Ұлы даланы мыңдаған жыл мекен еткен қазақ ұлысы өзінің тарих жолын сайын сахара төсіндегі тас бітіктерге ғана таңбалаған жоқ, ескі жыр-дастандар мен күй шежірелерге де аңыз астарлап, ұлт рухын бұзбай бүгінге жеткізді. Солардың ішінде күн түбіне жортқан көшпелі жұрттың баға жетпес байлығы – көне күйлері біздің сарқылмас қазынамыз десек болады.
Тереңіне үңілген адамға қазақтың күрделі күйлері жай ғана ырғаққа құрылған сылдыр саз емес, ықылым заманнан келешекке кетер керемет баян, құнары бұзылмас құндылық екенін біз әрқашан мақтанышпен айтуымыз керек.
Түсінгенге қарағай қобыздан төгілген қайнар-қайнар күйлер, қызыл арша домбыраның шанағынан шартарапқа тараған асқақ әндер бағзыны бүгінге жалғап, тарихи сабақтастықты үзбей келе жатқан біздің рухани ішкі тірегіміз екені даусыз.
Қарапайым ғана Қазтуған жыраудың «Алаң да алаң, алаң жұртын» тыңдап көрелікші. Көне түркілік сарыннан Алаш баласының арқасын қоздырар, аруағын шақыртар айбатты рух есіп, балпаң асып шыға келесің! Әрине, бұл жерде ақынның бұрындап бастап, көксерек найзасы көктегі бұлтты сыпырар дуалы сөздері шығарманың осыншалық қуатын арттырып тұрғаны даусыз. Дегенмен қатпар-қатпар тарихтың қойнауынан қазылып алынған осынау саф дүниенің сарайын ашқан ұлы саздың да ерекше сыры барын ұмытпауымыз керек.
Бұл көне жосықты, яғни бағзы жырлардың қуатын көне күйдің сиқырымен сәйкестендіру арғы тарихтан бертінге Алаштың ауызша тарихы – Ақаңдардың, Ақселеу Сейдімбектің сабақтастыруымен жеткенін білеміз.
Оны дабысы бөлек, шабысы тұйғын Жәнібек Кәрменовтердің репертуарына қосу, сол арқылы бүкіл қазақтың қан тамырындағы ұлттық рухқа жан бітіру – нағыз рухани жаңғырудың түп қайнарындай еді. Ал енді сол аманат алтын арқауды келешекке кемелдендіріп ұзатқан өнерпаз ретінде біз Бекболат Тілеуханды атар едік.
Байырғы тарихты байытып болашақ зердесіне сіңіруде Бекболат қобызының, домбырасының арқалар жүгі ауыр да жауапты жүк еді. Бір ғана Ақтамбердінің «Күлдір-күлдір кісінеген» атайы жыры Сүгірдің «Ыңғайтөкпесімен» ырғақтаса, барлық хандық дәуір әдебиетінің алтын қазыналы рухын оятты.
Сол дәстүрлі өнерді дәріптеуші Бекболат бір сұхбатында жазушы Әбіш ағасына жолығып қалғанын әңгімелеп келіп: «Анау Ақтамбердіден бері қарай тоқтап қалдыңдар. Қазтуған қайда? Доспамбет неге дәріптелмейді солай? Шалкиізді неге шалқытпайсыңдар?» дегенін айтады. Оның алдында ма екен, бәлкім, кейін жазушы Мұхтар Мағауин Б.Тілеуханның тыңнан түрен салған таңғажайып кеші туралы «Ғасыр концерті» деп мақала жазыпты.
Қос классиктің қолпашы өзі де буырқанып тұрған Бекболатты «Ыңғайтөкпенің» ығында қал- дырып қойдырмайтындай еді. Сәтті симбиоз кейін қалғып кеткен Қазтуған жырын оятқан Қазанғаптың «Көкілі» болады. Оны оятушы һәм орындаушы Ұлы даланың ұранындай отты жырдың тарихын былай деп еске алады.
«Сәдуақас Балмағамбетов дейтін ағам болды. Ескінің көзі, Қазанғаптың дәстүрін жалғаушы шын өнер иесі еді. Сабақ берісі де бөлек. Нотаға шұқшиып отырмайды, күйді үсті-үстіне тартып-тартып кетіп қалады. Сол күйдің лебімен жүріп ынтығың өзі оянады. Еміндіріп тартады, қызықтырып үйретеді. Сондай күндердің бірінде есімнен ешқашан кетпейтіндей етіп көкейге түскен «Көкілді» тартты. Ол кісі домбыра тартқанда күй қайда, күйші қайда, екеуі тұтас әлемге айналып санаңды сазға орайды». Сол «Көкіл» булығып тұрған көкейге әбден түскен әлдебір күні Қазтуғанның жырына жата кетіпті.
Жиырмасыншы ғасырдың жылауық сарыны шынымен де шамырқанған рухты Шалкиіздің табиғатын аша алмайтыны сияқты, ескі жырларды көне күйлермен қабыстырғанда ғана тарихқа тіл бітеді екен. Замандары ғана емес, жанрлары да жақын болғандықтан болар, көзіміз жеткендей көне көмбені «Көкіл» ғана ашып отыр.
Айтпағымыз, бабадан балаға мирас асыл қазыналарымызды, әсіресе ескі жырларымызды осындай көне күйлерге телу арқылы телегей-теңіз саз бен сөз ұлттық жадымызды жаңғыртып, тарихи санамызды тағы бірнеше ғасырға тереңдете түсер едік-ау!