Әділет министрі Марат Бекетаев Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде онлайн режімде халыққа есеп беру кездесуін өткізді. Жиында министрлік тарапынан қолға алынған бірқатар жоба барысы мен жүзеге асырылған кешенді іс-шаралар туралы баяндалды.
«Норма шығармашылықты жетілдіру бойынша шаралар қабылданды. Тиісті Заңға биылғы 12 наурызда қол қойылды. Заң шығару процесіне жаңа кезеңдерді енгізу, заң жобаларының сапасын қамтамасыз ету және заң шығару процесіне жұртшылықты кеңінен тарту көзделеді», деді М.Бекетаев. Оның айтуынша, ұлттық заңнаманың негізгі салаларын жетілдіру аясында министрлік мемлекеттік органдармен және отандық ғалымдармен бірлесіп, 2030 жылға дейінгі құқықтық саясат тұжырымдамасының жобасы әзірлеген.
«Тұжырымдама ұлттық құқықты, құқық қорғау және сот жүйесін, сыртқы саяси және сыртқы экономикалық қызметті, сондай-ақ құқықтық білім мен құқықтық насихатты дамытудың басым бағыттарын айқындайды. Құқықтық жүйені жетілдіру жөніндегі осы шаралар Қазақстанның одан әрі орнықты дамуының қажетті құқықтық алғышарттарын қалайды деп пайымдаймыз», деді министр.
Одан бөлек, жылжымайтын мүліктің кепілін тіркеу мерзімі 1 жұмыс күніне дейін қысқартылатыны мәлім болды.
«Жылжымайтын мүлік кепілін электронды тіркеу енгізілді. Енді банктер меншік иесімен кепіл шартын жасасқаннан кейін оны электронды тіркеуге жібере алады, бұл азаматтардың Халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгінуін тоқтатады. Кепілді тіркеу мерзімі 3 жұмыс күнінен 1 жұмыс күніне дейін қысқартылды», деп хабарлады ведомство басшысы.
Министр атап өткендей, сонымен бірге жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрын құру жұмыстары жүргізілуде. Бұл жүйені қолдану азаматтарға бір өтініш негізінде жер учаскесіне құқықты тіркеуге мүмкіндік береді. Осылайша, қызметтерді көрсету мерзімдері және сәйкесінше азаматтардың қаржылық шығындары азаяды.
Министрдің айтуынша, Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру мақсатында мемлекет кепілдік берген заң көмегін 2024 жылға дейін 2 есеге ұлғайту мәселесі пысықталуда.
«Мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету сапасын арттыру мақсатында биылғы жылдың наурыз айынан бастап, республика бойынша «Е-заң көмегі» Ақпараттық жүйесі қанатқақты режімде енгізілді. Бүгінгі таңда тергеу органдары мемлекет кепілдік берген заң көмегі аясында 1042 адвокатты тағайындады», деді Марат Бекетаев.
Жобаны іске асыру адвокаттарды тағайындау және олардың еңбегін төлеу процесінің ашықтығын қамтамасыз етеді.
2020 жылы сот актілерін орындаудың тиімділігін артты- руға бағытталған «Атқарушылық іс жүргізу туралы» Заңға түзетулер қабылданды. Қолданыстағы заңнаманы бұзғаны үшін жеке сот орындаушыларының жауапкершілігі қатаңдатылды, бір мезгілде уәкілетті және қадағалау органдарының, сондай-ақ Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасының өкілеттіктері күшейтіліп, кеңейтілді.
«Қабылданған заңнамалық шаралар нақты орындалған құжаттар санының 45% артуына ықпал етті», деді Әділет министрі.
Ведомство басшысының айтуынша, бірнеше жыл бойы жүргізіліп жатқан дәйекті реформа және атқарушылық іс жүргізудің электронды форматқа көшуі өзінің қабілеттілігін көрсетті. Елдегі төтенше жағдай кезеңінде атқарушылық іс жүргізу органдарының автомат- тандырылған ақпараттық жүйесі мәжбүрлеп орындау шараларын үздіксіз қабылдауға жағдай жасады.
«Халыққа атқарушылық іс жүргізу тараптарының кабинеті арқылы атқарушылық құжаттарды онлайн режімде беру мүмкіндігі берілді», деді Марат Бекетаев. Ал 2021 жылғы мамырдан бастап жергілікті мемлекеттік басқару органдарының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеуді Әділет министрлігі орталықтандырылған форматта жүзеге асыратын болды. Нормативтік құқықтық актілерді тіркеудің орталықтандырылған рәсіміне көшу бірыңғай құқық қолдану практикасын және өңірлік норма шығармашылығы саласындағы мәселелерді уақтылы өзектілендіруді қамтамасыз етеді. Бұрын бұл рәсімді Әділет министрлігінің аумақтық бөлімшелері жүзеге асырған.
Әділет министрлігінің ақпараты бойынша аумақтық әділет органдарының штат саны оңтайландырылды. Үнемдеу шамамен 250 млн теңгені құрайды.
Бұған дейін Әділет министрлігі Нұр-Сұлтан қаласы мен Қарағанды облысының жергілікті мемлекеттік органдарының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыру бойынша қанатқақты жобаны сәтті іске асырды, бұл оң нәтиже мен жергілікті мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеудің орталықтандырылған форматын енгізудің орындылығын көрсеткендігін айта кеткен жөн.