• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 14 Маусым, 2021

Қуғын-сүргін құрбандары ұмытылмайды

459 рет
көрсетілді

Өскемендегі Достық үйінде «Мәңгілік мұң, шерлі шемен» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиналғандар қасіретке толы жылдардан суыртпақтап естеліктер айтты.

Ата-бабасы қуғынға ұшыра­ған­дар­дың бірі – чешен-ингуш этно­мәдени бірлестігінің мүшесі Хамзат Янгулбаев ондай зұлмат заманның болмауын тілейді. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мынау заманға тәубе дейді.

– Менің халқымды депортациялау 77 жыл бұрын болған. 1944 жылы 23 ақпанда жол жөн­деушілердің киімін киген әс­ке­рилер ауылға келді. Олар ха­лықты мәжбүрлі түрде бөтен елге, бөтен жерге жер аударды. Таулы аймақтарда тұратын ха­лықты қалың қардан етекке түсіру қиын болғандықтан, оларды қораларға қамап, өртеп жіберді. Өйткені тапсырманы бұлжытпай уақытында орындау керек еді. Қашып құ­тыл­ғандар да болды. Қарап отырсақ, жер аударылғандардың басым бөлігі қарттар, әйелдер мен балалар еді. Ол уақытта ер-азаматтар майданда болатын, – дейді Хамзат ақсақал.

Оның ата-бабасы туған ауылы Шатойдан Шығыс Қазақстан облысына келген. Қазақ халқы оларды жылы қабылдады. Тілім нанымен бөлісті. Алғаш келгенде Ұлан ауданына табан тіреген. Кейін Алтай ауданына қоныс аудар­ғанымен, Өскеменге келіп тұрақтаған.

Бертіндері әкесі ақталып, тарихи Отанына оралуға мүмкіндік туған. Алайда Шығыста туған Хам­зат Хасанұлы осында қалып, отбасын құрды.

Қуғын-сүргінге ұшыраған­дардың ішінде Өскемен қала­сының тұрғыны Лидия Рооттың да отбасы бар. Саратов облы­сының Балцер қаласында тұр­ған туыстарының қалай депор­тацияланғаны жа­йында ол да естелігімен бөлісті. Ай­туынша,  со­ғыс басталғаннан кейін әжесі Мария Яковлевна балаларымен бірге Алтай өлкесінің Хуторка ауылына жер аударылған. Ол жақта орманда ағаш жығып, ауыр жұмыс істеген. Сөйтіп жүріп бір көзінен айырылған. Тағдыр шы­ғар, кіші қызы көз жұмды. Ор­таншы Алек­сандр Оралға, 16 жастағы Викторы Кемерованың шахталарына жі­беріл­ді.

Лидияның әкесі Генри ол кезде артиллериялық полкте әскерде қызмет еткен. Ал 1941 жылдың қарашасында жер аударылды.

– Әкем Шығыс Қазақстан облысының Белоусовка ауылына жер аударылды. Келе сала шахтада жұмыс істеп, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Кен байыту фабрикасының құ­ры­лысы кезінде анам Мария Кол­паковамен танысыпты, – дейді әңгімесінде.

Лидия Роот 1945 жылы дү­ниеге келген. Әке-шешесі оған анасының аты мен арғы атасы­ның атын беруге мәжбүр болды. Тек жарты ғасырдан соң ғана құжаттарын қалпына келтіріп, Лидия Генриховна Роот болды.

Кейін Лидия Генриховна Се­мейдегі медициналық институтты бітіріп, өмірінің 48 жылын ме­дицина саласына арнады. Ұлы Өскеменде, ал қызы Германияда тұрады. Айтпақшы, қызы анасын көшуге көндіріп көрген. Бірақ Лидия Роот бас тартқан.

– Менің Отаным – Қазақстан. Осында дүниеге келдім. Доста­рым, қоғамдық ортам бар. Қазақ хал­қы өте қонақжай, – дейді ол.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен құ­рыл­­ған саяси қуғын-сүргін құр­бан­дарын толық ақтау жөніндегі мем­лекеттік комиссияның Шы­ғыс Қазақстан облысындағы өңір­лік комиссиясының бірінші отырысы осы жылдың қаңтарында өтті. Саяси қуғын-сүргін құрбан­дарын толық ақтау бойынша 10 жұмыс тобы құрылған. Комиссия мен жұмыс топтарының құра­мына қоғам қайраткерлері, об­лыс­тың жетекші жоғары оқу орын­дарының ректорлары мен ғалымдары, этномәдени бірлес­тіктердің, бұқа­ралық ақпарат құралдарының, қо­­ғам­дық бірлестіктердің өкіл­дері, архивтер мен арнайы орган­дар­дың қызметкерлері енді. Қа­зірге дейін облыстың мем­ле­кеттік архивтеріндегі 13 қор­дың құжаттары қаралды. Нәти­же­сінде, 1986 жылғы Желтоқсан оқи­ғасында Алматы жастарын қол­­даған Өскемен қаласының және Саратов ауыл шаруашылығы тех­никумының оқушылары мен сту­денттерін оқудан және комсомолдан шығару туралы деректер анықталды.

Жұмыс тобының мүшелері өткен ғасырдың отызыншы жылдарында соттан тыс және сот органдары арқылы қуғын-сүргінге ұшырағандар туралы материалдарды қарады. Облыстық мем­лекеттік архивтің партиялық қорларының құжаттары бойынша ШҚО аумағында болған төрт көтеріліс туралы мәліметтер бар: Семей қаласында, Шың­ғыстау, Ақсуат, Бұқтырма және Өскемен аудандарының аумағын қам­тыған Толстоухов көтерілісі. Кө­теріліске 900 адам қатысып, 564 адам тұтқынға алынған. 160 адам қаза тауып, 70 мыңға жуық адам жараланған. Қазіргі уақытта көтеріліске қатысушылардың тегін анықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Бұдан басқа, саяси қуғын-сүр­­гінге ұшыраған адамдар туралы ақпарат жинау мақсатында «Саяси қуғын-сүргіннің ақталма­ған құрбандарын іздестіру» пор­­талы құрылды. Оған облыс тұрғындары азаматтардың ақ­тал­­маған санаттарының жаңа есім­дерін анықтау бойынша ақ­парат жолдауға мүмкіндігі бар. Өтініш берушіге сауалнаманы тол­тыру қажет. Сондай-ақ оған қуғын-сүргінге ұшырағандардың

туыстары мен жақындары жайлы мәлімет, естеліктер, фотосурет­тер, құжаттар орналастыру мүм­кіндігі беріледі.