Алтын Ордадан мирас болып біздің заманымызға дейін ханның жарлықтары, қазы-мүфтилердің пәтуалары, кеңсе құжаттарымен бірге көркем туындылар да жеткен. Бабалардан мұраға қалған сол әдеби жәдігерлерді зерттеп-зерделеу – Жошы ұлысының бүгінгі мұрагерлерінің негізгі міндеттерінің бірі дер едік.
Ортағасырлық шығыс мұсылман халықтарының әдебиет тарихына назар аударғанымызда кейбір классикалық туындылардың дүниеге келуінде сол замандағы хандар мен ел билеушілерінің тікелей ұсыныстары мен материалдық қолдауы жатқанын көреміз. Тарихта шығармасын белгілі бір тұлғаға арнап, жан баққан қалам иелері де аз болмаған. Ортағасырларда өз заманының сөз зергерін қадірлеп, бір шығарма жазып беруді сұраған ел билеушілер де жиі кездеседі. Ақынының қасынан табылған ханның тарихта беделі де үстем болған. Әдетте, әлемді жаулаған билеушілердің тарихи тұлғасына қарағанда, әдеби бейнесі бұқараның жадында ұзақ сақталатыны белгілі. Бұған Әбілқасым Фирдауси мен Сұлтан Махмұт, шираздық Хафиз бен Әмір Темір, Бұқар жырау мен Абылай хан арасындағы сұхбаттардың ел арасына аңыз-әңгіме түрінде тарағаны мысал.
Сол секілді Алтын Орда тұсындағы кейбір жәдігер сол заман билеушілерінің тікелей қолдауымен жазылған. Мысалы, 1310 жылы жазылған Рабғұзидың «Пайғамбарлар қиссасы» жергілікті бей Насираддин Тоқбұға бекке арналса, Құтб «Хұсрау-Шырын» дастанын 1341-1342 жылдары ел билеген Тыныбек пен оның жұбайы Мәликә ханымға сыйлаған. Сондай-ақ нама жанрының көшбасында тұрған Харазмидің «Мұхаббатнамасы» 1353 жылы қоңырат руының көсемі Мұхаммед Қожабектің құрметіне жазылған. Аталған бұл шығармалардың «Тәлиф-е сәбәб» яғни туындының жазылу себебі ашып көрсетілетін тұста осы ел билеушілеріне жыр арналып, мадақтар айтылған. Осыдан-ақ, Алтын Орда тұсында ел билеушілері тарапынан сөз өнеріне, оларды жаратушы сөз зергерлеріне деген құрметтің артқанын көреміз.
Алтын Орда әдебиетінің дамуын Мысырдағы мәмлүк-қыпшақтар жазба мұрасынан бөліп қарастыру мүмкін емес. Еуразия кеңістігіндегі Жошы ұлысы мен Солтүстік Африкадағы Мысыр билеушілерін генетикалық жағынан туыстық һәм ортақ мәдениет біріктіретін. Содан Ислам өркениетінің аясына ұйысқан қыпшақтардың әдеби кеңістігі де бір еді. Әсіресе түркілік рух пен ислами құндылықтарда басты мүдделер тоғысатын. Ең негізгісі – екі елдің де бір имани сенімде болуы дер едік. Жалпы, саяси-дипломатиялық қарым-қатынаста генетикалық туыстыққа қарағанда, имани сенімге негізделген мәдениеттің салмағы басым түсетіні белгілі. Мұны Жошы ұрпақтарының бір аталас Хулагу ұлысына қарағанда, алыстағы Мысыр билеушілерімен тығыз қарым-қатынас орнатуынан-ақ байқауға болады.
Алтын Орда мен Мысыр арасында саяси-дипломатиялық қарым-қатынастардың жоғары деңгейде дамығаны тарихтан белгілі. Аббасидтер билігі Хулагу тарапынан құлатылғаннан кейін мәмлүктер билігіндегі Мысыр елі сол кездегі ислам әлемінің негізгі орталығына айналды. Әрі сарай билеушілерінің Исламды қабылдауында да мәмлүк-қыпшақтарының ықпалы зор болды. Екі ел мәдениетінің барынша жақындай түсуіне сол заманда өмір сүрген қалам иелері де қатты әсер етті. Сарайдан Каирге қоныс аударушылардың қатарында Құтб, Сәйф Сараи секілді ақындар болды. Олардың шығармаларының идеясы Алтын Ордада туғанымен де, туынды ретінде Мысырда жемісін берді. Сондықтан да ғалымдар Жошы ұлысы мен Мысырдағы түркі әдеби жәдігерлерін ХІІІ-ХVІ ғасырлардағы Қыпшақ әдебиеті немесе Алтын Орда – Қыпшақ дәуіріндегі шығармалар деп, жалпылама атаумен қарастырады. Себебі сол кездегі жазба жәдігерлер Жошы ұлысындағы дала қыпшақтары мен Мысырдағы мәмлүк-қыпшақтары тарапынан жаратылған еді.
Шыңғыс хан жорығының адамзат өркениетіне, соның ішінде ислам әлеміне тигізген әсері туралы, көбіне бір жақты ғана пікір айтылатыны белгілі. Десек те, осы жорықтан кейін ислам өркениеті түркілердің қолына өтті һәм түркі әдеби тілі дами бастады. Бағдат халифатын Хулагу барып құлатқаннан кейін, ислам әлемінің орталығы қыпшақтар билігіндегі Мысырға ауысса, Дешті Қыпшақта Жошы ұлысы негізіндегі Алтын Орда мемлекеті бой көтерді. Осы екі елдің де мемлекеттік тілі – қыпшақ тілі болды. Көркем туындылар да сол тілде дүниеге келді. Сырт қарағанда «Қиссәсул-әнбия», «Жұмжұма», «Нәһжул-фәрадис», «Мұғинул-мүрид» болып, жәдігерлердің атауы арабша не парсыша аталғанымен де, шығарма бүтіндей түркі әдеби тілінде жазылды.
Алтын Орда дәуірі әдебиеті – екі арнадан нәр алды: көне түркі һәм шығыс мұсылман әдебиеті. Қарахандықтар билігі тұсында өмір сүрген Махмұт Қашқари, Жүсіп Баласағұн, Ахмет Жүйнеки, Ахмет Ясауи, Сүлеймен Бақырғани секілді ақындардың көркем ойларын Жошы ұлысында өмір сүрген түркі ақындары одан әрі дамытты. Сондай-ақ олар Сағди, Фердауси, Ғазали, Аттар, Руми, Низамилер секілді парсы әдебиеті өкілдерінің шығармаларымен де таныс болды. Кейбірінің туындыларын түркі әдеби тіліне тәржімалады. Тіпті Шейх Сағдидың шығармалары сарайда кеңінен танымал болғаны соншалық, оның жыр шумақтары Алтын Орда астанасының кейбір ғимараттарының қабырғаларына жазылды.
Адамзат өркениеті ошақтарының біріне айналған сарайда ғалым-ғұламалармен бірге көптеген ақындар да өмір сүрді. Мысалы, Сәйф Сараидың «Гүлістан бит-түрки» атты туындысында сол заманда өмір сүрген Мәулә Қази Мухсин, Мәуләнә Исхақ, Мәуләнә Хожа Мәуләуи, Абдулмәзид, Ахмет Хожа Сараи, Тұғлы Хожа, Харазми және Хасанұлы деген түркі ақындарының жыр жолдарынан үзінділер берілген. Нәзира дәстүрі кеңінен қанат жайған заманда Сараи осы шайырлардың ғазалдарына өлең сөзбен жауап қатқан. Өкінішке қарай, жоғарыда аттары аталатын түркі ақындарының басқа қандай шығармалар жазғандығы туралы дерек сақталмаған. Сондай-ақ араб тарихшысы Ибн Тагрибарди қыпшақтардың арасынан да мықты ақындардың шыққандығын, Дамаскінің әмірі Әлә әд-Дин ибн Абдолланың қасында Әт-Танбаға әл-Жәуәли деген ақынның өмір сүргендігін мысал ретінде алға тартқан. Әт-Танбағаның өлеңдеріне таңданған Ибн Тагрибарди: «Ол – түркінің атақты ақындарының бірі. Мен оның тайпасынан онымен тең келетін ақынды көрген жоқпын», деп жазған. Өкінішке қарай, өз шығармаларын түркі әдеби тілінде жазған Танбағаның аты-жөні деректерде кездескенімен де, оның шығармалары біздің заманымызға дейін жетпеген. Осы секілді замана тезіне шыдай алмастан аттары мен шығармалары да ұмытылған, тек тәзкираларда (агиографиялық шығармаларда) ғана тахаллустары (әдеби есімдері) кездесетін қалам иелері де жетерлік.
Алтын Орда әдебиетін арнайы зерделеген А.Қыраубаева сол дәуір әдеби жәдігерлерін аударма-нәзиралық және тыңтума шығармалар деп екіге бөліп қарастырған. Расында да, Құтб, Сәйф Сараи, Насируддин Рабғұзи, Махмұт Кердері, Хусам Кәтіп көтерген тақырыптар ортағасырда кеңінен жырланып еді. Құтб пен Сараидың шығармалары парсы ақындары Муслихиддин Сағди мен Низами Гәнжәуидің туындылары негізінде дүниеге келген. Сол дәуірдегі мәдени тоғыстар нәтижесінде жазылған нәзира дәстүрімен Алтын Орда ақындары да қалам тербеген. Соның нәтижесінде «Гүлістан бит-түрки» («Түркі тіліндегі Гүлістан») мен «Хұсрау-Шырын» жәдігерлері дүниеге келген. Бұл да болса, сол дәуірдегі түркі-парсы әдеби байланыстарының жемісі болса керек. Ал Бұрһануддин Рабғұзи, Махмұт Кердери және Хұсам Кәтіптердің қаламынан туған жәдігерлер белгілі бір ақын не жазушының туындысы негізінде дүниеге келмеген. Олардың көтерген тақырыптары да сол дәуірде араб, парсы һәм түркі әдебиетінде кеңінен жырланып еді. Сондықтан да, Рабғұзи, Кердеридің туындыларын Ислам өркениетінің ортақ құндылығы деп қарастырған жөн.
Алтын Орда әдеби жәдігерлерін қарастырған Н.Рахмонов осы дәуірде агиографик шығармалардың көптеп жазылып, нама жанрының қалыптасқандығына және аудармашылықтың ерекше дамығандығына назар аударған. Ғалым агиографик шығармалар қатарына Бұрһануддин Рабғұзидың «Рабғұзи қиссасы», Махмұт Кердерінің «Жұмақтардың ашық жолы» және Хұсам Кәтіптің «Жұмжұма» дастандарын жатқызған. ХІV ғасырда өмір сүрген Харазмидің «Махаббатнамасын» нама жанрының бастауы ретінде талдаған. Ал Жошы ұлысында жазылған «Хұсрау-Шырын», «Гүлістан бит-түрки» туындылары аудармашылық, яғни нәзира дәстүрі аясында дүниеге келгендігіне назар аударған.
Алтын Орда билеушілері Берке (1257-1266 жж.), Өзбек (1312-1342 жж.) хандардың Исламды қабылдауымен осы діннің асыл қасиеттері қоғамда кеңінен насихатталды. Мешіт, медреселер бой көтерді. Сонымен бірге дінді көркем сөзбен үгіттеген сөз зергерлері діннің асыл қасиеттерін, пайғамбарлардың өнегелі өмірін, Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өсиеттерін насихаттап шығармалар жаза бастады. Соның нәтижесінде діни-дидактикалық, діни-сопылық һәм діни-танымдық мазмұндағы еңбектер дүниеге келді. Пайғамбарлардың өмір тарихын жүйелі түрде бастан-аяқ баяндап шыққан Насируддин Бұрһануддин Рабғұзи болатын. Ол Адам атадан Мұхаммед пайғамбарға дейінгі жиырма бес пайғамбардың өнегелі өмірін өз шығармасына арқау етті. Бұл жәдігердің тақырыбы, идеялық бағыты негізінен діни сипатта болғанымен де, шығармада автор тарапынан қосылған түркілік аңыз-әпсаналар, хикаялар да ұшырасады. Сондықтан да бұл қиссада қасаң діни көзқарастың қалыбы көтере бермейтін мифтік желілер де жиі бой көрсетеді. Халық прозасының мұндай үлгілері негізінен жан-жануарларға (қарлығаш, қарға, ит және т.б.) қатысты хикаяларда орын алған.
Пайғамбардың өсиеттерін түркі әдеби тілінде алғаш рет баяндаған Махмұт Кердері болатын. Оның 1358 жылы жазылған «Нәһжул-фәрадис» яғни «Жұмақтардың ашық жолы» атты туындысында Мұхаммед пайғамбардың қырық хадисі кеңінен талданған. Бұл дәстүр Шығыс мұсылман әдебиетінде арбағин (арбаға – қырық дегенді білдіреді – Т.Қ.) жанры аясында қарастырылатыны белгілі. Араб, парсы шайырларын айтпағанның өзінде, Имәмәддин Нәсими, Әлішер Науаи және Мұхаммед Физули секілді түркі ақындары да осы жанрда қалам тербеген. Алайда олар пайғамбардың қырық өсиетін өлең сөзбен өрнектесе, Алтын Орда тұсында өмір сүрген Кердері оны қарасөзбен жазып шыққан. Автор пайғамбардың қырық хадисін талдағанда, ғалым-ғұламалар мен әулиелердің сөздерімен байланыстыра отырып, түпкі мәніне үңілуге тырысқан. Яғни ақын өлеңдерінде пайғамбар өсиетінің сыртқы қалыбы айтылатын болса, Кердері пайғамбардың әр хадисінің астарына үңіліп, оны толық түсіндіруге күш жұмсаған.
Алтын Орда билігі тұсында жазылған шығармалардың бірі – «Мұғинул-мүрид» («Шәкіртке көмекші»). Имам Ағзам Әбу Ханифа фиқһы аясында жазылған бұл шығармада ислам, иман һәм ихсан мәселелері өлең сөзбен өрнектелген. Халиқ пен махлұқты (Жаратушы мен жаратылысты) махаббатпен тану жағына назар аударылып, пенденің рухани кемелдену жолдары насихатталған. Бұл жәдігерден Жошы ұлысында Имам Матуриди сенімі мен Имам Ағзам мәзһабы дәстүрлі діннің негізгі тірегіне айналып, ихсан мәселелеріне, яғни кемелдік ұстындарына да ерекше көңіл бөлінгендігін аңғарамыз.
«Инсани кәміл» яғни «Толық адам» тұжырымдамасы кеңінен жырланған жәдігердің бірі – «Гүлістан бит-түрки». 1391 жылы Сәйф Сараи тарапынан жазылған бұл жәдігерде қоғамдық әдеп пен жеке тұлғаның рухани тазалығы кеңінен жырланған. Ал оның «Сухайыл мен Гүлдүрсін» атты тағы бір туындысы ғашықтық тақырыбына құрылған. Өмірінің соңына таман, яғни 1394 жылы жазылған бұл дастанның кейіпкерлері – ақын қиялының жемісі емес, қайта өмірде шын болған жандар. Әмір Темір мен Тоқтамыстың арасындағы саяси текетірес заманында өмір сүрген екі ғашықтың өмірі суреттелген. Сонымен бірге Сараидың әдебиетті – гүлшан баққа, ал ақындарды қабілетіне қарай сол бақта жүрген бұлбұл мен қарғаға теңейтін тұстарына қарап, оның әдебиет сыншысы болғанын да аңғару қиын емес.
Алтын Орда билігі тұсында ғашықтық тақырыбына барған ақындардың бірі – Құтб болатын. 1342 жылы жазылған бұл туындысын ақын Алтын Орда ханы Тыныбек (1341-1342 жж.) пен оның жұбайы Мәликә ханымға арнаған. Жошы ұлысын отыз жылға жуық билеген Өзбек ханнан (1312-1341 жж.) кейін таққа отырған Тыныбек хан бір-екі жыл ғана (1341-1342) Сығанақта тақта отырғаны белгілі. Десек те оның әдебиетке, сөз өнеріне деген жанашырлығы Алтын Орда әдебиетінің асыл жауһары – «Хұсрау-Шырын» дастанында «Ханымыз Тыныбек шаһи жәуан бәхт, Кім уш әндін құуанұр таж һәм тәхт» («Бақытты ханымыз Тыныбек, Тәж бен тақ онымен қуанады») деп, мадақ айтылуына себеп болды.
Құтбтың бұл туындысы Алтын Ордада, анығы Сығанақ төңірегінде дүниеге келгенімен де, бұл дастанға жарық өмір сыйлаған Мысыр елі болды. Мәмлүк-қыпшақтар билігінде өмір сүрген Берке Фақиһ Қыпшақи деген құснихатшы, Құтб ақын (1297-1342 жж.) дүние салғаннан кейін жарты ғасыр өтпестен, яғни 1383-1384 жылдары осы шығарманы қайта көшіріп шыққан. Берке Фақиһтың осы көшірмесі біздің заманымызға дейін жетіп, сүбелі зерттеулерге жол ашып отыр.
Мысырда өмір сүрген Берке Фақиһ белгілі кәтіп (көшіруші) болуымен қатар, фақиһ яғни шариғат ілімінің білгірі һәм шебер аудармашы да болған. Кейінгі зерттеулерде Алтын Орда – Қыпшақ дәуірінің жазба мұрасы қатарында қарастырылып жүрген «Иршәдул-мулук уәс-сәлатин» («Патшалар мен сұлтандарға нұсқаулық») деген іргелі еңбекті де тәржімалаған. 1387 жылы жазылған бұл еңбекте кәтіптің аты-жөні Берке ибн Бәрәқуз ибн Қандуд ибн Огу деп толық берілген. Ханафи мәзһабының шариғат шарттары кеңінен қамтылған бұл еңбек сол заманда араб тілін білмейтін ел билеушілеріне арналған. Расында да, араб тарихшысы Әмин әл-Холи өз зерттеулерінде атап көрсеткеніндей, Мысырды басқарған кейбір мәмлүктер араб тілін жетік білмейтін. Сондықтан да Ислам дінін қабылдап жатқан Жошы ұлысы үшін діни шығармалар мен еңбектерге қажеттілік зор еді. Осы жағын ескерген Берке Фақиһ араб тіліндегі фиқһтық еңбекті толық тәржімалап шыққан деуге толық негіз бар.
Жалпы, Алтын Орданың исламдануында Мысырды билеген мәмлүк-қыпшақтарының ықпалы күшті болды десек, алдында ғана шиғалық бағытқа бүйрегі бұрып тұрған Фатимидтер (909-1171 жж.) әулетінің орнына билікке келген мәмлүк-қыпшақтарының Әбу Ханифа мәзхабын берік ұстануына Берке Фақиһтай түркі ұландарының еңбегі зор дер едік. Соның нәтижесінде Солтүстік Африкада Имам Ағзам мәзһабы үстемдік құрды һәм Алтын Орда жұртының осы фиқһтық мектеппен жүруіне көп септігі тиді.
Дәстүрлі діннің негізгі ұстындары Алтын Орда тұсында қалыптасқанын ескерсек, онда сол заманда түркі әдеби тілінде жазылған «Сиражул-қулуб» («Жүректердің шырағы») атты шығарманы зерттеп-зерделеудің маңызы арта түспек. Сауал-жауап түрінде жазылған бұл жәдігерде исламның негізгі ұстындары мен иман шарттары түркілік ұғымға жақын түсінікте жазылған. Жалпы, дінді қырық сұрақтың аясында таратып беру үрдісі мұсылман түркілерінің арасына кеңінен тараған. Мұны ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Қазан, Ыстанбұл, Ташкент қалаларында осындай атпен жарық көрген литографиялардан да аңғаруға болады.
Қазақ арасына тараған діни қисса-дастандар мен хикаялардың кейбірі Алтын Ордадан желі тартатыны белгілі. 1369-1370 жж. жазылған «Жұмжұма» («Бас сүйек») дастанында бұ дүниенің өткіншілігі һәм ақиреттің ақиқаттығы жырланған. Түркі ақыны Хұсам Кәтіп тарапынан жаратылған бұл туындының ел арасына кеңінен тарағаны соншалық, бұл шығарманың Алтын Орда дәуірінде «Қу бас» деген екінші нұсқасы да пайда болған. Бертін келе Дешті Қыпшақтан бастап, Кіші Азияға дейінгі түркілер арасына кеңінен тараған бұл жәдігердің авторы бірде анадолылық Әлі Кердечі деп берілсе, кейбір қолжазбаларда Шәмс Тебризи, Шәмс Тарази деген атпен де кездеседі. Сондай-ақ қазақтың кейбір кітаби ақындары осы сюжет аясында қалам тартқанын ескерсек, онда бұл жәдігердің жағрафиялық таралу аймағының кеңдігін болжай беруге болады. Басында қолжазба күйінде тараған бұл жәдігер ХХ ғасырдың басында тасбаспа қалпында жүздеген данамен жарық көргенін де ескерген жөн.
Ғашықтың өз сүйіктісіне жолданған назды хаттарының жиынтығынан тұратын Харазмидің «Махаббатнамасы» да осы дәуірде дүниеге келді. 1353 жылы Сыр бойында жазылған бұл дастан намалық жанрдың түркі әдеби тілінде түлеуіне қатты әсер етті. Бертін келе осы жәдігердің аясында «Дәһнама», «Ташұқнама» секілді бірнеше шығарма жазылды. Ғашық-машұқ әлемінің сырлы сұхбаттарын өлең сөзбен өрнектеген түркі ақындары кемелдік ұстындарын да осы шығармалары арқылы кеңінен насихаттаған. Сондықтан да, Абай ұғымындағы «Толық адам» идеясының негізі сол дәуірдің әдеби жәдігерлерінде жатыр десек те болады.
Алтын Орда тұсында жазылған шығармалар мазмұндарының тереңдігімен, тақырыптарының әр алуандығымен ерекшеленеді. Сол дәуірдегі әдебиетке зер сала қарағанда, шығармалардың идея-эстетикалық құндылығы мен поэтикалық дәрежесі жағынан өз дәуірінің алдыңғы қатарлы жазба мұраларынан саналғанына көз жеткіземіз Осы кезде әдебиет мазмұн жағынан байып, жанр жағынан түрленді. Мысалы, Сырдың сағасында жазылған бір ғана Харазмидің «Мұхаббатнамасынан» (1353 ж.) ғазал, мәснәуи, қытға, рубаи секілді өлең формаларын кездестірсек, 1310 жылы хатқа түскен Бұрһануддин Рабғұзидың «Пайғамбарлар тарихы» сол заманда кеңінен тараған қисса, насихат, хикая, хикмет, хабар сияқты бірнеше жанрлармен жазылғандығына назар аударуға болады. Осының өзі-ақ Алтын Орда әдебиетінің ауқымдылығын аңғартса керек.
Соңғы жылдары сол дәуірдің әдеби жәдігерлерін түпнұсқадан аударып, ғылыми айналымға түсіру, сол арқылы жаңа ғылыми тұжырымдарға жол ашу үрдісі қалыптасып келеді. Түркі әдеби тілімен араб графикасында жазылған мұраларды асыл нұсқадан тәржімалауда қазақ ғалымдары біраз жетістіктерге қол жеткізіп келе жатқанын да ерекше атап өткен жөн. Солардың қатарында М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұжымын айта кеткен орынды. Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жарық көрген 20 томдық «Әдеби жәдігерлер» сериясының негізгі томдарын Жошы ұлысының кейбір жазба ескерткіштері құраса, мемлекеттік тапсырыс аясында жарық көрген «Ұлы дала жауһарларының» үшінші томы «Алтын Орда дәуіріндегі әдеби жәдігерлер (Діни-дидактикалық шығармалар)» деген атпен 2020 жылы жарық көрді. Сондай-ақ осы салада басқа да түркі халықтары ғалымдарының еңбектері баршылық. Өткен ғасырда көбінесе тілдік жағынан ғана қарастырылған сол дәуірдің жазба мұрасы бүгінде әдебиеттанушылардың да назарына ілігіп, шығармалардың басты идеясы, ішкі мазмұны, жанры, көркемдік ерекшелігі жан-жақты зерттелу үстінде. Мұның өзі Алтын Орда билігі тұсында жазылған әдеби жәдігерлерді ұлттық дүниетаным тұрғысынан зерттеп-зерделеудің қажеттілігі артып келе жатқанынан хабар берсе керек.
Төрәлі ҚЫДЫР,
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бөлім меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты