Бір кезде ауылдағы той-томалақтарда қолдарына шәугіммен су құйған балаларға үлкендер: «Мұғалім бол!», деп, бата беретін. Ал елдегі тұрмыс түзеліп, жұрттың ниеті өзгеріп, материалдық байлық рухани құндылықтарды ығыстыра бастаған өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында «Судья бол!» деген жаңа бата шықты. Сондағы пейіл – ақ дегені – алғыс, қара дегені қарғыс болып, жұртқа шекесінен қарап, шіреніп, шалқып-тасып жүрген судьялар секілді зор бол деген пендешілік пиғыл еді.
Кеңес заманындағы кей судьяның соншалықты мықтымсынуының сыры «түйені – түгімен, биені бүгімен жұтатын» өңешінің кеңдігінде екенін кейін білдік. Шынтуайтында, тек сотқа ғана емес, құқық қорғау органдарының барлығына тән болған парақорлық, өкінішке қарай, қоғамдық формация өзгерген ел тәуелсіздігі жылдарында тыйылмақ түгіл, саясаттанушылар әлемнің талай дамыған елі басынан өткерген «алғашқы капитал жинақтау уақыты» деп атайтын осы кезеңде тіпті үдеп, жемқор атаулы енді «вагондап» жеуге көшкені жасырын емес.
Осыдан бірер жыл бұрын егіншілікпен айналысатын ауылдасым: «Бір элеватордың бастығы шарт бойынша 100 миллионнан астам теңгеге бағаланған астығымның ақысын төлемей, созбаққа салып жүр. Не көмегің болады?», деп сұрады. «Экономикалық сотқа жүгін», деп кеңес бердім. Бірер аптадан кейін әлгі ауылдасым тағы телефон соғып тұр: «Судья әуелі 3 миллион теңге сұрады. Арада бір апта өткен соң ол соманы 7 миллионға дейін өсірді. Енді не айтасың?», деді жыларман болып. Не айтушы едім – «Бір тиын да пара берме. Жоғарғы Сотқа дейін арыздансаң да, түбінде сен жеңуге тиіссің», дедім. Судьялардың ішінде көпе-көрінеу жасалып отырған қиянатты түзету үшін миллиондаған теңге пара сұрайтын осындай арсыз да болады екен.
Бұдан төрт жыл бұрын таныс аудандық сот төрағасы қолына тиетін айлық жалақысы 230 мың теңге ғана екенін, аудан прокуроры мен аудандық полиция бөлімінің бастығынан едәуір кем алатындығын қынжыла айтып, «Судьялар пара алмай қайтсін?..», дегендей сыңай танытқан. Әрине, «Алтын көрсе, періште жолдан таяды» дегендей, судьялардың жалақыларының лайықты болмауы олардың көбін парақорлық дертіне ұшыратқаны анық. Осы фактор ескеріліп, 2019 жылдан бастап аудандық судьялардың жалақысы 655 мың теңгеге дейін көбейтіліпті. Елдегі орташа жалақыдан үш еседей көп осы сома Фемида қызметшілерінің халыққа адал да әділ қызмет етуіне мүмкіндік берері даусыз. Тек қанағат болсын деңіз.
Өкінішке қарай, «Дәніккеннен құныққан жаман» демекші, судьялардың бәрі бірдей «тәбеттерін» баса қоймапты. Сол жылы жалақылары еселеп артқанына қуанып, айылдарын жиюдың орнына, жаман әдетін одан әрі жалғастырған 11 судьяның үстінен қылмыстық іс қозғалған. Жалпы 2019 жылдан бері 83 судья теріс себептер бойынша жұмыстан босатылған немесе қызметі төмендетілген. Ал соңғы үш жылда 15 судьяның пара алғаны толық дәлелденіп, сотталған. Соған қарағанда, судьялардың жалақысының көбейтілуі олардың арасындағы парақорлардың санын азайтты деу қиын.
Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында: «Сот жүйесі ешкімге есік ашпайтын меңіреу мекемеге айналмауы тиіс... Судьяларды іріктеу бұқаралық ақпарат құралдарының көмегімен жүргізілуі тиіс. Үміткердің қандай еңбегі арқылы жұмысқа қабылданғанын жұртшылық біліп отыруы керек», деген болатын. Ал Қазақстан судьяларының VIII съезінде Президент осы мәселеге тағы да тоқталып: «Судьялардың беделі мінсіз, ал кандидаттарды іріктеу үдерісі айқын және ашық болуы тиіс. Дамыған елдердің басым бөлігінде судьяларға қойылатын талаптардың жоғары болатыны соншалық, өткен өміріндегі болмашы бір теріс әрекеті лауазымға тағайындалмауына себеп болуы мүмкін. Мұндай тәжірибені Қазақстанда да қолданған жөн деп санаймын», деп қадай айтқан еді.
Алайда бұл талапқа «меңіреу мекемеге айналмауы тиіс» сот жүйесінің селт еткені шамалы сияқты. Ал елде қазір нақты саяси реформалар басталып, ауыл әкімдерін сайлауға әзірлік жүріп жатыр. Бәлкім, сыбайлас жемқорлықты түбегейлі жеңген Швейцариядағы сияқты, біздің елде де судьяларды да сайлауға көшетін кез жеткен болар. Бұл істі, әсіресе, қай судьяның қолы таза еместігін жұрт жақсы білетін аудандық соттардан бастасақ, талай жемқордың жегені желім болары күмәнсіз...