Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) бақ сынайтын елорданың «Барысы» маусымаралық үзілісте тағы екі қорғаушысымен қоштасты.
Жуырда ғана Қазақстан азаматтығын алып, Латвияда өткен әлем чемпионатында ұлттық құрамадағы дебютін жасаған Виктор Сведберг алдағы маусымнан бастап Мәскеудің ЦСКА клубында өнер көрсететін болды. Келісімшарт 3 жылға жоспарланған. Кейінгі үш маусымнан бері «Барыс» клубында ойнаған қорғаушы ҚХЛ-да 84 матч өткізіп, 22 (6+16) ұпай жинаған.
Сондай-ақ ұлттық құраманың тағы бір ойыншысы Леонид Метальников те мансабын ресейлік клубта жалғастыратын болды. Өскемен хоккей мектебінің түлегі енді Владивостоктың «Адмирал» клубының намысын қорғайды. Айта кетейік, Метальников былтыр желтоқсан айында жарақат алып, ұзақ уақытқа қатардан шығып қалған болатын. Осы жарақатының салдарынан ол Ригадағы әлем чемпионатына да қатыса алмады.