2020 жылы табыс деңгейі төмен және орташа елдерде жасалған ақша аударымдарының жалпы көлемі 540 млрд долларды құрапты. Бұл – 2019 жылмен салыстырғанда 8 млрд долларға кем. Дегенмен дүниежүзілік банк COVID-19 пандемиясына қарамастан, жаһандық ақша аударымдары тұрақты деңгейде сақталды деп бағалайды. Өйткені азайған көлемнің өзі алдын ала жасалған болжамнан төмен болып шықты.
Былтырғы ақша аударымдарының 2019 жылмен салыстырғанда 8 млрд долларға қысқаруын пайызбен есептер болсақ, онда тек 1,6 пайызға ғана төмендеген. 2009 жылғы әлемдік қаржы дағдарысы кезінде ақша аударымы 4,8 пайызға дейін құлдыраған. Сарапшылардың 1,6 пайызды түк те емес деп, жайбарақат болуы сондықтан шығар. Ақша аударымының азаюы былтырғы тікелей шетелдік инвестициялар көлемінің қысқаруынан да аз. Шетелдік инвестиция 2020 жылы 30 пайыздан да төмендеп кетті. Нәтижесінде, өткен жылы табысы орта және төмен деңгейлі елдердегі ақша аударымының көлемі тікелей шетелдік инвестициялардың жиынтық көлемінен (259 млрд доллар) және даму мақсатындағы шетелдік көмектен (179 млрд доллар) асып түсті. Дүниежүзілік банк дерегінше, ақша ағынының тұрақты деңгейде қалуына бюджет-салықтық ынталандыру бастамасы әсер еткен. Соның нәтижесінде мигранттарды қабылдаушы елдердің экономикасы бұрын күткендегіден де жақсара түскен. Сонымен қатар қолма-қол төлемнің азайып, онлайн аударымның көбеюі, мұнай мен валюта курсының ұдайы өзгеріске түсуі де ақша ағынына белсенді әсерін тигізген.
«Бейресми және ресми ақша аударымдарының жалпы қосынды көлемі ұсынылып отырған ресми деректен әлдеқайда көп екені түсінікті. Бірақ COVID-19 пандемиясының ресми емес ақша аударымының көлеміне қаншалықты әсер еткені белгісіз», деп жазады банк.
Ақша аударымдарының ұлғаюы Латын Америкасы мен Кариб бассейнінде (6,5 пайыз), Оңтүстік Азияда (5,2 пайыз), Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкада (2,3 пайыз) байқалады. Бұл ретте Шығыс Азия, Тынық мұхиты аймағындағы ақша аударымдары – 7,9, Еуропа мен Орталық Азияда – 9,7 және Африка елдерінде 12,5 пайызға дейін қысқарған. Банктің бағалауынша, 2021 және 2022 жылдары әлемдік экономика өсімі қалпына келе бастайды. Бұл орайда табысы төмен және ортадан аспайтын елдердегі ақша аударымдарының көлемі 2,6 пайызға, яғни 553 млрд долларға, ал 2022 жылы 2,2 пайызға, демек 565 млрд долларға дейін ұлғаяды.
«Табысы жоғары көптеген елдер халқын вакциналау бойынша жақсы табысқа жетті. Алайда ірі дамушы елдердің бірқатарында індеттің таралу көрсеткіші әлі жоғары күйде қалып отыр. Сондықтан ақша аударымдарына байланысты ахуалдың перспективасы жайлы кесіп айту қиын. 2020 жылдың төртінші тоқсанында әлемдік орташа аудару құны 200 долларды құрап, 6,5 пайыз деңгейінде сақталды. Бұл тұрақты даму мақсаттарына сәйкес қол жеткізілетін 3 пайыздық көрсеткіштен екі есе көп. Аударымдардың ең төменгі орташа құны Оңтүстік Азияға тиесілі (4,9 пайыз), ал ең жоғарысы – Сахараның күнгейіндегі Африка елдерінде (8,2 пайыз). Ақша аударымдарының инфрақұрылымын қолдау және оның үздіксіз аударылуын қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларға оның құнын төмендету бойынша шаралар қабылдау жатады», деп жазады банк.
Ranking дерегі бойынша, биыл I тоқсанда Қазақстан аумағындағы ақша аударымдарының көлемі 14,8 млрд теңгені құраған. Бұл 2020 жылдың қаңтар-наурыз айларымен салыстырғанда 38,6 пайызға жоғары. Ақша аударымдарының басты валютасы – теңге. Барлық аударымдағы ұлттық валютаның үлесі 78,3 пайызды құрайды. Бұл тұрғыда да өсім бар. Теңгенің үлесі 2020 жылы 71,6 пайызбен шектелген еді. Доллармен жасалатын ақша аударымдары бір жыл ішінде 26-дан 19,9 пайызға, еуромен жасалатын аударымдар 0,9-дан 0,3 пайызға бір-ақ төмендеген.
Ал жыл басында бізден басқа елдерге 115,1 млрд теңге кетсе, өзге елдерден Қазақстанға келген ақша көлемі – 41,2 млрд теңге. Біздің ақша аударымдарымыз негізінен Түркия (28 млрд теңге), Ресей (27,7 млрд теңге), Қырғызстан (22 млрд теңге), Өзбекстан (19,5 млрд теңге) елдеріне бағытталған.
Бізге ақша жіберу бойынша Ресей көш бастайды. Көрші елдің Қазақстанға жасаған ақша аударымының көлемі – 8,3 млрд теңге (қаңтар-ақпандағы көрсеткіш). Одан кейінгі орындарда Өзбекстан (7,4 млрд), Оңтүстік Корея (6,3 млрд), Қырғызстан (5,4 млрд) және Түркия (1,7 млрд) тұр.