• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
28 Сәуір, 2010

САРЫ АПАНЫҢ ҚАРҒЫСЫ

880 рет
көрсетілді

Сырқаттанып қалған әпкем Күлжанның көңілін сұрай барған едім. Есіктен ұзын бойлы аққұба келіншек енді. Жүзі таныс. – Ұмытып қалдың ба, Жанар ғой. Көрші Сары апаның қызы, – деді әпкем. – Е-е, хал-жағдайың жақсы ма, айналайын. Бауырларың үйлі-баранды болып кетті ме? – дедім оның арпа ішінде бір бидайдай ұлдардың ішінде жалғыз қыз екені, шешесінің ет ком­бина­тында өте ауыр жұмыстар атқарып жүретіні ойыма түсіп. – Иә, – деді Жанар. – Ұлдарымыз ұяға қонған. Қияға қонбаған жалғыз мен ғана. Тұрмысқа шықпай қал­дым. Жіпсіз бай­лан­­­ған жайым бар. Өзі­ңіз білетін ма­мам сал ауру дер­ті­не шал­дық­қан. Ұзақ жыл­дар төсек тар­тып жа­тып, қы­быр­лап жүру­ге әзер жара­ды. Бірақ тән ау­руы­нан жан ауруы басым ба деп ой­лаймын.Сырттағы бауыр­­лар жиі-жиі қара орманға қатынап отба­сы­мыздың жағдайын да, анасының көңілін де сұра­май­ды. Көмек те көрсетпейді. Айтыңызшы, пер­зенттік парызды өтеу менің ғана борышым ба? Ата-ана алдындағьі қарыз бәрімізге ортақ емес пе? – деді Жанар мұңайып. – Әрине, – дедім аяқасты не айтарымды да білмей. – Бірақ ана өзі қалаған баласының қолында тұрады ғой. Келіннен қыз жақын. – Солайы солай-ау, тіпті ағаларым көмек бермей-ақ қойсын. Мамам зейнетақы алып отыр дейтін болар. Ал 5000 теңге қай жыртығымызды жамайды. Жай ғана ат ізін салса да мамамның төбесі көкке екі елі жетпей қалар еді. Балалары үшін ғұмыр сүріп, ауыр жұмыс атқарып, жар құла­ғы жастыққа тимей жүргенде жасын оттай жарқылдап... Жастық шағы да өткен болар. Мақсаттарының бәрі жүзеге асып, егделіктің шек­теулі шебіне жетіп, еңбегінің зейнетін көріп, екі қолын жылы суға батырып отырам дегенде жаты­сы мынау дертпен арпалы­сып... Әділет пе? – деді Жанар. – Сізге бауырларымның қатыгездігін айтып хат жазып берсем газетке аттарын атап, түстерін түстеп мақала жазасыз ба? – деді ол. – Жарайды. – Бірақ моральдық соққы өте ауыр тиеді. Ойлан. Бір мақала жазғаннан тас­бауыр­лықтарынан өзгеріп, жүректері жіби қойса жақсы ғой. Ал “бізді ел алдында масқаралады” деп одан сайын өшігіп жүрмесін, – деп ескерту жасап телефон нөмірін бердім. Сары апа, Сары апа! Ұзын бойлы, денелі, то­лық, ақсары жүзді, қайратты жан еді. Еңсені езер­дей ауыр қол еңбегінің қиындығына мойы­майтын. Сонда алға жетелеген не дейсіз ғой. Арман. Бала­ларымды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шо­қыт­тырмай жеткізсем. Олар жоғары білім алып, үй­­леніп, бір-бір отау үй болып отырса. Сол отау үйлерге кезек-кезек сапарлап, немере­лерімді ерке­ле­тіп, алқып-шалқып жүрсем. Отағасы тұрғызған қара орман да аман болып, оған балаларым да улап-шулап келіп жатса, сөйтіп түті­нім түзу болса дейтін. Енді қайда сол арманың, Сары апа? Рас, ұлдарың бір-бір отау боп өрісің кеңейді. Бірақ сізді неғып қажетсінбей қалды? Шеше сауын сиырдай сүтін беріп тұрғанда ғана қажет пе еді? Жасаған-ау, осы біз өз балаларымызға жасы­нан-ақ перзенттік парызды айтып, санасына құйып, неге ұғындыра бермейміз осы? Бала кезі­нен ата-ана алдындағы борышты түйсінбей өскен жас есейгенде оның киелі міндет екенін біле ме, әуелі... Білмейді. Тіпті кейбір жұмыссыз жүрген азамат­тардың өзі “кемпір зейнетақысын алып жатыр ғой” деп кергиді. Қарақтарым, зейнетақы ешқашан баланың анаға деген махаббатын алмастыра алмайды. Кәрілерге жылылық пен мейір, сый-құрмет қана керек емес пе? Ғұмырды ұзарта­тын шарттардың бірі – адамның өмірге қажет екенін сезінуі. Зейнетке шығатындар қоғамнан тысқары қалудан, керексіз болудан қорқады. Сондай кезде: “Апа, ата, сіздер бізге, немере­леріңізге, керексіздер” деп балалары сағынып, қамқорлыққа алып отырса, өмір де ұзара береді, ұзара береді. Қартайғанда жалғыздықты сезіну, балалар тарапынан тасбауырлықты байқау өлімге бір табан жақындау деген сөз... Өкінішке орай, мойындарында перзенттік парыздың бар екенін ұқпай өскен кейбір азамат­тарымыз бен қыздарымыз осыны түйсіне алмаған­дық­тан да аналарына қамқорлық жасау қажеттігін өздеріне міндет деп санамайды. Жуықта мен үлкен ақсақалдан тағылымдық мәні зор бір әңгіме естідім. “Іштен шыққан шұбар жы­лан” болғандықтан да өз перзенттерін әке де, шеше де қарғай алмайды ғой. Бірақ оларды қорқытатында бір уәж бар екен. Алматы қаласында тұратын, кезін­де өте жауапты қызметтер атқарып, зейнетке шық­қан­да ішкені алдында, ішпегені артында болып шол­жың өскен ұлының есейгендегі “еркеліктеріне” күйін­ген бір азамат баласына құдайдан сұрап жүрген бір ғана тілегін айтады: “Ұлым, мен сені қар­ға­май­мын. Ақыл да айтпай­мын. Күнде құдай таға­ладан бір ғана тіле­гімді бер деп өтініп жүр­мін” – депті ол. – Ол қандай тілек? – деп тентек ұл таңға­лады. – Мен әке бол­сам, сен де әкесің, қара­ғ­ым. Кә­рі­ліктен де қа­шып құтыл­массың. Аллаға: “Сенің маған жасағаныңды ұлың саған көрсетсін” деп өтініш жасап жүрмін дегенде, – өз қылық­тарынан өзі қорыққан ұлы шошып кеткен екен. Жанар шағым жазбады. Ауызша мұң шағумен шектелді. Сары апа тыйым салып отбасының абыройын сақтайын деген шығар. Оның үстіне жалпақ елге жар салғаннан жан жарасы жазыла ма? Мен де ағаларының атын атамадым. Сары апа да “жақсылық та, жамандық та әркімнің алдынан шығады” депті. Бұның да мағынасы сол “атаңа не жасасаң алдыңа сол келеді” деген емес пе? Иә, мына жұмбағы мол тылсым дүниеде бір ғана шындық бар: “ол – немерелер, әке-шешесінің әжесіне қатыгездік жасап отырғанын, 8 наурызда да, туған күнінде де құттықтамай­тынын, ат ізін салмайтынын, көңілін сұрамайты­нын, қыраулы қыс келерде тұрмысқа шықпаған жалғыз қарындастарын шырылдатып, отын-су түсіруге қол ұшын бермейтінін, анда-санда болса да кезектесіп, әрқайсысы үйлеріне апарып, күтіп-баптап ауру күткен жалғыз қыздың мойнын босат­пайтынын көзбен көріп, көкірегіне түйіп жүр. Ендеше олардың санасына “кәрілерді керексіз заттай санаттан тірідей шығарып тастауға болады екен-ау”, – деген жамандық жамылды дей беріңіз. Ертеңгі күні өзі қартайғанда әке-шешесіне көрсеткенін баласы өзіне сөзсіз қайталайды деген тұжырым жасап әрі осы мақаладан Сары апаның ұлдары ғана емес, басқалар да сабақ алсын деп қолыма қалам алдым... Мәкен ӨСЕРБАЕВА, журналист, Алматы облысы,  Қаратал ауданы.