• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Саясат 14 Маусым, 2021

Полиция жұртқа жақындай түсті

438 рет
көрсетілді

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында халық алдында есеп берген Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев ішкі істер органдарында соңғы үш жылдан бері жүргізіліп жатқан ауқымды реформаның жай-жапсары туралы баяндады. Кездесу барысында ведомство басшысы ішкі істер органдары қызметінің негізгі бағыттарына тоқталды.

Е.Тұрғымбаев қалалық жер­лердің қылмыс жиі тіркелетін аймақтарында полицияның заманауи модульдік бекеттері орнатылып жатқанын айтты. Сон­дай-ақ биылдан бастап Police 102 мобильді қосымшасы іске қо­сылған. Бұл – Мемлекет бас­шысының «Жұртқа жақын полиция» жөніндегі тапсырмасын орындау аясында қолға алынған жұмыстардың бірі.

ІІМ-нің хабарлауынша, қазір өңірлерде осындай 57 бекет жұ­мыс істесе, жыл соңына дейін олар­дың саны тағы 27-ге көбеймек. Жалпы, бес жыл ішінде ел көле­мінде барлығы 167 бекет орнату жоспарланған.

Құқық бұзушылықтың алдын алу­да учаскелік полиция инспек­торларының алар орны ерекше. Осыған орай Мемлекет басшысы  учаскелік инспекторлардың мәр­тебесін арттыру туралы тап­сырма берген болатын. Е.Тұрғым­баев полицияның негізгі міндет­терін арқалап жүрген учаске­лік инспекторлардың жұмы­сын тиімді ету үшін құзыреті кеңей­тіліп, заңнамаға тиісті өзгертулер енгізілетінін мәлімдеді.

«Уақыт талабына сай тұрғын­дармен байланысудың тың тәсіл­дері де тәжірибеге енгізіліп ке­леді. Бүгінде учаскелік инспек­тор­­лар заманауи коммуникация­лар есебінен ПИК, мүлік иелері бір­лестігі және белсенді тұр­ғын­дардың 7,5 мың чатына қосыл­ған. Осы қызметте жүрген тәртіп сақшылары әлеуметтік желі­лерге де тіркелген. Мұның бар­­лығы учаскелік полиция инс­­пек­­торларына тәулік бойы ха­лық­пен тығыз байланыста бо­лып, өз учаскесіндегі жағдай­ды бақылауға және құқық бұзу­шы­лықтарға дер кезінде ден қоюға мүм­кіндік бе­реді», деп атап өтті ІІМ басшысы.

Жыл басынан бері кәмелетке толмағандарға қатысты мыңнан астам қылмыс тіркелген. «Жет­кін­шектер арасында құқық бұзу­шылықтың күрт көбейіп кетуіне ұзақ уақытқа созылған каран­тиндік шектеулер мен отбасы-тұр­мыстық проблемалар және ата-аналардың бейқамдығы өз әсерін тигізіп отыр», деді министр. Деректерге сүйенсек, қыл­мыс­тардың жартысына жуы­ғы, яғни 43,5 пайызы балалар мен жасөспірімдерді жыныстық аз­ғын­дауға қатысты болса, мұндай қылмыстың басым көпшілігін (78%) жеткіншектердің жақын­дары жасайды екен.

«Ең сорақысы, мұндай қыл­мыс­тарды кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлар мен учаскелік инспекторлар профилактикалық сабақтар, балалармен әңгімелесу және денсаулық сақтау органдарымен бірге жүргізген іс-шаралар кезінде ғана анықтап жатады. Көбінесе баланың ет жақындары бұл жайында тіс жармауға тырысады. Сол себепті мұндай қылмыстар жасырын сипатта болып келеді», деді Е.Тұрғымбаев.

Балалар қауіпсіздігі мәселесі де өзектілігін жоймай отыр. Жаз шыққалы бүлдіршіндердің қаты­суымен болған жазатайым оқи­ғалар саны өскен. Мысалы, соңғы бес айдың ішінде 30 бала терезе­ден құлап кетсе, өкінішке қарай, 6 баланың өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған. Жол үстін­де жарақаттанған балалар мен жет­кіншектер арасындағы суицид саны да азаймай тұр. Министр­ліктің мәліметтеріне қара­ғанда, биылдың өзінде 43 бала жол апатынан көз жұмса, 248 жасөспірім өзін өзі өлтіруге әрекеттенген. Өкінішке қарай, олардың 84-і өмірмен қоштасқан.

Полиция қызметкерлері интер­нет-ресурстарға мониторинг жүр­гізуге ерекше көңіл бөліп отыр. Өйткені елімізде соңғы уақытта ғаламтор арқылы жасалатын екі қылмысты ауыздықтау қиындық туғызып отыр. Оның біріншісі – есірткіні байланыссыз сатуда «белсенді» болып алған есірткі саудагерлері болса, екіншісі – он­лайн сауданың «көрігін қыз­дырған» интернет алаяқтар.

Пандемия кезінде онлайн саудаға сұраныс артты. Сәйке­сінше, интернет арқылы жасала­тын алаяқтық та екі есеге көбейді. Со­ның салдарынан халық 67 миллион теңге шығынға батқан. Осыған орай министрлік Кибер­қылмыспен күрес орталығының жұмысын күшейтіп отыр. Тек осы қылмыстарды анықтауға бағытталған арнайы топтар құрылып, Ұлттық банк, екінші деңгейлі банктермен тығыз қа­рым-қатынас орнатылып, азамат­тардың жеке мүлкін қорғау қадам­дары жасалуда. «Интернет алаяқ­тарды әшкерелеуде өзге мемлекеттермен де қарым-қатынасты нығайтуға тура келіп отыр», деді министр.

Соңғы үш жылда ішкі істер органдары қызметкерлерінің саны 13 жарым мыңға қысқартылып, 106 басқару бөлімі мен 1483 басшылық лауазым таратылған. Осылайша, полицейлердің саны 100 мың тұрғынға шаққанда 471-ден 369-ға дейін азайды. Бұл еуропалық елдердің көр­сет­кішімен сәйкес келеді және әкім­шілік шығындарды біршама азай­тады.

«2019 жылдан бастап ІІМ көрсететін қызметтер тізбесінен мекенжай анықтамасын беру алынып тасталды. Бұрындары осы анықтаманы алу үшін жыл сайын 12 миллионға дейін өтініш келіп түсетін. Енді бұл мәліметтерді тіке­лей «Электронды үкімет» пор­­талынан алуға болады. Сон­дай-ақ көлікті тіркеу қызметі же­ңіл­­детілді», деді министр.

Қоғаммен байланыс жасау бағытындағы жұмыстың түбе­гейлі өзгергенін тілге тиек еткен министр «халықтың сенімін арт­тыру және азаматтардың поли­цияға деген сенімін қай­тару – басты мақсат» екенін де ашық айтты. «Барлық 262 поли­ция бөлімінде ашылған «Аза­мат­тарға арналған қабылдау бөлмелерінде» биылдың өзінде 55 мың адам кеңес алды. Өзім де әлеуметтік желідегі парақшамда азаматтармен тікелей диалог жүргіземін. Бірде-бір өтініш назардан тыс қалмайды», деген Ерлан Тұрғымбаев жеке құрам арасында сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс нәти­желеріне де тоқталды. Оның айтуын­ша, соңғы 3 жылда ІІМ-де жемқорлық қылмыстар саны 43 пайызға кеміген. «Жемқорлықпен күрес жалғаса береді» деді сөзін түйіндеген спикер.