Әу баста кәрі құрлық біріншілігі 2020 жылы УЕФА-ның (Еуропа футбол қауымдастықтарының одағы) 60 жылдығына орай Еуропаның 12 елінде өткізілуі тиіс болатын. Алайда пандемияға байланысты доп додасы бір жылға кейінге шегеріліп, 12 емес 11 елде өтетін болып келісілді.
Барлық шеберлер қатыса алмайды
Сөйтіп футбол жанкүйерлері асыға күткен Еуропа чемпионаты биыл ерекше жағдайда өткелі тұр. Ала допқа арбалған жанкүйерлер алдағы бір ай бойы түнде түсінен айырылып, күндіз ісінен береке кетіп, күні бойы ұйқы қысып әрі-сәрі болып жүрмек. Чемпионат біткенше бәріміз Роналдуға риза, Бэйлге бауыр, Азарға ақылшы, Мюллердің мүлт кетпеуіне, Зинченконың зыр жүгіруіне тілекші болып, Кейнді көрші ауылдың баласындай көріп, Модричтің пастарына мәз күй кешпекпіз.
Өкінішке қарай, жарақатына және ұлттық құрамадағы бәсекелестіктің жоғары болуына байланысты бірқатар футболшының өнерін тамашалай алмаймыз. Атап айтар болсақ, жарақат алып қалғандардың қатарында «Барселона» мен Германия құрамасының қақпашысы Марк-Андре тер Штеген, «Реал» мен Испания құрамасының қорғаушылары Серхио Рамос пен Дани Карвахаль, сондай-ақ Испания футболының болашақ жұлдызы саналған Ансу Фати, Нидерланд капитаны Виржийл ван Дейк пен төрт жылдық үзілістен кейін Швеция ұлттық құрамасына қайта оралған 39 жастағы әйгілі шабуылшы Златан Ибрагимович бар. Сонымен қатар Ибрагимович сияқты ұзақ жылдан кейін алғаш рет Франция ұлттық құрамасына шақырту алған шабуылшы Карим Бензема да биылғы чемпионатқа қатыспауы мүмкін. Ол осыдан бірер күн бұрын Болгариямен өткен жолдастық кездесудің бірінші таймында тізесінен жарақат алып, ойынды соңына дейін жалғастыра алмаған болатын.
Он екі мүшесі сау бола тұра, ұлттық құрамадағы бәсекелестікке байланысты Еуропа біріншілігіне қатыса алмайтын футболшылардың қатарында Англия мен «Манчестер Юнайтед» клубының қорғаушысы Аарон Уан-Биссака, былтыр ғана Нидерланд құрамасының негізгі құрамына іліккен қорғаушы Ханс Хатебур, «Лестер» құрамында биылғы маусымды тамаша өткізіп, «гол+пас» тізімінде 15 ұпай жинаған ағылшын футболшысы Джеймс Мэддисон, 2012 және 2019 жылдары Германияның жыл футболшысы атанған Марко Ройс және тағы басқа бірнеше танымал аяқдоп шеберлері бар.
Пандемияның
Еуро-2020-ға енгізген түзетуі
Коронавирус індеті өзге салалар секілді, спортқа, оның ішінде футболға да өз түзетуін енгізді. Індетке байланысты футбол матчтары көп елде бір жылға жуық көрерменсіз өтсе, кей елдер стадионға жанкүйерлердің кіруіне рұқсат беріп жатты. УЕФА басшылығы да биылғы чемпионаттың матчтарын жанкүйерлердің стадионнан тамашалауына келісімін берді. Мәселен, Санкт-Петербург пен Бакудегі стадиондарға жанкүйерлердің 50 пайызы жіберілсе, Будапешттегі «Ференц Пушкаш» стадионына көрерменнің 100 пайызына кіруіне рұқсат беріліп отыр. Алаңның сыйымдылығы – 65 мың адам. Амстердам, Бухарест, Глазго, Копенгаген, Рим және Севильядағы матчтарға 25 пайыздан 45 пайызға дейін, Лондондағы топтық кезең, ширек, жартылай финал ойындарына да жанкүйерлердің 25 пайызы кіре алады. Мюнхендегі стадионға тек 14,5 мың (стадионның 22 пайызы) жанкүйердің кіруіне рұқсат етілді.
УЕФА пандемияға байланысты әр құрамаға әдеттегідей 23 емес, 26 футболшыға дейін тізімге енгізуіне рұқсат берді. Бұл мүмкіндікті біріншілікке қатысатын 24 құраманың, 23-і толық пайдаланса, тек Испания ғана Еуропа біріншілігіне 24 футболшымен келді. Сонымен қатар командалар чемпионаттағы бірінші ойынына дейін ауыр жарақат алған немесе індетке шалдыққан футболшылардың орнына қосымша ойыншы шақырта алады. Еуро-2020 турнирінде әр құраманың бір ойында бес футболшыны алмастыруға құқы бар.
Статистика мен
болжам
Еуропа чемпионатында ең көп топ жарған құрама – Германия (1972, 1980, 1996). Сондай-ақ тәртіп өмір салты деп білетін немістер үш мәрте (1976, 1992, 2008) финалға шыққан. Екінші орында Испания құрамасы тұр. «Қызыл фурия» өкілдері де чемпионатта 3 рет (1964, 2008, 2012) жеңіске жетіп, 1 рет (1984) финалда қарсыласына жол берді. Үздік үштікті Франция түйіндеп тұр. «Үш жолақты» елдің футболшылары 2 рет (1984, 2000) кубокты басынан асыра көтерген. Ал 1 мәрте (2016) финалда сүрінді.
Еуропа чемпионатында жеңіске жеткен 10 команданың 3-еуі (Испания, Италия, Франция) жарыс қожайыны ретінде бас жүлдеге қол жеткізген. Ал Германия, Нидерланд, Португалия және Франция құрамалары Еуропа чемпионы атанса да, өз елдерінде өткен біріншілікте бірде-бір мәрте жеңіс тұғырына көтеріле алмаған. Еуропа чемпионатында мүлде топ жармаған Швеция мен Англия өз елдерінде өткен жарыста тек жартылай финалға дейін жеткен. Бұл – екі құраманың бүгінге дейін қол жеткізген ең үздік нәтижесі.
Биылғы біріншілікке Еуропаның жеті чемпионы (Италия, Испания, Франция, Нидерланд, Германия, Португалия, Дания) қатысып жатса, Финляндия мен Солтүстік Македония құрамалары тұңғыш рет Еуродода бәсекелерінде бақ сынамақ.
Белгілі футбол сарапшылары биылғы чемпионатта қай құрама топ жаратынын дөп басып айта алмай отыр. Дегенмен, Франция құрамасының дайындығы қазір өте жоғары деңгейде екеніне назар аударып отырғандар да аз емес. Шын мəнінде «Үш жолақты» ел құрамасының барлық шебінде де əлемдік деңгейдегі жұлдыздар шоғыры ойнайды. Уго Льорис, Рафаэль Варан, Н’Голо Канте, Антуан Гризманн, Килиан Мбаппе, Пол Погба секілді футболшылармен қоса, құрлықтың үздік клубтарында өнер көрсетіп жүрген өзге де жас ойыншылар жеткілікті. Сонымен қатар қазіргі Еуропа чемпионы Португалия, қатарынан екі біріншілікте үздік шыққан Испания, футболдың отаны бола тұра, бірде-бір чемпионатта топ жара алмай жүрген Англия құрамасын да негізгі үміткерлер қатарынан шығаруға болмайды.
Еуропа чемпионатының бүгінгі тұсаукесер кездесуі туралы айтар болсақ, алғашқы матч Италияның бас шаһары – Римде өтеді. Бүгінге дейін кәрі құрлық додасына тоғыз рет қатысып, тек бір мәрте ғана (1968) жеңіс тұғырынан көрінген Италия мен 2008 жылғы біріншіліктің сенсациясын жасап, үшінші орын иеленген Түркия құрмалары күш сынасады.