Биыл еліміздегі 836 ауылдың әкімі тікелей дауыс беру арқылы сайланбақ. Осылайша, ауыл басшысын әр тұрғынның өз таңдау құқығын пайдалана отырып, сайлауы алғаш рет жүзеге асырылады.
Бұрын қалай болды?
Анығында, саяси жүйе ауылдық округ әкімдерінің жоғарыдан тағайындалуынан біртіндеп бас тартып келе жатыр десе болады. Алғашқы әкім сайлауы 1999 жылы басталған екен. Тәжірибе жүзінде қолға алған іс-шараның нәтижесі нақтылана түсіп, 2017 жылы бірқатар елді мекенде сайлау өткен болатын. Яғни сол жылы Ақмола облысы бойынша 136 ауылда, Ақтөбе облысындағы 77 ауылда, Алматы облысындағы 129 ауылда, Шығыс Қазақстан облысындағы 131 ауылда, Батыс Қазақстан облысындағы 95 ауылда, Қарағанды облысындағы 129 ауылда, Қызылорда облысындағы 72 ауылда, Маңғыстау облысындағы 26 ауылда және Солтүстік Қазақстан облысындағы 138 ауылда ауыл әкімдері сайланған екен. Соның нәтижесінде аймақтар бойынша 1 413 адам ауылдық, кенттік округ әкімі атанған.
Осы орайда сол өткен сайлау жүйесі жайлы айта кеткен орынды. Өйткені бұл кезде әкімдердің кандитатурасын аудандық әкімдіктер ұсынып, оларды таңдау еркі мәслихат депутаттарына берілген болатын. Тоқетерін айтқанда, өткен сайлау кезінде ауыл тұрғындары өз қалауын білдіріп, азаматтық таңдау құқын білдіре алмады. Ал халық қалаулыларының таңдауымен әкім орынтағына отырған көптеген азамат көп ұзамай басқа лауазымды қызметке ауысып немесе өкілеттігін тапсырды. Және олардың бұл әрекеті үшін ешқандай жауапкершілік талап етілмейтін. Ал ауылдағы белсенді азаматтардың өзін өзі ұсыну құқығы туралы ештеңе айтылмайтын да. Тіпті сол тұста таңдаушылардың көпшілік дауысын алған лауазым иелерінің қайсыбірі орынтаққа отырысымен істі болып, жемқорлыққа қатысты қылмыстық жауапкершілікке де ілікті. Мәселен, Алматы облысы, Көксу ауданындағы Балпық би кентінің әкімі болып сайланған азаматтың аз уақыттан кейін басы дауға қалғаны әлі ұмытыла қойған жоқ. Оны арнайы қызмет заңсыз шешім шығару үшін пара алып жатқан жерінен құрықтаған болатын.
Өкінішке қарай, бұған дейінгі кезеңдерде өткен сайлау барысында халық арасынан шыққан таңдаушылар да, мәслихат депуттарының дауыс беруі де ауыл тұрғындарының әкімдерге қатысты нақты қалауы мен талабын анықтай алған жоқ. Ендігі үміт – биылғы сайлауда.
Биыл не өзгерді?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Енді ауыл әкімін таңдауда әр тұрғын тікелей дауыс беру құқын қолдана алады. Сондай-ақ ауыл әкімі лауазымына азаматтардың өзін өзі ұсынуына жол ашылды. Мұнан бөлек, заңға енгізілген өзгеріске сәйкес енді сайлау бюллетеньдеріне «бәріне қарсымын» деген жеке бағана енгізіледі.
– Заңнамаға енген өзгеріс бойынша енді ауылдағы тұрғындар өз-өздерін ұсыну құқығына ие болды. Бұл – ауыл әкімдерін сайлаудағы жаңа тәсіл. Екіншіден, саяси партиялар өздерінің құрамынан кандидат ұсыну құқығын пайдалана алады. Ал осы айтылған екі тәсіл бойынша ұсынылған кандидаттардың саны жетпесе, жергілікті жердегі аудан әкімі сол ауылда тұратын қоғамдық белсенділермен, тұрғындармен келісе отырып, тағы бір үміткер ұсына алады, – дейді саяси реформаның жүзеге асуы жайында берген түсініктемесінде Ұлттық экономика министрлігі Өзін өзі басқаруды дамыту департаменті директорының орынбасары Миржан Иманбаев.
Бұйырса, алдағы уақытта осы айтылған тәртіп бойынша тұтас елдің түрлі деңгейдегі 2 345 әкімі сайлануы тиіс. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 18 млрд теңгеге жуық қаржы қарастырылған. Алғашқы лекте, яғни осы күзде 836 ауылдың тұрғындары өз әкімдерін сайлайтын болады. Бұған 5 млрд теңге шамасында қаржы жұмсалатын көрінеді.
Ауылдықтар сайлауға дайын ба?
Ел ішінде ауыл әкімінің сайлауына қатысты нақты пікір әлі де қалыптаса қоймағанға ұқсайды. Бірақ белсенді азаматтар тарапынан қозғалыс бар. Ал атқарушы орган тарапынан ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде. Ол бойынша ауылдық округтердегі сайлаушылар тізімі, халық саны, партия мүшелерінің саны, халықтың сапалық құрамы, ауылдық округтердегі сайлау учаскелерінің саны нақтылануда. Мысалы, Алматы облысының Көксу ауданында сайлауға қатысты дайындық жұмысы қызу жүріп жатыр.
– Ең алдымен ел Президентіне халықты жергілікті басқару жүйесіне белсене араласуға мүмкіндік бергені үшін алғысымды білдіргім келеді. Екіншіден, сайлауға қатысуға ниет білдірушілер аз емес, демек бұл өзгерісті ауыл азаматтары күтіп жүргені анық. Өзгерген талап бойынша ауыл әкімінің сайлауы дауыс беру өтетін сәттен 40 күн бұрын жарияланып, іс басындағы әкімнің өкілетті мерзімі аяқталғанға дейінгі 10 күн ішінде өтуі тиіс. Жалпы сайлау науқанының мерзімі 30 күнді құрайды. Қазір осы мәселенің мән-жайын анықтап алғысы келетін азаматтар бар. Әрі үміткерлер сайлау жарнасын төлеуі керек, ал ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын қаржыландыру жергілікті бюджет арқылы жүзеге асады. Аудан бойынша алғашқы сайлау тамыз айында өтуі керек, – дейді «Нұрлы Көксу» газетінің бас редакторы, аудандық мәслихат депутаты Айгүл Айманбекова.
Жалпы биыл бұл ауданда 6 ауылдық округ әкімнің өкілетті мерзімі аяқталады. Тамыз айында Айнабұлақ, Жарлыөзек, Қабылиса және Мұқаншы ауылдық округтерінің әкімдерін сайлау жоспарланса, қыркүйекте Мұқыры және Мұсабек ауылдық округтерінің тұрғындары өз басшыларын таңдап, тікелей дауыс беретін болады.
Ауыл әкімі болуға кім лайық?
Осы жерде ауылды басқаруға лайықты тұлғаға қандай талап қойылуы тиіс деген заңды сауал туындайды. Әрине, көрсетілген талап ережесіне сәйкес ауыл әкімдігінен үміткер адамның жасы жиырма беске толуы шарт. Бұдан бөлек, кандидатқа біліктілік талабы қойылды. Сондай-ақ азаматтар өзінің бұрын сотталмағанын және жүйке ауруы мен наркологиялық ауру бойынша есепте тұрмайтыны жөнінде анықтама өткізуі керек. Алайда бұл жердегі басты талап үміткердің ауыл тұрғындары алдындағы беделі мен абыройы болса керек. Әйтпесе, халық өзі сенбейтін әкімді таңдап, жұмыс істеуге мүмкіндік бере қоймасы анық. Биыл дәл осындай жағдай Алматы облысында болды да.
Оқиға Кеген ауданы Шырғанақ ауылдық округінің жаңадан сайланған әкімі мен ауыл тұрғындары арасында өрбіген. Ауылдың бұрынғы әкімінің өкілетті мерзімі аяқталуына байланысты сайлау өтіп, ұсынылған 3 кандидаттың арасынан мемлекеттік қызметте екі жыл істеген жас маман мәслихат депутаттарының таңдауынан өткен болатын. Ал тұрғындар жаңадан сайланған әкімге қарсы шығып, аудандық мәслихат депутаттары таңдауының әділ болмағанын, сол себептен бұрынғы әкімнің өз орнына отырып, жұмысын жалғастыруын талап еткен. Бұл даудың аяғы әлі көрінген жоқ, өйткені облыстық деңгейден әділет таппаған жұрт Президент Әкімшілігіне дейін арызданған болатын.
Әрине, ауыл әкімдерін сайлауда кемшіліктер болуы ғажап емес. Бірақ заңдағы олқылықтардан емес, жергілікті жердегі сайлау барысында болуы мүмкін. Меніңше, мұндай кемшіліктер рушылдық пен жершілдіктен туындауы ықтимал. Бірақ оның да өзіндік пайдасы бар, тәжірибе жиналады. Оның үстіне, бұл – бірінші рет өткізіліп отырған сайлау. Бүгін кеткен кемшілік келесіде түзетіледі. Әкімді сайлай білген жұрттың кетіруге де құқығы бар дегендей. Сөйтіп халық бұл кезеңнен де өтеді. Ең бастысы, ауыл әкімдері ұйқысынан оянып, жоғары жақтан гөрі төменге көбірек қарайтын, тіпті елге жалтақтайтын болады. Ал халықтың талабы мен әкімнің жауапкершілігі күшейгеннен тек қана ұтамыз, – дейді ақын, Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Ауыт Мұқибек.
Алматы облысы