тыр­баныс. Қарауыл соңғы екі аптадан бері целлофаннан жасалған ықта­сынға қойылған консерві қалбыр­ларына топырақ толтырып, оған көшет отырғызып әуре. Тамыры бекіп, жапырақ жайған соң көк­базардағы саяжай павильонына апарып сатпақ-ау, шамасы. Екі түрлі өмірді алтыншы қабат­тан бақыламасаң, сырты биік темір­мен қоршалған “қораның” ішінде не болып жатқанынан Алматы­ның үнемі бір жаққа асыққан қалың тұрғыны хабарсыз. Бір қоршау – мүлде екі түрлі өмір... Айнаш ЕСАЛИ, АЛМАТЫ.