Сіз Қазақстанның халық суретшісі, қайталанбас талант иесі Еркін Мергеновтің мүсіндерін көрдіңіз бе? Көрсеңіз, ғажайып бір күйге бөленіп, шынайы өнердің үлгісін көрер едіңіз.
Осыдан үш жыл бұрын бас шаһардағы Ұлттық музейде көрнекті мүсіншінің өзі өмірден өткеннен кейін «Уақытты сезіну» атты көрмесі ұйымдастырылды. Оған өрелі өнер иесінің бірнеше туындысы қойылып, оны жиылған жұрт қызыға қарап, тамсанып жатты. Жалпы, Мергенов мүсіндері өнертанушылардың сөзімен айтқанда, жаһандық тарихи өзгерістер дәуірінің көркем символдары саналады. Автордың ұлттық бояуға бай шығармаларынан тың ракурстар мен соны идеяларды байқайсыз. Ол көнеден жалғасып келе жатқан қазақ оюларынан да өзгеше өрнек таба білген. Негізінен, Еркін ағамыздың портрет жанрында айрықша қолтаңбасы қалыптасқан. Оның шебер қолынан шыққан мүсіндері замандастер бейнесін айшықтаған шынайылығымен ғана емес, өмір мен уақыт тынысын тап баса білген шымырлығымен ерекшеленеді. Мәселен, мүсіншінің өткен ғасырдың 70-80-ші жылдары жасаған «Махамбет», «Әке», «Елубай Өмірзақов», «Олжас Сүлейменов» портреттерінен тұлғалардың ғана емес, қоғамның болмысын аша білгендігін көресіз. Әсіресе автордың 1988 жылы туған «XX ғасыр» деген портреттер топтамасы ұлттық мүсіндеме өнерін байытқан сүбелі дүниелер болды.
Тамаша таланттың шығармашылығын АҚШ, Англия, Ресей өнертанушылары жоғары бағалаған. Мәскеулік сыншы Алим Сабитов Еркін Мергеновтің екі мәдениеттің суретшісі екендігін айтады. «Оның көптеген жұмысы ХХ ғасырдағы еуропалық пластиканы зерделеуге жатады. Алайда мүсіншінің негізгі тақырыбына келгенде көкейкестілігі басым болып, Шығыс пен дала мәдениеті бөлек көрініс табады. Мен ол кісіні кеңестік бейнелеу өнерінің бағаланбаған классигі немесе жаңа Қазақстанның «ашылмай қалған» алғашқы мүсіншісі деп айтар едім», деген парасатты пікірін білдіреді.
Марқұм Еркін ағамыз – бейнелеу өнеріне алпысыншы жылдардың соңын ала келген талантты буынның өкілі. Жалпы, осы жылдары ұлттық өнердің қай саласы да жаңаша түрленіп, биікке өрледі. Алматыдағы көркемсурет училищесін аяқтағаннан кейін ол В.Суриков атындағы Мәскеу мемлекеттік көркемсурет институтында оқып, білікті ұстаздардан тәлім алды. Соның да әсері болар, ол әп дегеннен өнердегі өз соқпағын таба білді. Ол бір сұхбатында Батыстың атақты суретшілерінен көп үйренгенін айтады.
«Еркін Мергенов − екі үлкен мәдениеттің басын біріктіріп, еуропалық пластика мен далалық мәдениеттің сұлу синтезін тапқан суреткер. Ол Батыс пен Шығыс өнерінің қоспасынан өзіндік ой түйе білген хас шебер еді. Абайдан басталған философияны сурет пен мүсін өнерінде өрнектей білуімен жүрегімізде сақталатын ағамыз артына өшпес із қалдырғаны даусыз. Ерекең өзінің бір көрмесін «Еркіндік» деп атап еді. Бекер атаған жоқ. Оның жаны да, оның ойы да, оның шығармашылығы да өз атына сай еркіндікке құрылған еді. Қазақтан Мергеновтей әлемдік деңгейдегі суреткердің шығуы – біздің қазақ екенімізді мақтаныш тұтуымызға, жаһандық мәдениеттен тысқары қалмағанымызды сенімді айтуымызға мүмкіндік береді», дейді танымал қылқалам шебері Ерболат Төлепбай.
Ол кісі шығармашылығымен бірге қоғамдық жұмысты да қатар алып, біраз жылдар Қазақстан Суретшілер одағын басқарып, отандық бейнелеу өнерінің ілгерілеуіне көп еңбек сіңірді. Қазіргі Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында оқытушы болып, шәкірт тәрбиеледі. Бір жылдары дарынды азаматты шетелдік ғалымдар Оксфорд университетіне шақырып, студенттерге бейнелеу өнерінен дәріс оқытқан. Бұл жайында белгілі суретші Алпысбай Қазығұлов: «Қазақ тарихында Оксфорд университетінде екі адам дәріс оқыса, олардың бірі – біздің Еркін Тілекұлы, екіншісі – ертеректе дәріс оқыған ұлы Мұхтар Әуезов еді. Оксфордта дәріс оқу екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтін бақ деп айтуға болады», депті өз естелігінде.
Бүгінде айтулы азаматтың монументалды мүсіндерін еліміздің бірқатар қаласынан кездестіруге болады. Мәселен, соның бір белгісі ретінде жұртшылықтың көңілінен шыққан Алматыдағы үш метрлік «Екеу» немесе «Сағым» композициясын айтуға болады.
Ұлттық бейнелеу мен мүсін өнерін дамытуға зор үлес қосқан Еркін ағамыз 2015 жылы, дәл жетпіс бес жасында дүниеден озды. Былтыр туғанына сексен жыл толды. Туған халқына қаншама құнды мұра қалдырған талантты тұлғаның туындылары бүгінде Ұлттық музей, Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейі мен Ресейдегі Третьяков галереясы, Украинадағы орыс өнерінің мемлекеттік музейі, Қырғызстан мемлекеттік өнер музейінің топтамаларында және алыс-жақын шет мемлекеттердің коллекцияларында сақтаулы тұр.