• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Медицина 10 Маусым, 2021

Жүргізушілер скринингтен өтеді

508 рет
көрсетілді

Өкпе обыры – сүт безі қатерлі ісігінен кейін тұрған қауіпті кесел ғана емес, талай адамның өмірін бастапқыда біртіндеп, білдірмей жалмап жатқан дерт. Өкпе обырының өршуіне байланысты Алматы қаласында қанатқақты жоба жалғасын тапты. Өйткені өкпе рагы әлемде қатерлі ісік ауруынан болатын өлім-жітімнің басты себепшісі және бұл аурудан жыл сайын 1,8 млн-ға жуық адам көз жұмады.

 

Алматы қаласының онколог-дәрі­герлері автобус жүргізушілері мен такси жүргізушілерін өкпе қатерлі ісігіне қар­сы тегін тексерістен өтуге шақырып отыр. Осылайша, Қазақ онкология және радио­логия ғылыми-зерттеу институты өк­пенің онкологиялық кеселдерін ерте анықтау тәсілдерін тереңдету үшін ғы­лыми зерттеулерді қолға алды.

Бір жағынан қоғамдық көліктердің жүргізушілері кәсіптеріне байланыс­ты түтін, жанар-жағармай қалдықтары сияқты улы заттармен ұдайы тыныс алуға мәжбүр. Жүре келе мұның салдары өкпе дерттерінің дамуына бастайтыны аян.

Жалпы, қанатқақты жоба шең­бе­рінде 2 мыңдай жүргізушіні тексеру жоспар­ланған. Әсіресе ер адамдар­ды, себебі олар өкпе қатерлі ісігіне шал­дығуға бейім келеді. Әрі Алматы қаласында өк­пе қатерлі ісігіне душар болып қана қоймай, осы сырқаттан бо­латын өлім-жітім өте көп. Обыр ал­ды ауруларын ерте диагностикалау және алдын алу өкпе қатерлі ісігінің асқы­нуына жол бер­мейді. Сондықтан да бұл бастама Алматы қаласының қоғамдық көлік жүргізушілерін тегін тексеруді көз­дейді.

Зерттеуге қатысу үшін онкологиялық аурулар бойынша есепте тұрмайтын 45 жастан 69 жасқа дейінгі ерлер шақы­рылады. Тиісті шақыру хаттары Алматы қаласы әкімдігінің Қалалық мобильділік басқармасының басшысына және Алматы қаласының автобус парктерінің директорларына жіберілген.

Жыл са­йын елімізде өкпе қатерлі ісігінің 3500-ге жуық жаңа жағдайы анықталады. Қазақстанда онкологиялық аурудан бо­латын өлім-жітім құры­лымында өк­пе қатерлі ісігі бірінші орын алады. Ша­мамен 6-7 қазақстандық күн сайын өкпе қатерлі ісігінен қайтыс болады. Он­кологтер бұл ауруды ерте сатысында анықтау үшін өкпе қатерлі ісігіне скрининг жүргізу қажеттілігін ұдайы алға тартып келе жатқанын білеміз.

«Мәселе мынада, өкпе қатерлі ісігі бар науқастардың 80 пайызы қазірдің өзінде дерті өрши бастағанда онкологтерге келеді. Бүгін біз ерте диагностика, ал­дын алу және скрининг туралы сұрақ­тар көтергіміз келеді. Дүниежүзілік ден­саулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша, асқындырмай диагностика жасау мақсатында өкпе қатерлі ісігі бойынша скринингті енгізуді жоспарлап отырмыз. Скрининг төмен дозалы спиральды ком­­пьютерлік томография көмегімен жүргізіледі. Бұл әдіс өкпе қатерлі ісігін ерте кезеңде анықтауға, сәйкесінше дұрыс және уақтылы тар­гет­тік және дербестендірілген ем жүр­гізуге мүмкіндік береді», дейді Ден­сау­­лық сақтау министрлігінің бас онко­логі, «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» АҚ басқар­ма төрайымы Диляра Қайдарова.

Төмен дозалы спиральды  компьютер­лік томографиямен жасалған алғашқы пилот­тық жобалар бұрын Павлодар, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыс­тарында жүргізілген болатын.

Өкпе қатерлі ісігі – әлемдегі ең көп таралған қатерлі ісік. Қатерлі ісік ауруын зерттеу жөніндегі халықаралық агенттіктің (IAIR) мәліметі бойынша жыл сайын 2 млн-нан астам ерлер мен әйелдер өкпе қатерлі ісігімен ауырады, олардың үштен екісі – ер адамдар (1 368 524) және үштен бірі – әйелдер (725 352).

 

АЛМАТЫ