• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әдебиет 13 Маусым, 2021

Жазатын тақырып көп

546 рет
көрсетілді

Бүгінгідей технологияның қарыштап дамыған уақытында қоғам­да да, адамда да көп өзгеріс­тер пайда болды. Мәселен, қазір бәрі қол­­жетімді. Ақпарат ағын­ының жылдамдығы сонша­лық, ай­нала­мыздағы жақсылы-жа­манды оқиғалардың бәрі халық­тың наза­рында. Тіпті әлеуметтік желілер арқылы адамдардың өмі­рін де, тіршілігін де, мінезін де тануға болады. Қоғамдағы бұл ашық­­­тықтың әдебиетке, жазуға әсері бар ма?..

Әдеби сауалдамамыздың ке­зек­­ті қонағы – жазушы-драма­тург Мадина Омар. Дәстүрлі сұрақ: не жазып жүрсіз?

– Жазуды кәсіп еткен адамға жа­затын нәрсе өте көп. Қарап тұр­саңыз, қазіргі қоғам, заман барлық мүм­кіндікті беріп отыр. Әсіресе қазір­гі заман – жазушы үшін таптырмайтын кен тә­різді. Қазып та әуре болмайсың, бар­лығы (қазы­на-байлық) жердің бетіне шығып, ша­шылып жатыр. Кеңес кезіндегі ақын-жазу­шылардан біздің артық­шылы­ғымыз осы. Адам баласы да сан қилы, қитұрқы болмысын жа­сы­рып-жауып әуре болмайды. Кері­сінше, «мен мынадаймын, маған қарашы» дегендей бірінен-бірі асы­рып, неше түрлі қылықтар мен мінездерін жа­рия етіп, жанталасады. Кез кел­ген әлеуметтік желідегі парақ­шаны немесе пікірлерді ал да пор­трет жасай бер. Адамдар осы­лай бетперделерін сыпырып, арсызданған сайын жазу­шы қауым  құтырынатүседі (шығар­машылық тұрғысынан) деген ойдамын. Дегенмен бұл өз­геріс­терге не себеп? Ақыл-ой ке­містігі эпидемиясы ма әлде есеп­сіз еркіндік, Құдайды ұмыту адамзатты мас қыла ма?

Бір өкініштісі, бізде жақсы шы­­ғар­малар кеңінен насихатталып,  көзі қарақты оқырманға же­тіп жатқан жоқ. Әдеби кітап – адам жанының тәрбиешісі болса, қазір­гі таңда оқырман (халық) мен сол ақылды, мейірімді тәрбиеші бірін-бірі көрмейді, бір-бірімен кез­деспейді.  

Көркемдік сүзгі, редакциялық алқа деген ұғым мүлде жоғалды. Ол, бір жағынан, жазамын, жаз­ғанымды кітап етіп басып шыға­рамын деген адамға барлық мүм­кіндікті беретін болса, екінші жа­ғынан, оқырман жақсы мен жаманды, көркем туынды мен шалажансар графомандық түсі­ніктің аражігін ажырата алмай қалды. Кімнің жарнамасы, менеджменті мықты – сол топ бастайтындай, сондай бір үрдіс пайда болды.

Бізге шұғыл түрде әдебиеттану­шылардан тұратын беделді бір ведом­ство, институт керек. Ол құ­рам­ға ақын-жазушылар сияқ­ты шығармашылық адамдары ен­беуі тиіс. Себебі өнер жүр­ген жерде бәсеке, дау-дамай, адам­дық қарым-қатынас жүретіні заң­ды. Ол топ – салқынқанды, кәсі­би адамдардан, тек қана ғалым­дардан тұруы тиіс. Және бұл ауқымды, үлкен құрылым бо­луы керек. Себебі нарыққа шы­ғып, оқырмандарға ұсынылып жат­қан кітапта есеп жоқ. Соларды жүйелеп, есептерін, қо­ры­тындыларын мақала түрін­де тұрақты жариялап отыратын (әлеуметтік желілер, газет-жур­налдар арқылы, жинақтар тү­рінде), өзге тілдерге аудару үшін іріктеулер жасайтын (дәл қазіргі, бүгінгі әдебиетке) мемлекеттік институт керек... Осы мәселені көтеріп дабыл қағатын сәт туды.

Егер жалпыдан жалқыға өтіп, «өзің не тындырып жүрсің» деген сауалға ауатын болсақ, мен тоғыз жыл­дың жүзі болды, М.Әуезов атын­дағы Қазақ мемлекеттік драма театрында драматург болып қызмет етіп келе жатырмын. Өзін­дік жұмыс жасап, моно болсын, көп кейіпкерлі болсын, өз спек­таклінде бас рөлде ойнағысы келетін актерлердің идеяларын жүзеге асыру үшін пьесалар іздейміз, авторларға тапсы­рыс береміз, кейде (тіпті көп жағ­дайда) өзіміз жазып береміз, инс­це­нировкалар жасаймыз. Осы театр­дағы тоғыз жылдық еңбек өті­лімде жиырмаға жуық пьеса жазыппын. Қазір ғана актриса Г.Шыңғысованың тапсырысымен «Үзілген ән» атты мюзикл­ды жазып бола салып, актер Ж.Садырбаевтың моноспектакльге тапсырысын қабылдап алдым. Осындай үздіксіз шығармашылық процесс жүріп жатыр... 

– Шығармашылық ой-сы­ры­ңыз­­бен бөліскеніңізге рахмет.